Дәурен ҚУАТ, жазушы: «Кірлеген жанды тазарту менің міндетім емес»

ӘДЕБИЕТ
4095
– Дәурен аға, сіз қазір оқырман ортасы мен қаламгерлер қауымы үшін «қызықты» жазушы болып отырсыз. Кейінгі шығармаларыңызбен көпшілікті тәнті ете түскендейсіз. Осы уақытқа дейін неге жарқырап көрінбедіңіз?

– «Қызықты» жазушы болатынымды өзім де жақсы білгенмін. Сондықтан қызуым мен қызығымды кейінге сақтап жүре тұрдым (күлді). Ал бұның шын себебі, жарқ етіп көрініп, жанбай жатып сөнетіндердің «соқпағына» түскім келмегендіктен болса керек. Проза – дайындықты, ішкі салқындықты, байып пен байсалдылықты талап ететін дүние. Оның үстіне қаламымды ала қағаздың бетінде жүгірте бастаған кезде айналамда «жұлдыздар» қаптап кетті. Солардың «жарығы» мол болған соң ба, әлде өзімнің бұйығылығым ба, жиырма, жиырма бес дейтін жасымда жарқырап көріне алмаппын. Бірақ ол кезде бізді оқырман қауым өткір жазатын, батыл ой айтатын, қандай тақырыпты болсын «ойнатып» бере қоятын, көркем тілді публицист, журналист ретінде жақсы білетін. Прозада болмағанымен, жалпы жазу өнерінде ерте танылған «пәле баланың» бірімін. Тоқсаныншы жылдардағы газет беттерін парақтаған жұрт менің бұл сөзіме еш дау айта алмайтын шығар. Сол кездің өзінде тиіп-қашты көркем дүниелер жазып жүрдік. 17-18 жасымда жазған «Қабірші», «Он сом» деген әңгімелерім мазмұны мен формасы жағынан жаңалық ретінде қабылданды. Әйтсе де, содан кейін өзімді тежеп ұстадым. Шынымды айтсам, сөзден қорықтым. Мақтау мен мадақтан қаштым. Және одан саналы түрде қаштым. Өйткені кемеліне келіп, өз бойындағы шығармашылық мүмкіндікті толық игеруге шамасы жете қоймаған жастың әсіре мадақ пен орынсыз сынға ілігуі қиындау мәселе. Әрине сені біреу мақтап жатқан жерде сындырып жіберетін сын да табылады. Мен білетін кейбір жігіттер кезінде мақтаумен қатар сын да естіген болатын. Солар қазір сынық сын құлағына тисе, талып қалатын, ауырып қалатын халге душар болыпты. Қазір олар жазумен емес, елдің аузындағы сөзбен өмір сүріп жүр. Сондықтан ақындарды білмеймін, дайындығы күшті, жақсы прозаик болуды мақсат тұтқан жастың алып-ұшпай сабырлы, салмақты болғанын, асықпағанын қалаймын. Бұл «жас қаламгер мүлде жазбасын, жазуды қойсын» деген сөз емес. Жазсын, бірақ жазған дүниесін «жарқ» еткізуге соншалықты құмар болмай-ақ қойсын. Көбірек жазып, машықтанған сайын жазушы іштей тоқырап, дағдарып қалады. Ондай сәтті өзім басымнан жиі өткеріп тұрамын. Әсіресе прозаға толық бет бұрмай жүрген кезімде іштей жүдеп, жасыған шақтарым көп болды. Ең бастысы одан шошымау керек екен. Ал жазудың әлгіндей фобиясына бір ұрынып қалдыңыз ба, қайткенде оны жеңуге тырысыңыз. Ол жеңіс сізге сенім боп оралады. Өзіне сенбеген қаламгерден сертке жүретін сөз тумайды.

