Нұрғиса Тілендиевтің мемориалды музейі

МУЗЕЙ
4526

Дінмұхамед Қонаев: «Музыка – адамзаттың әмбебап тілі ғой. Ол біздің жан – дүниемізді байытып, әсіресе, ұлттық сана – салтымызға баулитын сиқырлы күш. Мен Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларын тыңдаған сайын осындай ойға қалам» - деген екен.

КСРО-ның және Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Халық Қаһарманы» Нұрғиса Атабайұлы Тілендиевтің мемориалдық музейі Алматы қаласы әкімнің арнайы қаулысымен 2014 жылдың 16 мамырында Халықаралық музейлер күніне орай ашылды.

Нұрғиса Тілендиев – қазақтың әйгілі күйші-сазгері, дирижер, кемел домбырашы. XX ғасырда қазақ халқының ұлттық музыка мәдениетінде аса көрнекті шығармалар қалдырып, ұлттық музыка тасқынын өте биік деңгейде бүкіл әлемдік өнер дариясына апарып қосқан ұлы тұлға. Ұлы сазгер 1925 жылы 1 сәуірде Алматы облысының (Ұзынағаш ауылының бас жағындағы жайлауда) Шилікемер ауылында дүниеге келген. Топырақ бұйырған жері Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылындағы Жамбыл кесенісінің іргесі (1998ж.). Нұрғиса Тілендиев – қазақтың музыкалық мәдениетінде өшпес із қалдырған дара тұлға. Ол – қазақ топырағындағы ежелгі Қорқыт, Асанқайғы, Кетбұға, бертіндегі Құрманғазы, Қазанғап, Дәулеткерей, Тәттімбет, Байсерке, Дина секілді ұлы композиторлар, сазгерлер мен сал-серілердің музыкалық дәстүрін өткен ғасырда (ХХ ғ.) тамаша дамытып, өз үлесін кейінгі ұрпаққа мәңгілік мұра ретінде қалдырған айрықша талант иесі.

 Н. Тілендиевтің мемориалдық музейі орналасқан пәтер 1979 жылы аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Д.А. Қонаевтың арнайы тапсырысымен салынып, Қазақстанның ғылымы мен мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткерлерге табысталған.  Бұл үйде ұлы композитор өзінің отбасымен 1979-1998 жылдар аралығында тұрып, соңғы табысты шығармашылық жылдарын өткізді. Нұрғиса Тілендиевпен осы жерде көршілес пәтерлерде КСРО Халық әртісі Бибігүл Төлегенова, Қазақстанның Еңбек Ері, ақын Олжас Сүлейменов, академик-ғалым Д.Сокольский (1979-1987),  архитектор Ю.Ратушный (1978-1996) сияқты өнер және ғылым майталмандары тұрған.

Мемориалды музейдің жалпы ауданы 169,10 шаршы аумақты  қамтиды. Музей экспозициясы төрт бөлмеден тұрады. Кіреберіс, қонақ бөлме, жұмыс бөлмесі, ас үй және демалыс бөлмесі. Музейде Нұрғиса Тілендиевтің жеке өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін, бағы мен байлығына айналған музыкалық аспаптары, әуезді әндері мен күмбірлеген күйлерінің қолжазбаларының түпнұсқалары, кітаптары, фотосуреттері, дирижерлық және концерттік киімдері, жеке қолданған көптеген заттары сақталған. Осының бәрі Н. Тілендиевтің әншілік, күйшілік, композиторлық рухы, күш қуаты бір басында тоғысқан жаратылысы жомарт біртуар жан болғанын көрсетеді.

Шоу-бизнес

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова жаңа жылдық әннің әуезімен әуежай алдында биледі, деп хабарлады madenipo...

Жаңалықтар

Жетісу облысында Алакөл аудандық сотымен Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығ...