7 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында Ұлттық Домбыра күніне арналған мерекелік концерт өтеді, деп хабарлайд...
Үкілі Ыбырай
Ыбырай Сандыбайұлы (1860-1932) заманында алдына жан салмаған жүйрік әнші, суырыпсалма ақын, талантты композитор болғандығы мәлім. Халық оны еркелетіп «Үкілі Ыбырай» деп атап кеткен. Өйткені ол қазақтың сал-серілеріне тән қасиет - бас киіміне, домбырасына үкі тағып жүреді екен. Төмендегі өлең жолдары осыны айқын дәлелдесе керек.
Ән салып, сері болып талаптандық,
Тыңдамай ақылын да барлық жанның.
Бөркіме үкі тағып сәндеп киіп,
Жолына түспей кеттім дүние, малдың.
Ыбырай бұрынғы Ақмола губерниясының Көкшетау уезіне қараған 5 аулында (қазіргі Айыртау ауданы, Көкшетау облысы) темір ұстаның отбасында дүниеге келеді. Әкесі Сандыбай бүкіл аймаққа аты жайылған, темірден түйін түйген ұста болған. Болашақ өнер иесі Ыбырай бала кезінде ауылдағы молдадан сауатын ашып, жазу-сызуды меңгереді, әке жолын қумай өнер жолына бет бұрып, ән-өлеңге құмартып өседі.
Бір сөзбен айтқанда, алғашында жасы үлкен әнші, ақындарға ұқсасам, солардай болсам деген еліктеу кезеңінен өткен соң әншілік дәстүрін өзі жалғастыруға бел байлайды. Жастың ондай талабы текке кетпейді, өзі білетін ән, жырларын, өлең, толғауларын, қиссаларын ел аралап айтып жүріп, халық құрметіне бөленеді. Сонан кейін өзі өскен ортада өмір сүрген Біржан сал, Ақан сері, Орынбай, Шөже, Арыстанбай тәрізді ақын, әнші-жыршылардан тәлім- тәрбие алып, солардың айтқан әндерін орындап, ән айтудың алуан түрлі сырларын меңгереді, әншілік пен ақындықты қатар алып жүреді, әрі өз өлеңдеріне ән шығаруға талаптанады. Сөйтіп, ол қазақтың халық музыка мұрасының дамуына ерекше үлес қосып, өзінен бұрынғы және өзімен үзеңгілес келе жатқан өнер иелерінің үлгі-өнегесін сабақтайды.
Енді Ыбырай тек әншілік-орындаушылықпен шұғылданып қоймай, өз жанынан ән шығарып айтуды әдетке айналдырады. Осының нәтижесінде Ыбырайдың көптеген әндері дүниеге келе бастайды. Атап айтқанда, «Гәкку», «Қарақат көз», «Балқурай», «Шалқыма», «Қаралдым», «Сүйгенім кете барды қасыма еріп», «Кісіге кісі жары жар болмайды», «Сұлу Көкше», «От арба» және басқалар.
Ол әндерін жоғарыда аталған ұстаздарының әсерімен шығарғанын жасырмайды:
Өлеңмен екі өкпеңді қалқытайын,
Денеңді қорғасындай балқытайын.
Біржаннан алып қалған әнім еді,
Толқыта «Шалқымамды» шалқытайын.
Осыған қарағанда, Ыбырайға Біржан салдың шығармашылығы игі әсер қалдырғанын білеміз. Бұл әнді Ыбырай «Дауыс ашарым» деп орындайды екен.
Үкілі Ыбырайдың «Қалдырған», «Дүние», «Қарақат көз», «Гәкку», «Желдірме», «Шалқыма» әндерінің кейбір түрлерін А.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» (1925) және «Қазақтың 50 ән, күйі» (1931) жинақтарынан табамыз. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының орталық ғылыми кітапханасының қорында сақталған қолжазбадан орын алғандары да бар.
Ыбырай туралы А.Затаевичтің «1000 ән» жинағының 34-ескертпесінде былай дейді: «Ыбырай Ақмола губерниясы Көкшетау уезінің кәсіпқой әншісі Әбдірахман Бегішевтің айтуынша, жасы алпыс бестерге келген, қуақы, қалжыңқой шал көрінеді. Ә.Н.Бөкейхановтың [1] растауынша, жас кезінде ерекше күшті тамаша тенор даусы болыпты, сондықтан да оның өнеріне бас иіп құрметтеушілердің ішіндегі ауқаттылары Ыбырайды музыкадан білім беру үшін Петербургқа да алып барыпты, бірақ ол мұндай ниетті жүзеге асыра алмапты. Ыбырай есейіп кетсе де әнді тамаша айтып, домбыраны да шебер тартатын болған. А.Құлымбетов пен С.Сейфуллиннің айтуларына қарағанда, жуырда 1924 жылдың қазанында Қызылжарда қазақ жастарының кешінде сахнаға шығып, өзінің «Қалдырған» атты мейлінше әсем әнін шырқап берген екен. Бір қызығы, ол Сейфуллинге жас күнінде даусым жазық далада 7 шақырым жерге жететін еді деп мақтан айтыпты».
А.Затаевичтен кейін Ыбырай ақынды көзімен көріп, бірге жүрген жазушы Сәкен Сейфуллин халықтың әнші композиторларына өлең арнап, ыстық ықыласын, әділ бағасын қалдырғанын көреміз:
Әнші бар Көкшетауда талай ірі,
Ыбырай топжарғанның о да бірі.
Қаңбақша қыз-бозбала қағып алып,
Жайылған талай әсем ән мен жыры.