– Сонымен прозаға келдіңіз…

– Ал келдім! Неге келмеймін? Проза есім-сойы әдебиетте танылып қалған жазушылардың меншікті мүкәммал мүлкі немесе адам баласының аяғын бастырмайтын атасынан қалған жекеменшік жері ме екен? «Дүниеге келеді әлі талай Қасым», демек прозаға да әлі талай Дәурендер келеді. Дәурендердің дәурені жүреді. «Дәурендер» демекші, осы күні маған еліктеп жазатын жас жігіттер бар. Менен ептеп ұрлайды… Менімен бәсекеге түседі. «Қызықты» жазушы болатынымды өзім де жақсы білгенмін» деп жоғарыда айттым ғой, сол сөзім – сөз. Мен өзіммен бірге тілі шұрайлы, оқиғасы шымыр, ойы астарлы, әлемдік үлгілі шығармаларда қозғалып жүрген тақырыптарды қаузайтын, әфсаналар дүниесімен бүгінгі уақыт аралығынан үндестік табатын қазақ прозасын әкелетінімді білдім. Сондай прозаның (әңгіменің) жас қаламгерлердің арасында бел ала түскенін байқаймын, байқаймын да, қуанамын. Бұрын да айтқам, кезегі келсе, тағы да қайталап айта беруден танбаймын: шығарманың қуаты қандай да бір «измде» емес, қалай жазылғанында. Яғни шеберлікте! Шығармаңызға аллегорияны араластырып, гротескпен жүріп отырасыз ба, әлде, лингво-стильді ұстанып, архаизм тілінде сөйлейсіз бе, бәрібір – түбі шеберлікке, оқырманды үйіріп әкететін жазу машығыңызға келіп тіреледі.

Көркем шығарманың тілімен күресетіндер көп қазір. Олардың уәжі: «Автор адамзаттық ой айтуы керек». Келісемін. Алайда автор бейшара ол ойды жазу тілімен жеткізеді емес пе? Солай екен, ендеше, шығармаға тіл керек! Шамасы, «әдебиеттегі тіл ұстарту майданында жүргендердің» талабы: қазақ прозасын мылжыңдықтан арылту болса керек. Ойға да, оқиғаға да қызмет етпейтін, шығарманың өн-бойында орыны анықталмаған, атқаратын қызметі белгісіз лақпа сөздер мен ащы ішектей созылған сөйлемдер қазақ жазушыларының шығармаларында көп кездеседі. Ол бізге орыстардан, орыстарға француздардан жұққан болса керек. Рыцарлық әдебиет пен классикалық француз әдебиеті аяқталған тұста бұл елде модернизм ағымға айналды. Ештен кеш жақсы, біз де қазір сол бағытқа бет бұрудамыз. Модернизм – автордың меланхолиясы емес, бізге модернистік жазу тәсілін бұлыңғыр, бұлдыр ойлар мен тілді біліп-білмей әдейі қисық-қыңыр қолданатындардың мектебі етіп көрсеткісі келгендер болған. Бірақ, ол олай болмай шықты.

– «Маған еліктеп жазатын жігіттер бар» дейсіз. Олар кімдер?

