Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кез...
Чиң Шүй. ТӨГІЛГЕН ЖАПЫРАҚТАР
Чиң Шүй – қытайдың әйел ақыны, Шаң Хайда туған. «Судың сыңсуы», «Poems of wusuzhen yue xuan & qing shui» өлең жинақтарының авторы. Өлеңдері көптеген жыр алманақтарына кірген. Қытайдың 8-кезекті Биң Шиң атындағы поэзия жүлдесінің иегері.
Сөзден идея емес, мағына іздеудің өзі басы артық дүние бола бастаған шақта адам сезімінің қайдан келіп, қайда барарын бағамдау бүгінгі қытай поэзиясындағы басым бағыттардың бірі. Ойлау заңдылығына барып саятын осынау сүрдектің басында қытай философиясының өзіндік негізі жатыр. Поэзияның бұл кеңістігіне кезінде батыс ақындары да көп көңіл бөлген. АҚШ-тың әйгілі модернист ақыны Wallace Stevens-тың өлеңдерінен біз мұны жақсы білеміз. Чиң Шүйдың қаламынан туған төмендегі шумақтар нәзікжанды ақынның өзіндік ізденіс бағытын көрсетеді. Шығыстық поэзияның жаңа бір уақыт кеңістігіндегі өкілі ертінде қытайдың әйел ақынының бір топ өлеңін оқырман қауым назарына ұсынып отырмыз.
Аударушыдан
ТӨГІЛГЕН ЖАПЫРАҚТАР
Сарғайған жапырақ қанатын қағады
Әлсіз сәуле кетпеші деп жалынып жатқандай
Ақ жауын, күзгі шабыннан соң бусанған дала сондай күңгіріт
Кешегі қыр арқасы жарқырап ұшып бара жатқан елқалайкөшедіні елестетеді
Сарайыңды кернеген ауа мен үй төбесіндегі текше ғана бір сәт жаныңа дауа болардай
Өзге дүние келмеске кеткен күндер сияқты сұрғылт
Кім маған жыл құсының қайдан келгенін айта алар, олар қайда барады?
Қарт ағаш қайда сенің жапырақтарың, кім тонаған оларды?
Таң алды, қараңғыға шөккен тоғай сілкініп алып орнынан тұрып жатыр
Бір дауыс үп етті
Шөп басын шалған жарық ақыры оятты даланы
Жел жоқ, жауын да басылған
Көз ілмей атқан таңды күтіп отырған мен
Ағаш басында кішентай бір құс қонақтаған.
ҰЙҚЫСҰРАУ
Жауын келгенде
Желмен желпінген бишілер кетіп, тас сарайда қалған құстар, сезім мен алау басылады
Жауын келгенде, жер бетіне қан жүгіріп, ғалам жасарады
Алыстап кеткен күндер жүректерге қайтып оралады
топырақтың терең қатпарында жатқан тамырлар сияқты бұлқынады
Тамшылар, найзағайдың үні гүл қауашағында дамылдайды
Желде біреу алақандарын жауынға жайып отыр
Өзекке құйылар сол бір тамшыны күткендей
Тәнің ұйықтай алмаса, сен де күтесің сондай-бір дүлей жауынды
Жаныңның жапырағын жұлып, сілкіп, езіп, жұмарлап, таптап өтетін.
ЖАЗУ
Бүлк етті бір сезім, келгенің бе
Аспан бүгін бөлекше күлімдейді
Қарағайлы тоғай алтынның салмағынан иіліп
батысқа жол тартқан керуенді елестетеді
Бұларды мен тілмен жеткізе алмаймын
Бір түйір тозаң, көлеңке
Қаламнан із қалған бір жапырақ қолжазба болмаса
ЖАПЫРАҚ ҒҰМЫР
Су беті тынық
Жел кереді желкенді
Жағада отыр шағала мен балықшы құс
Олар отырғандай үнсіз тілдесіп
Өнердің тілі суретшінің қыл қаламынан төгіліп
тақырыпқа ұмтылады
Қамыс болса ән салады
Сонда кім ояу, кім ұйқы да
Бір түйір жапырақ мөлдірейді қыш құмырының бетіндегі суда
БАЛЫҚТАР ҺӘМ ТӨЗІМ
Жан сарайымды кернеген исін-ай мынау даланың
Барымташыдай барымды алып, ойлатпаған өзгені
Құмырысқалар, маххабат, әлдебір жұлдыз ба төбемнен төнген
Салқын ауа кеудемді кереді жанымның жапырағын желпіп,
Көгілдір ніл, тұнық су, мөлдірейді жарық дүниеге жаңа шыққан шабақтардың үйірі
Маған таныс, менің енді уақытымды сарпалдаң таңды тосумен өткізгім келмейді
Аударған Ардақ Нұрғазы