Қарашаның басында Астанада шетте жүрген қандастардың біраз өнерпаз жастарының басын қосқан өнер фест...
Орыс авангардының Музасы
Маяковскийдің ғашығы, Луи Арагонның жары - Эльза Триоле
1896 жылдың 24 қыркүйегінде француз жазушысы, аудармашы, Лиля Бриктің туған сіңлісі Эльза Триоле дүниеге келеді. Аралары небəрі бес жасты құрайтын апалы-сіңілі Лиля мен Эльза кішкене кездерінен үйде ата-ананың, оқуда ұстаздардың көңілдерінен шығу үшін үнемі бір-бірімен бəсекелесіп өскен. Талант пен білім жағынан əрдайым Эльзаның Лилядан оза шапқанына айналасы түгелдей куə еді. Бірақ ең басты бəсекеде Эльза əпкесінен жеңіледі...
Көп поэтикалық кештердің бірінде Эльза жас ақынмен танысады. Ол - Владимир Маяковский еді. Ерекше талантты ақынның өлеңдерін ұнатқан Эльза Маяковскиймен жақын дос болып араласып жүріп, соңында бұл достықтары қалай махаббатқа ұласып кеткенін сезбей де қалған. Жас ақынмен отбасын құру үшін ата-анасын көндіруге септігі тиеді деген оймен Эльза ғашығын таныстыруға əпке-жездесінің үйіне ертіп келеді. Алайда, Владимир Маяковский қой көзді, жирен шашты Лиля Брикке алғаш көрген сəттен өлердей ғашық болып қалады-ау деген ой басына да кіріп-шықпаған. Ақын сол отырыста "Облако в штанах" деп аталатын сиясы əлі кеуіп үлгермеген өлеңін Лиляға арнап оқуға рұқсат сұрайды. Бұл 1915 жыл болатын. Барлығын іштей ұғынған Эльза даналық танытып, «көрсеқызар» ақынмен достық қарым-қатынасын сақтап қалуға бекінеді. Сатқындықты сабырмен көтере білген Эльзаға футурист ақын Василий Каменский, белгілі лингвист Роман Якобсон, əдебиетші, сыншы Виктор Шкловский сынды атақты тұлғалар көңіл білдірген. Бірақ Эльза бұл ұсыныстардың бәрінен бас тартады. Елден тезірек кету үшін жəне екі жылдан кейін ажырасып кетемін деген есеппен француз офицері Андре Триоленің тілегін қабыл алады. Əйгілі бір ақынға жар болу Эльзаның пешенесіне жазылған тағдыры екен. 1928 жылы қарашада ол əлі аты шыға қоймаған, бірақ келешекте Маяковский сынды əлемдік əдебиетте ойып тұрып орын алатын Луи Арагонмен танысып, көңіл қосады. Олар тек ерлі-зайыпты болып қана қойған жоқ, өмірде де, өлеңде де дос бола білді.
"Если мир сметет кровавая гроза
И люди вновь зажгут костры в потемках синих,
Мне будет маяком сиять в морских пустынях
Твой, Эльза, дивный взор, твои, мой друг, глаза..."
1942 жылы жазылған "Глаза Эльзы" деп аталатын осы өлең əлемдік аренада танымал шығармаға айналды.
Эльза талантты тұлғаларды шабыттандырып қана қойған жоқ, өзі де шығармашылығында көптеген жетістіктерге жетті. Француз, орыс тілдерін жетік меңгергендіктен, Чеховтың пьесаларын, Маяковскийдің өлеңдерін аударды. Пушкиннен Вознесенскийге дейінгі орыс қаламгерлерінің антологиясын құрастырды. Сонымен қатар, өзі де прозада қалам тербеді. Ол "Авиньонские любовники" романы үшін Франциядағы ең беделді "Гонкур сыйлығының" иегері атанады. Сол күні-ақ "лақтырылып қалған" Эльза əпкесіне: "Бүгін барлық газеттердің мұқабасында менің түрлі-түспен əрленген фотосуретім басылады" - деп қуанышты хабарын хат арқылы жолдаған.
Эльза 1970 жылдың 16 маусымы күні 73 жасында өмірден озды. 1994 жылы Францияда Луи Арагон мен Эльза Триоленің мұражайының ашылу салтанатына белгілі шенеуніктер, əйгілі қаламгерлер, атақты суретшілер, кинематографистер мен журналистер жан-жақтан ағылып келеді. Ресейден тек жалғыз түсірілім тобы барғаны да əлеуметке белгілі еді...