Өзі ақын, ән шығарғыш, домбырашы,
Сауықтың жан думаны, болған пірі.
Ақырып арыстандай ән салады,
Ыбырай жүйрік тарлан әлі тірі.
Сәкен қазақтың ақын, әншілеріне өзінің көркем туындыларын арнағаны, поэзия тілімен Ыбырай, Ақан сері, Балуан Шолақ, Қажымұқан, Біржан сал шығармашылығын шабыттана жырға қосқаны белгілі.
Әсіресе, Ақан сері мен Ыбырайдың туындылары бір-бірімен үндес келетіндіктен айқын ажырата қою да оңай емес. Ол екеуінің өскен ортасының, дәстүрінің, жырлайтын тақырыптарының ортақтығына да байланысты болса керек. Дегенмен де, Ыбырай сарынындағы қол бұлғап шақырып тұратын ерекшелік шығармаларының терме, толғау, желдірме түрінде қысқа-қысқа тақпақтап айтылатын интонациялармен өрілетіндігі және де диапазоны жағынан шағын жүйеге құрылған әуен-саздардың басымдылығында дер едік.
Ыбырай жинағындағы [2] «Маңмаңгер», «Майда қоңыр» әндері ертеректегі зерттеулерде Ақан серінікі делінгені де мәлім. Сол пікір дұрыс па дейміз. Өйткені, бұл әндерде Ақанның екпін сазы байқалады. Сері жүйрік ат, алғыр қыранды әніне көбірек арқау еткен ғой. Оның атақты «Құлагер», «Көкжендет» әндері осының айғағы. «Маң-маңгерді» де соның қатарына қойған орынды. «Майда қоңыр» әнін алғаш рет жазып алған А.В.Затаевич өзінің «Қазақ халқының 1000 әні» кітабының 92-ескертуінде: «Егер мен ұмытпасам, Найманбаев маған бұл әннің авторы «Құлагерді» шығарған Ақан сері деген еді», - дейді. Шынында, жиырмасыншы жылдары айтылған деректі мойындамасқа болмайды.
Қазіргі уақытта «Аңшының әні» үлкен дауға айналып жүр. Бірде Шыңжаңда туған ән десе, енді бірде Ыбырай Сандыбайұлыныкі деген пікірде толастар емес. Ән тарихын қозғағандардың қайсысына сенеріңді білмейсің. ЬІбырайдыкі болса, Дәнеш Рақышев радиодан жаздырғанша неге ешкім естімеген деген заңды сауал туады. Ыбырайдыкі емес десең, жиырмасыншы жылдары жарық көрген өлең текстерін қайда қоясың?
Аталмыш ән - «Бір қызық ит жүгіртіп, аң ауласа» деген атпен жарияланған. («Қызыл Қазақстан» журналы. 1924. N 7, 8, 9 сан дар).
«Аңшының әнінің» биік дәрежеге көтерілуіне әнші Дәнештің дарындылығы ықпалын тигізгені ақиқат. Өйткені бір ауыл мұғалімінің айтуындағы бас-аяғы жоқ елеусіз әнді әрлеп, жүйелі өрнегіне келтірген, одан соң Шыңжаң өңіріне ғана емес, бүкіл Қазақстанға таратқан Дәнеш Рақышев құдіретіне бас иіп, әннің өмірлі болуы әншіге байланысты деген қағиданың растығына тағы да көз жеткіземіз.
Өйтетініміз Ыбырайдың атақты «Гәккуінің» ондаған нұсқаларының ішінде Иса Байзақовтың Б.Г.Ерзакович жазып алған түрі әннің жұлдызы болып кетпеді ме? «Аңшының әні» де кезінде жақсы әншінің арқасында аса көркем туындыға айналды. Біздің білетініміз Ыбырай өлеңдерінің бәрін әнмен орындаған әнші-композитор. Ол төл музыкасымен қатар, халықтың әуен-саздарын да пайдалануы мүмкін. «Аңшының әні» дәл сондай шығармалардың бірі болуы ғажап емес. Сондықтан да бұл ән туралы дауды доғарып, Ыбырайдың авторлығына бірауыздан қол қоятын мезгіл жетті.
Көптеген халық композиторларының шығармашылығы сияқты Ыбырай әндерінің ішінде махаббат лирикасы молырақ көрініс тапқан. Қағаз бетіне түспей, ауыз екі таралған әндердің мәтіндерінде қыздардың сұлулығын суреттейтін теңеулерді жиі кездестіреміз. Сондай ғашықтық әндердің бірі - «Гәккуде» автор сүйген қызы Кәкиманы аққу құсқа теңейді:
Шомылған айдын көлде сіз бір аққу,
Мұндай сөз естідің бе бек ләззат алу.
Сырнай мен домбыраның арасында,
Балқыған қорғасындай қайран гәкку.
Ән қайырмасындағы өлең аққу үніне ұласатын «Гәкку, гәкку» деген одағайлармен шебер үйлесім тауып, автордың ой-қиялынан туған арман мен зарды жаңғырықтырып, күшейтіп тұрғандай әсер береді.
«Гәкку» әнінің төрт нұсқасы бар. Бұл заңды да. Өйткені ол кезде қағазға түспеген ән әуенін автордың қайта қарап, сан құбылтып, жүз түрлентіп, құлпыртып отырғаны белгілі. Ал, Ыбырайдың аузынан естіп, үйренген басқа орындаушы-әншілер өз жанынан тағы да қосымшалар қосып, қайырымдарына кейбір өзгерістер енгізулерінің арқасында бір әннің бірнеше түрлері пайда болады. Сонымен «Гәккуді» айтып, нотаға жаздырған төрт әншінің нұсқаларында біраз интонациялық айырмашылықтарының болғанымен де, бірақ бәрінің де түп төркінінің біреу екенін дәлелдеудің қажеті жоқ. Солардың ішінен жұртқа кеңінен тарап айтылатыны
Иса Байзақовтан жазылып алынған ең бір көркемделген түрі. Ән әуенінің әсемдігі, көркем нәзіктігі, шеберлігі жағынан алдыңғы қатардағы туындылардың бірі екені дау туғызбайды. Отызыншы жылдары «Гәкку» ұлттық мәдениетіміздегі тұңғыш опера -композитор Е.Г.Брусиловскийдің «Қыз Жібегіндегі» Жібек қыздың ариясы болып жаңа түрге иеленді. Ән ертеректе домбыраның ғана сүйемелдеуімен бір үйдің, бір ауылдың шеңберінде орындалып, қанатын жайып ұша алмаған қыран құстың бейнесіндей көрінсе, опера сияқты күрделі жанрға арқау болғаннан кейін мың құбылған оркестрдің үніне ілесіп, биікке самғап кетті. Әнші аузынан шыққан «Гәкку» дүниеге жаңадан келгендей қалыпқа түсіп, миллиондаған халықты тамсандырған рухани азыққа айналды. Сондықтан да әрбір әнші өз репертуарына осы әнді енгізуге тырысады.
«Гәкку» - әнінің әуендік желісі төменнен жоғарыға октаваға қарай қозғалыста болатын саздар арқылы өрбіп, дамыса, формалық жағынан қайырмасы бар екі бөлімді куплеттен тұрады. Ән негізінде (3+4+4) өлшеміндегі 11 буындық өлеңмен құралғанымен де бірақ қосымша (ай) одағайы әннің бірінші бөлігінің шумақтық формасын кеңейте түседі. Әннің мәтіндерінде жиі ұшырасатын (ай, ей, шіркін, т.б.) сөздерін қолдану жағдайы қазақтың халық музыка шығармашылығында жиі кездесетін құбылыс.
«Гәккудің» басталысындағы бірінші және екінші әуен жолдары интонациялық құрылымы тұрғысынан бірін-бірі қайталайды. Ал, үшінші әуен жолдарының өзіндік ерекшеліктері бола тұра алдыңғы музыкалық эпизодтардың варианттары сияқты. Мұндай басталыс лирикалық әуездік стереотиптік дамуды іске асырады да жоғарыға өрлеп тұйықталған қозғалыс секста аралығына көтеріліп, одан әрі жоғарғы тоникаға орнығады. Төртінші әуен жолдары кульминациялық кезеңге жеткенде миксолидийлік септима пайда болып, біраттас ладтық ауыспалылығын туғызады. Дәл осындай сәтке байланысты профессор Б.Г.Ерзакович былай дейді: «Кеуденің (запев) соңғы сөйлемінің VII төменгі сатысындағы жаңа әуендік материалдардан пайда болатын келесі қайырмалық периодты баса көрсете отырып, үш бөлімді симметрия туғызады» [3], -деуі өте орынды айтылған пікір.
Әннің соңғы қайырма бөлігі «Гәкку» деген одағайлармен және алексикалық куплетті формадағы дербес жаңа музыкалық материал ретінде көрінеді. Қайырманың негізгі интоиациялық мәнерлік құралдары алдыңғы тақырыптық даму жүйелерін жинақтап, қорытындылайды. Шығарманың каданс бөлігі төменгі тониканың екі жағынан қоршай айтылатын ладтың тұйықталу құрылымының пайда болуына ықпалын тигізеді.
Сөз кезегі келгенде тоқтала кететін тағы бір ән - «Қараторғай».
Академик А.Жұбанов «Замана бұлбұлдары» (181 бет) кітабында: «Шынында Ыбырайда «Қараторғай» аттас әннің болуы. Бірақ, бері келе орындаушылар басқа әнге шатастырған болу керек. Әннің сөзіне қарағанда, біз білетін «Қараторғайдан» басқа музыкасы бар сияқты. Мүмкін о да табылып қалар деп ойлаймыз», - деп келешектен үміттене күткен ойына ойлана қарағанда бір шындықтың беті ашылған тәрізді.
Кезінде аталмыш әнді Шолпан Жанболатқызыныкі (1889-1923) деген жазушы Айтбай Хангелдиннің мақаласы «Лениншіл жас» газетінде (1979 жыл, 20 наурыз) жарияланған болатын. Онда мынадай жолдар бар: «Түркістан губернаторствосы Романовтар әулетінің таққа отыруына үш жүз жыл толуына байланысты, соған дайындық ретінде Түркістан уәлаятында тұратын жергілікті халықтардың әнші-күйшілерінің Ташкент қаласындағы сейілін ұйымдастырады. Ол сейілді ұйымдастыруға және өткізуге Әбубәкір Диваев тікелей қатысады. Ол жылдары Ташкент семинариясында оқып жатқан қазақ жігіттері Диваев арқылы Шолпанды сол сейілге шақырттырып алдырады.
Осы сейілде үздік шыққандардың ән-күйлері (Шолпан бас бәйгені, өзбек әншісі Хари Якубов екінші бәйгені алады) граммофон пластинкасына түсіріледі. Міне, солардың бірі Шолпан өзінің «Қараторғай», «Айгөк», «Ақ дариға», «Ахау Семей» және басқа әндерін жазғызады», - дейді.
Осы Хангелдиннің пікірін растағандай, А.Затаевич өз жинағында: «Осы күндері Ташкентте... өзі әнші, әрі ән шығаратын қазақтың әнші қызы тұратын көрінеді. Дауысына қарай және қараторғайға ұқсайтын түріне сәйкес «Қараторғай» деген ат тағыныпты, ол жас кезін өте көңілді өткізген деседі. Өзі әдемі, тамаша әндердің авторы халық арасында «Қараторғай» деген атпен таралып кетіпті. Мүмкін, менің жазып отырған тамаша әндерімнің негізін осы атақты қазақ әншісінің творчествосынан іздеген жөн болар дей келіп, Ташкенттен келген қазақтардың айтуынша, ол сол жерде концерттерге қатысып жүргенін айтты» [4].
Ал, музыка зерттеуші Б.Ерзаковичтің жоғарыда аталған жинағында Ыбырайдың «Қараторғай» деген әні мынадай текстермен берілген:
Шаш алмас жасық темір қайрағанға,
Томар су суат бермес жайлағанда.
Белің бу тәуекелге, ей, жігіттер,
Жазудан қайғы келмес ойлағанда.
Ал, әннің әуені көпке белгілі «Харарау». Әннің аты «Қараторғай» болғанымен заты «Харарау». Ән өлеңдері басынан аяғына дейін Ыбырайдыкі. Сонда қалай болған шындығы қайсы деген сауалдар маза бермейді.
Тағы да А.Хангелдиннің жазғандарына жүгінейік «Шолпан бұрынғы Ақмешіт уезіне Торғай уезінен ауысқан. «Қызыл жыңғыл» болысына қарасты көшпелі шаруа Қарабек Найман Жанболаттың қызы», - дейді. Міне, «Қараторғай» тарихының құпиясын шешетін кілт осы деректерде жатқан сияқты. Олай дейтініміз, Шолпанның «Қараторғай» дейтін әнінің (А.Затаевичтің «1000 әні» № 828) Торғай уезінен келгендігі. Ал, аталған жинақтың № 885 санында жарияланған «Қараторғайдың» (екінші нұсқасы) орындаушылары тағы да торғайлық Есполова Балқия мен Байзақова Зура болып шықты. Осы жайында А.Затаевич былай жазады (309 ескерту): «1921 жылдың аштық жайлаған қысында Қостанай губерниясының Шұбартеңіз болысы, Федоров ауданының түрлі ауылдарынан бір топ қазақ балаларын денсаулықтарын түзеуге Ташкентке жібереді. Жолда келе жатқан олар Орынборға тоқтағанда мен балалардан ән жазып алып, өз коллекциямды қызықты әндермен толықтыруға асықтым», - дейді. Бұдан шығатын қорытынды, «Қараторғайды» Шолпан Торғайдан өзімен бірге алып келіп, оңтүстік өңірге жайғандығы. Сондықтан да бұл әннің «Сырдың Қараторғайы» деп аталуы Сыр жағында туғандығынан емес, оңтүстік жерінде көбірек айтылатындығында болып отыр. «Сырдың Қараторғайы» дейтін анықтауыш сөздің кейінірек қосылғаны белгілі.
«Қараторғай» әніне байланысты жазылған А.Хангелдин мен А.Затаевичтің деректері нанымды да шынайылығымен көзге түседі. Мұнда авторлар «Естіген құлақта жазық жоқ» демекші, ел аузында жүрген әңгімелерге сүйене отырып, естіген, білгендерін ешбір бүкпесіз, қоспасыз баяндайды. Әндері Қазан төңкерісіне дейін күйтабаққа жазылған Шолпан атты әнші қыздың болғанын және өміріне байланысты қызықты мәліметтерді берулерінің өзі де үлкен олжа.
Атандым он алтыда «Қараторғай»,
Бұл атты шешем қойған өзге қоймай.
«Торғайды еркін ұшсын ескерусіз», -
Дегені болса керек көзден қорғай, -
деп өзі жырлағандай, Шолпанның дауыс ерекшелігі, ән айту мәнері Жамал Омарова, Роза Бағланова, Мәдина Ералиева сипаттас әншіге ұқсайды.
Шолпанның көптеген ән-өлеңдері бар да шығар. Дегенмен, ондай нақты дерек қолға түспегендіктен дәл басып айту қиын. Тіпті, әншілігімен алдына жан салмағанына күмән келтірудің қажеті жоқ. Алайда, оны Сырдың «Қараторғайының» авторы дегеннің жөні келмейді. Ол сүйіп айтатын әннің бірі болуы ғажап емес.
Сондықтан да:
Құс болсаң, жібектен бау тағар едім,
Күмістен тұғырыңды жабар едім.
Мойныңа сары алтыннан алқа тағып,
Қолға алып сылап-сипап бағар едім, -
деп шырқалатын «Қараторғайды» Үкілі Ыбырайдың еншісіне біржола берген абзал.
Ыбырай мен Ақан серінің өмір сүрген, өскен ортасы ортақ болғандықтан көптеген әндердің авторлығы талас тудырады. Жоғарыда аталған әндер сияқты тағы бір әннің басын ашып алу керектігі көрінеді. Бұл жөнінде де Ахмет Қуанұлына жүгінуге тура келеді: «...«Алтыбасар» Ыбырайдың творчестволық «почеркіне» келіңкіремейді бұл «Алтыбасардың» сөзінде өкініш көп, біз білетін әннің кейпі олай емес, онда үлкен оптимизм, жігер, қайрат, көркем лирикамен қатар үлкен драмалық кезеңдер кездеседі және ол жағдайдың бәрі де күшті, серпінді музыкалық тілмен шешіледі» [5].
Бұл жолдардан анық байқағанымыз - ән мен текстердің бір-бірімен тереңнен қабыспай, үйлеспей жатқандығында болса керек. Өйткені поэзия мазмұны мұңға толы, әрі қайғылы сарында көрінсе, музыкалық сипаты жағынан асқақ та серпінді келеді. Бірден көкке шарықтап, биік үннен басталады да сол алған бағытынан бір сәт бәсеңдеместен шалықтап, қалықтап тұрып алатын әннің құдіреті - жалпы музыкалық құралымының күрделігінде. Мұнда эпикалық-қаһармандық сарын басым келеді, осыны сезген композитор Б.Г.Брусиловский «Ер Тарғын» операсында Ер Тарғынның аузына осы әнді салып, халық алдында адал қызмет етуге ант беретін кезеңін бейнелеуі кездейсоқ емес. Және де әннің әуендік-интонациялық, ырғақтық-өлшемдік табиғаты, дыбыс өрнектерінің түрлі жүйе арқылы өрбуі, басқа да музыкалық стильдік ерекшеліктері А.Жұбанов айтқандай, Ыбырайдың қолтаңбасына үш қайнаса сорпасы қосылмайды.
Ал, Ақан серінің композиторлық шеберлігінде көзге түсетін қасиет - әннің үлкен деммен үзілместен сабақтасып, жалғасып келетін интонацияларының кескінінде. Сондай-ақ,әннің тұла бойын құрайтын әуез-саздардың драмалық тартыстарға, шиеленістерге бейім тұратын қайшылықтарын айтпағанда, қайырмасының өзі кішігірім шығармаға желі болатындай дәрежеде бой көрсетуінің өзі үлкен мәселе.
Сондай-ақ бірде Ыбырайдың «Көкшетау», енді бірде Ақан серінің «Кербез сұлуы» деп бір өлеңмен екі түрлі айтылып жүрген «Көкшетау» аталған халық композиторларының емес, Сәкен Сейфуллиннің әні екенін еске салғымыз келеді.
Ыбырайдың музыкалық шығармашылығы өзінің мазмұны мен тақырыптық тұрғысынан сан-салалы мәселелерді қамтиды. Олардың ішінде алабұртқан жастыққа тән ғашықтық-сүйіспеншілік сезімдері мен адамды қоршаған табиғат көріністері, үй-ішінің тұрмыс жағдайынан туындаған сәттер де автордың назарынан тыс қалмайды.
Ыбырай әндерінде туған жердің сұлу табиғатын суреттеу «Жалғыз тау», «Сұлу Көкше» әндерінен көрініс тапқан. Сәкен Сейфуллиннің өлеңдеріне шығарылған соңғы екі әнде музыка мен өлең мазмұндары шебер жымдасып, поэзиядағы ақын суреттемек болған ойды ән-әуен арқылы әдемілеп, көркем дәрежеге көтере білген. Осы әндер арқылы сұлу Көкшенің бейнесі ауыздан ауызға әншіден әншіге ұласып, кең даланы шарлауда:
Арқаның асыл туған ардагері,
Кім сүйіп, кім жырламас, Көкше сені,
Суың бал, шөбің шүйгін, қойның ырыс,
Жапанда бағаң артық сен бір сері.
«Көкше» әні өзінің формасы жағынан алғанда кеңейген куплеттегі құрылымнан, вокализден құралатын қайырмасы және қосымшасымен ерекшеленеді. Поэтикалық мәтіні Ар-қа-ның а-сау ту-ған ар-да-ге-рі сияқты II буындық болып келеді. Әннің басталуындағы әуендік даму төменнен жоғарғы бағытқа қозғалатын V-басқыштан ІІІ-басқышқа ямбикалық сокатаға секіру арқылы іске асады да, одан әрі қарай c-moll ладының ІІ-басқышында тұрақтайды. Екінші және үшінші әуен жолдарының интонациялық бітімі жеке дыбыс қатарларының секунды аралығындағы әрекеттестігінен туындайды.
Интонациялық дамудың жалпы пішіні - әуендік екі салыстырмалы фразаның қатар өрістеуі - қостармақ дәрежесінде сұрақ-жауап ретінде келеді. Біріншісі - едәуір созылмалы түрде құрылады да көтеріңкі зонада регистрлі, жоғарғы дыбыстық және эмоционалдық өрлеу үстінде көрінсе, екіншісі - октаваға көшу арқылы төменгі тоникаға күтпеген жерден аяқталады. Бұл тәсілдің өзі іс жүзінде өлеңнің төртінші жолын «жарты сөзде үзіп тастап», әннің аяқталу бөлігінде — қосымшада екінші рет қолданылады. Әннің кадансы тоникаға біртіндеп төмендей келе ладтық тұрақтылықты орнатады.
«Сұлу Көкше» әні әнші Қапаш Құлышеваның орындауында сахнадан жиі шырқалады. Тек республика топырағында емес, шетелдерде болған гастрольдерде де үлкен табыспен өтіп, қанатын кең жайған әндердің бірі.
Келді кезім айтар сөз,
Қызды ауылдың сыртынан
Қылаң еткен жиырма бес.
Қызды көрсем құшақтап,
Құлай кеткен жиырма бес, -
дегендей, Ыбырай әндерінде де қайта оралмас жастық шақты жоқтайтындай өлең-толғаулар орын алған.
«Үй-ішінің қайғы-шерін білдіретін өлеңнен «жоқтау» кейде жалпы адам баласына ортақ тақырыптарды қозғайтын терең де түбегейлі ой тербейтін өлеңге айналады. Халық арасына кең тараған «Жиырма бес» әні де жоқтау. Бірақ онда өлген адам емес, өтіп кеткен жастық шақ жоқталады. «Жиырма бес қайта айналып келмес маған», - деп келетін қайырмасынан-ақ өлеңнің біржола келмеске кеткен, жоғалып, өшкен жастықты жоқтаған мазмұны анық байқалады» [6], - деп Мұхтар Әуезовтің айтқанындай, Ыбырай жастықтың ең қызықты кезі жиырма бес екенін айта отырып, өзі де осы тақырыпқа соқпай өте алмайды. Ақын-әншінің «Жиырма бес» әні толғау-терме сарынында көрінеді, екпіні жағынан шалқыта орындалады. Бір айта кететін нәрсе, әннің өлең-сөздері Ыбырайдікі деп тап басып айтуға болмайтындығы. Мұнда фольклорлық сарын басым орын алады және кейбір өлең жолдары Бұқар жыраудың өлеңдеріне ұқсап кететін кезеңдер қылаң береді.
Үкілі Ыбырайдың музыкалық-поэтикалық шығармашылығынан үлкен орын алатын өсиет, ғибрат әндерінің орны ерекше. Сондай әндерінің қатарына «Қалдырғанды» қосар едік. Мұнда ақын өмірде басынан кешірген сан алуан қызықтың бәрі де артта қалып, тек елестей есте қалғанына өкініш білдіреді:
Қызығың, дүние, өткен күн,
Кейінгі қуып жеткен күн.
Байланбаған асаудай,
Сырт айналып тепкен күн.
Қара бура қартайып,
Жар басына шөккен күн.
Қарлығып қарттың дауысы,
Жастар желдей ескен күн.
Ән тарихын Ыбырай былай баяндайды: «Жан қиналмай ән тумайды, ән де келіншектің толғатып ұл тапқанындай. Жастық дәуренім өтіп, кәрілік алқымдай бастаған кезім еді. Қызықты жастық заманым қол бұлғап шақырғандай, қанша құмартсам да қайта айналып келер емес, жанымды осы бір күй тербеп, мазамды кетіріп жүрген. Жақсы әнім туарда түсімде сұлу келіншекті көретін ежелгі әдетім еді. Келіншек күлімдеп қарап, сыңсып ән салып, оң шырайын берсе, әнім ойдағыдай әдемі болып шығар еді. Ал, келіншек оң шырайын бермей, қырын тұрса, ол әнім оңбайтын.
«Қалдырғанды» шығаратын түні ел жайлауда, Сасық көлдің басында еді. Қалың ел іші болатын, түсіме сұлу келіншек кіріп, күлім қағып, оң шыраймен қарады, әдемі бір ән салғандай болды. Ояна келсем, көкірегім күмбірлеп, әлгі ән сайрап тұр екен, бұрыннан жанымды мазалап жүрген күйдің пернесі басылғандай... Ертеңгі қой өріп барады, жұрт шырт ұйқыда. Бас жағымдағы сүйеулі тұрған домбыраны ала салып, көңілдегі әнді тартып, әндете бастадым. Қайта-қайта бабына келтіріп, жөндеп отырдым... Сол кезде дауысымды естіп, баламдай көретін ақын досым Сұраған кіріп келді. Ол менің жанымды әнімді де айтқызбай, қас-қабағымнан ұғынатын еді. Жаңағы әнімді қайта-қайта айтқызып, тез жаттап алдымен сол жерде «Қалдырғанды» Сұрағанға арнадым» [7] дейді.
«Қалдырған» әнінің поэтикалық формасы «жа-сым-да бол- дым бал-дыр-ған» тәрізді 7-8 буынды сандармен келеді. Әннің музыкалық құрылымы екі бөлімді куплетте көрінеді, ІІ-бөлім бірінші әуен жолдарындағы материалдармен қайырмадағы «эй» деп басталатын вокализдерге негізделе отырып, әннің төртінші жолын қайталап айтады. ІІ-бөлімнің интонациялық бітімі І-бөлімнің формулалық варианты іспетті. Әндегі әуен V-сатыдан І-сатыға жоғарыға ұмтылған кварталық секіру - одан әрі төменге қарай қозғалыстағы дыбыс көлемі септимаға жететін бір-бірінен алшақ орналасқан әуендік дамуды құрайды. Әннің әуендік-интонациялық процесінде тұрақты «Ре-бемоль» тірегі негізгі ионийкалық ладындағы жанама «Ми-бемоль» тірегін баса көрсетеді, өйткені (ІІ-саты) қазақ монодиясында ең бір тұрақсыздықты білдіреді. Мұндай ладтық бифунциялық диатоникалық жүйенің шегінде әннің бейнелік табиғатын, кеңи түсетін құралдар. Негізгі төменгі тоника «Ре-бемоль» каденцияда ғана өз функциясын атқарып, орнығады.
Әннің жалпы интонациялық даму көрінісі - қостармақ дәрежесіндегі екі әуен фразасының аяқталу кезеңіндегі салыстыруларға назар аудару. Бірінші қостармақта төменгі ІІ-сатыға регистрлік жылжу орын алса, ал екіншісінде жоғарғы зонаның ІІ-сатысына дыбыстық, регистрлік және эмоционалдық көтерілу байқалады.
Әуеннің толқын тәрізді қимылы әннің екінші бөлігінде орналасқан кульминациялық шыңға біртіндеп жетеді. Мұның өзінде ырғақтық құбылулар жиілеп, ал кульминацияға жақындаған сайын синкопалық ырғақтар бой көрсетуі автор ойлаған бағдар-мақсаттардың осындай музыкалық мәнерлік құралдардың арқасында жүзеге асқандығының куәсі.
«Қалдырған» Үкілі Ыбырайдың халқымен қоштасу әні десе де болады. Бұл әнде ақын-әншінің бүкіл өмірі көз алдынан өтіп жатады. Балдырғандай балалық шағы, ер жеткенде өнерпаз болып елді аузына қаратқаны, енді «Болам деген ой бар ма, аппақ қу шұнақ шалдай боп» кәрілік жеткенін, бір күндей болмай өмірінің өткеніне өкінеді. Автордың осындай түрлі қиялдағы ой-тебіреністері ән арқылы дәлме- дәл бейнеленген. Бұған әннің 4/4, 7/4, 4/4, 7/1, 3/4, 5/4 өлшем-ырғағының бір қалыпқа түспей дамуының өзі дәлел.
Қазақтың басқа да халық композиторлары сияқты Үкілі Ыбырай әндерінің қайырмасы (гәк-ку, ей, лә-лә, әй-әй, т.б.) түрлі қайырма сөздермен жиі айтылады. Тек Абай әндерінде ғана қайырмалар қолданылмаған. Бұл ұлы ақынның ән-өлеңге алып келген жаңалықтарының бірі еді.
Ыбырайдың музыкалық мұрасы ғасырлар қойнауынан бізге жеткен бабалар үнімен үндесіп жатқан нағыз халықтық шығармалар. Мұнда сағыздай созылған кантиленалы әндермен қатар шағын диапазға құрылған терме, толғау, желдірме сарынындағы туындылар да баршылық. Олардың қатарына бірнеше варианттармен келетін «Қаракөз», «Отарба», «Қалдырған», «Құрама», «Елді сағынғанда» т.б. әндерін қосуға болады. Солардың бірі «Ыбырайдың термесі» 6 тактіден ғана тұратын периодты туынды. Ән негізін секундалық құбылулардан пайда болатын, аракідік кварталық және терциялық аралықтарда дамып, өрістейді. Ән мәтінінің төрт жолына келетін жеке дыбыстардың әрқайсысы гоникада аяқталады да өлең мазмұнына көңіл аудартады. Мұның өзі термеде әуеннің сөзге бағынатынын баса көрсететін тәрізді.
Ақын-композитордың туындыларынан еңбекті сүю, жасы үлкендерді сыйлау, адамгершілік, адалдық тәрізді асыл қасиеттерді үлгі-өнеге етіп ұсыну көріністерін байқаймыз. Оларда жастарға үлгі аларлық тәлім-тәрбиелі өсиеттерге толы ән-өлеңдер баршылық. «Білмеген дос көңілін жаралайды» әні осы айтылғандардың куәсіндей:
Әр адам өз ісімен шамалайды,
Білмеген дос көңілін жаралайды.
Неше жыл тәрбиелеп асыраған,
Кейбір ит иесіне абалайды.
Сондай-ақ, Ыбырай шығармаларында, әсіресе, жастарға тәрбиелік мәні зор, халық мақал-мәтелдерімен астарласып, ұштасып жататын шумақтар да аз кездеспейді:
Бір атым насыбайдан көңіл қалар,
Айта бер, айтсаң сағы сынбағанда.
Жағыну неге керек сүймегенге,
Қиянат қылмау керек тимегенге.
Шын жақсы бір айтылған сөзден танбас,
Сыртынан өзімсініп билегенде.
Осы тәрізді «Желдірме» әнінде де, автор жақсы мен жаман адамның қасиеттерін тілге тиек етіп, көңілге ұялайтын поэзия тілімен суреттейді:
Жолдас болсаң жақсымен,
Терең ойлы ақылы кең.
Кішіпейіл, сыр шашпас,
Мінезі, білім келсе тең...
Өзің жалтақ, өсекшіл,
Болсаң өмір оңбассың,
Іші қулық, сұрқия,
Кездессең оған сорларсың.
Үкілі Ыбырай да Кенен Әзірбаев, Жаяу Мұса Байжанов, Естай Беркімбаев, Дина Нұрпейісова сияқты Қазан төңкерісін алғашқылардың бірі болып жырлаған суреткер. Оның 1925 жылы Қызылжардағы «Бостандық туы» газетінде бір топ өлеңдері жарияланады. Ыбырай Кеңес өкіметінің қазақ жерінде орнағанын үлкен шабытпен толғана жырлады:
Зор қуаныш күн болды
Ескі дүние тұл болды.
Николайшыл байларға —
Жарық дүние түн болды...
Жуан жұдырық залымдар,
Биік таудың тасы еді –
Бытырап ұсақ құм болды.
Осы тәрізді Ыбырайдың «Октябрь», «Совет», «Жаңа жол», «Азамат соғысы», «Жазғытұрым» және басқа да өлең жырлары бар. Бірақ, олардың бәрінің ән музыкасы болды деп айту киын.
Ыбырайдың әндерін әр мезгілде айтып, нотаға түсіруге атсалысқан әншілер Әміре Қашаубаев, Бисмилла Балабеков, Иса Байзақов, Қуан Лекеров, Жүсіпбек Елебеков, Игібай Әлібаев, Мұса Асайынов, жазушы Сәбит Мұқанов, артист Елубай Өмірзақов және басқалар. Осылардың ішінде тікелей Ыбырайдың өз аузынан ән үйренген ақын-әнші Тайжан Қалмағамбетов (1878-1938) көрінеді. Тайжан жастайынан нағашы атасы Үкілі Ыбырайдан тәлім-тәрбие алып өседі. 1934 жылы халық өнерпаздарының Алматыда өткен республикалық слетіне, 1936 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі онкүндігіне қатысқан, ақындықпен қатар өзі де ән шығарады. Оның «Ленин мавзолейіне», «Тайжан әні», «Ыбырайға», «Әгу-гәй» ән термелері кезінде күйтабаққа түсірілген.
Соңғы жылдары Ыбырайдың кейбір белгісіз әндері мен әнші жөніндегі естеліктердің табылуы - өнер қайраткерінің өмір жолын толықтыра түсетіні сөзсіз. Солардың бірі «Ыбырайдың термесі» деп аталады, өзіне арналған әні де бар.
Ыбырай ақын - сөйлесін,
Қайғысыз, мұңсыз жан болмас.
Ай жарығы таң болмас,
Қара су қайнап көл болмас,
Айыр өркеш нар болмас.
Ата-ана сөзі балаға,
Қанша ұрысса да ар болмас. Түрі бірдей болса да
Желең мен шапан пар болмас.
Көлденең тапқан жолдасың
Жан қияр дос, жар болмас.
Боз қырау қалың қар болмас.
Тәтті желке жал болмас,
Өзіңнен тумай ұл болмас,
Жаман мен жақсы бір болмас,
Қара нар жасын қартайса,
Күйі өткен соң пұл болмас,
Біткен істе мін болмас,
Жақсы құста сын болмас,
Бірлік қонған ауылда,
Шуылдаған үн болмас.
Аспанда құс боп ұшса да
Дүниесіз күн болмас.
Адал жолдан адасқан,
Ұрының сөзі шын болмас.
Ыбырай ақын атаның,
Алпыс бес жасқа таянып,
Басқармаға келгенде,
Мен демей кету жөн болмас, —
деп жырлағанындай, бұл термеде жастарға деген үлгі-өнеге, тәрбиелік маңызы зор ой-мақсаттар ұсынылады.
Бұл термені музыка зерттеуші, өнертану ғылымдарының кандидаты Бәйтенова Гүлсім Ержанқызы (1960 жылы туған) 1984 жылы Көкшетау облысы, Көкшетау ауданына қарайтын «Қызыл сай» ауылының тұрғыны Сейтенов Қайырлыдан жазып алып, нотаға түсірген.
Арда ақынның «би-болысты мысқылдап, қыр соңынан қалмадым» дегеніндей, сол атқа мінерлердің жалған жаласынан Ыбырай 1930 жылы Қиыр Шығыс лагеріне жер аударылып, сол сапардан оралмағанын архив құжаттары дәлелдеп отыр.
1930 жылы 20 қарашада Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік саяси басқармасының (ОГПУ) қаулысы бойынша «үштік» Ыбырай Сандыбайұлын ату жазасына кесіп, мал-мүлкін конфискелеу жөнінде үкім шығарған. Бірақ, кейін ол бұзылып, ақын он жылға бас еркінен айрылады, жазасын өтеу үшін Қиыр Шығыс лагеріне жіберіледі. Міне, осыдан кейін оны көрдім, білдім деген адам болған емес» («Социалистік Қазақстан». 12 тамыз, 1990).
Осы аталған мақалада көрсетілгендей, белгілі жазушы Сәбит Мұқанов 1959 жылғы 25 қарашасында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Н.Жанділдинге Ыбырай Сандыбаевтың ісін қайта қарау жөнінде хат жолдайды. Бұл хат жауапсыз қалмайды. Қазақ КСР- нің Жоғарғы соты Ыбырай Сандыбаев 1930 жылғы 20 қарашада ешқандай негізсіз сотталған деп тауып және оны айыптауға ешқандай айғақтар мен куәлердің болмауына байланысты істі қысқартты. 1960 жылы 13 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы соты төрағасының орынбасары Т.Оразалинов Сәбит Мұқановқа Ыбырай Сандыбайұлының оған тағылған айыптардан толық ақталғанын, кінәсіз деп табылғанын хабарлады. Халықтың сүйікті ақыны, әрі әнші-композиторы ЬІбырай Сандыбаевтың тағдыры туралы шындық осылай екен.
Үкілі Ыбырай қалдырған бай музыкалық мұралар халқымыздың рухани азығына айналып, өсіп, өркендеу үстінде келе жатқан ұлттық мәдениетімізге кесек кірпіш болып қалануда. Қатары мыңдап саналатын өнерпаз үйірмелерінің, эстрада, опера әншілерінің репертуарынан ол берік орын алатынына сенім мол. Бұдан бұлай да Ыбырай әндерінің музыкалық ерекшеліктері туралы зерттеулер жүргізіліп, ғылыми еңбектерге арқау болады деген ойдамыз.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Ақмола губерниясы аткомының бастығы.
2. Ыбырайдың әндері./Құрастырған Б.Г.Ерзакович. - А., 1989.
3. Ерзакович Б.Г. Песенная культура казахского народа. -А., 1966, с. 93.
4. Затаевич А.В. Қазақ халқының 1000 әні. - М., 1963, № 7-ескерту.
5. Жұбанов А. Замана бұлбұлдары. - А., 1963, 176-6.
6. Әуезов М. Қазақ халқының эпосы мен фольклоры // Жиырма томдық шығармалар жинағы: 17-т. - А., 1985, 170-6.
7. Ержанов М. Үкілі Ыбырай. (Естелік).