ОЛ БӘРІНЕ БИІКТЕН ҚАРАП ОТЫР

ӘДЕБИЕТ
4554

Асқар Жұмаділдаев «Қазаққа ақын керек емес, технократ керек» деп бір сөз айтқан екен, бәрі өре түрегелді. Кәдімгі басы бар да, аяғы жоқ базардағы дау-дамай. «Жау шаптылап» жүргендер де жоқ емес. 

Асқарды бір білсе, білетін – менмін. Талшыбықты тай қып мініп бірге өскен «жалғызым» еді. Оның сөзінде ыза бар. Құдыққа үңіліп қараған адам шыңыраудың түбін көрмесе де, бір тағдырды біліп тұрады.

Жазушылардың өткен құрыл­тайына бірге барып едік. «Мыналар болмайтын сөзді айтып кетті ғой, мен кеттім» деді шыдамы жетпей. «Неге?» десем, «Әдебиет туралы бір ауыз сөз жоқ, кім не істеп, не қойды деген баяндама жоқ. Опера театрын бір күнге сұрап алған екен, одан да сол қысқа уақытты пайдаланбай ма?» деді алабұртып. Оныкі дұрыс. Осы жиында (құрыл­тай дейік) әруақ Жамбылдан бас­тап, қолына қалам ұстағандар­дан сау адам қалмады. «Әдебиет – ардың ісі» деп бастадық та, арсыз­дың сөзін айтып кеттік. Мәс­кеуден бастап, бүкіл дүние­жүзінің алқалы жиындарын көрген жігіт өз ауылы­ның бәтуасыздығына шы­дай алмай залдан шығып кетті. Ал енді Асқардың әлгі сөзіне келейік. Үйінде отырып Америка­ның есебін шығарған «бала» бәріне биіктен қарайды. Оу, шаңсорғыш­ты Жапониядан сатып алып жү­р­міз. Екеуіміздің ауылымыздағы мұнайдың «бригадирі» – қытай. Қазақ оқымаған, «техниканы» иге­ре алмайды екен. Олар қора сыпы­ру мен қарауылдыққа ғана жарай­ды. Өлең сөз жазған озық ойлы­ларымыздың түрі анау, 37-ден бас­тап әліге дейін бірін-бірі қара есек­ке теріс мінгізіп келеді. Бұл – ұлттық характер. Асқар осының бәрін көріп, жаны шырқырайды. «Ауылға барсам, – дейді, – бір ақын, жігіт (сенің інің деп бетіме басты) «бір өлеңім бар еді, оқып берейін» деді. Оқыды. Менің өлеңдерімнен көш кейін. «Бір 100 грамм болса тағы біреуін оқыр едім» дейді дәметіп. «Өзің немен айналысасың?». «Тракторшымын». «Неге бос жүрсің?». «Трактор бұзы­лып тұр. Біздің ауылда трактор жөндейтін инженер жоқ» деп бір нәрсені көксегендей болды. «Сен, інім, Ауыл шаруашылығы инс­титуты­на түс те, инженер бол. Ауылыңның жерін жыртып, егінін сал». «Сізден басқа маған кім ақыл айтады? Сонан кейін ғой, ақын­дықпен айналысып жүрге­нім». Тағы бір ақынды кездестірдім. Ол удай мас. Химия-технология инс­титутын бітіріпті, «жұмыс таппай сандалып жүрмін» дейді. 

Асқарда мысал көп. Ол бұл жерде тек өлеңді емес, қоғамды келемеждеп отыр. Өйткені онда көз бар. Оның көзі – көрмесе тұра алмайтын «ұятсыз» көз. Шиелі ауданының тарихында бір жігіт өзімен бірге Ленинград азаматтық авиа­ция институтына түсіп келген­де ешкім менсінбепті. «Бес жыл оқып, самолет айдамақсың ба?» деп тұқыртыпты. Осы бір-бірімізді тұқыртудың арқасында әлемдегі инженериясы дамымай қалған елдердің санатындамыз. Ақын­дары­мыз көп-ақ, олар да бірін-бірі тұқыртудан аса алмай жүр. Осының бәрін Асқар «көрмейін десем, көзім бар» деп айтып отыр. Әйтпесе, ұлттық поэзияның бары мен жоғын бір адамдай сараптайды. Алғашқы қайынатасы Тұман­баймен жыр сайысына түскенде, Тұмекең «осы жерден доғарайық» деп ым қаққандай болған. Әрине, ол айтыс емес – лирика. Тұмағаң­ның перзенті, Асқардың жан жары дүниеден қайтқанда жан азабын жайып салған жоқтау, көңіл күй лирикасы. Ол бәріне биіктен қарап отыр. Мойнына галстук тағып, кішігірім шенеунік боп өлең жазғандар мем­сыйлық ала алмадым деп опын­ғанда: «Осы менде соның біреуі емес, екеуі бар, үйден кеп алып кет­сінші, маған Ли де жетеді» (математиктерге Нобельдің орны­на берілетін сыйлық) дейді дызақ­тап. «Ақындар емес, технократтар керек» деуі – сөзден пәтуа кетті, халық аузына қараған құдайлар не болса соны айтып кетті, «молданың айтқанын істе, істегенін істемені» халық талқысына салып отыр. Ол сөз қуғандарға ХХІ ғасырда ұлттық маман керек, самолетті өзіміз айдап, зымыранды өзіміз атпасақ, Бейімбеттің «охрана бастығы» боп қалғанымыз – қалған дегенді меңзеп тұр. 

Екеуіміз Байқоңыр атанған Төретам­ның түбінде тудық. Айтма­тов­тың романындағы мәңгүрттер мекені де осы жер. Шүршіттер де, жуан-жуандар да сол жерде. «Бала» ауылға барған сайын соның бәрін көріп, көңілі құлазып қайтады. Қолынан іс келмейді деп ағайын-туысын құл қып ұстап отырған кірмелерді көресің. Өлең жазған­дарға наз айтса, олар өздерінше бір өмір. «Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген» дейтін ешкімді таппай жүр. Тұнып тұрған мұнай мен уранға инженер боп өзі қол былғап, өзі ие бола алмаған қазақ­қа өлең сенің не теңің дегенді меңзеп отыр. Сағи мен Қуандықты, Төлеген мен Мұқағалиды, Жарас­хан мен Темірханды, Ұлықбек пен Есенғалиды, Аманхан мен Бай­бота­ны жатқа айтып, ботадай боздап отыр. 

«Балада» арман мен мұң бар. Мұң бар жерде ыза бар. Мына сөз ызалы көңілден ытқып шыққан бір ұшқын. «Ұшқыннан жалын лау­лайды» деп кәнігі Ильич те тегін айтпаған. Бұл да – Асқардың өз сөзі. Лаулаған өртті өршітуді емес, өшіруді ойлайық. Өрттен қалған бықсықтың орнын өлшеп-пішіп, аһ ұрып қалған ата-ананы жауапқа тартқаннан ештеңе шықпайды. 

Одан да, оқыған жігіттер, өртен­бейтін үй соғайық. 

Өлеңнің отына өртенгендер онсыз да аз емес.

Қуандық ТҮМЕНБАЙ

 aikyn.kz 

author

Қуандық Түменбаев

Жаңалықтар

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне арызданған жергілікті тұрғын үйдің жанында ойнап жүрген кішкентай...

Жаңалықтар

Бүгін Ташкентте өтіп жатқан спорттық гимнастикадан Азия чемпионатында бірнеше жаттығу бойынша финалд...