ЛОТОС УАҚИҒАСЫ. ҚУАНДЫҚ ШАМАҚАЙ СӨЙЛЕТКЕН МО ЯНЬ

ӘДЕБИЕТ
1859

Қараөзек шақ. Күн жыл маусымын жылытып жібергендей, май тоңғысыз ала қанат кез.

Әуелі Антон Чеховтың “Хирургиясын” оқыдым. Содан соң, Рюнескэ Акутагава шығармасы – “Күмәнді” қолға алдым. Сол екі ортада Әбіш Кекілбайдың Лев Толстой туралы жазған “Құдырет” атты мақаласын оқып үлгердім.

“Түнгі олжа” – көңілімді бұзды. Басында, түсінген жоқпын – бұл қуаныш па, мұң ба, самалдан жібек байлаған неткен жайлы күй, жайдарман сезім, жан рақатына бөлеген қайткен майда қоңыр леп, маңдайдан сипаған аялы алақан жылуындай.

Жанардың жарқ еткен сәулесі, нұрлы дүние шұғыласына тән, аңсарындай жалғыз, айырылып қалатын арманы тәрізді.

Бала қаһарман басынан кешкен алабөтен кеш, айлы түн, оқырман менің де басымнан өтіп жатқандай...

Тіл сұлулығы – туынды қағидаты сияқты.

Ғұмырды түстей, түсті пейіштей, пейішті Тәңірдің сағынышындай (махаббаты) сан алуан түспен бейнелеген қалам соңынан, суда жүзген лотостың жапырақтарындай асқан сұлулық, төңірегін арбаған сөз ажары, сөйлем сиқыры ғана қалады.

Уақиға лотостан басталады. Жан-жаққа бұрқырап шашылған лотос жұпары өзен бойына тарап келе жатып уақиға дәрежесіне жеткен, баланың қиялы кейіптеліп келе жатып уақиға тарихына айналған.

Әсілі, ақындық проза. Ойы, сөзі, әрекеті – анық, сөйлемдері нығыз, көлемі ықшам. Қашықтан қарағанда, өңі қайсы, түсі қайсы белгісіз, ертегі желісіндей алдамшы, айнымалы, бәтуасыз, қиссадан дүние өзгермейді, тақап оқығанда, кескіндері, бояулары, суреттері – нақ, сида, әсем.

Мо Янь – асып туған қаламгер екен, Қалихан Ысқақтай образды, құнарлы, құнды. Сөз қоры бай – Қуандық Шамақайға айтылғандай...

Бізді – құлатты. Жығылған есебінде емес, қуанған тұрғысында. Проза бүгінгі технологиялық ғасырға қарсы тұра алады екен, дұрыс түскен бояудың ізі өшпесіне, сыры тозбасына, көркі кетпесіне – Мо Янь қаламы куә.

Жарқылдап өткен найзағай, күркіреп сөнген жаңғырықтардай бір сезім құшағында толғанып отырмыз.

Тілек Ырысбек біліп айтқанда, тыңдамап едік, Ырысбек Дәбей түсініп сөйлегенде, мән бермегеніміз бар. Дүниеде тыныштықты кейіптеп, адам бақытын кескіндеуден асқан қиын мұрат жоқ, жұрт тағдырсыз ғұмыр, қасіретсіз кейіпкер туралы оқығысы келмейді. Оқытатын – стиль.

Мо Янь мәнері.

Дидар Амантай

18.02.2019

author

Дидар Амантай

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

19 мамыр, жексенбі күні Шығыс Әзербайжанның Варзакан аймағындағы Тебриз қаласына ұшып бара жатып а...

Жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы министрлігі тұқым қоймалары мен жылыжай кешендерін су басу фактілері туралы хабар...