ҚАБАНБАЙ АТАУЫ ҚАЙДАН ШЫҚҚАН?

ӘДЕБИЕТ
4964

Биылғы доңыз жылына байланысты пікір алыстың бір ұшығы қазақтың Бас Батыры Қаракерей Қабанбай бабамызға тірелді. Көптеген достарымыздың, Дима Исхаков деген бауырымыздың сөз сарыны «Ерасыл қалай Қабанбай аталды?» деген сұрақпен аяқталыпты. Бұл жөнінде жазған едік. Қайтара ұсынайық.

Көнеден келе жатқан аңыздарда Ерасылдың жұрт аузынан шыққан және де алты есімі сақталыпты. Қазақтың көне салтымен жеңгелері ірі денесіне қарап- Нарбала, қатарластары әкесі Қожақұлдың ізін басып, батыр болар деп- Ізбасар атапты. 1723 жылы Түркістанды жаудан қорғау кезінде елдің басын қосып, жасақ құрып, дұшпанға атойлап қарсы шапқан Ерасылды жұрт хан сайлап- Хан батыр деп әспеттепті. Абылай- Дарабоз атап, басына көтеріпті. Бұхар жырау әулие- Көкірек әулие деп алқаулапты. Осы жеті есімнің ішіндегі ең танымалысы- Қаракерей Қабанбай. Кейінгі уақыттардағы жазба әдебиеттерде Ерасылдың Қабанбай аталуы туралы әр түрлі деректер айтылады. Осыған бір сәт назар аударалық.

Біз ес білгелі шыбық мініп жарыссақ «Қабанбайлап» ұрандайтынбыз. Елде өтетін жиын- тойдағы палуан күресте екі жақ та «Қабанбайлап» белдесетін. Бәйгенің алдынан көрінген шабандоз сөреден «Қабанбайлап» өтетін. Құлаққа әбден сіңген есім. Қарттарымыз бұл аттың қалай шыққанын біз ұмытпасын дей ме екен, жиі әңгімелеп отыратын. Алдымен осы аңыздарға тоқталайын.

1. Мал жайлауға шығып жатқан уақыт болса керек. Ерасыл 18-20 жастарда сияқты. Арқада бұл маусымның ортасынан кейінгі мерзім. Көш басындағы ақсақалдардың алдын қамыс ішінен шыққан қабан бөгеп, кідіртіпті. Ерасыл секілді жастар кейінірек жүреді ғой. Не болғанын білмек үшін қарттармен қатарласса тайыншадай қабандарды көреді. Жігіттердің алды болып Ерасыл ұмтылыпты. Найзамен жасқап, бір- жарын шаншып тастапты. Міне, осы жылдамдыққа риза болған ақсалдар жағы:
-Нағыз қабан- Ерасыл екен ғой!- деп мадақтапты.

Ерасыл сол күннен бастап Қабанбай деген ат алыпты дейді.

2. «Дарабоз» романында жазушы ағамыз Қабдеш Жұмаділов бұл аңызды сәл өзгертіпті. Ол кісінің айтуынша бір-жар балалармен қатар Ерасыл көл жағалай жылқы бағып жүреді. Аяқ асты қамыстан шыққан қабандар жылқыға тап береді. Бірақ аса найзагер Ерасыл оларды жайпап салады. Қасындағы бала қабан алғаш жүгіргенде- ақ ауылға зытқан екен. Бердәулет бастаған жігіттерді алып жетеді. Жайрап жатқан қабандарды көрген жездесі әбден разы болып:

-Нағыз Қабан сен екенсің ғой!- депті.

Содан Ерасыл Қабанбай аталып кете барыпты.

3. «Түп- тұқияннан өзіме шейін» атты кітапта автор өз версиясын ұсынады. «Қабанбай батыр жауға қарай тура қабан секілді мойын бұрмай, тік шабады екен. Содан жұрт Қабанбай атап кетті» деп жазады. Біреуге ұнар, екіншіге ұнамас, бірақ айтылған соң мұны да көрсеткен орынды.