– Қанат Әбілқайырдан жаныма жақындық көремін. Оны да әфсаналар әлемі мен тылсым дүние сырлары қызықтырады. Қанаттың «Жылан кегі» деген керемет шығармасы бар. Жыланның тілін байлап тастаған бақсының бастан кешкен оқиғасы арқылы Қанат бабатүркілер өмір сүрген бағзы замандағы жылан тотемін тірілтеді. Қанаттың бұл шығармасын анау-мынау сыншылар ұға қоймайды, оған Әмірхан Балқыбек пен Серікбол Қондыбайлар керек. Бұл тақырыпқа мен де барғанмын. «Шахмаранның кітабы». Оқыған кісілер жылан шағып алғандай «уланып қалған» еді  кезінде (күлді).  «Маған еліктеп жазатын жігіттер бар» дегенде мен, ендігі жастар менен көшіріп отыр демеймін. Ол сөзімнің мәнісін жоғарыда түсіндірген секілдімін. Егер түсініксіздеу болса, тағы да таратып айтайын: біз қазір өз заманымыздың көркемдік шындығын танып, жаза алатын прозаның бастауында тұрмыз. Ал бұл бастаудың басында әңгіменің хас шеберлері:  Мархабат Байғұт, Нұрғали Ораз, Асқар Алтай сияқты ағаларымыз бар. Нұрғалидың тіленшінің кейіпіне еніп, содан шыға алмай қалатын кейіпкері, Асқар Алтайдың «Бүкірі», Мархабат ақсақалдың «Ақпандағы мысықтары» осы сөзіме мысал. Әдетте біздің жазушылар өздеріне жақсы таныс Кеңес өкіметінің тұсындағы адамдардың жан дүниесіне көбірек үңіледі. Ал ол адамдар – «бас-аяғы қалыпқа түскен» дайын образдар. Өткен тарихтың өзі де дайын жоба, былайша айтқанда, көркем дүниелерге сұранып тұрған шығармалар көшіне ұқсайды. Бұрын өндіртіп жазып келіп, еркіндік берілген уақытта сақа жазушыларымыздың тоқырап қалуының бір себебі осында. Олар өздері өмір сүріп бастаған жаңа заманның адамын түстеп тани алмай қалды. Қандай қоғам, қандай заман болсын жазушы үшін ең басты нысана адам болуы керек. Өткенде Астана форумына мейман болып келген мажар жазушысы Нора Майорош ханым айтпақшы, «Қаламгерлер қазіргі заманды суреттеуі керек». Әрине, жалпы жазушыға бұндай талап қоя алмаймыз. Мысалы, австралиялық ғажап қаламгер Маркус Зусак (1975 жылғы) «Кітап ұрысы» деген роман жазды. Екінші дүниежүзілік соғыс туралы қанша роман жазылды екен, есептегем жоқ, әйтсе де Зусак сол соғыстың сұрқия бетін ашып, қатыгездік пен зұлымыдыққа тосқауыл болатын құдырет – кітап сөзі, оның өзінде мейірім мен ізігілікке толы кітап сөзі екенін тағы да әйгілеп берді. Патрик Зюскинд кәдімгі француз әтірінің тарихын жазып шықты. Марио Варгас Льоса Доминикан Республикасының халқын қан қақсатқан деспоттың билігін әшкереледі. Бұл жазушылар біздің замандастарымыз. Ілгерідегі жазушылардың да тарихи деректі оқиғаларға жиі-жиі қалам тербеп өткенін білеміз. Тарихты да, бүгінгі заманды да таразылып жаза алатын, жазғанда тамсандырып жазатын жазушы өзімізде – Серік Сағынтай. Бүгінгі әдебиетшілер туралы жазғысы келетін сыншы не зерттеуші табылып жатса, міндетті түрде ол Серіктің «Жалмауызын» оқуы керек. Сәкен Сыбанбайдың «Үміт үйін» түпнұсқадан оқып таңғалғаным бар. Әдетте қарттардың қасыретті тағдырын сипаттап жазатын жазушы кейіпкерін қарттар үйінен алып қашады ғой, Сәкеннің қариясы керісінше, кешірім сұрап келген балаларына барғысы келмейді. Әке мен бала арасындағы салқындық, буын аралық көзқарастар қайшылығы әдеби шығармаларда бұрыннан көрініс тауып келеді, қазір, тіпті трендке айналған сияқты. «Тренд» демекші, осы күні қаламгерлер ғаламтордың шырмауына түскен адам жанының күйзелісіне жаппай мән бере бастады. Жуырда қазақстандық ПЕН-клубтың жиынына келген еуропалық бір жазушы (аты-жөнін ұмыттым) «Ғаламтордағы жалғыздықты жазған бірінші жазушы менмін», – деді. Ал, менің білуімде «М-агенттегі махаббат» деген әңгімені бірінші жазған – Сәкен Сыбанбай.

– Міне, сіз қазір Сәкен аға мен Серік Сағынтай, Қанат Әбілқайыр туралы айтып отырсыз. Осы кісілердің шығармашылығы жайында аға буын жазушылар неге айтпайды?..

