Шəкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясында "Мұзбалақ" толықметрлі анима...
Айтыс - өнегелі өнер
Бүгін порталға "Ақмоладағы айтыс әділетсіз болды" деген мақала жарық көріп, сыналып отырған тараптың қарсы уәжі келіп түссе, жариялауға уәде берген едік. Айтқанымыздай, айтыстың ұйымдастырушысы Тоқтарбек Құрманұлынан келіп түскен қарсы мақаланы назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Ағымдағы жылдың 29 қарашасы күні Көкшетау қаласында Үкілі Ыбырай атындағы филармонияда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай «Бала ақын - жас дарын» атты аймақаралық оқушылар айтысы өтті. Айтысқа Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарынан 12 мен 16 жас аралығындағы 11 ақын қатысты. Аталмыш айтыстың дайындығы барысында ұйымдастырушылар алқасымен ақылдаса отырып, айтыстың әділ өтуі үшін қазылар алқасының мүшелігіне жоғарыда аталаған облыстардан бір өкіл болғаны дұрыс деп шешілді.
Мен, Тоқтарбек Құрманұлы, аталмыш айтысты ұйымдастырушылардың және жауапты адамның бірі ретінде болған жайды түсіндіргенді жөн санадым. Ақмола облысы бойынша алғаш іріктеу кезеңі өткізілген шақта, қатысушылардан келіп түскен өтінімдерде Нұрғиса Елешұлының да өтінімі болды. Мен бірден жақсы танитын болған соң әкесі Елеш Хавылханға телефон шалып, ереже талаптарына сай 12 мен 16 жас аралығындағы ақындар қатысатынын ескерттім. Елеш алдыңғы шәкірттерін 12 және 13 жастан бәйгеге қосқандығын және кеш екендігін айтып, осы жолы баланы жасы келмесе де, жіберуін өтінді. Елеш Хавылханды жақсы танығандықтан және өңірімізде айтыс өнерін дамытуға қосып жүрген еңбегін білгендіктен, алдағы уақытта реніш болмағандығын ескерте отырып, келіскен болатынмын. Қарашаның 14-і күні облыстық халық шығармашылық және демалыс орталығында өткен облыстық іріктеу кезеңінде де Нұрғисаның жасын ескеріп, аймақтық айтысқа шығуына қарсы болғаныммен, ақын Алмас Темірбай мен Елеш Хавылханның көңілін қимай рұқсат берген едік. Аймақтық айтысқа дайындық барысында басқа облыстардан келетін ақындардың тізімі белгілі болған соң, қазылар алқасының төрағасы, айтыскер ақын Құдайберлі Мырзабекке тізімді, айтыс ережесін беріп, таныстырған болатынмын. Сол кезде де Құдайберлі мырза Нұрғисаның жасы келмейтіндігін айтып, қатысуға жібермейтіндігін ескерткен. Елештің өтінішін айтып, жастайынан буыны қатая берсін, шыңдала берсін деген ниетпен мүмкіндік беруін сұраған болатынмын. Осылайша Нұрғиса баламыз бәйгеге қосылған еді. Айтыс болатын күнен екі-үш күн бұрын Елеш маған телефон арқылы хабарласып, баланың меселі қайтып қалмасын, жасының кішілігін, дайындықпен шығармаса болмайтындығын айтып, ертерек жұбын айтып беруін сұраған еді. Мен оған да көніп, Нұрғиса баламыз үшін ертең қалың топтың алдында тосылып қалмасын деген ниетпен Құдайберлі ағаға қояр да қоймай жұптап беруін өтініп, Елеш Хавылханға еретерек хабарлаған болатынмын. Екі ортада мен ыңғайсыз жағдайда қалып отырмын, айтысқа қосуын, жұбын ертерек айтып беруін өтінген мен едім.
Айтыстың бірінші айналымы аяқталған соң қазылар алқасы ақылдаса отырып, үш жұпты яғни алты ақынды ақтық мәреге шығаруды ұйғарды. Ал, Нұрғисаға арнайы жүлде тағайындауды ұсынды. Ережеде бекітілген тәртіпке сай екі жұп қана шығу керек болатын. Келісе пішкен тон келте болмас деген қағиданы ұстанып, қазылар алқасы мүшелерімен бір шешімге келіп, үш жұп шығаруды жөн санады. Мақалада айтылғандай, Нұрғисаның ақтық мәреге шықпағандығын естіп, айтыстың соңын күтпестен көрермен шығып кетті дегені қисынға келмейді. Көрермен залынан шығып кеткендер Нұрғисаның осы айтыста жүлдемен оралатынына нық сеніммен келген, оның аға-әпкелері, бауырлары болатын.
Біз қызығы мол, қиындығы зор киелі өнер жолына алғаш қадам басқан әрбір талантты да талапты жас өнерпаз үшін әрқашан бірге қуанып, елмен бірге сахна жолында сәттілік тілейміз. Қолдан келгенше өз көмегімізді беріп, қолдап-қошеметтеп отыруға дайынбыз. Нұрғисаны да сол өнерлі жастардың бірі деп, алар асулары әлі алда деп таныған болатынбыз.
Өкінішке орай, айтыстың ыстығына күйіп, суығына тоңып, Ақмола өңіріндегі айтыстың жандануына азаматтық үлес қосып жүрген айтыскер ақын Елеш Хавылханнан мұндай ерсі қылық күтпеп едік. Қайта ұлттық төл өнеріміздің қанатын кеңге жаюына жол ашып, мүмкіндік жасап қолдау білдіріп жатқан облыстық әкімдікке және жоғарғы деңгейде өтуіне жағдай жасаған мәдениет басқармасына, алғысын білдіріп, ризашылығын айтатын жөні бар еді.
Тоқтарбек Құрманұлы