4. 1968 жылы Рымғали Нұрғалиев ҚазМУ- дың журналистика факультетінде оқитын бізге сабақ берді. Алғашқы лекциясында бәрімізбен жақын танысуда жөн көрсе керек, туған жеріміз, оқуға түскенше не істегенімізді жеке- жеке сұрады. Ол кезде Қазақстандағы жалғыз Университеттің екі факультетіне- журналистика және заң закультеттеріне екі жылдық еңбек өтілімен ғана қабылдайтын. Кезек маған келді. Талдықорған облысы, Алакөл ауданынан екенімді естіген соң -Қабанбай батырдың елінен екенсің ғой. Неге Қабанбай аталғанын айта қойшы,- деп аса жылы сөйледі.

Айттым. Бірінші нұсқаны. Рымғали аға сөзімді бөлмей тыңдап алды. Сонан соң:

- Ел аузындағы аңыз ғой. Шындығын біле жүргендерің жөн. Қазақ Хандығы құрылғаннан бастап, жойылғанға дейін Хандығымызда «қауан» деген мемлекеттік лауазым болған. Ол ханнан кейінгі екінші адам еді. Ал соғыс кезінде әскер қолбасшысы.- деді.

Кейіннен академик Рымғали Нұрғалиев осы дерегін «Абай елі» Энциклопедиясында жазыпты.

Міне, төрт түрлі версия. Бәрін айтқан жөн. Әңгіме нақтылы тарихи тұлға жайлы болғанда ештеңені, тіпті, жайсыз, кереғар болса да, жасырып қалуға болмайды. Бар шындықты айту міндет. Сен айтпасаң, өзге айтады. Енді, осыларды талдап көрейікші. Ауылда өстік. Мал, түз тағысы жайын аздап білеміз. Қабан аса сақ, адамдардан алыс жүретін хаюан. Ерасылдың тұсында тайыншадай ірі төбеттер әр ауылда бар. «Арс» еткен дауысынан- ақ ит- құс сескенеді. Оның үстіне көш қашан да дабұр- дұбыр, тай мінген балалардың шуылымен алыстан құлаққа шалынады ғой. Осындай көштің алдын қабан бөгепті деген көңілге қона қояр ма екен? Ақсақалдар, мүмкін, бөгелер. Бірақ қасқыр алып үйренген төбеттер қарап тұрмас. Оның үстіне ақсақалдардан соң барымта мен сырымтаға сан түскен сақа жігіттер жүрсе керек. Олар қарап тұрмасы анық? Бозбала Ерасылды алдыға түсіре қоймас. Ерасылдың өзі де ағаларының алдын кеспес. Бұл версия, не десеңіз де солқылдақ.

Түз тағылары өзінен әлденеше рет ірі жылқыға шауыпты деген де ақылға қонымсыздау. Қанша жылқышымен сөйлестім, көл жағалай отырған жылқылы ауылдың адамдарынан сұрастырдым. Бәрі бір ауызды- қабан еш уақытта жылқыға тимейді. Мұндай оқиғаны естімепті. Шынына келгенде бұл вариант та неғайбыл.
Ал, «Түп- тұқияннан өзіме шейін» атты кітаптағы «Батыр жауға мойын бұрмай тік шабады екен» деген сөз соғыс атаулысынан ныспы хабары жоқ адамның айтқаны сияқты. Бораған жебе мен лақтырылған сүңгіге қарсы бұрылмай шапқан адам мерт болары анық. Қабанбай батыр ондай оғаш қылыққа баруы мүмкін емес. Оның үстіне ол кезде қорғасын оқты мылтықтың шыққан кезі. «Батыр- бір оқтық» деген мақал бар. Кітап авторы ойдан құрап, әйтеуір бірдеңе деу үшін жазған секілді.

Міне, назарларыңызға ел аузындағы төрт вариантты түгел тарттық. Қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс? Өзіңіз ойлап, мырза көңіліңізбен пішерсіз. Өз басым академик Ырымғали Нұрғалиевтің дерегі дәл деген пікірдемін.

Камал Әбдірахман

Жаңалықтар

Қорғаныс министрлігі ресми хабарлама жариялады, деп хабарлады madeniportal.kz. Ресми хабарламада 20...

Шоу-бизнес

Жақында бостандыққа шыққан Мұрат Әбділдә абақтыда жатып 100-ге жуық ән жазғанын айтты, деп хабарлады...