Марфуға БЕКТЕМІРОВА: Жүз жыл өтер... одан мүмкін көбірек

ӘДЕБИЕТ
3942

 Марфуға Бектемірова

 КӨКШЕТАУ


Көкшетау көркіңе көз тоймаған,

Сен жайлы жазамын деп жүз ойланам.

Жүрсем де күнде көріп келбетіңді,

Сұлулыққа құмартам, қайран қалам.


Мұнша көркем табиғат неткен мынау,

Сұлулыққа мықтылық қарап шыдау.

Көкшетау Ақанының әнін шырқап,

Ойға шомған Шоқандай биік тұр-ау.


Сен жайлы толғанбай тұра алмаймын,

Жырламай бар әлемге сыя алмаймын.

Мөлдірлікті сезбесем көліңдегі,

Ақ жүзімді суыңмен жуа алмаймын.


Кең далаңа арман боп ораламын,

Көктеміңнің гүлі боп оянамын.

Тал бесікте тербеткен туған жерім,

Әлдиледің, әлпештеп аяладың.


Көңілді асқақ әнмен тербетіп ең,

Кіршіксіз, ғажап сұлу келбетіңмен.

Іңкәр етіп, арманға асықтырып,

Келесің кәусар жырға шөлдетумен.



ЕРКЕ ТОБЫЛ


Сұлу Тобыл, ерке Тобыл жүрегіме үн қатшы,

Қыз болсаң сен ақ үкіңді алыстан-ақ бұлғатшы.

Үнсіз жатып ой тербейсің, осы сенің ғажабың,

Саған қарап ойға батып, өлеңімді жазамын.


Айтар елің, тыңдар жүрек өзің жайлы сан аңыз,

Ерке өзенді бұлықсыған бойжеткенге балаңыз.

Сол баяғы тентек өзен, ерке де өзің Тобылым,

Таусылмайды қайыңдармен самал желмен ойының.


Таулар сезбес тап қасынан ерке өзен аққанын,

Сезсін қайдан қара жерде маңдайында бақ барын.

Бар дүние күйіңе елтіп мүлгіп, таңдай қаққандай, 

Сылқым күліп сен жатасың алыстағы армандай.


Сұлу Тобыл жай жатпайсың, қиялыммен ойнайсың,

Сәл мұңайып, монтия қап әлде нені ойлайсың.

Ай астында жалғыз қалып кең далаға түнейсің,

Ерке Тобыл нені ойлайсың, неге үнсіз жүдейсің?


Кімдер өтті, кімдер жетті шөлін басып тұсыңнан,

Кімге Тобыл шәрбат суын салқындатып ұсынған?

Айтшы еркем, тебіреніп тыңдайын жан сырыңды,

Мен өрейін арман деген тарқатылған бұрымды.



АҚ БЕСІК


Махаббат жаулап жанды жербетілік,

Көктемде гүлдер өсті жерде тұнып.

Сәби боп жаңа ғана туғандаймын,

Бесікте жатқандаймын тербетіліп.


Құшағым түрлі-түсті толды гүлге,

Жандаймын бұл құрметке мәңгі ие.

Жата бергім келеді ақ бесікте,

Бөленіп анашымның әлдиіне.


Бесікке қандай байлық тең келеді,

Бойына бар ырысты өңгереді.

Анашым әлдилеген қиялымда,

Ақ бесік самал желмен тербеледі.



АУЫЛЫМ


Ауылым менің, шалғайда қалдың, тым алыс,

Алыс та болса хабарын естіп тұрамыз.

Нағашы елін ұмытпас мәңгі жиені,

Ауылдың сырын білгіңіз келсе сұраңыз.


Қарлығаш-көңіл қанатын қағып алып ұш,

Ауылға деген таусылар емес сағыныш. 

Көктемде барам, күздерде барам дегенмен,

Өтеді өмір, келеді қайтып тағы қыс.


Ауылым менің көненің көзі сендегі,

Өзіңсіз келген қуаныш менде кем тегі.

Сөнеді сансыз жұлдыздар ағып төбемнен,

Мендегі жалғыз сағыныш -жұлдыз сөнбеді.



СЕН БОЛМАСАҢ


Сен теңіз болмасаң,

Мен тереңде тұнбас ем,

Өзім үшін,

Өлеңдегі-тұлға сен.

Сенбесең де,

Сөздеріме сан айтқан,

Көзімдегі-

Шүпілдеген мұңға сен.


Сен асқар болмасаң,

Кім көтерер еді мені?

Қайығымды қуар еді,

Тағдырдың селі, көлі.

Бұл өмірге,

Алғыстан басқа айтарым жоқ,

Маған махаббтым,

Сені берді.


Сен қыран болмасаң,

Көзімді саламын ба?

Алмас та едім,

Өзіңді қарауылға.

Сен ағаш болсаң,

Мен жемісіңмін,

Маужырап кеткен

 сабағында.


Сенде жүрек,

Болмаса мені сүйген,

Нендей мән бар,

Жүруде жер үстімен.

Бақыттымын!

Махаббат майданында,

Үлесіме ұлы жеңіс тиген.



КЕШІР МЕНІ


Кешір мені көздеріңе қараған,

Бұлай бірақ қарамайды бар адам.

Бір өзіңе ұнау үшін сүйіктім,

Айна алдында сылаң қағып таранам.


Кеудесінен тарқамаған кіл шері,

Кешір мені сүйгенім үшін бір сені.

Сені еске алсам қабағынан қар жауған,

Қап-қараңғы түндер еске түседі.


Жан-дүнием сені ғана сағынған,

Сезім дерті жүрегіме жайылған.

Кешір мені түн ішінде мазалап,

Қағып тұрсам есігіңді жабылған.



 ЖҮЗ ЖЫЛ ӨТСЕ ДЕ


Жүз жыл өтер...одан мүмкін көбірек,

Көкірегімді күйдіргенмен өлім-өрт.

Тұрар ма екем қабірімнен бір күні,

Кетсе егер махаббатым, сені көргім кеп.


Топырақпен көмілсе тәнім, денем,

Желге ұша ма сөздерім «жаным» деген.

Екі ғұмыр жазбаған бізге өмір,

Одан басқаның бәрін берген.


Көздерімнің ып-ыстық жасы барда,

Сағынышым кеудемнен басылар ма?

Құрғата ма оны қайыңдар жапырақпен,

Ақ тамшы боп ол әлде шашыла ма?


Шын болса да шыңыраудан шыға алмасым,

Жан-жағымды мейілің тұман бассын.

Сезем жалғыз сені сүйген жүрегіме,

Еш құдірет қарсы кеп тұра алмасын.



ШЫБЫН ЖАН


Өте шықтың дүние-ай қас-қағымда,

Аяқтатпай өлеңді, бастадың да.

Не деймін, білмей тұрмын ертең барып,

Есігін о дүниенің ашқанында.


Құрғамай жатып жерде жастар дағы,

Қиын ғой қайта өмірдің басталғаны.

Алдында тізе бүгіп тұрған кезде,

Не деймін құдіретке аспандағы?


Жайдың оғы кеудесін тіліп өткен,

Ақынмын...деймін бе әлде ғұмыры өткен.

Әйтеуір кеудемдегі шыбын жанға,

Тілдесу оңай болмас құдіретпен.


Көрген кезде күн райы бұзылғанын,

Қиналасың түнімен шыбын жаным.

Кеудемнен шыбын болып ұшып шығып,

Келеді-ау тұңғиыққа зымырағың.

О, менің кеудемдегі шыбын жаным!



АЛЫПТАРДЫ ЕСКЕ АЛАМЫН


Шіркін-ай, өткен өмір көктем екен,

Нұрынан Алла аямай төккен екен.

Бір өзі мың қазаққа тұратұғын,

Заманы алыптардың өткен екен.


Табаны алыптардың басып өткен,

Ойласаң керемет қой ғасыр неткен.

Жүрегін жетімдердің жылытатын,

Қайда екен сол кездегі жасыл көктем?


Сұмырайға, наданға сұры қашқан,

Өтетін басын имей, бұрылмастан.

Солар ғой надандықтан биік тұрып,

Жұлдыздай жер бетіне нұрын шашқан.


Жүрекке салды заман қиындығын,

Пейілі адамдардың құбылды мың.

Басың алтын болса да бағаланар,

Мансап, атақ,байлықпен құның бүгін.


Бар қазақты тұратын құшаққа алып,

Қайда ағалар, кеткен бе ұсақталып?

Көрмегенсіп қасыңнан өте шығар,

Қабағынан қар жауып, бұршақ жауып.


Кейде жүзім қызарар өмір үшін,

Кей ағаның пенделік көріп ісін.

Сол кезде алыптарды еске аламын,

Ақ батасын беретін төгіліп шын.



ГҮЛ СЕКІЛДІ


Болашақ деген сендерсіңдер, қарағым,

Гүл секілді көркісіңдер даланың.

Қолдарыңа көк туды әкеп тапсырдық,

Құлатсаңдар сен бересің жауабын.


Қуаныштан кеудемізде жыр ұшқан,

Қазақ енді көк аспанмен туысқан.

Маңдайыңа бақыт қонды...ешқашан,

Сол бақытты шығармаңдар уыстан.


Өзіміз де үлгі болдық кей елге,

Тарай берсін тамырымыз тереңге.

Теңіздей боп тебіренсін жүрегің,

Менің елім Қазақстан дегенде.

author

Марфуға Бектемірова

Жаңалықтар

Әлеуметтік желіде қазақстандық трансгендердің соққыға жығылған видеосы  тарады, деп хабарлайды...

Жаңалықтар

Өскемен қаласының 27 жастағы тұрғыны ірі көлемдегі алаяқтықтың құрбаны болып, полицияға жүгінді, деп...