Бұрыннан білетін жазушымның жаңа кітабын қолыма ұстап, баспахананың иісі шыққан беттерін парақтағаны...
21 ҒАСЫРДЫҢ 21 ӨЗЕКТІ СҰРАҒЫ
5040
Гүлзат КӨБЕК
Киносыншы,
Өнертану PhDдокторы,
«Тұран» университетінің профессоры
Анель Асқарқызы: Ұлттық нақыш, салт-дәстүр, құндылықтарды 21 ғасырда сақтап қалу мүмкін бе?
Гүлзат Көбек: Егер ол ұлттың «иммунитеті» табиғи жолмен әлсіресе, мүмкін емес. Жасанды жолмен жаңғыртамын деген мақсат кейде - өлі мүрдені тірілтемін деп бос әуреге түсумен бірдей. Қазір көптеген ұлттар – жансақтау бөлімінде.
- Адамзатты сұрыптау саясаты тым қатал емес пе?
- Тіршілік үшін күрес – тым қатал. Табиғаттың заңы солай құрылған. Бірін құлатып, бірі – тұру.
- Жер шарынды бейбітшілікте ұстап тұруға не кедергі?
- Адамдардың өзі. Пейілі. Іш тарлығы. Өзгенің қайғысынан ләззат алып күлуі. Мысқылы. Сайқымазақ ойыны. Саясаты.
- Соғысты тоқтату мүмкін бе?
- Соғыс – барлық істің мағынасын ұстап тұратын ең басты ыстық нүкте. Адами қағидаларыңды тас-талқан етіп, қайта ойлауға мүмкіндік беретін қажет жүйе.
- Жаһанданудың ең басты жаңалығы неде?
- Адамдарды арақашықтықтан экран арқылы жақындату. Жаныңдағы жақыныңды адами қарым-қатынастан алыстату.
- Рухани баймыз ба?
- Кемел тұлғалар бар. Шын мәнінде. Бай. Рухани. Олар рухани көшбасшыға айналмаса, қанша бай болса да мұрагерлікке ешнәрсе қалдыра алмайды.
- Адамдардың көңілі қазір не іздеп жүр?
- Өздерін. Қалауын өзгеден іздеуде. Іздегені өзінде. Жүрекке жол табу – ізденістің соңғы нүктесі. Ол тоқтаған сәтте – мағына тоқтайды.
- Өзіне сенімсіз адамдар көп. Психолог мамандығы трендте. Тренингтердің пайдасы бар ма?
- Тренинг өткізуші маманға пайдасы бар. Қаржылай. Бұл жақсы табыс. Оның дәрістеріне табынушы – танымдық тұрғыдан бәрібір өз жігерімен жеке жұмыс жасауы керек.
- Қандай мамандық өзекті?
- Жүйе жасайтын. Олар дипломға мұқтаж емес. Оларға марапат қажет емес. Олар арнайы креслоға да тәуелді емес. Олар ықпалын кез келген жерде жүргізеді.
- Нарыққа өтудің түпкі саясаты – сатуға бейімдеу. Сатқынға айналып кетпейміз бе?
- Нарық – сұрыптайды. Бәсекеге қабілетті болу – жігеріңді шыңдайды. Сатылмайтын дүние – өз құнын арттырады. Демек, бұл ең басты құндылықтардың сапасын арттыруға жасалған қадам ғана.
- Материалдық мәнсапқа тәуелді болып кеткен жоқпыз ба?
- Тәуелдіміз. Бұл – саясат. Адамды құлқынмен алдау. Құнары бір болса да, түрі көп. Сапасы жоқ болса да - саны көп. Жиған дүниең жылтыраса да, жан рахатын сыйлауға қауқары жоқ.
- Осы заманда не жиіркенішті?
- Қолынан іс келмесе де, белсенді көрінгісі келетін пенделер. Өзі тоқырап жүріп, өзгені жаңғыртқысы келетін пейілдер.
- Бүгінгі отбасылардың басты мәселесі неде?
- Үлгі тұтатын беделді тұлға таппау. Әжем мен атамның тәрбиесі деп мақтанатын үрдістің уақыты бітті. Балаларға обал.
- Қоғамның ушығып тұрған мәселесі неде?
- Әлеуметтің ішкі көңіл-күйінде.
- Тоқыраудан шығуымыз мүмкін бе?
- Оның күші – білімде. Жүйеленбеген істер – сауатсыздықтың нәтижесі. Жолын білмеу. Бар мүмкіндікті көрмеу. Ізденбеу.
- Адамның рухани кемелденуі үшін материалдық құндылықтардың ықпалы бар ма?
- Біз екеуіне де тәуелдіміз.
- Қазіргі адамдардың жұбанышы неде?
- Үмітте. Әлемде бәрі өзгереді деп өздерін алдап, ғажайып күтуінде. Ішкі әлемің өзгермесе, сыртқы дүние қайтып өзгермек?! Нағыз өзгеріс – тек әрекетте. Іс – дәйекті көрсеткіш.
- Адамзатты қандай өзгерістер күтеді?
- Үнемшілдік. Ықпалдылық. Сапалылық. Жаңа деңгейдегі басқару жүйесі. Саяси тәртіп. Сапасыздық пен сауатсыздықты уақыт көтермейді.
- Барлық ұлтты қосып жіберіп, бір тілді, бір ділді етсе не болады?
- Бұл – Құдайдың жоспарын бұзу. Саясатта оны жүзеге асырудың басқа жолы бар. Табиғи жолмен будандастыру арқылы, «тек» деген түсінікті қолдан жою. Бұл – түпнұсқалық қаныңның ерекшелігін сақтау үшін – қауіпті.
- Жер шарында басқа тіршілік иелері болуы мүмкін бе?
- Іске қосылып жатқан темір робаттар адам қолымен жасағаны ақиқат болса, бөгде тіршілік иелері туралы ақпараттар құр қиял. Осы жер шарының басты кейіпкерлері - біз. Өзімізді жойып алмау – басты жауапкершілігіміз.
- Бізді бейсаналық деңгейде басқаратын тылсым күш иесінің ықпалы шын мәнінде бар ма?
- Біз оған қашан да тәуелдіміз. Біз бейсаналық деңгейде басқарыламыз. Біз оның ықпалындамыз.
Материалды әзірлеген Анель АСҚАРҚЫЗЫ