Құлбек ЕРГӨБЕК, әдебиет сыншысы: Ақтөбе өңірі — тұнып тұрған руханият…

ӘДЕБИЕТ
3180

Көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек есімі жалпы руханият әлеміне бүйрегі бұрған жанның қай-қайсысы үшін де жақсы таныс болса керек. Ол Қазақ Мемлекеттік университетін 1975 жылы бітіргеннен бастап әдебиет сыны саласында үзбей, жемісті еңбек етіп келеді. Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің және Президенттік стипендияның иегері. 
Жақында Ақтөбеге жолы түскен түріктанушы ғалым ағамен жүздесіп, сұхбаттасудың сәті түсті.

— Сіз қазақ әдебиетінің бар-жоғын түгендеп, жақсысын жария етіп, кемшіліктерін сын тезіне салып, осы жолда маңдай теріңізді төгіп, білім-жігеріңізді аянбай жұмсап келе жатқан адамсыз. Жалпы қалам ұстаған кез келген жанның шығармашылық бағалануы немесе бағасын алуы мүмкін емес секілді. Көзге түспей қалатындары бар, сыншы назарына ілікпеуі себепті дегендей. 

Сіз Ақтөбе өңірінен шыққан ақын-жазушылар туралы қандай ой-пікіріңізді ортаға салар едіңіз? 

— Жалпы қозғап отырған мәселеңіз руханияттың аумағындағы дүние ғой. Руханият, бәлкім, ұлтқа бөлінер, мемлекетке бөлінер, бірақ ол жер-жерге бөлінбейді. Біз Ақтөбе руханияты дегенде оны Алты Алаштың, жалпы қазақтың аумағында қарастырамыз. Ал сөз өнерін тудырушы қалам қайраткерлері осы ортақ игілікке қандай үлес қосты десек, бұл өз алдына бір бөлек әңгіме.

Менің ұғымымда Ақтөбе өңірі — тұнып тұрған руханият. Дәлелдеп көрейік.

Көрнекті тарихшы-шығыстанушы ғалым, профессор, ғылым докторы Ахмет Зәки Уәлиди Тоған өзінің «Естеліктер» атты еңбегінде Нұрпейіс Байғанин туралы тамаша пікір айтқан. Біздер өзіміздің ортамыздан шыққан осы бір таңғажайып талантты адамды әлі өз дәрежесінде толық танып, бағалап болғанымыз жоқ. Менің ұғымымда, оны Қазан революциясына дейін бауырлас башқұрт, татардың озық ойлы адамдары білген және ерекше қадірлеген секілді.
Кезінде Қуандық Шаңғытбаев мемлекеттің, үкіметтің арнайы жұмсауымен Нұрпейіс ақынның хатшысы болып қызмет еткен. Мұның өзі оған деген, оның шығармашылығына деген ерекше қамқорлықты көрсетеді.

«Қобыланды батыр» жырының негізгі желісін жырлап, кейінгі ұрпаққа мағыналы мұра етіп қалдырған Нұрпейіс нұсқасы туралы ғалым Оразгүл Нұрмағамбетова терең зерттеу жүргізді, оның еңбегін орыс тіліне аударуға ықпал жасап, одан әрі әлемдік деңгейге шығаруға жол ашты.

Сол Нұрпейіс бүгінгі ұрпақтың да пайдаланатын, тұтынатын игілігіне айналса деймін.

Енді осы бір бөлекше тұлғаға байланыстырып Қуандық Шаңғытбаевты айтайық. Ол қиын-қыстау кезеңдердің өзінде поэзияны руханият тәжіне айналдырып, әсем жырлаған, көсем ойлар айтқан ғажап ақын еді. Бір-ақ шумақ өлеңі есіме түсіп тұрғаны:

Сол даланың сызы еді ғой
Арқам алғаш тигені,
Сол даланың қызы еді ғой
Жүрек алғаш сүйгені.

Қандай жүрек жылытар, көңіл иітер тіркестер.