Эльза көзі тірісінде де, қайтыс болғаннан соң да орыс жұртшылығы үшін əпкесі Лиляның көлеңкесінде қалып қойғандай саналды. Оның игі істері, жақсылықтары Ресейде өз бағасын алған жоқ.
Орыс авангардының өмірлік Музасы – Лиля Брик
Оған бәрі таңдана қарады, оны жек көрді, оған деген залым қызғаныш оты іштерін өртеді, оған ұқсауға тырысып бақты. Ер адамның жүрегін жаулау үшін сылқым сұлулықтың да қажеті шамалы екендігін Лиля Брик дәлелдей білді. Оның көрген жанды баурап алар тылсым сүйкімділігінің формуласы жайлы өзі бірде: «Еркекті ол керемет, қайталанбас тұлға екендігіне, ал өзгелер оны байқамай, бағаламай жүргендігіне сендіре білу керек. Және оған осыған дейін рұқсат етілмеген іс-әрекеттің бәріне рұқсат берген жөн. Мәселен, шылым шегуге немесе басы ауған жаққа кетуге. Ал қалғанын әдемі аяқ киім мен жібек киім өзі басшылыққа алады», - деген. Дегенмен, барлық құпия осы болса, онда күллі жер бетіндегі әйелдер қауымын бақытқа бөлеп, барлық аяқ киімдер мен жібек киімдерді сатушылар әлемдік нарықтың озық іскерлері болғандай еді.
Жоқ, Лиля Бриктің ешкіммен бөліспеген, бөліскісі де келмеген өзіндік құпиялары болғаны, ол құпиялардың Лиля Брик үшін қымбатқа соққаны айқын.
Лиля Брик - «Орыс авангардының Музасы», ХХ ғасырдағы ең танымал әдеби-көркем салонның иесі. Сондай-ақ, көптеген мемуарлардың авторы. Ол Владимир Маяковскийдің өмірінде маңызды рөл атқарған әйел. Ақын Лиляға «Облако в штанах», «Про это», «Флейта-позвоночник», «Ко всему», «Лиличка!» және т.б. шығармаларын арнаған. Соттың сенім білдірген өкілі Юрий (Урий) Каганның қызы кішкене күнінен жирен шашымен, үлкен қоңыр көздерімен елдің көңілін елең еткізгенімен, айтарлықтай келбеттілікке ие болмаған. Алайда, елітушілік қабілетінің жоғарылығы сонша, бал арасы гүлге қаншалықты құмар болса, Лиля Брикке де ер адамдар соншалықты таласа-тармаса ұмтылған. Бар болғаны он бес жасында болашақ муза бүкіл әйелдік әсемдігін жарқыратты. Анасымен Бельгияда демалысында Лиляға бір студент ұсыныс айтады. Оның сезіміне жауап қатпаған Лиля жолы болмаған табынушысынан көңілсіз ашық хат алады. Онда: шырмауықпен байланған құлып және «Мен бауыр басқан жерімде өлемін...» деген жолдар жазылған болатын.
Лиля қайда бағыт алмасын, жүрген жерінен көңілі құлай кететін мырзалар жолыға кететін-ді. Белгілі фабриканың иесі, миллионердің ұлы алуан түрлі гүлдерді жолына көмкеріп, үйіп-төксе де, қыздың жүрегін ұрлай алмады. Дегенмен, қаншама еркектің көңілін ұрлап, жүрегіне мазасыздық орнатқан бикеш жанын жалғызға сақтағанымен, көп көңіл бөлушілердің ешбіріне тән жақындағына шек қоймаған (сөз арасында айтарымыз, фортепиано оқытушысынан бойына біткен балаға жарық дүние есігін ашқызбай, құтылуға тура келген).
Сондықтан, Лиля өз елітушілік қасиетін еркектердің назарын аударту үшін мүмкіндігінше пайдалануға тырысты. Бұл үшін өзінің «елітушілік бейнесін» опа-далаппен, әйелге тән ұсақ-түйекпен әрлеп-көркемдеп отырған. «Оның жанары салтанатты: қанық боялған ерні мен толқын қара шашында әлдебір тәттілік пен тентектік қатар көрініс табады... бұл тартымды әйел адамдық махаббат пен сезім махаббаты жайлы тым көп біледі», - деп замандастарының бірі есіне алады.
Лиляның жүрек қақпасынан ешбір табынушысы аттай алмауының себебі - ол қақпадан қасқая аттаған Жалғыздың бар болуында шығар, бәлкім. Лиля он үш жасында, әйелдер гимназиясында пропагандық үйірменің жетекшісі сайланған он жеті жастағы бозбала Осип Брикті кездестіреді.
1912 жылы Лиля Каган Лиля Брик атанады. Той отбасы шеңберінде ғана атап өтіледі де, ары қарай отбасылық өмірдің қарбалас тіршілігі басталып кетеді. Бриктердің шаңырағында әрдайым шаттық орнап, төрі қонақтардан босамайды. Тіпті, дастарханда қара нан ғана тұрғанын меймандар аңғарып та үлгермейтін. Үй бикесінің тылсым тартымдылығы қонақтардың тірліктің мұндай ұсақ құбылыстарына көз жұма қарауына себеп еді. Лиля алды-артын ойламай қылымситын, дегенмен шектен шықпайтын... Бұл жағдаят Осип екеуінің өмірінде жас ақын Владимир Маяковский пайда болғанша жалғасты.
Сол кеште ақын Музасын тапты. «Володя маған бір көргеннен және мәңгілікке ғашық болды. Мен мәңгілікке дедім, мәңгілікке дегенім – жер жүзінде бұл махаббаттың отын сөндіре алатын әлі ешқандай ержүрек тумағаны», - деді кейіннен Лиля. Оның жаңа табынушыға деген қарым-қатынасы қиын демесек, басқа лайықты сөз жоқ. Мемуарында жазғандары бойынша, Маяковскийдің тұла бойындағы түгел қасиет, түр-келбеті, тіпті «тұрпайы псевдонимге» ұқсас тегіне дейін Лиляның жанына жақпаған. Дәп сол естеліктерінде оның сүйікті Осясының «Володяға бірден жаны құлады» дейді. Бұл уақытта ерлі-зайыптылардың арасындағы қарым-қатынас күрделене түсті. Осип әйеліне барған сайын көңіл бөлуді азайта түседі. Сүйіктісімен арасындағы шиеленісті қалыпқа келтірудің соңғы мүмкіндігіне Лиля жата-жармаса жабысты, тіпті бұл мүмкіндік үш адамдық өмірге әкеп соғатын болса да...
Қаншалықты қарама-қайшы болса да, Лиля отбасылық одағын сақтау үшін шаңырағына үшінші қатысушыны қатыстырды. Күйеуімен өзара қарым-қатынасының бояуын арттыра түсуіне себепкер етіп, өзге еркекпен көңіл қосты, екі достың шығармашылық тандемін табыстырудың да жақсы бір әдісі – Лиляның таңдауы осы болды. Әдеттен тыс қабілетке ие әйел шаңырағындағы жайсыздықты басқа қырынан шешуге кірісті.
Сонымен, Владимир Маяковский Брик әулетіне қамсыз еніп кетеді. Алғашында ерлі-зайыптылардың үйіне жақын жердегі қонақүйден бөлме жалдап тұратын. Аздан соң сол үйге, кейіннен пәтерлеріне көшіп кірді. Пәтер есігінде үй иелерін емес, өзгелерді ұялтатын мынадай жазуы бар тақтайша тұрды: «Бриктер. Маяковский». Осип жан-тәнімен жаңа қызығушылығы әдебиетке бас қойды. Маяковскийдің «Флейта-Позвоночник» кітабын жариялады, үйіне меймандап келетін көптеген танымал әдебиетшілермен сұхбаттасып, достасты. Лиляның бұл жағдайға көңілі толғанымен, оның мақсат-мүддесі күрделене берді: отағасын шаңырақта ұстап қалу, және жас ақынның жаңа шығармаларына шабыт беріп, махаббат отын лаулата түсуі қажет еді.
Лю (оған бұл есімді таңған Маяковский) - ақынға жадағай тіршілік емес, сезім толқындары, оның құдіреті мен қасіреті керек екендігін ұғынған әйел. Бірде Владимир әйелге былай дейді: «О, Құдайым! Азаптағанда, дөңбекшіп, жүрегі аласұрып қызғанғанда... Дәп осы сезім, осы сезім маған қалай ұнайды десеңші!». Қызыл қызғаныш үшін Лиляның күйеуімен алғашқы неке түні туралы егжей-тегжейлі сұрап алып, кейіннен қатты қиналып, қызғанышқа салынған. Дегенмен, бұл қасіреті өлең жолдарына жан бітірді. Өзінің қалай әсер ете алатындығын білетін Лиля арасында әдейі ақынды азапқа салып қоятын-ды. Тіпті, екі айға уақытша айырылысқан кездері де болған, бұл уақытта сарсаңға салынған сезімтал ақын «Про это» деген поэмасында бұл жайдың барлығын жазумен жанына тыныштық тапқан.
