АҚАҢНЫҢ АМАНАТЫ

ӘДЕБИЕТ
4980

Қали СӘРСЕНБАЙ

Күнделік те, хат та бір жанр. Бір нәрсе анық. Кісі баласы басқасын білмеймін, бұл бағыттағы жазбаларында қашан  да шынайы сөйлейді. Жүрекжарды лебізін ашық білдіреді. Ол ойдан шығару, қосу, алу емес, нақты ой, деректерге негізделген кісілік келбетінің көрінісі, жүрек лүпілі. Былайша айтқанда, жүрек сөзі. Бұл жазбалар үстінде оған шындықпен бетпе-бет болуға тура келеді. Сондықтан арының алдында ақ, жалған сөйлей алмайды. Кісінің бір-бірінің бағасын білуі, құрметтеуі де оның өнебойында шүпілдеп тұрады. Тіпті, мазмұны, көркемдігі тұрғысынан әңгімеге бергісіз хаттар да болған. Оған мысал келтірсек, алыстап кетеміз.

Ойымызға бұдан әрі терең маңыз, мазмұн бере түссек, ұлттың төлтума болмысы, аса маңызды тарихи дерек, дәйек заманның әр тұсында жазылған хаттар, әсіресе, белгілі тұлғалардың бір-біріне жазысқан хаттары, тіпті, ауызекі әңгімесі арқылы да сақталып отырған. Мұндай хаттардың мазмұны сан салалы, көп мағыналы, тіпті көтерген мәселелері әлі күнге өткір, өзекті күйінде болып келеді.

Архивімде белгілі тұлғалардың жазған хаттары, ой-толғаныстары бар. Арнайы бір кітапқа арқау боларлық, парқы алтыннан да қымбат ол дүниелер жөнінде жазу келесі күннің еншісіне қалсын. Соның бірі ұстазымыз, аяулы Ақаң – Ақселеу Сейдімбектің жазған бірнеше хаты. Енді соның бірін оқып көрейік, қалған түсініктемені сосын жалғастырайық. 

«Қадірлі Қали!

Аманшылық па?

Уәде бойынша даулы күйлердің күйтабақтардағы (пластинка) көрінісі туралы дерек бермекшімін. Күйтабақтардың бәрі де М.Т.Ташмұхамедов атындағы Ташкент заводынан шыққан.

  1. «Зар қосбасар» («Қосбасар» деп те аталады) күйі Секен Тұрысбековтің тартуында Тәттімбеттің күйі деп шықты. Гост. 5289-8. С-32. 26277.002.1988 ж.

«Зар қосбасар» күйі «Қосбасар» деген атпен Төлеген Момбековтың тартуында Тәттімбеттің күйі деп шықты. Гост. 5289-73. Д-21789.

«Зар қосбасар» күйі «Қосбасар» деген атпен Жапбас Қаламбаевтың тартуында Тәттімбеттің күйі деп шықты. Гост. 5289-61. Д-18571.

  1. «Жолаушының жолды қоңыры» күйі сегіз күйтабақтан тұратын «Қазақтың аспапты музыкасының антологиясы» жинағының 1-табағына Халық күйі деп берілді. Тартушы Төлеген Момбеков. Гост. 5289-80. Д-025563.

«Жолаушының жолды қоңыры» күйінің екі варианты Төлеген Момбековтың тартуында Халық күйі деп шықты. Гост.5789-73. Д-21789.

«Жолаушының жолды қоңыры» Генерал Асқаровтың тартуында Сүгірдің күйі деп шықты. Гост.5289-73. М-31. 37012.

  1. «Қаратаудың шертпесі» сегіз күйтабақтан тұратын «Қазақтың аспапты музыкасының антологиясы» жинағының 1-табағына Халық күйі деп берілді. Тартушы Төлеген Момбеков. Гост.5289-80. Д-025563.

«Қаратаудың шертпесі» Төлеген Момбековтың тартуында шыққан күйтабақта Халық күйі деп берілді. Гост.5289-73. Д-21789.

  1. «Бозінгеннің бүлкілі» («Бозінген» деп те аталады) сегіз күйтабақтан тұратын «Қазақтың аспапты музыкасының антологиясы» жинағының 1-табағына Халық күйі деп берілді. Тартушы Төлеген Момбеков. Гост.5289-80. Д-025563.

«Бозінгеннің бүлкілі» Төлеген Момбековтың тартуында шыққан күйтабақта Халық күйі деп берілді. Гост.5289-7.,  Д-21789.

«Бозінгеннің бүлкілі» күйі Генерал Асқаровтың тартуында Сүгірдің күйі деп шықты. Гост.5289-73. М-31. 37012.

Бұлардан басқа кейінгі жылдарда шыққан күйтабақтар мен кітаптардың бәрінде дерлік аталған төрт күй де Төлеген Момбековке телініп жүр. Бұл мейлінше жаңсақ, қиянат тірлік.

Мен күй өнеріне әлдекімдер сияқты жол-жөнекей ғана ден қойып жүрген адам емеспін. Күй шіркінге өмірімді арнаған адаммын. Бәрін былай қойғанда, Төлегеннің аруағын сыйлап, о дүниелік болған адамға жала жаппау керек. Бұл төрт күйді де Төлеген өз күйім деп тартпағанда, ол күйлерді өлген адамға зорлап теліп, қолдан «плагиат» жасау аруаққа қиянат болады.

Төлеген марқұм мейлінше шыншыл, иманы көмейінен төгілген адам болатын. 1979 жылы 23 ақпан күні «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналының редакциясында Төлеген Момбековпен кездесу болды. Сонда Төкең тартқан күйлерінің тарихын айта отырып, «Зар қосбасарды» Тәттімбеттің күйі деп, ал «Қаратаудың шертпесі», «Бозінгеннің бүлкілі», «Жолаушының жолды қоңыры» күйлерін халық күйлері деп тартты. Бұл кездесудің жазбалары менде сақтаулы.

Бұдан да қызық дерек айтайын. Жоғарыдағы төрт күйді де кезінде Қарағанды облысының белгілі күйші-домбырашылары Бегімсал, Сейтен, Тайжан деген кісілер тартатын. Бұл кісілер Төлегеннің әкесі құралпы адамдар еді.

Бұдан да ғажап дерек айтайын. Өткен ғасырдың 70-жылдарына дейін Қарағандының облыстық радиосының қорында жоғарыдағы төрт күйдің төртеуі де сақтаулы болатын. Онда «Зар қосбасар» Тәттім­беттікі, ал «Қаратаудың шертпесі», «Бозінгеннің бүл­кілі», «Жолаушының жолды қоңыры» күйлері халық күйлері деп жазылған.

Осы орайда, япыр-ау, бұл күйлердің Арқа архивінде сақталуы қалай, Созақ төңіре­гінде тартылуы қалай деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Ел тарихын білетін адам үшін оның еш құпиясы жоқ.

Қарағанды облысының Жаңа­арқа ауданы 1926-27 жылға дейін Асанқайғы ауданы аталып, жер көлемі оңтүстігінде Созаққа дейінгі алапты қамтыған. Ол кезде көшпелі өмір салт, Жаңаарқа жұрты қысқа қарай Бетпақдаланы қиып өтіп, Шу бойын, Созақ өңірін қыстап қайта­тын болған. Жаңа­арқада туып-өскен Ықылас Дүкен­ұлының сүйегінің Шу бойында жатуы, сол көшпелілік кезінде қыста дүние салған. Жамбыл облысының Сарысу ауданының атауы да Жаңа­арқадағы Сарысу өзенінің атауына байланысты қойылған. Яғни кәмпеске-тәркілеу, 32-ші жылғы аштық, 38-ші жылғы репрессия жылдарында Жаңаарқа жұрты Қаратау, Талас, Шу, Созақ төңірегіне ауа көшкен. Керек десеңіз, Сүгірдің де туып-өскен жері Жаңаарқа ауданының Жеңіс деген елді-мекені. Күні бүгінге дейін бұл ауылда Сүгірдің етжақын ағайындары тұрады.

Мұның бәрін айтып отырғаным, «Ауыл – ауыс, ырыс – жұғыс» деген, ауған елмен бірге рухани мәдениеттің де бірге жететініне күмән жоқ.

Жаңаарқа төңірегінде репрессия жылдарында тек қана күй тартқаны үшін төрт бірдей күйші атылды. Әбікен Хасенов күй тартқаны үшін сотталды. Сәкен Сейфуллин атылды. Демек, бұл өңір күйшілері Хрущевтің жылымығына дейін домбыра ұстауға қорықты. Одан кейін «тың тарландары» халықты дәстүрлі мәдениетінен жаңылдырды. Бұл кезде Созақ өңірінің жұрты қазақы қалыптарын сақтай отырып, ес жиып, етек жапқан тұста күйге ден қоюға мүмкіндіктері болды. 50–60- жылдары Созақ өңірінен күйдің шалқи көтерілуінің бір сыры осында еді.

Түйін сөзім, «Зар қосбасар» Тәттімбеттің күйі, ал «Қаратаудың шертпесі», «Бозінгеннің бүлкілі», «Жолау­шының жолды қоңыры» күйлері еш күмәнсіз халық күйлері деп білемін. Бәрін былай қойғанда, бұл күйлердің өз болмысы халық күйлері екенін, байырғы сарын екенін әйгілеп тұр. Бұл күйлердің бітім-құрылысы, саз-сарыны, әуен-ырғағы Сүгірге де, Төлегенге де мүлде келмейді.

Менің жағам жайлау болып, шүкірлік ететінім, ең бастысы күй бар ғой. Күй өлген жоқ қой. Ал халықтың мәртебесін көтеретін өнімсіз дау-дамай емес, өлмес өнер болса керек.

Әзірше осы.

Аманшылық болғай. 

Зор құрметпен, Ақселеу.

19.02.03 ж.».


Ғұламаның бұл хатына не алып, не қосуға болады? Ештеңе де. Енді осы хаттың жазылу жайына қысқаша тоқталып өтейін. Екі мыңыншы жылдардың басында «Жас Алашта» бітім-болмысы ерекше, қайта тумайтын Сүгір күйшінің шығармашылығы төңірегінде дау-дамай басталып кетті. Қазақтың айтысы біте ме, осы мәселе шырқау шыңына жеткен тұста бір күні Ақселеу аға телефон шалды. «Әй, Қалижан-ау, мына шалды шаршаттыңдар ғой түге. Бұл қашан тоқтайды өзі» деді. «Сіз бір үлкен сөз айтпасаңыз әл-әзір тоқтамайды-ау деймін» дегенім сол еді, «Онда мен сенің атыңа хат жазайын, бірақ оны Арқа жақтан, басқа адамның атынан бер» деді. Осыған келістік. Бұл хат өнбейтін дау-дамайдың саябырсуына бір­талай себепкер болды. «Демо­кратия ауыздықтал­са ғана демо­кратия, ал біздің демократиямыз тұмылдырығы алынған қабаған ит сияқты» деп өзі айтпақшы, ол тұста демократиялық ойлау деңгейі бүгінгідей дәрежеге жете қоймаған (қазір де жетісіп тұрғаны шамалы). Хатты өз атынан бермеген себебі, әлгі дау айтушылардың ішінде сыйлас әріптес ағалары да бар еді. Сірә, солардың да көңіліне қараған болуы керек. Хат басқа адамның атынан шыққанымен, одан бәрібір Ақаңның қол­таңбасы айқын сезі­ліп тұр еді. Айтпағым, Ақаңның аманаты туралы. Осы бір хаттың өн бойындағы дерек, дәйекпен қоса, күйдің болмысы, елдің тарихы жөніндегі жағдаяттар да айрықша ден қойғызады. Ақаң қандай мәселеге ден қоймасын, жан-жақты қамтып, қопарып жазатын еді ғой. Бұл жолы да сол дағдысынан жаңылмай, аз дерекке көп мағына сыйғызып, ешкімге бүйрегі бұрмастан тура сөзін айтты. Бұдан бұрынырақта Ақаң жөнінде жазылған бірнеше жарияланымда бұл хат жөнінде шетсуыртпақтап айтқаныммен, толық мәтінін пайдаланған жоқ едім. Бұл жолы аманатқа қиянат болмасын деп толық нұсқасын жариялап, аз-кем түсініктеме жазуды мақұл көрдім.