– Сәкен мен Серіктің немесе Қанаттың шығармашылығы ғана емес, мен Қанағат Әбілқайырдың, Нұрлан Қабдайдың, Дархан Бейсенбектің, Қойшыбек Мүбарактардың жазып жүрген әңгіме-хикаяттары туралы да әлімше айта аламын. Өйткені бұл жігіттердің не жазып жүргенін үнемі қадағалап, оқып отырамын. Тұрысбек ағамның, Тұрысбек Сәукетаевты айтамын, Жүкеңнің-Жүсіпбек Қорғасбектің жазу үстелінен тұрмай жазуға кіріскендеріне бек ризамын. Өкініштісі бұлар туралы ешкім тіс жарып ештеңе демейді бүгінде. Қазақ әдебиетінің күні батып, ғұмыры аяқталған сияқты құдды. Әдебиет майданындағы бәсеке жайында сөз бола қалса, «мен үлкендерден емес, жастардан қорқамын» деп жатамыз ғой. Ол да жөн шығар, ал мен үлкендерден қорқамын. Үлкендердің үнсіздігінен, ішмерездігінен, немкеттілігінен, жаныашмастығынан қорқамын. Қазіргі қазақ әдебиетінің жай-күйіне алаңдап, қадағалап отыратын аға буыннан үш-ақ адамды білемін. Ол Төлен Әбдік, Қажығали Мұқамбетқали, Молдахмет Қаназов. Осы екі-үш ақсақалдан өзгесі оқуды да, жазуды да, айтуды да қойған секілді. Былтыр ғой деймін, Дулат Исабеков ағама бірер әңгімемді жібердім, егіліп отырып хат та жаздым: «Е-е», – депті де қойыпты. Көңілінен шықпасақ керек. Сөз жоқ, менің жазуым біреуге ұнайды, біреуге ұнамайды – мәселе онда емес, мәселе – аға буынның туған әдебиетіне көңіл бөлмейтіндігінде. Ащы да болса, осылай айтуға тура келіп тұр. Кезінде сөз зергері Ғабит Мүсірепов жас жазушылардың тілін сынады. Қайсыбіріне жылы лепес білдірді. Ғабеңнің сол сыны артық-кем болсын, бәрібір ниеті жақсы еді. Ғабеңнің орнын басып қалған бүгінгі ақсақалдарда сол ниет жоқ. Удай өкінішті, әрине.

– Сыншылар ше? Қазіргі әдебиеттің жай-күйі туралы сыншылар айтуы керек емес пе?

– Сыншы атанып жүргендерге көңілім толмайды. Кейбірі тіпті оқырман түсінгенді түсініп, пікір айта алмайды. Оларға осыдан кейін не деуге болады?.. Сыншы шығарманы сынаса, шығарма да сыншыны сынайды. Осыны ескеру керек. Сыншы сосын, байқампаз Һәм интеллектуал болсын. Шығарманың сыншыға қоятын талабының бірі – осы. Осы талапқа Семейдегі Әбіл Серік Әліәкбар жауап бере алады. Сосын мынау Бекзат Смадияр деген бала ер жетіп келеді. Бекзаттан үмітім мол. Нені, кімді оқысын қазақ әлеміне иіп әкеліп, салыстыра біледі екен. Ойы анық, ұстанымы берік азамат. Салыстыра сынау, салыстыра отырып ой айту – ұлы Әуезовтен қалған дәстүр. Ол дәстүр Төлеген Тоқбергенов, Таласбек Әсемқұловпен жалғасты. Енді оны Бекзат жалғастырады деп ойлаймын. Анар Қабылқақтың да сындағы ізденістері ұнайды. Анар сынға жаңа леп әкеле жатыр.

– «Тас монша» атты әңгімеңіз әлеуметтік ортаның ғана емес, әдеби ортаның да тазалығын аңсаған шығармаға ұқсайды. Келісесіз бе?

– Мүмкін. Әңгіме болсын, роман, повесть болсын, оқырман өзіне керегін алып, көргенін көңіліне түйіп жатады. Сондықтан «Тас монша» туралы бұл пікіріңмен келісемін. Жалпы әдеби орта да түптеп келгенде әлеуметтік ортаға кіреді ғой. Демек, әбілет нас басып, кірлеген қоғамда қаламгерлер қауымы да өмір сүруде. Бәлкім, өзгелерден гөрі кірі қалыңдай түскен орта осы орта шығар. Сөз – сәулелі құбылыс. Сөз – қуат, энергия. Сөз – Алланың аманаты. Сол аманатты жете түсінуге жетесі жетпей жінігіп, сөз қуатын лас нәрселерге, өсекке, өтірікке, қызғанышқа, аярлыққа жұмсап жүргендер, өкінішке қарай, біздің қатарымыздан да шығып жатыр. Бірақ олардың кірленген жанын тазарту менің міндетім емес, менің міндетім – «Тас моншаның» отын қыздыра беру (күлді).

Қарлыға ИБРАГИМОВА

author

Дәурен Қуат

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

"Қазгидромет" РМК 9 желтоқсанға арналған ауа райы болжамын ұсынды. Синоптиктер күн райының нашарлауы...

Жаңалықтар

Дамаскіде мемлекеттік мекемелер мен жеке үйлер тоналып жатқаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды...