Амангелді Кеңшілікұлы. ТОМАС МАНН

ӘДЕБИЕТ
2606

Жиырмасыншы ғасырда әлемдік прозада төңкеріс жасап, жазу мәнерін өзгертіп жіберген үш ұлы суреткер бар. Олар – Марсель Пруст, Франц Кафка, Джеймс Джойс. Менің ойымша олардың қатарына тағы үш ірі талантты қаламгерді - Томас Манн, Уильям Фолкнер мен Габриэль Гарсиа Маркесті қосуға әбден болады. Соңғы аталған үшеуінің ішінен Томас Манның шығармашылығын ерекше жақсы көремін. «Әлем әдебиеті» бағдарламасынан немістің ұлы қаламгері туралы бірнеше хабар жасаған екенмін. Қазақ радиосының тілшісі Айгерім Оралбекқызына осыдан екі жыл бұрын берген сұхбатымның мәтінін кеше қағазға түсіріп қойған едім. Енді сол сұхбатымды сіздердің назарларыңызға ұсынғанды жөн санадым. 

Айгерім Оралбекқызы: Томас Манн әлем әдебиетіндегі интеллектуалдық прозаның негізін салған жазушылардың бірі. Негізгі тақырыбымызға көшпес бұрын, инттелектуалдық романдар туралы мағлұмат беріп, ондай туындылардың дүниеге келуінің себебіне қысқаша тоқталып, мән-жайысын түсіндіре кетсеңіз. 

Амангелді Кеңшілікұлы: Әрине, интелектуалдық проза жайында таңды-таңға ұрып, ұзақ әңгіме соғуға болады. Дегенмен, уақыт тапшылығын ескеріп, мен оны бір-екі ауыз сөзбен түсіндіріп, түйінін тарқатып беруге тырысып көрейін. Интелектуалдық әдебиетте көркемдік формаға түскен өнер мен ғылымның шекарасы жойылады, өмірді суреттегеннен гөрі оны түсіндіруге қатты көңіл бөлінеді. Мұндай туындылардың табиғаты сан қырлы, көп жанрлы болып келіп, оқырманның ой өресі мен білім деңгейінің жоғары болуын талап етеді. Біз бүгін шығармашылығын тілге тиек еткелі отырған, немістің ұлы жазушысы Томан Манн да ХХ ғасырдағы әлем әдебиетіндегі интелектуалдық роман жазудың - теңдессіз шебері. Жалпы бұл жанрдың ХХ ғасырда Германияда екі үлкен дүниежүзілік соғыстың арасында дүниеге келгенін айта кеткім келеді. Және дәл осындай кезеңде инттелектуалдық романдардың дүниеге келуі заңдылық та еді. ХІХ ғасырдың Германия мемлекеті үшін рухани жаңғырудың заманы болғанын жақсы білесің. Гегель, Кант. Фейербах, Маркс, Энгельс, Ницше, Шопенгауэр, Шеллинг т.б. түрлі бағыттағы философтар лек-легімен келді. Әрине, осындай әлемдік ой-санада өшпестей ізін қалдырған неміс философтарының іргелі еңбектерінің Германияда туып-өскен ақын-жазушылардың творчествосына ықпал етпеуі мүмкін емес еді.

Сол уақыттары интелектуалдық роман әдебиеттегі жанрлық өзгешелік ретінде көптеген қаламгерлердің қызығушылығын туғызды. Жаңаша сипатта жазылған ондай туындыларға деген оқырман сұранысы да күшті еді. Міне осы жанрдың аса көрнекті өкілі Томас Манн шығармаларының әлем әдебиетіндегі алған орны өте жоғары бағаланды. Әрине, уақыт өзгерген сайын көркем прозада да жаңа кумирлердің келуіне байланысты, оқырман талғамының да өзгеріске ұшырайтыны - заңдылық. Сол себептен де бүгінгі таңда Томас Манның көлемі кере қарыс романдарының қаншалықты оқырман сұранысына ие екенін мен аса жақсы біле бермеймін. Алайда, көлемі 700 бетке жуық «Буденброктар» романы үшін Нобель сыйлығын алған Томас Манның ХХ ғасырда шығармалары ең көп оқылған жазушылардың бірі болғаны дау туғызбайтын ақиқат. Совет Одағында да немістің ұлы жазушысының туындылары жүздеген мың данамен басылып шықты. Мысалы, оныншы сыныпта оқып жүрген кезімде, яғни, 1985 жылы мен сатып алған «Буденброктар» романы 500 мың данамен жарық көріпті. Мұны айтып отырған себебім, бүгінгі таңдағы прозаның ықшамдыққа қарай бет бұрып, роман көлемінің айтарлықтай екшелгені мәлім. Қазіргі кезде көркем прозаның өлшемі де, оның көлеміне байланысты қоятын оқырман талабы да өзгергендіктен Томас Манның 600, тіпті, 1000 беттен де асып жығылатын «Буденброктар», «Сиқырлы тау», «Доктор Фаустус», «Иосиф және оның ағалары» романдарына деген оқырман қызығушылығы, осыдан алпыс-жетпіс жыл бұрынғыдай аса жоғары еместей болып көрінеді маған. Мүмкін, мен қателесетін де шығармын. .

Айгерім Оралбекқызы: Томас Манның көлемі өте үлкен романдар жазуының себебі неде деп ойлайсыз?

Амангелді Кеңшілікұлы: ХХ ғасырдың басында әдебиетке келген жазушылардың қай-қайсысының да шығармашылығына Лев Толстой туындыларының қатты ықпалы болды. Неміс жазушысы Томас Манн да осы үлкен мектепті одан әрі дамытуға зор үлес қосқан ірі суреткерлердің бірі. Дүниетанымы мен жазушылық көзқарасы тұрғысынан да, шығармашылық шеберлігі жағынан да ол Толстойға жаны жақын жазушы болды. Достоевский туындыларының да оның шығармаларына ықпал еткеніне қарамастан, ең қатты жақсы көрген суреткері Толстой болғандықтан Томас Манн барлық жағынан оны ұстазы санады. Неміс қаламгерінің «Гете мен Толстой» деп аталатын еңбек жазып, гуманизм мәселесіне терең үңілуі көп нәрсені аңғартады. Толстой шығармашылығының ықшам формаға көнбейтін, ауқымы кең, құлашын алысқа сермейтін эпикалық шабытының Манн туындыларына да қатты әсері болғаны анық байқалады. Дей тұрсақ та Томас Манн ұлы неміс мәдениетінің - заңды мұрагері. Міне осы тұрғыда жазушының шығармашылық және адамдық тұлғасының қалыптасуында немістің ұлы ақыны Гетенің зор әсері болғанын айтпай кете алмаймыз. Манның барлық туындыларынан Гетенің ықпалы сезіледі. Мысалы, жазушының «Веймердегі Лотта» романында Гете неміс мәдениетінің ажырымайтын бөлігі ретінде көрініс табады. Дегенмен, Томас Манның тұлға ретінде қалыптасуына ағартушылық бағыт қана әсер етті деп айта алмаймыз. ХХ ғасырдағы түрлі саяси оқиғалардың да жазушының азаматтық ұстанымы мен көзқарасының қалыптасуына зор ықпалы болды.

Айгерім Оралбекқызы: Міне, осы орайда Томас Манның өміріне де қысқаша тоқтала кетудің реті келген сыңайлы.

Амангелді Кеңшілікұлы: Берілген мүмкіндікті пайдаланып, мен осы жерде Томас Манның бауыры Генрих Манның да немістің ұлы жазушысы болғанын айта кеткім келеді. Негізінен неміс романының қалыптасуына ағайынды Манндардың тигізген ықпалы зор болды.

Немістің екі бірдей ірі қаламгерінің әкесі Томас Йохан Генрих Манн ірі шенеунік болып, қала сенаторы қызметін де атқарды. Мандардың отбасында бес бала тәрбиеленді. Әкесі өте ауқатты адам болғандықтан, бала күнінде отбасы тұрмыс тауқыметін тартқан жоқ. 1891 жылы ісік ауруынан отағасы дүние салады. Әкесінің қалдырған өсиетіне сәйкес, отбасылық фирма мен Любектегі үйлері сатылып, әйелі мен балаларына оның пайызынан түскен соманы қанағат етуіне тура келеді. Әкесі қайтыс болып, фирмалары сатылғаннан кейін Мандардың отбасы Мюнхенге қоныс аударады. Томас Манның әдебиетке бейімділігі бала күнінен байқалып, ағасы Генрих шығарған «Күзгі найзағай» әдеби-философиялық журналында тырнақалды туындылары жарық көріп тұрды. Бір жыл әскери борышын өтеп келген соң болашақ жазушының алғашқы новеллалары жарық көре бастады. Дегенмен, Томас Манның атағын шығарып, жазушылық талантын қалың елге мойындатқызған шығармасы – «Будденброктар» романы болды. Бұл романында ол өз отбасының өмір жолын негізге ала отырып, Любектен шыққан саудагерлер әулетінің құлдырауы мен азғындалуының тарихын баяндайды. Романдағы сипатталатын бір отбасының әр жаңа ұрпағы үнемділік, жігерлілік сияқты бюргерлерге тән қасиеттерін жоғалтып, нақты өмірдің қиындықтарынан қашып, философия, дін, музыка, бұзақылық әлеміне қарай кете бастайды. Нәтижесінде олар сауда мен Буденброктар әулетінің беделіне деген қызығушылығын ғана жоғалтып қана қоймай, өмір сүрудің мәнін түсінбей, оның ақыры отбасылық үлкен трагедияға айналады. Ірі суреткер екенін мойындатқызған «Буденброктар» романынан кейін жарық көрген новеллалар жинағы да жазушыға зор табыс әкелді. 1905 жылы қаламгер математика профессорының қызы Кате Прингсхаймге үйленіп, одан алты бала сүйді. Екі баласы кейін әкесінің жолын қуып, әдебиетші болды. Өмірінің соңына дейін Томас Манн әйелінің еврей ұлтының өкілі екенін жасырып келді. Атақты отбасыдан шыққан қызбен некеге отыруының арқасында Томас Манн Германиядағы ірі буржуазия тобының қатарына қосылды. Дегенмен, жазушы қайшылықты тұлға болды. Бірінші дүниежүзілік соғысы жылдарында ол соғысқа қолдау білдіріп, пацифизм мен қоғамдық реформаларға қарсы шықты. Соның кесірінен мүлде басқа көзқараста болып, соғысқа қарсы шыққан ағасы Генрихпен арасы суып кетті. Екеуі 1922 жылы ғана қайта табысты. Сол жылы Германия Сыртқы істер министрі Вальтера Ратенау айуандықпен өлтірілген болатын. Міне осындай қанды оқиғадан кейін Томас Манн бұрынғы көзқарасынан бас тартып, демократияны жақтайтынын білдіріп, мәлімдеме жасап, либералдық-демократиялық бағыттағы Неміс демократиялық партиясының мүшелігіне өтті. 1924 жылы Томас Манның көлемі жағынан «Буденброктардан» да ауқымды, тағы да бір ұлы туындысы «Сиқырлы тау» романы жарық көрді. Бұл роман ХХ ғасырдағы неміс әдебиетіндегі өте күрделі туындылардың бірі. Романның сюжетіне қысқаша ғана тоқталатын болсақ, шығарманың бас кейіпкері Ганс Касторп құрт ауруына шалдыққан науқастар емделетін тауда орналасқан шипажайға туысының жағдайын білуге келеді. Оқиға барысында Ганстың да сырқат екені анықталады. Таудағы өмір оның жанын арбап алады. Міне осылайша бас кейіпкердің таудағы өткізген өмірі бірнеше жылға созылып кетеді. Таудың таза ауасымен тыныстап жүріп Касторп өзінің өмір мен өлім туралы пәлсапалық ойларын дамыта түседі. 1929 жылы Томас Маннға «Буденброктар» романы үшін әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы берілді.

1930 жылы солшыл бағыттағы жазушы Берлинде сөз сөйлеп, фашизмге қарсы майдан ашуға шақырып, нацизмге қарсы күресіп жатқан жұмысшы табына қолдау білдірді. Әрине, осыдан кейін Томас Манның жағдайы қиындап, 1933 жылы ол отбасымен нацистік Германиядан көшіп кетіп Цюрихке қоныс аударуға мәжбүр болды. Сол жылы атақты қаламгердің «Иосиф және оның ағалары» деген романының бірінші томы жарық көрді. Кезекті туындысында ол Иосифтің інжілдік тарихын өзінше түсіндіреді. Бұл көлемді еңбегі «Иактың тарихы», «Иосиф Египетте» және «Иосиф асыраушы» деп аталатын бірнеше романнан тұрады. Көлемді туындысын жазу барысында Томас Манн материалдар жинау үшін Палестина мен Египетке арнайы барды.

1936 жылы жазушыны фашистік Германияға қайтарғысы келген неміс ұлтшылдарының айла-әрекеттері жүзеге аспағаннан кейін, олар Томас Маннды азаматтығынан айырады. Осылайща жазушы Чехославакия елінің азаматтығын алып, 1938 жылы АҚШ - қа көшіп кетіп, Пристон университетінде сабақ берумен айналысып, нәпақасын табады. 1939 жылы Томас Манның егде тартқан Гете мен немістің ұлы ақынының жас күніндегі махаббаты - «Жас Вертердің қасіреті» романының прототипі болған Шарлотта Кестнермен ұзақ жылдар өткеннен кейін кездесуі сипатталатын «Веймердегі Лотта» романы жарық көрді. 1942 жылы ол Пасифик-Палисдейз қаласына қоныс аударып, неміс радиотыңдаушыларына арналған фашизмге қарсы хабарлар жүргізеді. Енді Томас Манның азаматтық тұлғасының қандай болғанын білдіру үшін, сол кездегі сөйлеген сөздерінен үзінді келтіре кетейін. «Зұлым және ізгілікті деп жұрт айтып жүрген екі Германия жоқ. Ібілістің қулығына алданып қалып, зұлымдықтың көрінісіне айналған бір-ақ Германия бар. Зұлым деп жатқанымыз – жалған жолмен кетіп, бақытсыздыққа душар болып, қылмысқа белшесінен батып, апаттың алдында тұрған – ізгілікті Германия. Міне сондықтан да неміс болып туған адам «Менің әппақ ниетіме қараңыздарщы, мен – ізгілікті, қайырымды, әділеттімін, ал, зұлым Германияны сендердің талауларыңа беремін», деп айта алмайды».

Айгерім Оралбекқызы: Екіншідүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін Томас Манн әлемді үлкен қасіретке душар еткізетін зұлымдық тақырыбын көтерді ме?

Амангелді Кеңшілікұлы: Әрине. Зұлымдықтан зардап шегіп, адамзат баласының қарғысына ұшыраған Германияның қандай қасіретті басынан кешкенін көзімен көрген Томас Манның бұл тақырыпқа ен салмауы мүмкін емес еді. 1947 жылы жазушының «Доктор Фаустус» деген романы жарық көрді. Оқиға ХХ ғасырдың басында болып жатқанына қарамастан бас кейіпкер Фаусттың тағдырын қайталайды. Есіңізде болса Фауст жанын сайтанға сатқан болатын. Романдағы өте данышпан, бірақ арқасы бар композитор Адриан Леверкюн батыс буржуазиялық зиялы қауымы кемтарлығының жинақы бейнесі болып табылады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ үкіметі Томас Маннға Совет Одағымен астыртын сөз байласты деген айып тағады. 1952 жылдың маусымында Томас Манн отбасымен Швейцарияға қоныс аударады. Екіге бөлінген елін көргісі келмегеніне қарамастан ол Германияда жиі болып тұрады. 1949 жылы Гетенің мерейтойын мерекелеу шарасының аясында ол екі Германияға да барып қайтты. Жазушы өмірінің соңына дейін қаламын қолынан тастаған жоқ. 1951 жылы ұлы қаламгердің «Таңдаулы» деген романы, ал, 1954 жылы ол «Қара аққу» атты соңғы новелласын жазып бітірді. Сол жылы ол Бірінші дүниежүзілік соғыстың алдында бастаған бүгінгі заманның Дориан Грейі туралы «Алаяқ Феликс Крулдың шындығы» деген романын жалғастыруды қолға алады. Бұл шығармасының бас кейіпкері сұлу болып жаратылған тәні, ақылы мен Құдай берген таланты болғанына қарамастан, өмірде алаяқтық жолды таңдайды. Алаяқтығының арқасында қоғамдық сатымен тез көтеріліп, ақыр соңында адамдық қасиетінің бәрінен айырылған нағыз айуанға айналады. Немістің ұлы жазушысы Томас Манн 1955 жылдың 12 тамызында дүние салды.

Айгерім Оралбекқызы: Томас Манның шығармашылығына Лев Толстойдан басқа тағы қандай жазушылар ықпал етті.

Амангелді Кеңшілікұлы: Жазушы шығармаларын оқи отырып Скандинавия елдерінен щыққан Генрих Ибсен мен Кнут Гамсун сияқты қаламгерлердің оған қатты ықпал еткенін аңғаруға болады. Батыстың атақты философтары Ницше мен Шопенгауэрдың да неміс жазушысының творчествосына тигізген әсері қатты байқалады. Алайда, ХХ ғасырдағы орыс әдебиетінің классиктері Гоголь, Достоевский, Толстой, Тургеневтердің жазған туындыларының Томас Манның ірі суреткер болып қалыптасуына зор әсерін тигізгенін жоққа шығара алмаймыз. Ол бала күнінен орыс әдебиетін жақсы көрді. Томас Манның орыс әдебиетінің классиктері туралы жазған бірқатар еңбектері де бар. Осыған орай 1959 жылы белгілі чех ғалымы Алоис Гофманның жазған «Томас Манн және орыс әдебиеті» атты көлемді еңбегінің бар екенін айта кеткім келеді. Неміс жазушысы достарына, әріптестеріне жазған хаттарында да өзінің творчествосына орыс классиктері туындыларының тигізген ықпалын жасырмайды. «Егер мен Толстойды оқымасам 23-24 жасымда «Будденброктар» сияқты романды жаза алмас едім» дейді Томас Манн бір сөзінде.

Айгерім Оралбекқызы: Неміс жазушысы Томас Маннға 1929 жылы «Будденброктар» романы үшін әлем әдебиетіндегі ең ұлы марапат Нобель сыйлығы берілді. Дегенмен, ұлы қаламгердің бұл туындысы 1901 жылы жарық көргені белгілі. Неліктен оған тап осы шығармасы үшін Нобель сыйлығы берілді деп ойлайсыз.

Амангелді Кеңшілікұлы: Шындығында да сол кездегі Швед Академиясының жасаған таңдауы, жұрт күтпеген тосын шешім болды. Себебі, 1929 жылы Томас Манның «Сиқырлы тау» атты өте күрделі романы жарық көрген еді. Өзгелер түгіл, жазушының өзі де осыдан жиырма сегіз жыл бұрын жазылған «Будденброктар» романы үшін оған Нобель сыйлығының берілгеніне таң қалыпты. Дегенмен, соңғы жарық көрген шығармасына емес, ең алғашқы жазылған дүниесіне Нобель сыйлығын беретін оқиғалар Швед Академиясының тарихында болып тұрады. Мысалы, 1965 жылы орыс жазушысы Михаил Шолоховқа да Нобель сыйлығы 1940 жылы жазылған «Тынық Дон» романы үшін берілгенін жақсы білеміз. Енді «Будденброктар» романына тоқталатын болсақ, бұл шығарманы жазуға Томас Манн ХХ ғасырдың басында кірісіп, 1901 жылы нүктесін қойды. Дегенмен, мұндай көлемді дүниені бастағанға дейін де оның бірнеше новеллалары жарық көріп, ол туындыларды оқырман қауым жылы қабылдады. Бастапқыда бұл кітап арқылы ол өз үй-ішінің жылнамалық материалдарының негізінде, бюргерлік отбасылардың тарихын баяндап беру мақсатын ғана көздеді. Алайда, романды жазу барысында ол ісі жүзеге аспай, мүлде басқа, қоғамдағы әлеуметтік қайшылықтарды көрсете білген, айтары көп, ойы терең таңғажайып туынды дүниеге келді. Роман әр детальға мән бере отырып, түрлі эпизодтарды суреттеп, оқиғаны асықпай баяндайтын көптеген диалогтары мен ішкі монологтары бар стилімен ерекшеленеді. Бірнеше жыл өткеннен кейін «Менің уақытым» атты очеркінде Томас Манн былай деп ағынан ақтарылды: «Расында да мен өз отбасым туралы роман жаздым... Бірақ іс жүзінде, менің өзім де, бір отбасының қүйреуін баяндай келіп, одан әлдеқайда маңызды мәдени және тарихи-әлеуметтік негіздердің қирағанын суреттеп бергенімді білген жоқпын». «Буденброктар» романына кіріскен кезде замандастары жазушыдан қандай шығарма жазып жатқанын сұрағанда ол «Бұл өте адамның ішін пыстыратын шығарма» деп жауап берген екен. Іс жүзінде бәрі керісінше болды. «Будденброктар» Батыстағы ең көп оқылатын нағыз халықтық туындыға айналып, 1929 жылы осы романы үшін Томас Манн Нобель сыйлығын иеленді. Романның дүниеге келуіне, туған-туыстары мен дос-жарандарының мінез-құлқын, орта тапқа жататын отбасының қалай күйрегенін зерттеген жазушының дербес бақылаулары мұрындық болды. Шопенгауэрдің пессимистік философиясы жас жазушыны күйреу мен өлудің тұрмыстың болмай қоймайтын қатерлі заңы екені туралы көңілсіз ойларға батырды. Дегенмен, суреткерлік қиялының парасаты, қаламгерді нақты, тарихтың заңдылығымен, буржуазияның тағдырымен, тұрмыс салтымен кісенделген Будденброктар әулетінің күйреуі туралы шығарма жазуға итермеледі. Романда жылдар өткен сайын кәсіпкерлік белсенділігі мен өмір сүруге деген құлшынысын жоғалта бастаған ауқатты бюргерлердің төрт буынының тағдыры баяндалады. 1947 жылы жарық көрген бір мақаласында Томас Манн осы романды жазу барысында басқа елде тұратын әйгілі жазушылардың тәжірибесіне арқа сүйегенін жасырмайды. Бір отбасының тағдыры баяндалатын романмен жұмыс істеу барысында ол еуропалық «отбасылық романдарды» қатты зерттеумен айналысты.

Айгерім Оралбекқызы: Орыстың ұлы суреткері Толстой туындыларының «Буденброктар» романын жазуға тигізген әсері болды ма?

Амангелді Кеңшілікұлы: Әрине. Осы тұрғыда Толстойдың «Анна Каренинасы» мен Томас Манның «Буденброктар» романын ойша салыстырып өтуге әбден болады. Сөз жоқ Томас Маннды «Анна Каренина» романында айқын көрініс тапқан қоғамдық қатынастармен тығыз байланыста суреттелетін жеке адамдардың тағдыры қатты қызықтырды. Томас Манн да «Будденброктар» романында Толстой сияқты қаны жағынан да, жаны жағынан да өзіне өте жақын әлеуметтік ортаны сипаттады. Шығарманы оқи отырып, жазушының «Будденброктар» отбасын қаншалықты қатты жақсы көретінін ішкі бір түйсікпен айқын сезесің. Соған қарамастан ол осы жанұяның төңірегінде болып жатқан оқиғаларды мейілінше ашық жазады. Шығарма кейіпкерлерінің мініздері - қоғамдық қатынастардың қарама-қайшылығы мен ізгілік пен зұлымдықтың шиеленісі барысында ашыла түседі. Будденброктар әулетінің ұзақ жылдан бері қалыптасқан мәдени және адамгершілік қағидалары, ар-ұят пен адалдық туралы берік сенімі бар. Алайда, жазушы өз шығармасында буденброктық моральдың шын мәнісіндегі жалған табиғатын ашып беріп, ата-аналар мен балалардың қарым-қатынасын улап жатқан қарама-қайшылықтарды, өзімшілдікті, екіжүзділікті, қанағатсыздықты аяусыз әшкерелейді. Романдағы оқиғалар 1835 жылдан бастап суреттеліп, ХІХ ғасырдың аяғына дейін жеткізіледі. Будденброктар әулетінің төрт буынының өмірі баяндалғанымен, шығарма авторы негізінен осы отбасының үшінші ұрпағының өкілдері – Томас, Христиан, Тонидің тағдырына айрықша назар аударады. Егер де Толстой «Анна Каренина» романы арқылы патриархалдық-помешиктік Ресейдің күйреуін сипаттаса, Томас Манн «Буденброктар» романы арқылы ұлттық материалдардың негізінде немістердің бағзы замандардан келе жатқан бюргерлік-патриархалдық құрылымының қалай қирағанын көрсетті. Шығарманың соңғы бөлімдерінде Томас Манн кейіпкерлері өмір сүріп жатқан атмосфераның үрейін, сенімсіздігін асқан шеберлікпен жеткізеді. Кейіпкерлерінің тағдыры арқылы ол бюргерліктің күйреуін ғана емес, сонымен бірге одан да маңызды дүниені - капиталистік қоғамды ұстап тұрған негіздердің тұрақсыздығын тілге тиек етеді. Шығармада өлім тақырыбы да бірнеше мәрте көтеріледі. Міне осы жерде Томас Манның орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойымен рухани үндестігі анық байқалады. Бізге осы жерде Толстойдың «Анна Каренина» романын ғана емес, сондай-ақ «Иван Ильичтің өлімі» әңгімесін де еске түсіре кетуге тура келеді. Сенатор Томас Будденброктың өмірінің соңғы апталарын баяндай келіп, Томас Манн өлім сәтінің алдында өмірдің мағынасы, оны дұрыс сүрдім бе деген мағынадағы көңілсіз ойларға батқан, өте ақылды да, жігерлі буржуаның ішкі әлемінің рухани драмасын ашады. Романның негізін құрайтын әлеуметтік сынға қарамастан, жазушының дәурені өтіп бара жатқан будденброктардың әлемін өкінішпен суреттеп отырғаны анық аңғарылады. Будденброктар отбасының күйреуі - толассыз процесс. Шығармада тоқырау кезеңдері жаңадан көтерілу дәуірімен жалғасып, ал, жалпы ауқатты отбасы бірте-бірте әлсіреп, ақыр соңында құриды. Негізінен «Будденброктар» – үлкен әлеуметтік мәселелерді көтеріп, тап ретіндегі буржуазияның тарихи дамуы көрінісінің шындығын көрсеткен туынды. Сол уақыттағы бір әулеттің өмір жолын суреттей келіп Томас Манн буржуазиялық ойдың ағартушылық философиясынан іргесін аулап салып, кертарпта декаденттікке қарай бет алып бара жатқанын көрсетеді. Бұл роман жазушының шығармашылық дамуының жаңа белесі болып табылады. Атақты туындысын жазу барысында қаламгер әкесі мен атасының жазысқан хаттарымен танысып, отбасылық іс қағаздарын зерттеп, тұрмыстық жағдайды егжей-тегжейіне дейін зерттеді. Бұл тұрғыдан алғанда бір жағынан жазушы ХІХ ғасырдың 70 жылдарындағы немістік реалистік прозаны жалғастырғанымен, екінші жағынан батысеуропалық әлеуметтік роман-жылнаманы дүниеге әкелді. Бір әулеттің экономикалық құдіреті мен рухани ұлылығы Иоганн Будденброк ақсақалдың образы арқылы көрініс тапқан. Кәрі тарланның бүкіл бет-бейнесі, рухани болмысы Ағарту дәуірінде қалыптасқан. Жаратылысында сарқылмайтын қайраты бар ол жеке күші мен өз табының құдіретіне имандай сенеді. Алайда, оның ұлында дәл осындай жігер мен өмірге деген құштарлық жоқ. Өйткені, оның өмірі өзгеріске толы болып, басқа тарихи жағдайларға, атап айтсақ, патриархалдық бюргерліктің орнына каптиалист кәсіпкерлердің жаңа ұрпағы келген дәуірге тап келіп отыр. 1848 жылғы болған төңкерістен кейін ол өзінің күшіне аса сенімді емес. Ал, бұл әулеттің үшінші буыны Томас пен Кристиан тіпті, фирманы іштей жатсынады. Олардың бойынан бұрын-соңды Будденброктар әулетінде болмаған жан-дүниелерінің өзгеріске ұшырауы байқалады. Сенатор Томас Будденброк сабырлы болып көрінуге тырысқанымен, ол да іштей мүжіліп, әбден шаршаған. Ол айналасындағылардан фирманың күйрей бастағанын жасыруға тырысады. Төртінші буынның жалғыз өкілі Ганно әлжуаз болып туғанымен, музыкалық қабілеті өте күшті дамыған. Шығармашылық адамы болғандықтан, сауда-саттықпен айналасу оның жиіркенішін туғызады.