Өз басым Бейсембай Кенжебаевқа бала болу арқылы Қуандық ағаның өміріне біршама араласу мүмкіндігіне ие болдым. Ол сәттерді өзімнің бақытты кезеңім деп есептеймін.
Шынын айтқанда, Қуандық шайыр Бейсекеңе менен бұрын бала болған екен. Үйінде тұрып, қолында қызмет істеп, «Ар» деп аталатын өлеңдер жинағын сол кезде шығарған екен. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Николай Скворцов «Абай» романын шығармаңдар» деп тікелей нұсқау бергеніне қарамастан, екеуі бірігіп астыртын түрде Әуезовтің ұлы шығармасын халық игілігіне ұсынуға қызмет еткен. Қуандық аға ұстазының ұсынысымен Омар Хайямды қазақ тіліне тәржімалаған. Ол кісінің төлтумасы өз алдына, телтумасының өзі қандай ғанибет. Пушкинді өзгелерден оқ бойы озып аудару, жай аударып қана қоймай, аударманың мәдениетін игеріп, түсініп, түйсініп аудару Қуекеңнің қолынан ғана келген шаруа. Ол Роберт Бернсті қалай тамаша аударды?! Немесе татардың Дардмэнд ақыны (шын аты-жөні Зәкір Рамиев) қазақ оқырмандарына қандай әдемі жетті?! Бұл өзі артына көп мұра қалдырмаған ақын, бірақ сол азының өзі дәмді. Ұйғырдың ұлағатты ақыны Хизмет Абдуллин қазақша қалай сайрады?!

Әңгімені поэзия арқылы өрістетіп кеттік қой, жалпы қазақ әдебиетінде Тахауи Ахтановтың прозасынсыз бір олқылық сезіліп тұрары анық. Оның «Қаһарлы күндер», «Дала сыры», «Шырағың сөнбесін» атты туындыларын мен өз басым классикалық дүниелер деп есептеймін. Бұл арада әлемдік деңгейдегі деген теңеуді ешбір қымсынбастан айтар едім. Ол драматургияда да өшпестей із қалдырды. «Антының» өзі талайдың алдын орап кетті. Ақтөбеде Тахаң атында драма театры жұмыс істеп тұрғаны мені ерекше қуаныш сезіміне бөлейді.
Осы арада айта кетейін, сонау бір жылдары Алматының жайлы кештерінде Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Герольд Бельгер, кейде Бердібек Соқпақбаев қосылады, сол кісілермен бірге жүріп, орталықтағы Шоқан Уәлиханов ескерткіші маңында талай сұхбаттарына куә болғанмын. Сонда Тахауи аға терең ойлылығымен көзге түсетін.

Менің бір өкінішім, Тахауи Ахтанов туындыларын көзі тірісінде әлемге насихаттап, таныта алмадық па деген ой…

Тобық Жармағамбетов туралы бір ауыз сөз. Ол өзінің «Отамалысымен» нәзік лиризмнің әдемі үлгісін танытып кеткен жоқ па?! Мұндай психологизмге толықтай шебер жазушыны қазақ әдебиетінен табу қиын.

Мен Ізтай Мәмбетовтің «Өгей шеше» деген өлеңін ерекше жақсы көремін. Баллада типтес, формасы өзгеше туынды болатын. Өзіндік беті бар ақын еді, өмірден ертерек кетіп қалды.
Өмірдегі өзгеше кейіптегі бір ақын Өтежан Нұрғалиев еді. Ол кісі туралы мен «Еменнің иір бұтағы», «Айда өмір сүріп жатқан ақын» деген екі мақала жазып, «заманымыздың ұлы ақыны» деп түйін жасаған едім. Бұл — көкірегімнен жарып шыққан, шын көңілімнің сыры.

Әлі есімде, поэзиядағы алғашқы сын мақаламның бірі Сағи Жиенбаевтың «Оймауытына» арналып еді. Ал прозада Қажығали Мұқанбетқалиевтың «Тоғай сыбдырына» балаң қаламыммен пікір айтыппын. Осыған қарағанда, әуел бастан-ақ Ақтөбеге бүйрегім ерекше бұрған секілді.
Қазақ поэзиясында Сағидай сезімтал ақынды бөлектеп айта алмаймын.

Есенбай Дүйсенбаев — мен аға тұтқан, өмірде жақын араласқан, сырласқан ақындарымның бірі еді. Поэзияда «Боз ала таң, бозторғай» кітабымен оқырманын елең еткізген Есағаң бозторғай бейнесінде халықтың мұң-мұқтажын, ой-арманын бере білді. Ол қазақ ұлтының кескін-келбетін бозторғай болмысында жырлады. Ақын поэзиясы туралы бұрын да бірді-екілі жазғандарым бар еді, көлемді бір дүние көкірегімде пісіп-жетіліп келе жатқан тәрізді.

Философиялық байламдарымен ойлы оқырмандарын жалт қаратқан, интеллектуалдық поэ¬зияның көрнекті өкілдерінің біріне айналған ақын Мейірхан Ақдәулетұлы туындыларын бүгінгі оқырмандары іздеп, асыға күтіп отырған сыңайлы.

Мен сонау студенттік кезімнен орысша жазатын Амантай Өтегенов деген ақынға ерекше құрметпен қарайтынмын.

Университетте қатар оқыған жолдасым Жақсылық Айжанов бүгінгі әңгіме барысында есімдері айтылған жақсы ағалардың жалғасы іспетті, солардың бастаған жырын жалғастырушы сынды көрінеді.

Республикалық жыр бәйгелерінде жастайынан алдыңғы лектен көрініп, жырқұмар қауымның ыстық ықыласына бөленген Ертай Ашықбаевтың соңғы уақыттары әдеби сынға бұрылып, кемел дүниелер жазып жүргені қуантады.

Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалына жетекшілік ете жүріп, қазіргі орта толқында өзіндік өрнегін танытқан Бауыржан Бабажанұлының поэзиясы да жылы сезімге бөлейді.

— Сіз білім, ғылым жолында жүргеніңізбен біраз уақыт билік саласында, яғни мемлекеттік қызметте де болдыңыз. Түркістан қаласы әкімінің орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілігінің жауапты қызметкері дегендей. Билікке көзқарасыңыз қалай? 

— Мен енді жолым түсіп Ақтөбеге келіп жатырмын ғой. Сіздің сауалыңызға байланысты былай жауап берейін. Осы арада реті келіп тұрған соң облыс басшысы Бердібек Сапарбаев туралы бірер ауыз сөз айтқым келеді.

Әңгіме желісі руханияттан өрбіді ғой, осы жағынан алғанда сіздерге бір сәтті кезең туды деп есептеймін.
Бердібек Сапарбаев, біріншіден, әкімдік институтында әбден ысылған азамат, жай азамат қана емес, істің көзін табатын, қара жолдан қаражат шығаратын мемлекеттік қызметкер, сондай-ақ бар қажыр-қайратын халқына арнап келе жатқан қайраткер.

Жалпы әкімдік институтты өмірге әкелген Президент, сол институттың ыстығына күйіп, суығына тоңа жүріп, осы жүйенің қалыптасуына үлес қосқан басшылардың бірі де Бердібек Машбекұлы. Осындай масштабта елдің де, Елбасының да сенімін ақтаған әкім сирек.

Ұлттық болмысы бар, ұлт руханияты уызына жарып өскен және ұлт руханияты екі талай кезеңді бастан өткеріп, қауіп-қатер төнгенде соны қолдай алған, қорғай алған, сөйтіп, бүгінгі күнеске шығарған әкімнің бірі ол. Қызылордада басшылықта болғанында Қорқыт бабаның қадірін халықаралық деңгейге көтерді, конференция ұйымдастырды, кітаптар шығаруға мүмкіндік жасады.

Ол Шымкент өңірінде басшылықта болған кезінде «Оңтүстік Қазақстан зиялылары» деген сериялы кітаптардың шығуына ұйытқы болды, жергілікті ақын-жазушылардың кітаптары жарық көруіне жол ашты. Менің елу жасқа толуыма байланысты шығарған «Арыстар мен Ағыстар» атты алты томдығымның да демеушісі болған осы азамат.

Араб дүниесі бір кездері Александрия кітапханасын қайта жаңғыртса, ол Отырар кітапханасын қалпына келтіруге кірісіп-ақ кетіп еді. Бірақ басқа қызметке ауысып кетуіне байланысты жалғасын таппай қалды.

Одан кейінгі бір жылдары Шығыс Қазақстанға әкім болып барды. Онда бара сала «Алтай — түрік жұртының алтын бесігі» деп аталатын үлкен халықаралық конгресс өткізді. Енді болмағанда Ресейдің икемдеуіне кетіп бара жатқан Алтайды бүкіл түріктің топ Отаны ретінде көрсете білді.

Оның бастамасымен жүзеге асқан «Алтай-Ертіс кітапханасы» әдеби жобасының мақсаты – Абайдан бастап қазіргі заманғы авторларға дейінгі өлкенің бай әдеби мұрасын жинақтап жарыққа шығару болды.

Менің айтайын дегенім, Бердібек Машбекұлы қайда барса да, жалпы руханиятқа ерекше ықыласты, соның ішінде сол өңірдің ақын-жазушыларының мәртебесін көтереді, шығармашылық қолдау жасайды.

