ҚОЛ ЖУЫП, ҮЙДЕ ОТЫРҒАННАН ДА БАСҚА МӘСЕЛЕ БАР

Жаңалықтар
66644

Түрлі ақпараттарға көз салсақ осы тақырыптың түбі қол жуу мен үйде отыруға тіреліп жатыр. Сол дұрыс па? Әрине дұрыс емес. Мәселе сонымен оңай шешілсе соншама адам жер шарында ауырып, талайы көз жұмбас еді ғой. Соны аздап ойланған жөн сияқты. Сол туралы біраз пікір білдіруге рұқсат етіңіздер.

БІРІНШІДЕН. Адамзаттың тарихы эпидемиялармен тығыз байланысты. Тіпті біздің бүкіл тарихымыз халықты жау мен эпидемиялардан қорғаудан тұрады десек те болады.

Тарихқа көз салсақ біздің үйреншікті Карантин деген сөзіміз итальянша «quarantа» (куаранта) деген сөзден шыққан. Және ол «қырық» деген санды білдіреді. Неге? Оның тарихы былай.

14 ғасырда Оба (Чума) ауыруы бүкіл жер шарына таралып, 200 миллиондай адамның өмірін қиғанда Италияның жағалауына келген кемелер мемлекетке кіру үшін 40 күн 4 километрдей қашықтықта тұруға мәжбүр болған. 40 күннен кейін кеме бортына сол заманның дәрігерлері көтеріліп, кемедегі барлық адамдарды тексеруден өткізген. Елге кіруге тек саулары ғана рұқсат алып, науқастардың барлығы Лазаретто деген аралға жіберілген. Осы замандағы «Лазарет» деген сөз де содан шыққан.
Содан кейін де жер шарын Шешек (Оспа), Тырысқақ (Холера) сияқты көптеген эпидемиялар басып, талай адамның өмірін қиғанын білесіздер.
Соңғы 20 жылдың ішінде де Атипиялық пневмония, Доңыз тұмауы сияқты дерттердің де әлемге тарағаны белгілі. Сондықтан эпидемиялар болған және әлі де болады деп түсінген жөн.

Коронавирус та бізге таныс вирус. Бірақ бұл вирустың ерекшелігі – вирус жануардан адамға мутация нәтижесәнде жұғу қабілетін игерген. Яғни вирустың өзгерген түрі. Біздің организмнің оған қарсы иммунитеті қалыптаспаған. Сондықтан вирустың кеңінен тарап жатқаны сондықтан.
Басқа таныс вирустан тағы бір ерекшелігі – өлім көрсеткіші жоғары. 3% жетеді. Барлық мемлекеттердің дабыл қағып жатқанына сол себеп.

Қанша десек те, өткен 7 ғасырдың ішінде сол заманда қалыптасқан қағидалар еш өзгермеген десе де болады. Осы күндегі біздің істеп жатқан тірлігіміз де сол Италияда жасалған іс-әрекеттер.
Бұл жұмыстың негізгі мақсаты – сау адамдарды науқастардан ажырату. Инфекцияның адамнан адамға жұғуын тоқтатпай оны жеңу мүмкін емес. Бұл амал жоқтықтан істелінетін шара. Соны бірден түсіну қажет.

ЕКІНШІДЕН. Осындай эпидемиялар біздің даламызда да көп болған. Аса қауіпті (Оба, Безгек сияқты) ауырулар ел арасында тараған заманда ауыруға шалдыққан елді мекендер ауыл маңына қара жалау тіккен. Сол маңайда келе жатқан керуендер ондай елді мекендерді айланып өткен. Науқас түрған үйге адам кіруге тыйым салынып, оған тек киіз үйдің бір бүрышынан ғана тамақ берілген. Науқасты далаға шығармаған. Тіпті кейде байлап тастауға мәжбүр болған. Біржан-салдың байланып жатып ұлына арнаған «Теміртас» әнін есіңізге алсаңыз түсінесіз қалай болғанын.

Сонымен бірге қазағымыздың жаңа туған баланы ҚЫРҚЫНАН шығарғанша тірі жанға көрсетпей ұстағаны да сондықтан. Балдырғанды тұзды суға шомылдырып, суға күміс салу себебі де сол ауыруға жол бермеу. Күмістің бактерияларды жою қасиеті бар екенін бәріңіз білесіздер.

Микроб, бактерия, вирус дегенді білмесе де ата-бабамыз адам өмірін сақтау үшін осындай іс-әрекеттерді қабылдаудың арқасында халқымызды аман сақтап қалған.
Сол заманда қалыптасқан дәрет алу рәсімі де негізінен тазалық арқылы ауырудың алдын алуға арналған. Тазалық – денсаулық кепілі деген сөз де сол заманна қалды емес пе?

СОНДЫҚТАН. Бастан кешіріп отырған бүгінгі эпидемия сол эпидемиялардың кезектісі. Сондықтан ойбайға салып, елді дүрлітктірудің еш себебі жоқ. Осы заманның мүмкіндігін ескерсек бұл заманды да аман-есен өткізуге толық мүмкіндігіміз бар.

Біздің қателігіміз – 20 жылдың ішінде жаңа ұрпақ дүниеге келіп, цифрлық технологиялардың кеңінен дамуына байланысты көптеген «білгіштер» сол кеңістікте жалған ақпарат таратуының нәтижесінде халық арасында вакцинациядан бас тартушылардың қатары көбейіп кеткендігінде. Тіпті адам арасында табиғи іріктеу болу керек деген опасыздардың да қатары көбейді.
Сонымен бірге көптен бері тіркелмегендіктен инфекция мәселесіне ат үсті қарау да қалыптасты. Санитариялық-эпидемиологиялық сұрақтарды кей заманда назардан тыс қалдырдық.
Ал инфекциялар ешқайда кеткен жоқ. Олар әлі де арамызда. Сәл қана жұмысты баяулатсақ лап етіп бас салуға әзір. Кәзіргі жағдай соның дәлелі.

