Халық жазушысының веб-сайтынан алынды
Мұхтар Әуезовтың 50 томдығы
1997 жылы жазушының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ҚР Үкіметі қаулысымен 50 томдық академиялық еңбегін басып шығару қолға алынған болатын. Сол жылы кітаптың 1-11-ші томдары «Ғылым» баспасынан шыққан еді. Қалған 12-50-ші томдарын шығару 2003 жылдан басталған. Жақында «Жібек жолы» баспасынан соңғы 50-ші томы жарық көріп, бүгін оқырманға жол тартты. Бұл академиялық басылымда М.Әуезовтың 1917- 1961 жылдары аралығында жазылған мақала, әңгімелері, пьесалары мен аудармалары, оқушы қауымға белгісіз болып келген туындылары, сөйлеген сөздері мен баяндамалары, пікір, хаттары берілген. «Елу томдықтың мазмұны, маңызы, ауқымы, әлеуметтік салмағы жағынан қазақтың мәдениеті мен көркемдік әлемін белгілі бір белеске көтерген құбылыс ретінде бағалауға болады. Осы еңбектерден қаламгердің ойшылдық қарымы, шығармашылық ұстанымы, қоғамдық, ұлттық, рухани-мәдени мәселелерге деген көзқарасы айқын көрінеді. Бұл 50 томдық бұрын жарық көрген 20 томдықта жоқ жаңа дүниелермен толықты. Бұған дейін қазақта 50 томдық академиялық басылымы жарық көрген адам болған емес. Сондықтан аталған елу томдықтың орны ерекше»,- дейді М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, академик Сейіт Қасқабасов.