Мен осының алдында да Ақтөбеге бір келіп кеткенмін. Сонда Бердібек Машбекұлымен кездесіп, осы өңірдің әдебиеті, мәдениеті туралы кеңінен пікір алыстық, сонда мен Қажығали Мұқанбетқалиевты қазіргі көзі тірі классигіміз деп айтып қалдым.

Мен сіздердің әкімдеріңізбен сөйлескенде оның ақтөбелік қаламгерлердің көп томдығын шығару ниетін байқап қалдым. Соған орай «Шамшырақ-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұжымының бұл ретте осы аймақтағы күллі рухани дүниелерді қолға ұстап отырғанын ол кісінің есіне салдым.

— Құрметті Құлбек аға! Бүгін сәті түскен сұхбатта ағыңыздан жарылып, көңіліңіздегі көп ойыңызды бөлістіңіз, бұл үшін алғысымыз шексіз.

Сіз қазіргі уақытта Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халақыралық қазақ-түрік университеті президентінің кеңесшісі, осындағы Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметін атқарудасыз. Енді бірер ауыз шығармашылық ізденістеріңіз, ғылымдағы басқа да қызметтеріңіз жөнінде оқырманды хабардар етсеңіз. Сондай-ақ өзіңізді ғылым жолына бағыттаған, әрі ұстаз, әрі әкелік қамқорлығын жасаған қазақтың белгілі ғалымы Бейсембай Кенжебайұлына деген ілтипатыңызды да білдіре кетсеңіз.

— Мен бұл әңгімені ұлы ұстазым Бейсембай Кенжебайұлынан бастайын. Сонау бір студент кезімде әдеби баяндамамды тыңдап қалып, менен үлкен үміт күтіп, кафедрасына шақырып алып, бағыт сілтеген сол адамның менің өміріме енгізген өзгерісі өлшеусіз деп айта аламын. Ол туралы талай сұхбаттарымда айттым, алда да айта беремін.

Рухани әкемнің алдындағы бір парызымды өтеуім болар деп Түркістан қаласынан «Бейсембай Кенжебайұлының Түріктану музейін» аштым. Бейсекең қазақ әдебиетінің тарихын күллі түрік жұрағатына ортақ түрік қағанатының руна жазуларынан бастау керек деп алғаш бастама көтерген ғалым ғой. Бұл ізденісіміз — дүниежүзіндегі тұңғыш түркологиялық музей болып тұр. Онда Бейсембай Кенжебайұлының балалық шағынан бастап, Алаш жұртына еткен қызметі, қазақ әдебиеті тарихына сіңірген еңбегі Томсен, Радлов, Бичурин, Уәлиханов, Катанов, 

Ататүрік, Маржани, Потанин, Диваев, тағы басқаларының өнегелі өмірімен тығыз байланыста, өзара сабақтастықта экспозицияланады.

Екінші бір бітірген шаруамыз — «Түркі тілдес халықтардың кітапханасын» аштық. Мұнда түрік халықтарына, шығыс этнологиясына байланысты кітаптар жинақталған.

Түркістандағы халықаралық конгреске әлемнің әр шалғайынан келген түрколог ғалымдар «Мұндай кітапхана да, музей де түркі тілдес халықтардың ішінде Қазақ елінен басқа бірде-бір елде жоқ» деп баға берді.

Алпысқа жуық әдеби сын, монография, деректі кітаптар жазыппын, екі мыңға тарта мақалалар дүниеге келіпті қаламымнан. Аударма еңбектерім де біршама баршылық. 2012 жылы «Өлеңсөз» (қазақ поэзиясы туралы ойлар), 2013 жылы «Қарасөз» (қазақ прозасы туралы толғаныстар), былтыр «Сарасөз» (әдебиеттану, сын әлемі), 2015 жылы «Дарасөз» атты еңбектерім жарық көрді.

Ойда біраз жоспарлар бар. Көңілде көп ойлар түрткілеп тұрады. Амандық болса, жұмыс жалғаса беретін болар…

Нұрмұханбет ДИЯРОВ

author

Құлбек Ергөбек

ҒАЛЫМ

Жаңалықтар

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі алтын, күміс, қорғасын, мырыш және басқа да қатты пайдалы қазба қ...

Спорт

Қазақстандық Шавкат Рахмонов пен ирландиялық Иан Гэрри арасындағы айқасқа екі аптадан сәл-ақ астам у...