Қазақ шахматшысы Тбилисиде өтіп жатқан Халықаралық шахмат федерациясы әйелдер Гран-приінде екінші бо...
КӨМБЕДЕЙ КӨП ДҮНИЕГЕ ИЕ БОЛАР АДАМ АЗ
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақаласы қоғамда үлкен серпіліс туғызды. Мақалада руханият, тарихқа қатысты көптеген маңызды тақырыптар қозғалған. Соның ішінде дала фольклоры мен ұлттық музыкаға да ерекше назар аударылған. Онда Президент «Дала фольклорының антологиясын» жасау керек екенін, сондай-ақ ұлттық әуендер мен құндылықтарды заманауи цифрлы форматқа ауыстыру қажеттілігін жазған. Осы орайда филология ғылымдарының кандидаты, доцент, халықаралық ТҮРІКСОЙ-дың «Мұрагер» сыйлығының лауреаты, фольклорист-ғалым Берік Жүсіповпен сұхбаттасқан едік.
– Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Ұлы даланың фольклоры мен әуендері заманауи цифрлы форматта «жаңа тыныс» алуы қажеттігін айтқан болатын. Бұл ойдың, ұсыныстың қазіргі таңдағы маңыздылығы қандай?
– Ән-күй, жыр-термелердің көне аудио нұсқаларын қазіргі заманауи цифрлы қалыпқа көшіруге байланысты бірнеше өзекті мәселе бар. Өзге облыстардың жағдайын білмедім, Алматыда дәстүрлі музыка үлгілерін тазартып, цифрлы жүйе жасауға машықтанған екі маман бар еді. Оның бірі – Базаралы Мүптеке марқұм болып кетті. Қазір ескі таспалардың тұмса қалпын бұзбай өз деңгейінде тазарта алатын Саян Ақмолда деген маман бар. Ал жалғыздың үні шыға ма, ісі өне ме, оны ел айтсын.
Ұлы даланың фольклоры мен әуендеріне заманауи цифрлы форматта «жаңа тыныс» беру үшін мәселенің осы жағына мән бердік пе? Оны алдын ала жүйелеп беретін маман дайындап, олармен пікірлестік пе? Заманауи техниканың тілін білетін жастар халық мұрасын тазартып, кәсіби жүйелеудің жағдаятын толық түсінсе жақсы. Елбасы айтқан қазабат шаруаның осы жағы көп ойландырады.
Екіншіден, қазір архив атаулының күйі тайыңқыраған заман. Бір ғана көзім көрген келеңсіз жағдайды тілге тиек етейін. Алматыдағы М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында көне таспаларды сақтайтын арнайы бөлім бар болатын. Ол жерде ХХ ғасырдың 70-жылдарына дейін көзі тірі келген халық өнерпаздарының дауысы сақталған. Бір жылдары осы мұраға бытбырт келгендей болды, «заманауи форматқа ауыстыру» деген ізгі оймен басталған көшіру жұмыстары кезінде халық мұрасына орасан зиян келді. Сол көшіру жұмыстарынан соң кеуделеріне халық мұрасын теңдеген көп ақсақалдың дауысы шатысып кетті. Мұны сонау жылдары Қыдырәлі Болмановтың қолқасымен халық ақыны Болман Қожабаевтың орындауындағы ән-күйлерді іздегенде көзбен көріп, көңілім қалған. Енді тек сол көшірілген мұраның түпнұсқа үнтаспасы сақталса екен деп іштей тілеп жүремін. Шынын айтқанда, әлгі көмбе болып жатқан көп дүниеге бүгінде басие болып, жанашырлық танытып отырған адам аз.
Үшіншіден, кезінде әр облыс орталығында республикалық радио филиалдары жұмыс істеді. Мәскеу мен сол кездегі астана – Алматы арқылы таратылатын хабарлар мен музыканың ортақ мұрағаты туралы әңгіме өз алдына. Осы облыстық радиолардың жергілікті жердегі түрлі мамандық иелерінен жазып алып қордалаған «Алтын қоры» болатын. Қазір солар қайда, осы көлкөсір мұраның жағдаятын кім біледі? Оны айтасыз, кезінде «Қазақфильм» бірлестігі облыстардың тарихы, өнері, ауылшаруашылық жетістіктеріне байланысты, белгілі тұлғаларға қатысты деректі фильмдер жасап берді. Мүмкін орталық архивте бір нұсқасы сақталған да шығар. Алайда кезінде аталған фильмдердің түпнұсқасы облыстардың өзіне берілген болатын. Сол құнды дүниелер қайда жатыр екен, оларды қашан қайта жаңғыртамыз? Мені осындай сауалдардың жауабы толғандырады. Осылардың басын біріктіріп, белгілі бір жүйемен жұмыс істелмесе Елбасы міндет етіп қойған өзекті тапсырмалар өз деңгейінде орындалар ма екен?! Егер дала фольклорының антологиясын кәсіби тұрғыда жасау керек болса, істің ыңғайы осы бағытта жүргізілгені дұрыс сияқты.