Айгерім Оралбекқызы: «Будденброктар» романында көтерілген проблемаларды Томас Манн кейінгі шығармаларында дамытты ма?

Амангелді Кеңшілікұлы: Әрине, дамытты. «Будденброктар» романы Томас Манның көтерген мәселелердің одан әрі өріс алуына тигізген ықпалы өте зор. Суреткер ретінде «Сиқырлы тау» романы мен басқа да новеллаларында дамыта түсетін проблемалардың бәрі де осы туындыда жинақталған. Ақиқатты айту жағынан, әрине, Манн - реалист суреткер. Жазушы шығармашылығын зерттеген Ю.Бонкенің айтуынша, «Томас Манның уақыт пен кеңістіктің дәлдігін сипаттаудағы шеберлігі жазушының психологиялық бақылауларымен негізделген. Дегенмен, бұл туындыда модернистік элементтер де, декаденс пен пессимизмнің белгілері де бар. Романды жазу барысында атақты қаламгердің неміс философтары Ницше мен Шопенгауэрдің қатты ықпалында болғаны анық байқалады. Шығармадағы сондай айқын көріністердің бірі ретінде 10 бөлімде Томас Будденброктың Шопенгауэрдің еңбегін оқитын тұсын айта кеткім келеді. Сондай-ақ, Будденброктар әулеті мен Любек қаласының күйреуі арасына да ойша салыстыру жүргізе кетуге болады. ХІХ ғасырдың соңында Гамбург пен Берлин сияқты ірі қалалар гүлденіп жатқанда немістің шағын қалалары экономикалық маңыздылығын жоғалта бастады. Шығармада тарихи оқиғалардан бөлек, мифологиялық тұспалдар да бар. Мысалы, Будденброктар әулеті, бәсекеге қабілеттілігін жоғалтып алған үйдің бұрынғы иелерінің тағдырын қайталайды. Сондықтан да Будденброктар әулетінің күйреуін бір ғана себеппен түсіндіріп беру әсте мүмкін емес. Оның тек тарихи жағдайлармен ғана емес, сонымен бірге, ішкі дағдарысқа қатысты психологиялық және биологиялық факторлармен негізделген басқа да түрлі себептері бар. Будденброктар әулетінің әр ұрпағы өз күшіне деген сенімін жоғалтып, әлсірей түседі. Бұл әулеттің ең соңғы өкілі Ганно саудаға деген қызығушылығын жоғалтып, музыкамен әуестеніп кетеді.

Кейіпкерлердің ішкі қайшылығы Будденброктар мен Хагеншртамдар әулетінің арасындағы пікірталастар мен бәсекелестік барысында мейлінше ашыла түседі. Мұндай бәсекелестікті бюргерліктен буржуазиялық қарым-қатынасқа көшудің тарихи кезеңі ретінде бағалай аламыз. Басқаша сөзбен айтқанда, Будденброктар әулеті несиеге, тәуекел мен алып-сатарлыққа негізделген бизнесті жүргізуге дәрменсіз болып шықты.

Алайда, Томас Манн буржуазияның жағына шықпайды, қайта оны аяусыз әшкерелейді. Шығармадағы буржуазияның жалған табиғатын әшкерелеген әлеуметтік сын Будденброктар әулетінің үшінші буынын суреттеу барысында айқын көрінеді.

Антония Будденброктың тағдыры арқылы біз жазушының әйелдің қоғамдағы орны туралы сыни көзқарасын тани түсеміз. Бала күнінен бастап отбасындағылар Тонидің өз сүйгеніне емес, есеппен тұрмыс құрып, жанұялық бизнеске сүйеу болады деп үміттенеді. Әке-шешесі қызды өзінен жасы әлдеқайда үлкен кәсіпкер Грюнлихке тұрмысқа шығуға көндіреді. Некеге тұрғаннан кейін Грюнлихтің бизнесін дөңгеленткен кәсіпкер емес, алаяқ екені анықталады. Ақыр соңында екеуі ажырасып тынады. Екінші рет күйеуге шығу да Тониға бақыт әкеле алмайды. Бұл тұрмыс құрудың да ақыры баянсыз болады.

Шығарманың бас кейіпкері, әулеттің үлкені Томас Будденброк бастапқыда отбасылық бизнесті дөңгелетіп әкеткенімен, уақыт өте келе ол күш-қуатын жоғалта бастайды.

Соған қарамастан Будденброктар әулетінің күйреуіне тек сыртқы факторлар ғана емес, отбасы иелерінің қалыпқа симайтын ішкі мінездерінің қатты әсері бар. Будденброктар әулеті мына өмірде аман қалу үшін екі-ақ нәрсе ақша мен мұрагерлік қана деп есептейді. Жазушы өз романында әулет үшін материалдық игіліктің қаншалықты маңызды болғанын керемет суреттейді. Бөлмелердің ішкі көрінісі олардың бай әулеттің иелері екенін көрсетіп тұруға тиіс. Бизнестері жүрмей қойып, қаржылық қиындықты көріп жатқанына қарамастан олар сән-салтанаттан бас тарта алмайды. ХІХ ғасырдан қалған сән-салтанатқа деген бейілділіктен арыла алмай қойған Будденброктар әулеті бәсекеге қабілетсіз болып шықты.

Айгерім Оралбекқызы: Өкінішке қарай, бізге берілген уақыт тәмәмдалып қалды. Құрметті Қазақ радиосының тыңдармандары. Сіздер «Әлем әдебиеті» бағдарламасының кезекті хабарын тыңдадыңыздар. Белгілі әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлымен жүргізген бұл жолғы сұхбатымыздан сіздер, немістің ұлы қаламгері, Нобель сыйлығының лауреаты Томас Манның шығармашылығы мен «Будденброктар» романы жайлы әңгімемізді тыңдадыңыздар.


author

Амангелді Кеңшілікұлы

ПУБЛИЦИСТ

Спорт

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының экс-ойыншысы Ұлан Қонысбаев Euro-football.ru сайтына берген с...

Жаңалықтар

Бұл ерекше жүздесу Лондонда өтті. Ең ұзын және ең қысқа әйелдер кездесіп, бірге шәй ішіп, әңгімелест...