«Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір жылдығына орай Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен...
"ЖЫЛ ТАҢДАУЫ" ДЕГЕНШЕ ҚҰЛ ТАҢДАУЫ ДЕСЕЙШІ!
Жүрегім ауырып, жаным күйзеліп отыр. "Хабар" арнасынан жаңа ғана "Жыл таңдауы - 2018" деген сайқымазақ"концерт" көрдім. Тобырлық өнердің талай сұмдығына куə боп жүрміз ғой, бірақ мен қазақ сахнасын тап мынандай деңгейде музыкалық қоқсық басады деп еш ойлаған емес едім. "Жыл таңдауына" бір есі дұрыс қазақ əні болмады. (Тамара Асар "Ақбаян" əнін фонограммамен айтқаны болмаса) Кілең кəріс, сарт, түрік, орыс, шүршіт т.б елдердің құрып қалған төменгі сортты ширпотреб "əндері" "шырқалды". Сонда бұл қай елдің "Жыл таңдауы"?!
Сөзін қазақшалап алған бұл жатжерлік "əндерді" тыңдау неткен ауыр, неткен азап еді, тіпті жаның түршігеді. Бірақ "Соқыр тауыққа бəрі бидай" деген емес пе, екі иығын жұлып жеп "фанерщиктер" мəз, санын шапаттап зал толы тобыр ду-ду.
Мені таңқалдырғаны өңшең тобырлық мəдениет өкілдері жиылған залда қазақ эстрадасының ақсақалдары Нұрғали Нүсіпжанов, Лаки Кесоглу бастаған корифейлердің отырғаны?! Кешегі Роза Бағланова, Нұрғиса Тілендиев сияқты жақсылардың көзін көріп, ізін басқан Нұрғали ағамызды мынандай жын ойнақтан көремін деп əсте ойлаған емес едім. Нұрғали аға-ау, мына сұмдыққа қалай шыдап отырдыңыз. Сіз қазақ эстрадасының ағасы емессіз бе, тіпті қариясысыз ғой! Неге қолды бір сілтеп тұрып кетпедіңіз?! Əсіресе, анау даусы мұрнынан щыққан бəкене бойлы, сары қыз дəл алдыңызда келіп ойқастап, іш киімінің ауын созғылап, ұятты жерін шерткілегенде Сіз тұрып кететін шығар деп үміттенген едім. Жоқ, сіз тапжылмай отырып, масқара концертті одан əрі тамашалай бердіңіз. Егер сіз наразылыңыңызды білдіріп, ұйымдастырушыларға бір ауыз сөз айтып, залдан кетіп қалғанда бәлкім олар ойланар ма еді? Мүмкін мына масқара "концерттің" басы-қасында, сахнаға жымиып шығып "премия" тапсырып жүрген ақпарат министрінің бетіне қытық пайда болар ма еді? Жоқ, Сіз түк болмағандай "жын-ойнақты" түбі түскенше тамашалап, ең сорақысы бір топ фанерщиктерге "премия" тапсырып жаттыңыз. Сіз секілді "Халық əртістері" өстіп тобырлық мəдениеттің сойылын соқса, онда біраз жерге келіп қалған екенбіз, Нұрғали аға! Егер қазақ өнері - бар рахаты мен қызығын көрген сіздерге керек болмаса, қалғандарымызға не жорық?!
PS Жаңа ғана "Хабар" арнасынан екі тілде қойыртпақталып көрсетілген "Жыл таңдауы" "концерті" қазақ өнерінің əбден маргиналданып, азып-тозып, іріп-шірігенін тағы бір мəрте дәлелдеді.
Солай ағайын, тобырлық, құлдық мəдениет ұлттық мəдениетті өлтіріпті. Сатал-сатал алабажақ туы ұлттық мəдениеттің қабірінің үстінде желбіреп тұр екен. Бүгін соның куəсі болдық. Қайырлы болсын, сіздерге, тобырлық өнерпаздар! Қазақ ұлттық музыка мәдениетінің түбіне жетулеріңмен құттықтаймын!
Ерлан Төлеутайдың фейсбук парақшасынан алынды