– Соңғы уақытта заманауи ән, жаңа трендтер қатты белең алды. Дәстүрлі өнердің дауысы әлі де жарқын емес. Жаһандану заманында дәстүрлі өнерді аман сақтаудың, оны дамытудың қандай жолдары бар?
– Рас, кейінгі кезде жұрттың осылай деп еңірегенде етегі жасқа толып жүргені менің де қаперімде бар. Ең жаманы, көп адам осы сауалды күн тәртібіне шығарады, бірақ ары қарай әрекет жасамайды. Шынымды айтсам, осындай сұрақтарға жауап беруден әбден шаршап, ыңғыршағым айнала бастады. «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» деген сөзді естіп жүрген шығарсың. Менің де осы мәселеге орай – дәстүрлі өнерді аман сақтап, оны дамытудың жолдарын көрсетуге байланысты ой айтқаныма отыз жыл болыпты. Тіпті қазақ ән, күй, жырының ортақ түйткілді мәселелеріне қатысты докторлық диссертация да жаздым. Бірақ содан есін жиып, етек жабуға тырысқан адамды көрмедім. Керісінше, «балапан басына, тұрымтай тұсына» дегеннің керінен әрі аса алмай жүрміз. Ол аз десеңіз сіз қойып отырған саулдардың шешіміне қатысты оншақты кітап жаздым. Менің бұл тараптағы көкірегімді қарс айырған запыранды зарымды білгісі келген оқырман болса уақыт тауып сол кітаптарды оқып шығар, әйтпесе бір адам аузынан шаршайтындай болды.
– Сонда да, класикалық төл өнерімізді алға сүйреудің бір амалы бар шығар?
– Жастар жағы дәл қазір ерекше таңдау жасау керек. Егер ел боламыз, ата-бабадан мирас болып қалған асыл мұра келер ұрпаққа аман-есен жетсін десек, ұлттық ән-күй шырқалған өнер кештерінен қалмайық. Өздері қатысатын концертке күшпен толтырып қойған көрермен ұлт өнерінің көсегесін көгерте алмайды. Егер «Құдайдың бір аты» дейтін халық қалауы еуропа мен америкалық өмір-салт, заманауи ән, жаңа тренд болса, онда көп алдында көкезу болып қадіріңді қашырғаннан еш пайда жоқ.
Көгілдір экранымыз бен радио желілерін күресіннен тазартайық, сөйтіп алдымен көп жылдан бері жиналып қалған қоқыстан ұлттың санасын арылтуға көшейік. Менің ұғымымдағы ұлттық мұраны сақтап қалудың әзірге жалғыз жолы осы. Айтушыдан гөрі тыңдаушы сауатты һәм саналы болмаған жерде ұлт өнерінің бағы байланады.
– Көптеген дәстүрлі әншілер насихаттың аздығына, дәстүрлі өнерпаздарға тиісті қаламақы берілмейтініне реніш білдіреді. Концерт қояйық десе, өнер сахналарын да таппаймыз, жалға алу құны қымбат дейді. Ескі ән-күй шырқап жүрген азаматтардың қадірін білуге, оларды дәріптеуге не кедергі болып жатыр?
– Кейінгі кезде ауызды қу шөппен сүртіп отыра беруге дағды алдыра бастадық. Қазір біздің қоғамда толықтай нарық заңы үстемдік құрып тұр. Ал ұлттық өнер жандану үшін мемлекет тарапынан үлкен дотация керек. Онсыз «аспаннан киіз жауса да, құлға ұлтарақ тимейдінің» керінен арыла алмаймыз. Дәстүрлі әншілердің насихаты аз екені рас. Оның шешімі – тікелей бұқаралық ақпарат құралдарының тетігін ұстап отырған қыз-жігіттердің қолында. Дәстүрлі өнер үшін арнайы хабар ашып, тоқтаусыз насихат жүргізіп, ала таңнан қара кешке дейін әнші, күйші, жыршыларды сайратып қоямын десе, ешкім қолын қақпайды.
Ал қазіргі тыңдарманның түсініксіз талғамына сай халыққа өтпейтін әншілер үлкен кінәратты алдымен өз бойынан іздесе игі болар еді. Біз осы бүгінгі жағдайға өз еркімізбен жеттік. Жан-діліміздің әуелгі қалауы да осы емес пе еді? Бізге сырттан келіп асылдарының бағасын білме, қадіріне жетпе, өзіңді-өзің менсінбе, талантты перзенттеріңді дәріптеме деген кім бар?
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Абай АЙМАҒАМБЕТ
aikyn.kz