Бауыржан ҮСЕНОВ. Іздегенмен тірілтпейсің сен де енді...

ӘДЕБИЕТ
1611


ҚАРА МАШИНА


Үш ұлы адам дарын ескен түрінен,

Келбетіне Құдайдайын үңілем.

Бір-ақ жылда қайтыс болған, тарихи,

Құбылыс деп ойлайтынмын мұны мен.


Бір тынбаған қамын ойлап халықтың,

Күреңітіп тұрмасын деп жарық күн.

Бірақ халық жауы болып ұсталып,

Кеткендігін кейін біліп, қамықтым.


Естеліктер жазып жүрген сан адам,

Бірақ бүгін көрінбейтін арадан.

Қалайша жау қазақ әдебиетінің,

Іргетасын құлдар құсап қалаған?!


Адамзаттың ажарлысы, өзі ақын,

Қазағым деп қамшылаған боз атын.

Сырнай үнмен әсем әнін созатын,

Жан бар ма еді Сейфуллиннен озатын?!


Алатаудан Ақсу болып бұрылған,

Қыран жырды қайыратын қырымнан.

Жансүгіров емес пе еді Құлагер,

Ол қалайша айбалтаға ұрынған?!


Талантына табынам мен қай елдің?

Мен өзімнің қазағымнан май емдім.

Бейімбеттің жазығы не, паш еткен,

Еркек түгіл коммунисін әйелдің?


Қалайша жау ардагерлер топ жарған?

Ақиқатын сұрадым мен көп жаннан.

Қырандарға көкте қанат қағатын,

Кімдер екен, кімдер екен оқ жонған.


Оларға оқ жаумағаны хақ көктен,

Жауабы жоқ, жаныма осы батты өктем.

Бірде біреу деді: «Оларды бір түнде,

Қара машинамен келіп ап кеткен...»


Қалың топты жарып шыққан мергенді,

Қазақ қашан асылына теңгерді?

Қолымызбен ұстап берген ерлерді,

Іздегенмен тірілтпейсің сен де енді...


Содан бері шошынамын дүсірден,

Содан бері көз алмаймын мүсіннен.

Қараңғы түн, қап-қара бір машина,

Шықпай қойды, шықпай қойды түсімнен.


Әлі алдымда батпағым көп кешпеген,

Көкеймде құпиям көп шешпеген.

Шындық жайлы айта берсем, бір түнде,

Қара машина ап кетердей сескенем...


Көңілдің кейбір сәттері


Сырбазсыман, сыр ашып сөйлегесін,

Мен өмірден түңілем кейде, досым.

Шалғайымнан тартқандай шиебөрі,

Шөлде қалып қойғандай бейне көшім.


Бұлақ мұзға айналып кететіндей,

Құлағымнан жел сарнап өтетіндей.

Мұрат шіркін, пенденің пәруана боп,

Мәңгі жете алмайтын бекетіндей.


Бұлбұлымды бүргендей қаршыға кеп,

Болысам деп жүрегім шаншып әлек.

Көкірегімді аршыған кеме мұңнан,

Айқайлауда ол сығыр: «Аршыма»- деп.


Бәйге-құнан аяғын сындырғандай,

Сындырғандай, мұң шағып шыңғырғандай.

Не болды деп күрсіне,

Жігерімді осынша құм қылғандай.


Мені тастап достарым кеткен сынды,

Қаға алмайтын Мұңлықпен беттен сұмды.

Сіңіре алмай санама отырамын,

Самал болып еркелеп жеткен сырды.


Айналамдағы еш нәрсе қызық емес,

Жатады өтіп көзімнен үзік елес...

Бар адамның басында болатын жай,

Мықты болсаң елесті бұзып егес.


Жыр құрадым таба алмай толымды ырғақ,

Сықылықтап күледі сорым жырлап.

Тұман-тұман ойлардың түкпірінен,

Тіршіліктің маягі қолын бұлғап.


Бірде менен бір қарындас:

«қызыңыз бар ма?»,- деп сұрады


Қарындасым-ай қиылған,

Сыйладың маған тағы елес.

Бақытым маған бұйырған,

Сор болып келген бақ елес.


Қинама айтқын деп менен,

Төгілмей жасым тұр шаққа.

Ғашықтық сезім көктеген,

Ұрынып қалған бұршаққа.


Аруды сендей мен сенген,

Басқа жан кеткен жар қылып.

Батпаққа батып белшемнен,

Шыға алмай жүрмін малшынып.


Бір рет оңбай алданғам,

Осындай сырым бар, айнам.

Аумаймын қазір арланнан,

Ызадан көзі қарайған.


Басыма орнап түнек түн,

Ақын боп солай кетіп ем.

Өртеніп кеткен жүректің,

Көсеме күлін, өтінем.


Өтінем, қалқам, сұрама,

Тырнама жанды, жетеді.

Әйтпесе сені бұл ағаң,

Сабақтан қырқып кетеді.


НЕТКЕН ЖАНАР


Япыр-ау, неткен жанар, неткен жанар?!

Өртейтін отқа айналып кеткен бе адам.

Түсірді-ау найзағайын жүрегіме,

Бұлттардай қақтығысып көк торлаған.


Аз күнгі сауық-сайран болма маған,

Аңсағам, сағынышпен жол қарағам.

Өзіңнің емдеуіңді күтері анық,

Жүрегім қызыл қаны сорғалаған.


Өмірді сүйем бе, өзіңді сүйем бе,

Біле алмай соны ұяттымын.

Мөлдіреп тұрған көзіңді сүйерде,

Өмірдің құны бір-ақ тиын.


КҮЗГІ МАХАББАТ


Үзілген жапырақ - қайыңның көз жасы,

Үмітсіз өкпек жел еңіреп боздашы.

Қоштасқан құстардың көз жасы-жаңбыр ма?

Қалқа қыз, күттіріп көңілді қалдырма.


Көзді арбап, көңілді тартпайды жұтаңдық,

Жапырақ ғұмырын жаратқан тұтам ғып.

Тағдырға өкпелеп не пайда табамыз,

Біз суық күзде де лапылдап жанамыз.


Қалқа қыз шықты әне, бұйым ба өкпегің,

Күлімдеп келеді көгілдір көктемім.

Қараңғы түн ұғады сырымызды,

Жаңбыр қосып айтады жырымызды.

Дауыл жауын ішінен жеті түнде,

Неге іздейміз біріміз-бірімізді.


Мұратым бар жан баспас арал ашпақ,

Біздің бұлақ дарияға араласпақ.

Көптен бері мекен боп алды бізге,

Күзгі дауыл тонаған жалаңаш бақ.


Жарқыл жазың жалт етіп өткен елес,

Махаббатқа керегі көктем емес.

Біздің сезім күзде өнген гүл сияқты,

Суық күзге, аяулым, өкпелеме еш.


Ақ жаныңды емдейін жырымменен


Жаныма жалт қараған нышаның ем,

Көзіңдегі жұмбақ сыр құса, білем.

Бөлісейін мұңымды, қарындасым,

Жатырқамай сен менің құшағыма ен.


Біздер жайлы мейлі өсек сөз борасын,

Бөтен көрме даланың боз баласын.

Қасқыр қуған еліктей жаутаңдайсың,

Өртеп жүр мені осы бір көзқарасың.


Анық сезем жаныңда бір мұң барын,

Жай-күйіңді дірілдеп білдірді әнің.

Үлбіреген аққудай қалпың осы,

Мазағына қалып-ед кімнің, жаным.


Кімдер екен жаныңды жаралаған?

Санамды ине болып аралады ән.

Үрікпеші сен менен, аққу құсты,

Үйреткен жоқ атуды дала маған.


Мұңыңменен мұңымды бірге өрейін,

Жүрегіңе шипалы жыр егейін.

Тым болмаса жараңды емдеп жазып,

Аспаныңа ұшырып жіберейін.


Жатса да көп сындардың жауып сеңі,

Мұңлы жаның жырымнан сауықса еді.

Күлші қалқам, жанарың ашық болса,

Бақыт өзі-ақ келеді тауып сені.


АТСЫЗ ӨЛЕҢ


Қоямын не деп жыр атын,

Болса да мақсат анық тым.

Болса да биік мұратым,

Мен кеше сұмдық қамықтым.


Ыңылдай басып бір әнге,

Шыққан ем тойды аяқтап.

Адамдар, менің кінәм не?

Көшеде кетті таяқтап.


Не үшін соқты, кім білсін,

Жүргендер ме екен тасып шын.

О, өмір, неткен бұлдырсың,

О, өмір , неткен ашықсың.


Ақ жүрек жырдың баласы,

Содырдың болды мазағы.

Жазылар тәннің жарасы,

Жанды кім емдеп жазады?


Жалаң аяқпен қар кештім,

Туындап мұңлы жыр тағы.

Оразбайлар мен Дантестің,

Өлмепті-ау әлі ұрпағы.


Жақсылар жанды жазар-ау,

Жырлармен талай күмбірлеп.

Өмір, бір сырың - мазақ-ау,

Болса бір сырың шын құрмет.


Пендені қалмас аяп тіл,

Ол үшін сөкпес мені ешкім.

Өмірден жеген таяқты,

Өлеңнен бірақ жемеспін.


ӘН


Ән бар еді,

Бір әнім,

Шынайы әнім,

Ұмытып қап әуенін мұңаямын.

Қолтық сөгіп, көсіле шаппаған соң,

Кімге керек кібіртік құр аяңым?

Ән бар еді,

Әнімді неге ұмыттым?

Жарқырап күн, тұратын төгіліп түн.

Қадам сайын қанатқан балтырымды,

Құрбаны боп кеттім бе жөгіліктің?..

Ән бар еді,

Сырлы да, мұңды да еді,

Талай ару тамсанып, үлбіреді.

Өмір жайлы ой толғап өзге жақта,

Өзімді іздеп жүр ме екен, кім біледі?

Ән бар еді,

Иесі мен емес пе ем?

Балдырғанды өлкеде Кенен өскен.

Шошыды ма тірлікпен ғұмырымды,

Жүргенімде өткізіп ерегеспен?

Ән бар еді,

Аққудың сыңсуындай,

Жүрегімді тынбайтын бір суырмай.

Жан-дүниемді сығады сұм өкініш,

Оттан шыққан қып-қызыл шымшуырдай.

Көбелектің көгілдір қанаты еді,

Атасы - нұр,

Ақша бұлт - ана тегі.

Көкірегімнен «әу» десем, аққу емес,

«Қоңыр үйрек» бұл күнде дар етеді.

...Ән бар еді, бір әнім, шынайы әнім,

Ұмытып қап әуенін мұңаямын...


author

Бауыржан Үсенов

АҚЫН

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...