Әрине, «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» демекші, Ақаңнан да ағаттықтар кетуі әбден мүмкін ғой. Сондықтан бұл да тоқтам пікір емес, әркімнің өз ұстанымы, көзқарасы, дерек, дәйегі, қисыны болады. Оны да ескеру керек шығар. Сүгір күйші қай кезде де ешкімге ұқсамайтын стиль, болмысымен өзін ақтап алары сөзсіз. Бұл сараптама оның біртуар болмысына көлеңке түсіре алмайды. Ке­зінде Әбікеннің «Қоңырын» да Сәкеннің күйі деп айт­қандар болған. Сондықтан бұл да ұдайы өзгерістерге түсіп оты­ратын пікір болуы мүмкін.

Енді бір жазбасында Ақаң былай депті:

 

«Нұртөре!

Қали!

«Қарынның ашқанынан емес, қадірдің қашқанынан жазылды. Балақтағы бит басқа өрледі. Бассыз үйдің иті осырақ болды.

Мақаланы құп көрсеңдер, кешік­тірмей басу керек.

Орайы келмесе өкпе жоқ.

С.Ақселеу.

23.06.99.».

 

Ақаң тәуелсіздіктің алғашқы тұсында халқымыздың рухани болмыс-бітімінің сақталуы турасында көп толғаныстарға барып, өз пікірін ғажайып дерек, дәйектермен талдап, біртұтас мақалалар шоғырын жариялады. Соның бір сағасы ретінде ұлттық арналардың, жалпы Қазақстанға тарайтын ресейлік, сонымен қатар, басқа елдердің арна­ларындағы жүгенсіздік туралы күн-түн отырып зерттеген аналитикалық мақала­ларды айтуға болады. Қайсыбір жылы «Алматы ақшамының» 20 жылдығына Астанадан арнайы келіп, бас редакторлар жиналған сол жиында осы мәселе төңірегінде айрықша тебіреніп сөйлегені де есте. Соншалықты байыбына жетіп, терең зерттелген телеарнадағы жаға ұстатар сұмдықтар жөнін­дегі оның озық пікірлері сол тұста бізге рухани бағдар­лама, бағыт-бағдар болғаны анық еді. Егер жаңылмасам, Ақаң жазбасындағы өтініш осы тақы­рыптағы мақаланың жайы болса керек. Дейтұрғанмен де, бұл мәселенің де бүгінде шешімін тауып кеткені шамалы. Мәселе бәрібір қалды.

Жалпы, Ақаңның деңгейіндегі тұлғалар өміріне дендеп енген сайын оның өзге қырынан жарқырап ашыла берері сөзсіз. Ұстаз жөнінде жазылған әр кездегі ой-толғаныстарымызда оның айрықша бітімін бедерлеуге, тануға біршама қадам да жасалды. Олар – қазына. Аршып ал да елдің игілігіне пайдалан. Себебі, олардың ой-толғаныстары, көтерген мәселелері қай кезде де маңызды, мазмұнды. Халқымыздың рухани-мәдени тегін, төлтума болмысын тарих тереңінен аршып алып, шынайы зерделеп, қолымызға ұстатып кеткен мұндай кемеңгерлердің кеңесіне әрдайым құлақ түріп, оны басшылыққа алып отыру парыз, міндет. «Тұлғатану» айдарының да әу бастағы қасиетті міндеті осы және оны үздіксіз жалғастыра береді.

Қазаққа үш Ақаңды – Ахмет (Байтұрсынұлы), Ахмет  (Жұбанов), Ақселеуді (Сейдімбекті) берген  ғасырға мың тағзым! Бүгінгі ессіздеу қоғамның көзімен қарасақ, осылар болмаса біз рухани мүсәпірліктің құрсауында қалғанымыз қалған екен.

almaty-akshamy.kz

author

Ақселеу Сейдімбек

ҒАЛЫМ

Шоу-бизнес

Бір кездері өнер әлемінде жарқ еткен, алайда кейін көрінбей кеткен әнші Сырым Исабаев "1001 түн" бағ...

Спорт

Қазақстандық зілтемірші Артем Антропов ауыр атлетикадан Бахрейннің Манама қаласында өтіп жатқан әлем...