Нақ осы себепті, Лю Маяковский екеуінің арасында «ыстық-суық» ойынының көмегімен махаббат майданын қалыптастырды. Отбасылық достардың айтуынша, Владимир шет елден оралғанында сүйіктісіне арнап сыйлықтарды таудай үйіп әкелетін. Вокзалдан тіке оның үйіне тартатын. Лиля болса кеш бойы көйлек-көншек, әшекейді тағынып айна алдынан айналшықтап шықпай, қуаныштан жас балаша билесе, таңертең ащы айқаймен ұрысып, ақын үйден ашулы шыға жөнеледі екен. Артынан қайта табысып, қайта қақтығысып жататын-ды. Дегенмен, Маяковский Лиляға әрдайым «Ешқашан ештеңе менің саған деген махаббатымды өшіре алмайды...» дейтін. Әрине, әйелмен айырылысу бөлек те, музадан айырылу – тым бөлек.
Бәлкім, Лиля Бриктің тартымдылығының құпиясы әйелдік нәзіктігінде шығар. Ол әдемі көйлексіз өмір сүре алмады, кейбірінің кескінін өзі ойлап шығаратын. Ол уақытта Маяковский өлеңдері жиі жарияланды, қам-қарекетсіз, алаңсыз ғұмыр кешуге табысы әбден жетті. Лиля, тіпті, ақынға Парижден Reno автомобилін алдыртып, машина жүргізуді үйреніп, рөлде үнемі өзі отыратын көрінеді. Орыс эмигранты Татьяна Яковлева мен Маяковский арасында сезім ұшқындап, Лиляға ақыннан айырылу қаупі төнген сәтте кәдуілгі әйелдік қарудың күшіне жүгінеді. Париж қаласында тұратын сіңлісіне «Татьяна бай виконтқа тұрмысқа шыққалы жатыр» деген мәтіндегі хат жаздыртып, бір кеште дауыстап оқып, бәріне осы жайт туралы хабар береді. Өңі қашқан Маяковский сол жерде-ақ Татьяна арасындағы байланысты үзуге шешім қабылдап үлгерсе де, апалы-сіңлінің азулы айласы екендігін аңғармаған.
Лиля Маяковскийдің өзіне-өзі қол жұмсауын сондай сабырлы қабылдап, «ақын ылғи жүйкесі тозған күйгелек болған» деп мәлім етті. Өз күйеуі Осиптің өлімін қиындықпен қабылдаған Лиля: «Маяковскийдің тынысы тоқтағанда – Маяковский өлді, ал Брик жан тапсырғанда – онымен бірге мен де өлдім» деген екен. Бұдан кейін де бұлаң әйелдің өмірінде көптеген еркектер, музаның жаны сүйетін тартымды тартулар мен гүлдер, көңілге қонымды табынушылар көптеп кездесті.
Сондықтан, әйелдік әсемдігіне өте мұқият болды. Ол тіпті 80 жасында да еркекті оп-оңай елітіп алатын көрінеді. Даусын құбылтып, бет-келбетін әртістік өнерімен өзгерте отырып әрбір еркектің жүрегіне жол тапқан. Ол еркектердің әрбірі – оның өміріндегі жалғыз әрі басты еркек екендігіне қалтқысыз сенетін. Маяковскийдің биографтанушысы Василий Катанян ол туралы: «Оның «өмір сүре алу таланты» болды. Ол дегеніңіз - жайлы, сәнді үй, шаттыққа толы мейманжайлық, қонақты күте алу, жан-жағына қызықты адамдарды топтастыра білу, әрбір адаммен әдемі сұхбат құру. Осының бәрі Лиляның бір бойында тұнып тұрғаны соншалық, келесі сұхбатқа олар асыға ұмтылатын еді», - деп жазады. «Өмір сүру талантына ие әйел!» – бұл Лиля Брикке берілген ең мықты анықтама дер едік.
Әзірлеген Әсел Кәрібай