Теңіздегі мұнайды қазақтар енді татарлармен бірігіп өндірмек

Фото интернеттен

Жаңалықтар
860

"ҚазМұнайГаз" бен татардың "Татнефть" компаниясы әлемдік супергигант саналатын "Теңіздің" дәл жанында орналасқан "Қаратон" кен орнында геологиялық барлау жүргізу жоспарын бекітті. Олар онда мұнай мен газ өндіруді 2028 жылы бастауды жоспарлап отыр. Бұл туралы inbusiness.kz сайты хабарлады. 

Ақпарат агенттігінің мәліметіне сүйенсек, Ресейлік компанияның дерегінше, бүгінде кен орнында геологиялық барлау жоспары дайын, бекітілді. Алғашқы іздеу ұңғымасын бұрғылауға биылғы жылы кірісіп кетеді.

Бұл үшін қаражатты "Татнефть" ұсынады. Ол жобадағы 50% үлеске ие. Қалған елу пайызы – ҚМГ-да. Қос компания арасындағы келісімге сәйкес, егер аталған телімде қара алтын не көгілдір отын табылмаса, шығындар "Татнефтьтің" мойнында қалады. Бірақ мамандар онда қазына мол екенін айтады.

Егер бәрі ойдағыдай болып, жетістікке жетсе, Қазақстан ресейлік компанияның бүкіл шығынын өтеп беруге тиіс. Бұл жөнінен мәміле 90-шы жылдарда бекітілген "өнім бөлісу келісіміне" қатты ұқсайды.

Қаратон кен орны қара алтыны қарқынды алынып жатқан "Теңіз", "Королевское" және Ембімұнайгаздың бірнеше кен орнына жақын жерде орналасқан. Ескі деректер бойынша онда 353 миллион тонна, бәлкім, одан да мол мұнай ресурсы болуы мүмкін. Онда жылына 4,5 миллион тонна мұнай өндіріледі. Алайда қойнауында қанша қазына тұнып жатқанын геологиялық барлау нақты анықтайды.

ҚМГ мен татардың "Татнефті" Атырауда геологиялық барлау жұмыстарын бірлесіп жүргізетіні 2022 жылғы маусымда белгілі болды. Сонда, 17 маусымда, Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен "Петербор халықаралық экономикалық форумы" кезінде "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ-ының сол кездегі басшысы Мағзұм Мырзағалиев пен "Татнефть" ЖАҚ-ы бас директоры Наиль Маганов Атырау облысындағы "Қаратон-Сарықамыс" жобасын бірлесіп іске асыру жөніндегі ниет келісіміне қол қойды.

Келісім арқылы қос тарап аталған жобаға қатысты геологиялық-барлау жұмыстары бойынша ынтымақтастық ниетін растады. Ұлттық компания бұл қол қою рәсімі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Татарстан басшысы Рустам Миннихановтың кездесуі барысында өткенін хабарлады.

Мұнай-газ саласының сарапшысы, Energy Monitor қорының директоры Нұрлан Жұмағұлов соңғы 2 жыл бойы жүрген келіссөздер барысында Қазақстан тарапының "Татнефтьке" 30-дан астам кен орнын ұсынғанын айтады.

Биылғы 2024 жылғы ақпанда ақпарат құралдары ресейлік "Татнефтьтің" "ҚазМұнайГаздың" еншілес компаниясының 50% акциясын иеленгенін жариялады. Сатып алу-сату келісіміне тараптар қолдарын қойды.

Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, 2024 жылғы 21 ақпанда, Татарстан астанасы Қазанға сапары аясында Қазақстан Президенті "Татнефть" ЖАҚ бас директоры Наиль Магановты қабылдады.

Маганов Тоқаевқа Қазақстанда бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективасы туралы егжей-тегжейлі мәлімет берді.

Атап айтқанда, "Татнефть" Атырау облысында бутадиен және одан өнім өндіруге бағытталған мұнай-газ химиясы саласындағы стратегиялық инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатқаны айтылды.

Аталған кәсіпорын "ҚазМұнайГаз" компаниясымен Қазақстанның батыс өңіріндегі көмірсутегі қорларын барлау және өндіру жобалары аясында ынтымақтастық орнатқан. Бұдан бөлек, "Татнефть" қатты пайдалы қазбалар кенін бірлесе игеру ісіне атсалысуда. 

Мақаланың толық нұсқасын inbusiness.kz сайтынан оқуға болады.

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...