Владимир Набоков. Бозторғай (әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
3406

Владимир НабоковӘр түрлі жақтан алып келінген заттар жиналып, құралып жатыр, тағы да ол заттардың кейбіреулері алыс қиырлардан ғана емес, көне замандардан да келіп жеткен: сол көшіп келгендерді орналастыра алмай қаншама әбігерге түссе, күні кеше ғана іргеде өсіп тұрған, бүгінде кесіліп тасталған мына жас теректі орналастыру да сондай әбігерге түсіріп тұр.

Міне, сәуір айында енді ғана жапырақ жайған терек әлдекімнің пәрменімен осында, биік қабырғаның жанына келіп қалыпты. Қарсы бетте үлкен, тұнжыраңқы лас үй бой көтеріп келеді, одан жәшік сияқты жадау балкондар көрінеді. Онда да, мұнда да аулаларға бөшке соңынан бөшкелер бөлініп беріліп, онда да, мұнда да қоқыс салатын урналар мен қабырғаға сүйеліп қойылған тас крес көзге түседі. Бәрінің орны ойша белгіленіп қойса да әлі жетілдіре түсетін, толықтыра түсетін істер бастан асып жатыр, бір балконнан адамдар шыға келді, - ағайынды Густав пен Антон, - ал ауладан қол арбаға шабадан мен кітап бумаларын салып итеріп келе жатқан, жаңа тұрғын Романтовскийдің төбесі көрінді.

Күн көзі жарқырап, терезелер айқара ашылған күндері, ауладан қарап тұрсаң, онда үңірейген бөлмелер қара бояуға мелдектеп толып тұрғандай болады (әйтеуір бір жерлерде қалай да түн болады ғой - сол түннің бір үзігі бөлмелерден шықпай қалғандай). Романтовский үңірейген қара терезелерге, балконнан оған қарап тұрған екі еркекке көз салды да, шабаданын иығына сап, тәлтіректей басып, бейне бір әлдекім желкесінен бүріп итеріп бара жатқандай, үйге еніп кетті. Күн астында кітаптар мен бөшке ғана қалды. Олардан былайырақ тағы бір бөшке, сондай-ақ терек суреті мен кірпіш қабырғаға қара маймен жазылған жазу көрінеді: тізімдегі мынадай нөмірге дауыс беріңіздер. Сайлау алдында оны жазған әлгі ағайындылар болу керек.

Біз өмірді былай жасаймыз: кім тер төксе, сол тоқ болады. Кім жұмыс істесе, сол ішіп-жейді, тазалықта, қамқорлықта, сәулелі жерде өмір сүреді.

(Романтовский көрші бөлмеге кірді. Ол бөлме олардікінен де нашар еді. Кереует астынан қуыршақ тауып алды: оған дейін бұл жерде балалы-шағалы отбасы тұрған болу керек).

Алайда, бұл әлем біржола және толығымен заттар мен мүлікке айналып кетпегендіктен, қарамай, анда да, мұнда да көзге көрінбейтін, қолға ұстауға болмайтын дүниелер сақталып қалғандықтан ол ағайындылар өздерін өмірде берік және нық сезінетін. Үлкені Густав, жиһаздар қоймасында жұмыс істейтін; кішісі уақытша жұмыссыз жүр, бірақ ол оған онша қабаржи қоймайтын. Қып - қызыл жүзді Густавтың қастары сорайып-сорайып тікірейіп тұрады. Оның кеудесі шкап сияқты, үстінен жүн свитер түспейді, Антон шұбар бетті, қара мұртты, шашын қысқа алдырып жүретін жігіт. Екеуі де бала асылып төменге қарап тұрғанда, олардың бөксе жақтары бір-бірінен аумайды екен - шалбарын керіп жіберген әрі қомақты, әрі қуатты.

Тағыда қайталайық: кім тер төксе, сол тоқ болады. Қаңғыбастарға, масылдарға және музыканттарға есік жабық. Жүрек соғып тұрған кезде, құдай-ау, өмір сүру керек қой. Міне, Густав Аннаға үйленем деп, екі жыл бойы ақша жинады, буфет, кілем сатып алды.

