Халық ең көп шоғырланған оңтүстіктің әлеуметтік жағдайы қалай?

Жаңалықтар
380


Бүгіндері күн көрісі төмен адамдардың жыртығына жамау болатын бірден бір қаражат көзі – атаулы әлеуметтік көмек десек артық емес. Бұрын төрт және одан да көп баласы бар отбасыларға басқа табыс көздерін есептемей-ақ беріліп келген жәрдемақылар биылдан бастап жаңа форматқа көшті. Яғни, Үкіметтің «Өрлеу» бағдарламасының аясында жәрдемақы түрлері біріктіріліп, күнкөрісі төмен отбасыларға ғана берілетін атаулы әлеуметтік көмек дейтін термин пайда болды. Оның өзі шартты және шартсыз ақшалай көмек болып бөлінеді. Енді осы атаулы әлеуметтік көмекті алатын адамдардың 66 пайызы ауылдықтар болса, 34 пайызы қалалықтар екен. Ал олардың жалпы саны биыл 504 мыңға жетіп отыр. Өткен аптада Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова жаңа форматтағы әлеуметтік көмек үшін биылғы жылы мемлекеттік бюджеттен 28,9 млрд. теңге қарастырылғанын айтты. Министрдің сөзіне бақсақ, бұл көмекті алушылардың көбі оңтүстік өңірлердің тұрғындары екен. Яғни, дәл осы көмекті алып отырған адамдардың санын пайызға шаққанда 75 пайызға жуығы оңтүстік өңірлердің үлесіне келмек: атап айтқанда Түркістан облысы – 34,8 пайыз, Жамбыл облысы – 11,7 пайыз, Алматы облысы – 10,7 пайыз, Қызылорда облысы – 7 пайыз және Шымкент қаласы – 9,7 пайыз. Осы жиында министр М. Әбілқасымова әлеуметтік-демографиялық көрсеткіштер бойынша күнкөрісі төмен көп балалы отбасылардың 75,7 пайызы оңтүстік өңірлерде тұратынын айтты. 


ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова


Сонымен бұл цифрлар еліміздің оңтүстік өңірлерінде әлеуметтік жағынан әлсіз топтардың көп екеніне дәлел. Бірақ, ойланып қарасақ, бір ғана Түркістан облысының өзінде 3 миллионнан аса  халық тұрады. Батыс өңірдегі төрт облыстың халқын жисаңыз да 3 миллионға жетпейді. Алматы облысының халқы 2 миллион шамасында. Жамбылда 1 миллион 100 мыңның шамасында болса, Қызылорда халқы 750 мыңның үстінде. Сонда оңтүстік өңірлерде еліміз халқының 7 миллионға жуығы тұрады. 18 миллион халқы бар еліміздің тең жартысы болмаса да, көп бөлігі бір ғана оңтүстік өңірге шоғырланған (қалған тоғыз миллион үш өңірдің үлесінде). Сол үшін әлеуметтік жағынан осал топтардың да, жұмыссыздардың да оңтүстік өңірде көп болуы заңды. Бірақ, «әлеуметтік жағынан аз қамтылған халық көп» деп жергілікті басшылар қол қусырып қарап отырған жоқ. Бұған мысал ретінде Түркістан облысындағы кәсіпкерлердің жұмысшылардың жалақысын көтеруге ниет танытқанын айтуға болады. 


Мәжілістегі дәл осы Үкімет сағатынан бір апта бұрын ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Үкіметте селекторлық кеңес ұйымдастырылған еді. Мазмұны – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған еңбекақы жүйесін жетілдіру және халықтың табысын өсіру. 


Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев

 

Селекторлық мәжілісте Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев баяндама жасап, жалақыны көтеруге қатысты облыста нақты шаралар өткізіліп жатқанын айтты. Түймебаевтың сөзінен түйгеніміз, облыста 9 798 кәсіпорын бар. Оларда 105 811 жұмысшы жұмыс істейді. Соның 12,9 пайызының айлық жалақысы 42 500 теңгеден төмен. Сондай-ақ, Түркістан облысындағы мемлекеттік мекемелерде айлық жалақысы 42 500 теңгеден төмен 52 170 жұмысшы жұмыс істейді. Ұзын саны 65 мыңнан астам жұмысшының айлық жалақысы 42 500 теңгеден төмен. Былай ойлап қарасаңыз, осы 65 мыңның артында да қаншама адам бар. Олардың бірнеше пайызы көпбалалы отбасын асырап отырған ер не әйел адамдар болуы бек мүмкін. Тіпті көпбалалы отбасының асыраушысы болмаса да, 42 мыңнан төмен жалақының қарақан басыңды асырауға жетуі де неғайбыл. Сол үшін облыстағы кәсіпорындар 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақыны өсірмек. Мысалы, селекторлық жиынға облыс әкімімен бірге қатысқан «Кентау трансформатор зауыты» акционерлік қоғамының бас директоры Х.Қожабаев кәсіпорындағы орташа жалақыны 40 пайызға көтеруге дайын екенін айтты. Дәлірек айтқанда 75 мыңнан 105 мыңға дейін жоғарылатпақ. Сондай-ақ, «Кас Бетон» ЖШС-інде де орташа жалақы едәуір көтерілетін болды. Өзге де кәсіпорын басшылары жиырма, отыз, қырық пайызға дейін жалақыны өсірмек. Өңірдегі жүзге жуық ірі және орта кәсіпорындар мен мекемелерде түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Соның нәтижесінде осы кәсіпорындардың басым бөлігінің басшылары жалақыны көтеруге келісім берген. Бұл жұмысшыларды жарылқап тастайды деген сөз емес. Бірақ, ниеттің түзулігін көрсетеді. 

 

Жалпы айтқанда, қоғамда оңтүстік өңірлерге қатысты жағымды пікірлер көп-ақ. Мысалы, көпшілік оңтүстік өңірлерде тұру тұрмысқа жайлы деп санайды. Оның себебін ауа-райымен байланыстырады. Сондай-ақ, оңтүстік өңірлердің халқын қонақжай деп есептейді. Тіршілік етуге, егін егіп, сауда жасауға бейімдігін айтады. Десе де қағаздағы нақты цифрлар бұл өңірлерде тұрмысы төмен адамдардың көп екенін көрсетіп отыр. Әсіресе, мемлекеттен алатын атаулы әлеуметтік көмекке жаутаңдап отырған отбасылар саны мол. Жоғарыда біз Түркістан облысында айлық жалақының көтерілетіні туралы айттық. Бірақ, басқа облыстардағы жағдайларды білмейміз. Әкімдіктердің ресми сайттары көз алдымызға құрғақ цифрларды ғана тосады. Тіпті, Қызылорда, Жамбыл, Алматы облыстарындағы орташа айлық жалақыны көрсеңіз, жағдайы төмен адамдар көп дегенге сенбеуіңіз де мүмкін. Бірақ, нақты фактіні министрдің өзі ұсынып отыр. Адам көп жерде жұмыссыздық деңгейінің, бәсекелестіктің жоғары болатыны қисынды ғой. Сол үшін оңтүстік өңірлердегі тұрмысы төмен отбасылар мәселесін, кәдімгідей атын атап, түсін түстеп Үкімет деңгейінде шешу жолдары қарастырылады деп күтеміз. 


А. Сейілова


Жаңалықтар

Халықаралық шай күніне арналған креативті видео әлеуметтік желілерде халықтың ризашылығына бөленуде....

Жаңалықтар

Семейде 33 жастағы әйелді көлікпен таптап кеткен, салдарынан ол қайтыс болды, деп хабарлайды madenip...