Заңгер: министрлердіІ “Анасы қайда қарап отыр?” деген сөзі үшін сотқа бере аламыз

Жаңалықтар
27109

Күні кеше бүкіл еліміздің қабырғасын қайыстырған қайғы болды. Астанада өрт салдарынан бір үйдің 5 бірдей баласы көз жұмды: 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылдары дүниеге келген бүлдіршіндер. Олардың ең кішісі – жасқа да толмаған. Түнде олар тірідей өртеніп кеткен кезде, ата-анасы жұмыста болған.

Бүгін марқұмдардың денесі жер қойнына тапсырылды. Жерлеу рәсімен жүздеген адам жиналған.

Күнкөрістің қамымен емшектегі баласын тастап, жас ананы жұмыс істеуге не мәжбүрледі? Еліміздегі көпбалалы аналардың мәселесін жиі көтеріп жүрген “Ел бірлігі” одағының президенті, белгілі заңгер  Ризықова Шолпан Бостанқызына осы сауалды қойып көрген едік.

“Бүгінгі күнде отбасына қатысты мәселелер жақсы шешіліп жатқан шығар бәлкім, бірақ егер нақты аналар туралы айтар болсақ, анасы жұмысқа кетіп, әкесі де жұмысқа кетіп, балаларын үйде жалғыз қалдырудың себебі неде болуы мүмкін? Экономикалық себептер ме, әлеуметтік пе, үкімет осы жағына назар аудару керек еді.

Отбасының бүгінгі күнде төрт бірдей банкте несиесі бар екен. Несиесі болғаннан кейін отбасы міндетті түрде қысымда болғаны анық. Жағдайлары болмаған, бес баланы үйде тастап, жұмыс жасауға мәжбүр болған. Ал енді аналарға жағдай жасалып, әлеуметтік жағынан жақсы қамтылса, мен ойлаймын сол аналар үйде отырып, бала-шағасының тәлім-тәрбиесімен қуана-қуана айналысатын еді. Балаларға деген иманын, мейрімін, сүйіспеншілігін беріп отыратын еді.

Бүгінгі күні осының бәрінің жоқтығынан біз осындай жағдайға тап болып отырмыз. Біздің аналарымыздың мемлекеттен алатын жәрдемақысы 16 428 теңге. Ол неге жетеді? 16 мың теңгені қай жағына тартады? Неге бізде Аналар қорын ашпасқа? Балалар дүниеге келгенде неге мемлекеттен шот ашып, қор жинамасқа? Неге өз азаматтарымызға, болашағымызға экономикалық, әлеуметтік жағдай жасамасқа? Ананың жағдайы жақсы қаралса мемлекетте, демек мемлекеттің де жағдайы дұрыс болады, тыныштық болады, бейбітшілік болады. Бүгінгі күнде мемлекетімізге наразылығымыз көп. Министр Әбілқасымова не нәрсеге қарап отыр? Соның бәрін неге қарастырмайды? 16 мың теңге деген не ол? 16 мың теңгеге азар болса бір қап ұнын, бір-екі келі кеспесін алар. Балалардың киімі қайда? Тамағы қайда? Кітап-дәптері қайда?”, – деп ашынады елімізге белгілі заңгер.

-Қазақстанның әл-ауқаты, жағдайы көпбалалы аналарға көмектесуге мүмкіндік бере ме? Сонда аналар баласы 3-ке келгенше үйде бала тәрбиесімен алаңсыз айналыса ала ма?

-Әрине, келеді. Мемлекетіміздің қазынасына өте қомақты салықтар түсіп жатыр. Республикалық бюджетте ақша жоқ деуге болмайды. Сондықтан үкіметтің әрбір отбасының жағдайын бала 3-ке толғанша қамтамасыз етуге әлеуеті бар. Бірақ оны ешкім қарастырып жатқан жоқ. Үкімет оған бей-жай қарап отыр. Қаншама аналар несие алып, несиелерін төлей алмай отыр? Оған екінші деңгейлі банктер де кінәлі. Одан кейін үкімет отбасылық жағдайларды, қарым-қатынасты реттейтін заң жобаларына мұрындық болуы керек.

-Шолпан Бостанқызы, жалпы осы трагедиядан кейін елімізде бірдеңе өзгереді деп ойлайсыз ба? Мемлекеттік органдар “қимылдай” бастай ма?

-Біздің қоғамымызда осындай жәйттен кейін ғана қозғалуды министрлер әдетке айналдырған. Неге министрлер оның алдын алмайды? Айтпай жүрген жоқпыз ғой, айтылып жүрген нәрселер. Одан кейін Әбілқасымованың (Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі – ред.) “Анасы қайда қарап отыр?” деген сөзі үшін мен “Ел бірлігі” қауымдастыңының президенті ретінде ол кісіні сотқа бере алам (Бұл тұста Шолпан Бостанқызы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпованың сөзің меңзеген болуы керек. Ол журналистердің түнгі ауысымда жұмыс істейтін аналардың жағдайына қатысты: “Бұл – олардың таңдауы” деп жауап берген еді. Министрдің өзі әлі ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ, БАҚ-та тек қайғы орын алған отбасына көңіл айтқаны және денсаулығына байланысты демалысқа кеткені айтылған).  Оның қандай қақысы бар мұны айтуға? Анасы қаңғып кеткен жоқ, ол жезөкше емес, басқа жұмыспен айналысып кеткен жоқ. Ол –  жұмыс істеп жүрген ана. Осы бес баламды қалай жеткізем деп жүрген ана. Жетісіп тұрса сол несиені алмас еді ғой. Халықтың жағдайын ойлайтын министр жоқ бізде.

-Шолпан Бостанқызы, бұл жағдайда ата-ананың жауапкершілігі де бар ғой. Шиеттей балаларын үйде қараусыз қалдырып, екеуі бірдей жұмысқа шығып кетуі.

-Әрине, бұл да бар. Бірақ неге кетіп қалды, оған не түрткі болды? Олар еріккеннен кетіп қалмады ғой. Міндетті түрде үш жасқа дейін баласының қасында болуы керек. Бірақ үш жасқа дейін мемлекеттен төленіп жатқан ақша бар ма? 16 мың теңгеге кім өмір сүре алады? Оны мен талай жерде ашық айтып жүрмін де. Ел боламын десең, бесігіңді түзе деген сөз бар. Мен үкіметке айтарым – елімізде міндетті түрде аналардың жағдайын құқықтық реттеу туралы заң қабылдануы керек. Сонда ғана жағдай түзелмек. Бала дүниеге келгенде берілетін қор болуы тиіс. 115 мың жөргекпұл береді бір мәрте. Ол қай жерге жетеді.


Жаңалықтар

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі алтын, күміс, қорғасын, мырыш және басқа да қатты пайдалы қазба қ...

Спорт

Қазақстандық Шавкат Рахмонов пен ирландиялық Иан Гэрри арасындағы айқасқа екі аптадан сәл-ақ астам у...