Анна кешке қарай аптасына үш рет келіп тұрады, - қолдары тоқпақтай, секпілі бар қоңқақ мұрынды, көзінің асты қорғасын түстеніп көгереді де жүреді, тістері сирек, оның үстіне біреуі түсіп қалған. Үшеуі отырып ап сыра қотарады. Анна аппақ қолтығын көрсетіп жалаңаш қолдарын желкесіне апарып, басын шалқайтып есінеген кезде таңдайы, қуырылған тауықтың құйрығындай боп көмейдегі тілшесі көрінеді. Ағайынды екеуіне оның анотомиялық күлкісі қатты ұнайтын да, олар оны ауық-ауық қытықтап отыратын.

Күндіз ағасы жұмысқа кеткен кезде, Антон достарымен қабақта отырады, немесе канал жағасындағы әрі салқын, әрі жұмсақ шөпте аунап-қунап, қайратты жас жігіттердің баржаға көмір тиеп жатқандарына қызыға қарап, немесе адамның ұйқысын келтіретін тұңғиық көк аспанға телміріп көз тігеді де жатады. Енді, міне, ағайындылардың бірқалыпты өміріне әлдене баса-көктеп кіріп келгендей болды.

Романтовский қол арбасын аулаға кіргізіп жатқанда-ақ, ол олардың ызасын келтіріп, қиямбұрыстықтарын қоздырған еді. Жай бір қатардағы пенде санатындағы Романтовскийдің бойынан ешкім де көзге сүйел болатындай ештеңе көрмес еді, бірақ ағайынды екеуі оны көрді. Мәселен, ол жұрт құсап жүрмейді екен, адымдаған кезде өкшесі тым жоғары көтеріліп кетеді екен: аяғын басады да, әлденені көргісі келгендей ұмтыла созылып ұшып кетердей болады. Оның үстіне ол, боп-боз жүзді, біз тұмсықты, көзі ойнап бір жерде тұрмайтын серейген ұзын еді. Қысқа жеңдерінен ұзын қолдары сорайып-сорайып шығып тұрады. Оның келуі де, кетуі де уақытқа бағынбайды. Антон оны алғашқы күндердің бірінде-ақ кітап сататын дүңгіршектің алдынан көргені бар, ол саудаласып тұрды, тіпті кітап сатып алды ғой деймін, өйткені сатушы бір кітапты бір кітапқа ұрып шаңын қағып жатты. Оның тағы да миға қонбайтын әдеттері көзге түсті: шамы түні бойы сөнбейді; жұртпен сөйлеспейді. Антонның даусы шықты:

- Әлгі кісімсінген тұмсығын көтермесін. Оны жақынырақ білу керек еді.

- Мен оған трубка сатам, - деді Густав. Трубканың шыққан тегі күмәнді. Оны бірде Анна алып келген, бірақ ағайынды екеуі сигараны ұнататын.

- Кім бұл? Сізге не керек? - деді Романтовский есіктің арғы жағынан.

- Көршілер, көршілер, - деп тіл қатты Густав. Көршілер жан- жақтарына тіміскілене қарап ішке кірді. Үстел үстінде қағазға оралған колбаса мен ойқыш-қойқыш жиналған кітаптар, - біреуі суреті бар бетінен ашылып жатыр: көп желкенді көшелер мен оның шетінде ұртына ауа толтырып ұшып бара жатқан бала.

- Танысайық, - деді ағайынды екеуі. - Есікпе-есік тұрамыз деуге болады, бірақ бір түрлі...

- Танысқанымызға қуаныштымын, - деп Романтовский төсегінің шетіне отырды да, сіңірлері адырайып кеткен мойнын төмен салбыратып аяқ киімін байлай бастады.

- Сіз демалып отыр ма едіңіз? - деді Густав барынша сыпайы болғансып, - біз ретсіз кезде кеп қалдық па...

Ол ешқандай тіл қатқан жоқ; кенет ол бойын тіктеп, терезе жаққа бұрылды да, бір саусағын көтеріп қатты да қалды.

Ағайындылар да қарап қалды: терезе, кәдімгі терезе - бұлттар, теректердің ұшар басы, карсы бетте үй қабырғасы.

- Сіздер көріп тұрған жоқсыздар ма? - деді Романтовский. Бірі қып-қызыл, бірі боп-боз екеуі терезеге келіп, бір адам боп кеткендей, қатарласа бастарын сыртқа шығарды. Ештеңе жоқ. Кенет екеуі де бұл жерде бір бәленің бар екенін іштей сезе қойды. Романтовский сандықша жанында жасанды бір қалыпта тұр екен.

- Маған әлдене елестеген болу керек, - деді ол, оларға қарамастан. - Ұшып өткендей болып еді... Мен бірде аэропланның құлағанын көргем.

- Ондай-ондай болады, - деп келісті Густав. - Ал біз бостан - бос келген жоқпыз. Сатып алғыңыз келмей ме?.. Су жаңа... Қабы да бар.

- Қабы? Солай ма. Мен өзі темекіні сирек тартам.

- Енді жиі тартыңыз. Арзанға берем. Үш елуге.

- Үш елуге? Солай ма.

Ол трубканы қолына ұстап, олай-бұлай аударыстыра қарап тұрды да, әлденеге бел буғандай астыңғы ернін тістеледі. Оның көздері трубкаға мүлде қарамай, олай-бұлай жүгіріп түр еді.

Бұл кезде ағайынды екеуі ауаға толып бара жатқандай өсіп, ұлғайып бүкіл бөлмені, бүкіл үйді толтырып, ұлғайып бара жатыр еді. Олармен салыстырғанда терек дегеніңіз, дөңгелек шағын тұғырға қондырып қойған ойыншық ағашқа айналып кетіп еді. Үй дегеніңіз шаң басқан картоннан жасалғандай ағайынды екеудің тізелерінен ғана келіп тұрды. Үстерінен тер мен сыра иісі мүңкіген, сиырдың мөңірегеніндей топас дауысты, милары ботқа боп кеткен ол екеуі адам бойына үрей мен қорқыныш кіргізетін. Маған бұлар неге келіп тұр, білмеймін. Құдай үшін, жалынам тыныштық беріңіздерші, мен сендерге тимеймін, сендер маған тимеңдер, - мен-ақ жеңілген болайын, - тек маған тыныштық беріңдерші.

- Бірақ менің майдам жоқ боп тұрғаны, - деді Романтовский баяу ғана. - Мына ондықты ұсақтай аласыздар ма?

Ұсақтап, мырс-мырс күліп, шығып кетті. Ақшаны жарыққа тосып тексеріп алған Густав, оны темір қорапшаға салып қойды.

Бірақ олар көршілеріне маза беруді қойды. Танысып алғандарына қарамастан, оның кісікиіктеніп оқшау жүретіні олардың ашу-ызасын келтірді. Романтовский олармен кездесуден қанша қашса да, ағайынды екеуі оны аңдып, артына түсіп жүріп қолға түсіретін де, орнында тұрмай жылт-жылт ойнаған көзіне қадалып тұратын. Оның түні бойы сөнбейтін шамына да жыны кеп Антон бір күні шыдай алмастан, жалаңаяқ оның есігін тықылдатты.

Бірақ Романтовский жауап берген жоқ.

- Ұйықтау керек, ұйықтау керек, - деді Антон есікті алақанымен салып-салып қап.

Саңылаудағы жарық селт еткен жоқ. Антон тұтқаны тартқылады. Кенет алтын жіп үзіліп кетті...

Сол күннен бастап екеуі де, әсіресе, күндіз жұмыс істемейтін Антон түні бойы ұйықтамайтын көршісін аңдуға көшті. Бірақ ол барып тұрған айлакер, барып тұрған саққұлақ боп шықты. Ол қаншама есік алдына аяғының ұшымен бардым десе де, жетер-жетпестен-ақ жарық лып етіп сөне қалады, - енді шам қашан жанады деп мұп-мұздай дәлізде таң атқанша тұра алмайсың ғой.

Ізге түсу өте бір азапты іс боп шықты. Бір күні ағайынды екеуі оны басқыштың бойында ұстап ап қыспаққа алғаны бар.

- Мен кітапты түнде оқып үйренгенмін. Сіздердің онда не шаруаларыңыз бар? Қане, жол беріңіздер.

Ол бұрылып жүре бергенде, Густав оның қалпағын қағып түсірді, ал ол оны үн-түнсіз көтеріп кетіп қалды.

Бірнеше күн өткеннен кейін, бір кеште дәретханадан оралған ол, ыңғайлы сәтті пайдаланып, өзінің бөлмесіне жып етіп кіріп бара жатқанда - ағайынды екеуі тағы да алдын кес-кестеді. Олар екеу - ақ еді, бірақ көп адам сияқты боп көрінді, - олар оны өздеріне шақырды.

- Сыра бар, - деді Густав көзін қысып. Ол бас тартқан боп жатыр.

- Бос сөз не керек, жүрейік! - деп айқайлаған екеуі оны қолтығынан алып сүйрей жөнелді. (Сүйреп бара жатып олар оның сондай арық, жүдеу, әлсіз екенін біліп, есіріктене еліге түседі, - сүйектері күтірлеп сынғанша қысса ғой, - ең болмаса, жайлап қана байқап көрсе қайтеді...)

- Ауырттыңдар ғой, - деді Романтовский. - Өтінем, қоя беріңдерші. Мен өзім-ақ жүре алам.

Сыра, аузы жаялықтай Густавтың қалыңдығы, қапас ауа. Романтовскийді әбден суғарғысы келді. Жағасы жоқ көйлек киген, шодырайған жұтқыншағының астында жез түймесі жылтырап, ат жақты, боп-боз жүзді, кірпіктері жыпылық-жыпылық етіп отырған ол, әлденені бұрап, әлденені майыстырып үстел жанында шошайып отырып, бір кезде орнынан тұрған кезде созылған спираль сияқты боп көрінді. Бірақ оны қайтадан орнына сығып отырғызды, ағайынды екеуінің талап етуімен Анна оның тізесіне отырып алды, ал ол болса ұйып бара жатқан аяғына бір, қысып бара жатқан туфлиіне екі қарап, ол сары албастыны алдынан түсіре алмады.

Бір сәтке ол бәріне мойынсұнғандай боп көрінді де, Густав:

- Көрдің бе. Ал сен болсаң бізге мұрын шүйіресің. Сенің үндемегенің, бізді әбден қорлап бітті. Сен осы түнемелікте не оқисың?

- Ерте, ертедегі ертектер, - деді Романтовский ағайынды екеудің ішін пыстыратын дауыспен. Осы бір іш пыстырып, мүлде жалықтырып жіберетін сәт дауыл алдындағы тымырсықтай буып бара жатты, бірақ сырадан ішке түскен қызу ол дауылдың бұрқырап көтеруіне мүмкіндік берген жоқ, қайта ұйқыға тарта берді. Анна Романтовскийдің тізесінің үстінен түсіп, салғырт бөксесімен үстелді қағып кетті: босап қалған бөтелкелер шайқалып, біреуі тіпті құлап қалды. Ағайынды екеуінің көздері кіртиіп, есінеп, ұйқы басқан көздерімен қонаққа қарап отыр. Ол бүкшиіп отырып-отырып, ақырында орнынан тұрып көзін жоғалтты. Бұлай жалғаса бермеу керек. Оның мына адамдардың мазасын сонша қашырғаны несі. Егер осылай бола берсе оны мүлде тұтастай, жиіркене отырып, жеп бітіретін шығар. Бәрі өзінен, жұрт құсап жүріп, жұрт құсап демалмайды. Ұстап көре алмайтын, таразыға салып, санап көруге болмайтын нәрсенің бәрі жеккөрінішті ғой.

Енді майда азаптаулар басталды. Олар дүйсенбіде оның төсегіне, түн ортасында жындандырып жіберуге тиіс, картоп ұнын сеуіп тастады. Дүйсенбіде оны бұрышта күтіп алды - бір бума кітап алып келеді екен, - есебін тауып кітаптарын шалшыққа түсірді. Сәрсенбіде дәретхана еденіне ағаш желімін жағып тастады. Бейсенбіде ағайынды екеуінің азаптайтын әдіс-айлалары таусылды.

Ол әлі бір қыңқ деген жоқ. Ал жұма күні ол аулаға кіретін қақпа алдында Антонды қуып жетіп, оған түрлі-түсті журнал берді, - қарап шығасыз ба? Бұл күтпеген сыпайы ізеттілік, ағайынды екеуінің одан сайын ашу-ызасын тудырды.

Енді Густав Романтовскийге тиісудің жаңа себебін іздеу үшін, оған енді қалыңдығын пайдаланбақ болды. Домалап келе жатқан допты теппес бұрын, тоқтатып әрі-бері ойнап көресің ғой. Мақұлық екеш мақұлық та қозғалған затты жақсы көреді. Романтовскийге Анна өзінің денесіндегі секпіл дақтарымен, топас көздерімен, сирек тістерінің арасынан көрінетін сілекейімен сондай жиіркенішті бола тұра, Густавтың ызасына тиюден қорықты.

Ол апта сайын бір рет киноға баратын да, бір күні өзі өтініп қоймағаннан кейін Аннаны да ерте кетті, осымен бәрі біткен шығар деп ойлады. Ал, олардың соңынан білдірмей, жаңа кепка мен қызыл бәтеңке киген ағайынды екеуі, сонадай жерден жүріп отырды, - сол бір күмәнді күңгірт көшеде, солар сияқты, жүздеген адамдар ағылып бара жатыр еді.

Ұзынша залдың іші қап-қараңғы екен. - Ағайынды екеуі ең артқы қатарға жайғасты. Романтовскийдің алдыңғы жаққа отырғанын олар сезіп отыр. Анна жол-жөнекей жұртқа жұғымы жоқ бұл адамнан бір сөз шығара алмаған, о үстіне Густавтың бұл адамда несі бар деген сұраққа жауап таба алмай дал. Олар қатар келе жатқанда оның арықтығы мен үнсіздігінен Аннаның тіпті есінегісі кеп кеткен. Бірақ кинода Анна ол туралы ұмытып кетті де, салғырт отырды. Экрандағы елестер бір-бірімен айқайласып сөйлесіп жатыр. Барон шарапты ерніне тигізіп, бокалды орнына қойды, - ядро түскендей дүрс ете қалды.

Сонан кейін баронды қолға түсірді. Біреу оның алаяқ екенін біліп қойған ба? Оның ізіне шам алып түсті. Автомобиль көз ілеспес шапшаңдықпен ұшып келеді. Жезөкшелер үйінде адамдар бір - біріне бөтелкелер, орындықтар, үстелдер лақтырып төбелесіп жатыр. Шешесі емшекке тойған баласын орнына жатқызды.

Кино біткеннен кейін Романтовский сүріне-қабына қараңғы көшеге шыққан кезде, Анна оған "Бұл өзі керемет тамаша болды ғой!" - деп дауыстап жіберді.

Ол жөткірініп алды да, сәлден кейін: "Артық айтудың қажеті не. Шынын айтқанда, адамды жалықтырып жіберетін нашар кино", - деді.

- Жалықтырып жіберетін өзіңсің, - деді ол қарсылық көрсетіп, сонан кейін кинодағы балаларды есіне ап баяу ғана күліп алды.

Олардың соңынан сол қашықта ағайынды екеуі жүріп келеді. Екеуі де күреңтіп алған. Екеуі де арам пиғылдан өртеніп барады. Антон тұнжырап:

- Біреудің қалыңдығымен жүру - барып тұрған оңбағандық, - деді.

- Әсіресе, сенбі күнгі кеште, - деді Густав. Олармен қатарласып қалған жүргінші, олардың жүздеріне көзі түсіп, еріксіз жүрісін жылдамдатты.

Түнгі жел шарбақтардың бойымен қоқыстарды қуалап соғады. Қаңырап бос жатқан қараңғы жер. Сол жақтағы канал үстінде жылт-жылт еткен оттар көрінеді. Оң жақтағы үйлер осы бір бос кеңістікке ту сыртын беріп тұр. Сәлден кейін ағайынды екеу жүрістерін жылдамдатты.

- Шешем мен сіңлім деревняда, - деді Анна бәсең дауыспен, жұмсақ жылы түнге риза болғандай.

- Күйеуге шыққан соң сол жаққа барып қайтатын шығармын. Менің сіңлім өткен жазда...

Кенет Романтовский жалт бұрылды.

- Өткен жазда лотерея ұтып алды, - деп Анна жалғастырып келе жатты да, ол да бұрылды.

Густав құлақ тұндыра ысқырып жіберді.

- Мыналар солар ғой, - деді Анна қарқылдап күліп, - иә, қарашы!..

- Қайырлы түн, қайырлы түн, - деді Густав асыға, аптыға сөйлеп. - Сен не, есек, бұл жерде менің қалыңдығыма не істеп жатырсың?

- Ештеңе де істеп жатқам жоқ, біз ...

- Болды, болды, - деп Антон, оның дәл қабырғасының астынан періп кеп жіберді.

- Төбелеспеңдерші. Сендер жақсы білесіңдер ғой...

- Жігіттер қойыңдар, - деді Анна күле жүріп.

- Оған қалай жүруді үйрету керек, - деді Густав, қазір ол да інісі құсап, осы бір терісі етіне жабысып сықырлаған сұлбаны ұратыны есіне түсіп.

- Бірде менің басымнан бір күлкілі оқиға өткен, - деп бастады Романтовский асыға-үсіге, бірақ Густав оның қабырға тұсынан өзінің күрзідей жұдырығымен салып-салып кеп жіберіп еді, Романтовскийдің жаны көзіне көрінді. Романтовский теңселіп, сәл болмағанда құлап қала жаздады, құласа ғой, сол жерден қайта тұрмас еді.

- Енді қоя беріңдер, - деді Анна.

Ол бұрылып бүйірін ұстаған қалпы алға түсіп, қараңғы, қоқыстары сыбдырлап жатқан шарбақтың бойымен кетіп бара жатты. Ағайынды екеуі оның соңынан өкшелеп жүріп келеді. Густав ызалана ыр-ыр етеді, ол ырыл әні-міне дегенше атылуға ұласардай көрінеді, - көше жарығы, - ол өзі жалғыз ғана шам болса да бейне бір, түнді тесіп қараған иллюсминация секілді, көзді де, көңілді де өзіне тартып барады. Егер жүгіріп қашатын болса, онда мүлде желкесінің қиылатынын біліп келеді, өйткені оны ол жарыққа жеткізбейді; сабыр сақтап, дұрыс жүрсең ғана жетуің мүмкін, сондықтан дымын шығармай, бүйіріне қолын апара бермеу керек. Ол өзінің байырғы әдетімен ұшып кетердей боп жүріп келеді.

Аннаның даусы шықты:

- Густав, қой енді. Сонан кейін өзінді-өзің ұстай алмай қаласың, - тас қашаушылармен не болғанын есіңе түсір...

- Аузыңды жап, малғұн, оған не керек екенін өзі біледі! (Бұл Антонның даусы).

Енді жарыққа дейін көп қалған жоқ, - көпірге жетсе болды, - арғы жағы қол созым жер. Бірақ не болғанда да, жүгірмеу керек. Жүгірудің барып тұрған жаңсақтық, өзіңді-өзің өлімге итерумен бірдей екенін біле тұра, кенет еңсесін қайқаң еткізіп көтеріп ап, ыңырсып қалды да, алға жұлқына ұмтылды.

Ол жүгіріп кеп кетті. Густав оны екі аттатқан жоқ. Екеуі де құлап түсті, шөп сыбдырымен аралас күтірлеген дыбыс шықты, тағы да, тағы да, - Анна қалпағын ұстаған бойы қараңғыға сіңіп жоғалды.

Густав орнынан тұрды. Романтовский жатқан жерінде қалды, сырылдаған даусы мен полякша айтқан сөзі естілді. Бәрі кілт үзілді.

- Ал енді кеттік, - деді Густав, - мен оған сұғып алдым.

- Суырып ал, - деді Антон. - Одан суырып ал

- Суырып алдым, - деді Густав. - Қалай сұқтым десейші!

Олар жарыққа қарай емес, қараңғы бос жатқан жер арқылы жүгірді, зиратты айналып өтіп шағын бір көшеден шыққанда, олар жан-жақтарына бір қарап алды да, түк болмағандай жайбарақат басып бара жатты.

Олар үйге кірген бойда жата-жата қалысты. Антонның түсіне шөптердің ішінде отырғаны, қасынан баржаның жүзіп бара жатқаны кірді.

Таңертең ерте келген полицейлер өлген адамның бөлмесін тінтіп, дәлізге шыққан Антоннан әлденелер сұраған болды. Густав төсекте жатты - тоқ, ұйқысы әлі ашыла қоймаған, жаңа сойылған ет сияқты қып-қызыл.

Сәлден кейін полиция кетті де, Антон қайтып оралды. Ол бір ерекше жағдайда еді, ішегін басып отыра қап күлді, анда-санда алақанын жұдырығымен қойып-қойып кеп қалады.

- Міне, оңбаған! - деді ол. - Оның кім болғанын білесің бе? Бозторғай!

Бозторғай олардың ұғымында жалған ақша жасаушы. Антон оның кім болғанын сұрап білген: шайқада болған, жақында ғана түрмеден шыққан, оған дейін ақша жасаған; оны сыбайласы өлтірсе керек.

Густав бүкіл денесімен селкілдеп күлді де, кенет түсі өзгеріп сала берді.

- Алаяқ, бізді алдаған шығар! - деп айқайлап жіберді де, жалаңаш қалпы, ақша салынған сандықшаға жүгірді.

- Ештеңе етпейді, өткізіп жібереміз, - деді Антон. - Білмейтін адам ажырата алмайды.

- Қарашы, қандай алаяқ, - деп қайталады Густав.

Менің байғұс Романтовскийім! Әлгі екеуімен бірге мен де сені айрықша жан деп ойлап қалып ем. Шынын айтсам, жоқшылықтың салдарынан сол бір қараңғы кварталға кеткен ғажап ақын шығарсың деп ойлағам. Мен тағы да, түні бойы шамыңды сөндірместен ой толғатып, өлеңіңді жөндеп, сөйтіп анау ағайынды екеуінен әлдеқайда биік екеніңді сезініп марқаятын шығар деп ойлағам. Менің байғұс Романтовскийім!

Енді бәрі де бітті. Жиналған заттардың бәрі жан-жаққа тарап кететін болды. Теректің суреті бозаң тартады, шегеден алынады да, қай жерден келсе сол жерге қайта барады. Кірпіш қабырғалар да өңін жоғалтады. Балкондар бірінен соң бірі пайда боп, ақырында бұл үй жүзіп бара жатқандай болады. Бәрі де жүзіп бара жатады. Үйлесім мен мән-мағына күйреуге ұшырайды. Бұл дүние тағы да мені өзінің алабажақ әлеміш бекершілдігімен мүлде қажытып, тұралатып кетеді.

Берлин, 1933 ж.


author

Владимир Набоков

АҚЫН

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...