НЕ ІСТЕУ КЕРЕК? Бұл сұрақта екі түрлі қауіп бар. Біріншісі – дерттің күшін менсінбеу, атап айтқанда – ол кәдімгі тұмау сияқты екен деп проблеманың күшін сезбеу. Қанша десек те бүл өте қауіпті дерт. Сақтықта қорлық жоқ емес пе? Соны ескерген жөн.

Елмен араласуды азайту керек. Карантин қатаң тәртіпті және бағынуды талап етеді. Инфекция адамның салт-дәстүрін жағалап жүретінін ұмытпау керек. Неғұрлым халық арасында қол беріп амандасу, жиналып отырып бірге тамақтану, ойын-сауыққа көп көңіл бөлу, жиі той жасау сияқты дәстүрлер кеңінен қалыптасқан сайын вирустың тарауына да шексіз жол ашылады.

Сондықтан біз күнделікті әдеттерімізді қайта қарастыруымыз керек. Үйде бесіктегі бала бар екен – бауы берік болсын деп келушілердің қатарын қысқартыңыздар. Қазақ атамыз сондықтан туған баласын жаман киіндіріп, сұрағандарға: «Үй, бұл көршінің жаман баласы» - деп бөтен адамды жақындатпаған.
Кәзір не көп? Той көп. Шілдехана, Тұсау кесер; Сүндет той, Тілашар деп жас баланың өскенше жанын қоймай тойлай береміз. Маңдайына күйе жағып оны төрге отырғызамыз.

Күйе жаққанда да қазақ көз немесе тіл тимесін деп елді жақындатпауға ұмтылған емес пе? Ол заманда вирустың бар екенін кім білгені? Әйтсе де, дерттің адам қатынасынан тарайтынын түсінген ата-бабамыз балаларын көздің қарашығындай сақтаған. Аман, Тұрар, Есен, Берікжан; Теміржан сияқты есімдер сол заманнан қалған. Туған балалары шетінен шетіней бергендіктен себебін түсінбеген халық қол жайып Аллаға сыйынып, тағдырды алдаудың амалын іздеген. Сол сияқты қазақтардың арасындағы орыс есімдерінің кездесуінің бірден-бір себебі осы.

Ал біз болсақ, қазіргі заманда балаларымызды бүкіл әлемге көрсетуге асығамыз. Бала-шағаны шұбыртып тойға барамыз, сауда орталықтарында жүреміз. Қонаққа барсақ та жанымыздан тастамаймыз. Содан инфекция жұқтырғанда ауыруханаға жеткізіп әлек болып жатамыз.
Соны тоқтатайық ағайын. Уақытша болса да. Өйтпесек эпидемияны доғару қиын болады. Менің тәжірибемде талай тойда тараған ауырулардан кейін сол тайға қатысқандарды іздеу жұмысы болды. Бүкіл Қазақстаннан іздейсің. Кім келгенін айтпайды кейбір той иелері. 500-ден астам адамды барлық облыстардан іздеу салып, тауып, оларды карантинге жатқызумен әлек болып жатамыз ылғи.
Соны дұрыс түсінген жөн. Той жасалған күннің өзінде кімнің қайдан келгенін тез анықтап таба алсақ, инфекцияның да таралуын тез тоқтатуға мүмкіндік пайда болады. Ол өмір мен өлімнің арасындағы сұрақ. Оған немқұрайлы қарауға еш болмайды.

Сонымен бірге үйде жүкті әйелдер мен қарттар бар болса карантин шараларын күшейткен жөн. Қарт адам үйдің берекесі, шаңырақтың негізі. Сондықтан қарттарымызға ерекше көңіл бөлетін кез келді. Инфекция жұқтырмайтын жағдай жасауымыз керек. Күн сайын дене қызуын тексеріп, дер кезінде емін беріп отырған абзал. Неғұрлым ауыруды ерте анықтасақ, соғұрлым жазылуға жағдай жасалынады. Естен шығармайық соны. Ол кісілердің: «Өлсем, үйде өлейін, бәльниске бармаймын» - деген сияқты сөздеріне құлақ салмай тезірек дәрігер шақыртып, немесе жедел жәрдем арқылы ауруханаға жеткізген жөн. «Жасарын жасады ғой» немесе «Бәрі Алланың қолында» - деген сияқты ұғымды ұмытқан жөн.
Аман алып қалатын аурулардан адамды сақтау керек. Емге көнетін ауру болса неге алып қалмасқа? Соны ескеріңіздер.

Келіндеріңіз бен қыздарығызды қадағалаңыздар. Көп шықпасын далаға. Әсіресе жүкті болса немесе емшектегі балалары бар болса. Шыдау керек. Кемінде 1 ай. Қиын емес қой. Әңгімелесіп, бала тәрбиелеп, бала-шағамен шәй ішіп отыратын заман келді.

Қысқаша айтсам осы. Ал қолды қалай жуу керек, немесе масканы (бет перде деуге ауызым бармайды) қалай тағуды басқалардан оқырсыздар.

Ештеңе жоқ, көппен көрген – ұлы той. Бұл заманнан да өтеміз. Көк шығып, күн жылысын. Бұл да бір сын. Талайынан өтпедік емес пе? Ел аман болсын деген сөзің кезі міне осы.
Сондықтан еліміз аман болсын!

Ерік Әбенұлы

Шоу-бизнес

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова жаңа жылдық әннің әуезімен әуежай алдында биледі, деп хабарлады madenipo...

Жаңалықтар

Жетісу облысында Алакөл аудандық сотымен Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығ...