* * * Мият таппай даладан жатқан мынау далиып,Қанатына қан ұйып, мұртшасынан зар иіп,Таңғы ыра...
Сәуле Досжан: Проза жазуыма қатаң шек қойылған кездерді де бастан өткізгенім рас...
-Сәуле апай, ару Астананың 20 жылдық мерейтойына орай өткізілген Республикалық жыр мүшәйрасынан І орын алған екенсіз, құтты болсын! Бәйгенің алдын бермей, басқа бақ сынаушылардан оқ бойы озып келген жүлделі шығармаңыз туралы айтып берсеңіз. Жалпы, жүлделі болғаныңызды естіген кездегі әсеріңіз қандай болды?
-Мен Астанадан өз бақытын тапқан адаммын. 2000 жылы ғасыр алмасып жатқанда жалғыз өзім пойызға отырып Ақмолаға келдім. Отбасым Алматыда қалды. Неге жалғыз келгенім жатқан сыр....
Содан бастап менің тағдырым мен шығармашылығым жаңа қаламен бірге өсіп жатты. Астананың 10 жылдық мерейтойына арналған мүшайрада үшінші орынды иелендім, 15 жылдығында «Астана суреттері» деген жыр топтамаммен екінші орынға шықтым. Сол жылы «Арман қала» атты жыр жинағым «Қазығұрт» баспасынан жарық көрді.
Астана өсіп келеді балақандай,
Мәпелейді Отаны алақанда.
Ғимараттар жарысып зеңгір көкке,
Бәйтеректің сымбаты дара қандай.
Қазағымның басына бақ орнады,
Сарыарқаға қайта хан тағы орнады.
Жағасына ел қонып, есі кетіп,
Есіл орап ағады Ақ Орданы.
Көкшіл әйнек үйлерін көркемдейді,
Әсем қала ай сайын өркендейді.
Парижды емес, бұл күні еуропалық
«Астананы бір көріп өлсем!» - дейді, - деп жүрек сөзімді арнадым.
Енді, биыл «Астананың 20 жылдығына арналған мүшайрада бірінші орынды иемденді» деп жазып жатқанын БАҚ көздерінен естіп-біліп жатырмыз. Бұл айтулы мерекеге сыйым болсын деп, «Сәлем саған, Астана!» деген толғау ұсынғанмын. Еңбегімді, Астанаға деген махаббатымды бағалаған әділқазыларға рахмет! Айта кету керек, Айжан, ішінде өзің де барсың, қазіргі жас ақындар өте мықты! Екпіндері қатты. «Енді мүшайраға қатыспаймын» деп жүргем. Ақынның айтыс дегенде қозып кететін делебесі болады ғой, сол Астананы жырлау дегенде мені отырғызбады ғой. Толғау келді, төгіп-төгіп жібердім. Сүйікті қалама деген ыстық махаббатым жүректен шыққан соң, жүрекке жеткен шығар...
-Қазақтың қабырғалы ақыны Тұманбай Молдағалиев кезінде жаңа өркен жайған балауса жырларыңызды құмнан шыға келген оймақтай оазиске балап, «тынысты кеңейтетін, өмір дәмін сездіртін жырлар» деп баға берсе, Фаризадай поэзия падишасы «Ақ желкен» журналының бас редакторы болып тұрған уақытында, кабинетінің есігін «аса ұяңдықпен ашып, ішке күлімсірей кірген бидай өңді, талдырмаш келген, әдеміше қыз бала» туралы аса әсерлі жазады. Сол жолы редакция есігін имене ашқан балғын қыз – өзіңіз екенсіз, Сәуле апай. Сол бір сүйкімді бейнеңіз Фариза апамыздың жадында сақталып қалған екен, өлеңдеріңізді кейіннен газет-журнал беттерінен кездестірмей кеткен соң, «қыз баланың тағдыры оңай емес, балалы-шағалы болып, тірліктің тауқыметімен өлеңді біржолата қойған шығар, оның үстіне, әйел затының өнерін, ой-парасатын менсінгісі келмейтін дөкейлеу күйеу тап болды ма – кім білсін», - деп ойлап жүреді екен. Өрімдей өлеңдеріңіз қос бірдей асқар таудай ақынды кезінде несімен соншалықты тәнті еткені мына бізді, артыңыздан ерген іні-сіңілілеріңізді өте қызықтыратыны рас.
-Сонау Хантәңірінің бауырындағы Ақтам деген ауылдан журналист боламын деп ҚазМУ-ге келіп, оқуға түстім. Өлең, әңгіме жазуды он төрт жасымнан бастағанмын. Ауылдағы үйде мыңнан астам кітабым, тек қазақ әдебиетінен тұратын кітапханам болды. Оны өзімше «Тұманбай Молдағалиев атындағы кітапхана» деп, үлкен портретін төріме іліп қойғанмын. Ізтай Мәмбетов, Қасым Аманжолов, Жұбан Молдағалиев, Сырбай ақын, Мұқағали мен Қадыр, Мұхтар мен Тұманбай ағаларымның, Күләш пен Фариза, Қанипа Бұғыбаева, Рза Қунақова апайлардың жырларын жатқа оқитынмын. Көркемсөздің сол замандағы кереметтерінің бәрін оқыдым, пошта арқылы сериялармен жаздырып алатынмын.
Содан мектеп бітіріп Алматыға келгенде, алдымен, Фариза апам мен Тұманбай ағамды іздеп келдім. Таныстым. Жырларымды журналдарына басты. Сол достық олар өмірден өткенше үзілмеді.
Айжантай, айналайын! Сіздермен салыстырғанда біздің толқынның бір бақыты – алдымыздағы қалам ұстаған аға-апаларымыз бізге үлкен қамқорлықпен қарайтын. Жылт еткен нәрсеміз болса пікірлерін айта жүретін. Ол бізді қанаттандыратын. Сол кезде «Жігер» деген жас ақын-жазушылардың фестивалі болатын. Сонда бағымызды сынайтынбыз. Сол «Жігер» қанаттандырған Ғалым Жайлыбай, Бауыржан Жақып, Қасымхан Бегіманов, Шәмшия Жұбатова деген мықты ақындар бүгінде қазақ поэзиясында өз биіктерінен көрініп келеді.
-«Менің жалғыз серігім» өлеңіңізде:
Ай сияқты суық, көркем жан едім,
Ашқызбайтын жұмбағы мол әлемін, - депсіз.
Қарапайым әдемілік, қоңыр кештегі табиғаттың тұңғиық үнсіздігіндей жан суыратын мұң бар. Бұл ерекшелікті тек сізге тән ақындық болмыстың көрінісі-ау деп қабылдадық. Сол сияқты, дәл осы өлеңде:
Жер сияқты менің жалғыз серігім,
Маған бастап алып келді сені кім? - деген жолдар бар екен.
Әйел – Ай. Жер – лирикалық кейіпкердің серттескен жары болар?! Не дегенмен, арада мықты тартылыс күші барын әсерлі жеткізгенсіз. Олар мәңгілік бір-біріне телінген. Әлде, одан да биігірек алайық, бұл – Мәртебелі Поэзияның дәл өзі ме екен?
-Менің қыз кезімдегі тегім – Қожахметова болатын. Алғашқы кітабым да кеш шықты, талантымды уақытында көрсете алмасам – ол өзімнің кінәм. Менің тағдырым ойлы-қырлы, ауырлау болды.
«Ай сияқты суық, көркем жан едім,
Ашқызбайтын жұмбағы мол әлемін, - дегенім сондықтан.
«Менің жалғыз серігім»,- деген үшінші жыр жинағым, «Дәстүр» баспасынан 2015 жылы шыққан болатын.
Сіз келтірген шумақтар «Қырық күнде қырық өлең арнадым», - деген жоқтау жырлардан алынып отыр. Бұл жырлар топтамасы –қазақ әйелінің өз отбасының иесін, балаларының әкесін бүгінгі заманда қалай жоқтауы мүмкін дегеннен туылған жырлар. Ауыз әдебиетінде жоқтаудың небір аталары қалған. Талай су ақты, заман ауысты, заң жаңарды дегендей. Жиырма бірінші ғасырдың әйелі қалай жоқтар еді? Мен ақын болғаннан кейін маңайымда болып жатқан жағдайларды жырмен төгемін. Өзімді жарынан айрылған, балаларды әкесінен айырылған жетім деп қабылдаған кезде туған жырлар. Бұл жырларды тек қана менің жан-дүниемдегі құлазу, жалғыздық, жоқтау деп қабылдаудың қажеті жоқ. Сіз дұрыс айтасыз бұл – Мәртебелі Поэзия.
-Сіз жастық шақта өлеңге ғашық па едіңіз? Өлеңнің сізге деген ықыласы қандай еді?
-Мен проза мен поэзияны өзімнің егіз балаларым сияқты көремін. Өлеңді төрт жолды толтырып, шумақ қуып, жанымды қинап жазып отырмаймын.
Нағыз ақын сырқыратса сүйекті,
Нағыз өлең жарып шығар жүректі.
Шын ақынның жүрегі атша тулайды,
Шын өлеңде шын сезімдер шулайды.
Нағыз ақын нашар ұйқас қумайды,
Нағыз өлең жайшылықта тумайды.
Мен өлеңді туамын! Өлең жарықтық өте қасиетті. Ол туылады. Теңіздің толқынындай, кейде дауылдай, жауындай, тіпті толғақтай болып келеді. Сонда төгіп-төгіп тастаймын. Бір поэманы екі күн ұйықтамай шығарған кезім де болған. Өлең маған өзі келеді, күй таңдамаймын. Келіп қалғанда күллі шаруамды тоқтатып қойып қағазға түсіре қоямын. Өлең – менің алғашқы махаббатым! Бала кезімнен ғашықпын. Оны іздегендей, оны сүйгендей мен ешкімді іздеп, сүйген емеспін. Соңғы ақшама жыр кітабын сатып аламын.
-Сәуле Досжандай қаламгер соңғы кезде проза жанрында өндіртіп жазып жүргенін білеміз. Осы жанрда айрықша еңбекқорлығыңыз байқалады. Бұл сіздің поэзиядан алыстағаныңызды білдіре ме? Прозаға ықыласыңыз қашан, қалай оянды?
-«Мен проза мен поэзияны өзімнің егіз балаларым сияқты көремін», - дедім. Иә, соңғы кезде проза жазамын. Көп ізденіп, көп оқимын, көп көремін, көп тыңдаймын. Соның бәрін жүрегіме сіңіріп, миыма құйып аламын. Құдайға шүкір, жазуыма келгенде есте сақтау қабілетім жақсы. Көргенім кинодағыдай елестеп, еске түсе қояды. Ойымды бұзып алмау үшін өлеңді мөлт еткізіп, қағазға қаламсаппен түсіремін. Ал проза қаламсаппен де, компьютер, ноутбукпен де жазыла береді.
Фариза апам: «қыз баланың тағдыры оңай емес, балалы-шағалы болып, тірліктің тауқыметімен өлеңді біржолата қойған шығар, оның үстіне, әйел затының өнерін, ой-парасатын менсінгісі келмейтін дөкейлеу күйеу тап болды ма – кім білсін», - деп ойлап жүреді екен деп Сіз дұрыс айтасыз. Мені ол кісі бекер іздеген жоқ, бір кездері әдебиет әлемінде көрінбей кеткенім рас. Бір күні ойда жоқта кездесіп қалдық. «Сен өлеңді қойып кеткенбісің?» - деді Фариза апам. Мен жазып жүргенімді, бірақ еш жерде жарық көрмейтінін, отбасылық жағдайымды түсіндірдім. «Жазғандарыңды жинап маған әкел», - деді. Сол кезде жазып берген пікірі ғой. Қолжазбасы менде әлі сақтаулы. Соның нәтижесінде «Жыр тәж» деген тұңғыш жинағым 2011 жылы, «Атамұра» баспасынан қырықтан асқан шағымда жарық көрді.
Айжан айналайын, осы сұхбатың арқылы сен менің шерімді қозғадың... «Жаман сырын айтам деп шынын айтыпты» дегендей болып тұр. Айтпайын десем, оқырманым мен туралы шындықтан хабардар болса деп ойлаймын. Себебі, проза жазуыма қатаң шек қойылған кездерді де бастан өткізгенім рас. Сондықтан болар, мен қазір прозаны ашқарақтана жазып жүрмін, өмір бойы оқып, көріп, тыңдап, естіп, сыр сандығымда сақтап жиған байлығымды енді шығарып жатырмын десем болады. Мен прозаны он төрт жасымнан жазып келемін, бірақ шығармаларымның уақытында жарық көруге құқы болмады. Олар менің архивімде шаң басып жатты. Оларға жарық дүниені көрсету үшін Сират көпірінен өткендей, мықты сынақтан өтуге тура келді... «Ол қандай сынақтар еді?», - деп таң қалып отырған шығарсың? Бұл сынақтар біздің отбасымызға қатысты еді....
Мен ширек ғасырдан астам уақыт қазақтың классик жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дүкенбай Досжанның, марқұм, ол кісі өмірден өткенше заңды некелі жары болдым. Менен журналистер сұрайтын: «Екі бірдей қаламгерге бір отбасында тұрған қиын ба?», - деп. Мен барлық қазақ әйелі сияқты шындықты айтпай, «бізде бәрі керемет, ол – жазады, мен – корректорымын, редакторымын. Мен жазсам, ол ойын қосады», - деп жауырды жаба тоқып, әдемілеп жауап беретінмін. Шығыс әйеліне тән қасиетпен отбасылық құпия сыртқа шықпайтын. Ол кісі де мен туралы: «жаза алмадым деп арманда, мен неге жарыққа шықпаймын деп менімен ренжіседі» деп, мені жамандаған емес. Бірақ үйімізде шығармашылық майданы болып қалатын.
Негізі, менің мінезім қиын. Ештеңеден қайтпаймын. Бір нәрсені мақсат етіп қойсам, аяғына жетпей тынбаймын. Әйтпесе, Дүкенбай Досжандай адамға өз талабымды орындату оңай ма! Ол кісінің жаратылысын бәрі де біледі.
Алдымен, «өлеңіңді жазып тыныш жүр, проза қатынның қолы емес», - деді. Мен қоймай, жазғанымды «Қазақ әдебиеті» газетіне беріп, онда мың болғыр, бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы ағамыз газетке басып тұрды. Жұрт оқып, жақсы пікірлер айта бастады. Дүкең бірде: «жазғыш болып бара жатсаң біздің отбасы туралы жаз, көрейін. Менің саған жазған хаттарымды, енеңмен қалай тұрғаныңды, менің шығармашылық азаптарымды жаз, менің көзімнің тірісінде. Көрейін сенің шеберлігіңді. Ақшасын төлеп, кітап етіп шығарып берем. Соны жұрт қабылдаса ғана саған проза жазуға батамды берем», - деді.
Сонымен, Дүкең талап еткен кітап жазылып, «ҚАЗАҚПАРАТ» баспасынан «Үшінші есіктің құпиясы», - деген атпен шықты. Жұрт таласып оқыды, тіпті ол кісінің туған Жаңақорған ауданының кітапханасында оқырмандар төлқұжаттарын кепілге қойып оқыпты. Әрі ол кітапта жазушы Дүкенбай Досжанның шығармашылық жолындағы шытырман оқиғалары болған соң да шығар, халық қызыға оқып, ол кісінің адами және жазушылық тағдырының түп-төркінін түсінді.
Дүкең риза болды. Бірақ «бұл – эпистолярлық жанр, көркем шығарма деген құдірет, ол әйел көтеретін жүк емес. Өлеңіңді жазып тыныш жүр. Мен сені өзіммен жағаласып жазушы болады деп алғам жоқ», - деп жырын қайта бастады. Осы арада Айнұр деген қызымыздан кейін дүниеге келген Ілияс деген ұлымыз туа салып, көп тұрмай шетінеп кетті. Соған байланысты да арада түсініспеушіліктер болды. Мен жазудан арманда болғанмен, отбасында жақсы жар болдым. Балалар да жақсы оқып, еліміздің белгілі азаматтары қатарына қосылды. Барлық жағынан Дүкеңнің бір жағына шығып, «Сәуле маған – әулет, дәулет, сәулет
жасады», - деп, өзі айтқандай өмір сүрдік. Тек осы жазудың дерті мені іштей жеді. Орындалмас арманға айналды. Жазбайын десем, ұйықтатпайды. Жақсы қызметтерде де болдым, олар да мені алдандырмады. Ауруға айналдым...
Маған шығуға рұқсат болмаған соң, Дүкеңе көмектесіп, жаңа шығармаларына материалдар жинап беріп, идея қосып, корректурасын қарасып, «барып кел, алып келімен» жүріп, оның жазу лобароториясынан жазушылықтың қыр-сырын үйрене бердім. Бүгінде жазудан, ізденуден өз еңбегімді көрсетіп келе жатсам – сол Дүкеңнен үйренгенім. Алды жарық болсын, өте ризашылықпен айтып отырамын.
-Дүкенбай ағамыз үлкен жазушы, аңыз адам екені рас. Ол кісіден қалған жазушылық мұра – ортаймас қазына, орны бөлек әңгіме. Алайда, сіздің «Екі күйеулі келіншек», «Қызмет қамақтағы әйел», «Үлкен үйдегі үрей» хикаяттарыңыз, «Шаштараз әйелдің махаббаты», т.б. әңгімелеріңізден қалыптасқан стиль, нақты идея айқын көрінеді. Сіз өз шығармаларыңызда қазақ әйелінің мінез-болмысын, қоғам мен отбасындағы орнын нақты көрсетіп бересіз. Тіпті белілі бір идеалды алға тартатын сияқты көріндіңіз. Сіз қазірдің өзінде бірнеше прозалық кітаптардың авторысыз. Айтыңызшы, шынында, проза тілімен нені айтқыңыз келеді?
-Жазуға келгенде ашқарақ екенімді жоғарыда айттым. Ұзақ жылғы мемлекеттік қызметтен кейін былтыр зейнетке шықтым. Қазір барлық уақытымды ел-жер көрумен, кітап оқумен, солардан жинағанымды, өмірден тоқығанымды жазумен өткізіп жатырмын. Алла қандай ой салады – соны айтамын! Жазғаным оқырмандарыма жетсе деген мақсатым бар. Онымен әдеби агенттерім айналысады. Шет елде жазушылар кітабын біздегідей өздері шығарып, өздері насихаттап, өздері сатпайды екен. Ондай шаруамен әдеби агенттері айналысады. Қазақстанда да тұңғыш рет әдеби агенттік құрылды. Жетекшісі – Бақтыгүл Маханбетова ханым. Бүгінде ол агенттік біздің бірқатар ақын-жазушыларымызды еуропа елдеріне танытып, еліміздің ішіндегі баспалармен жұмыс жасап жүр. Мен сол агенттіктің қызметін пайдаланамын. Соңғы кездері Анар Кабдуллина деген жас қыз әдеби агент ретінде қызметін ұсынды, ол ТМД елдерімен жақсы жұмыс жасауда. Қазір Анар ханыммен осындай байланыстамын. Агенттіктердің жұмыс нәтижесі сол, бүгінде менің еңбегімді Еуропа мен ТМД көлеміндегі оқырмандар оқып, пікірлерін білдіруде. Кітаптарым алыс елдерде басылып жатыр. Сол агенттіктердің қызметін жазушылар жақсы қабылдап, істері ілгері болып төл әдебиетімізді әлем таныса екен деген арманым бар.
-Айтып отырғаныңыз рас, «Қызмет қамақтағы әйел» хикаятыңыз ресейдің танымал «Юность» журналына шықты. Әлеуметтік желі деген жылдам әрі аса тиімді ақпарат алаңы пайда болғалы көп нәрседен лезде хабардар болып отырамыз ғой. Дәл осы хикаятыңызды Ресей сыншылары жылы қабылдап, пікір білдіргендерін де сол жерден оқып, біліп отырмыз. Мәскеулік әдебиеттанушы Марианна Дударева бұл хикаят туралы «қызметтегі әйел өмірі бұрындары көп қозғалмаған тың тақырып» деп атап өтті. Сәуле апай, осы бір ерекше туындыңыз туралы айтып өтсеңіз.
-Бұл– мемлекеттік қызметте жүрген әйелдердің күнделікті өмірін бейнелейтін хикаят. Менің бір әріптесім өз жұмысының мен білмейтін қырларын, тағдырына әсерін әңгімелеп берді. Өзім де жиырма жылдан артық мемлекеттік қызмет атқардым. Күндердің бір күнінде Асем мен Дайыр Кәменұлы сынды кейіпкерлерім дүниеге келді де, жазбасыма қоймады...
-Сәуле апай, оқырман қауым жоғары бағалаған, сыншылар жақсы пікір білдірген тағы бір шығармаңыз – «Көрдемшенің қасіреті» деп аталады екен. Тақырыбы ерекше бұл туындыңыз ұмыт қалып бара жатқан ұлттық салт-санаға сілкініс әкелді десек артық айтпаймыз, сонымен қатар, бұл шығарма қазақы салт-дәстүріміз терең жарастық тапқан отбасы құндылықтарын да насихаттайды. Қалай ойлайсыз, жаһандану идеясын үздіксіз бойына сіңіріп жатқан бүгінгі қазақ қоғамы осы шығармада өзіңіз аса дәріптейтін ұлттық салт-дәстүрімізбен ажырамастай, қайтара терең қауышуы мүмкін нәрсе ме? Бұл үшін не істеу керек?
-Біз жаһандану дүмпуін қаласақ та, қаламасақ та, ол күнделікті өмір салтымызға, бойымызға сіңісіп, ертеңгі келер ұрпағымызбен бірге жасасатын болады. Біз одан ешқайда қашып құтыла алмаймыз. Оны «қабылдамаймыз» деу ақылға сыймас еді. Бұл біздің келешек тағдырымыз. Әрқайсымыз қоғамда, отбасымызда, өз бойымызда ұлтымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтай отырып, ғылым мен техника жетістігін меңгеріп, технологиялық дамуларды игеруге ұмтылғанымыз дұрыс. Жаһанданудың ортасында өмір сүре отырып, түп-тамырымыздан қол үзбей, қазыналы қасиеттерін одан әрмен дәріптей, ұрпақ бойына қанмен сіңіре білуіміз керек. Жас ұрпақ мүмкіндігінше алдыңғы толқынның жіберген қателіктерін қайталамауға тырысып, ұлттық асыл қасиеттерімізді өркендетуге күш салса, біз ешқашан ұлт ретінде жойылып кетпейміз. Қазақ бүгінде бақытты ұлт болса, оның басты тірегі –Тәуелсіздікте! Қазақтың өз Отаны, Көк Туы, Елордасы бар! Бізден саны он есе көп ұлттар Отансыз жүр. Ең қауіпті нәрсе – Тудың жығылып, Тілдің жоғалып, Тәуелсіздіктен айырылып қалу. Құдай содан сақтасын! Әрқайсымыз сол үшін іштей күресуіміз керек. Соның бір бөлігі –отбасы құндылығын насихаттау. Әкенің абыройын асқақтата отырып, Ананы ардақтау. Ұрпақты өсіре отырып, ұлтты сақтау. Қазақ енді аштықтан қырылмайды, бірақ ұрпағының қарны тоқ, санасы жоқ болса – жаһандану жұтып қояды. Мен «Көрдемшенің қасіретінде» отбасылық құндылықтарымызды еске салып, жастарымыздың бойында кездесетін жат мінезді ашып көрсете отырып, сол қатені түзетіп, сан ғасыр қан тазалығын сақтап келген бабалар дәстүрінің өз жалғастығы үзілмеуін армандадым. Ал, армандар міндетті түрде орындалады!
-Сәуле апай, әдеби кеңістікте еңбегіңіз еленіп, жүлде алған кездеріңіз аз емес, мүшәйралардың алдын бермедіңіз десе де болады. Кітаптарыңыз шығып жатыр, өз оқырмандарыңыз бар. Енді Сізге соңғы сұрақ: еңбегіңіз мемлекеттік дәрежеде бағаланып жүр ме?
-Кітабымды таласа оқып жатқан еліме, оқырмандарыма алғысым шексіз. Еңбегім мемлекеттік дәрежеде де бағаланбай жатқан жоқ. Оны ғаламтордағы менің өмірбаяндық парақшамнан да көруге болады.
Ең жоғарғы бағаланғаны, Қазақстан медицинасының замануи жетістіктері туралы жазылған «Өгей жүрек» кітабым үшін 2015 жылы, Елбасы Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. Бұл баяғыдағы «Халық жазушысы» атағының екінші атауы десе де болады. Еңбегімнің осындай дәрежеде бағаланғаны маған шабыт сыйлап, содан кейін де болар, қазір өндіріп, көп жазып жүрмін. Құдайға шүкір, баспагерлер өздері тапсырыс беріп, еңбектерімді шығарып жатыр.
-Мағыналы сұхбатыңыз үшін көп рахмет, Сәуле апай! Сізге шығармашылықтабыс, сарқылмас шабыт тілеймін!
Сұхбаттасқан Айжан Табаракқызы