Бес сәбиге арналған өлеңдер

ӘДЕБИЕТ
8921

Масқара!

 Өртеніп өлді бес бала,
 О, сұмдық, неткен масқара!
 Жыламас бұған жәдігөй,
 Жібімес бұған тас қана.

 Қара түн алды – кешкі іңір,
 Іңірден зауал есті бір.
 Шыбындап біздер жүргенде,
 Шырылдап кетті бес ғұмыр.

 Сарайдан сарай саламыз,
 Не қылған соқыр санамыз?
 Өкіріп жатыр ата-ана,
 Өртеніп жатыр баламыз.

 Дауасыз сорға соқтыққан,
 Осының бәрі – жоқтықтан.
 Семіріп алған көп серке,
 Секіріп жүр ғой тоқтықтан.

 Қудала, мейлі шетке қақ,
 Жаңқалап, жарып отқа жақ!
 Қай қуыс, қайда барсаң да,
 Қаңғырып жүрген көп қазақ.

 Жоқшылық қана – үлесі,
 Халқымның көрген күні осы!
 Қашанға дейін жалғасар,
 Бай менен кедей күресі?

 Қаңғырып жүріп пәтерде,
 Ұрынды қаусап қатерге.
 Байқұстың мұнда үйі жоқ,
 Үйі жоқ және шетелде...

 Бойына арам боқ сінген,
 Шешеунік қанша тепсінген.
 Министр кетсін орнынан,
 Он алты мыңды көпсінген!

 Желкілдеп өсіп жетпей ме,
 Баласыз өмір көктей ме?
 Өртеніп ұрпақ өлгенше,
 Өртеніп дүние кетпей ме?!.

Несіпбек Айтұлы, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Солармен бірге өзім де кеттім өртеніп

Жүзмыңдаған сәби-мұң бар-тын,
Аш-жалаңаш күйі мыйыма тірідей жерленген.
Соның бәрі – өз қарғам.
Үмітім іші – кірпіктері ғана қозғалған.
Ыстық жас болып үйірілетін көзге арман...

Оларды жаратқан сезімдерім де – қорғансыз балалар, мен үшін.
Әр түн сайын жербауырлай күңірентіскен ел ішін.
Астарына төсегім келген-ді,
Тірідей сыпырып алып жалған сөздерімнің терісін...

Әне, астаналық бес ертегім, бес ертеңім де кетті өртеніп,
Опасыздығымның, қайырымсыздығымның отына!
Ашкөздігімнің адамдығыма жүргізген соты ма?!..
Арыз жазғаннан не пайда, Жаратқанның атына!..

Маңдайыма жазған сор анық!
Не екенін де білмей жатып моланың,
Көктей бастаған бес ғұмырдың 
Өрт іші
Шыр-шыр еткені-ай, періштелік қанаттарына оранып!

Солармен бірге өзім де кеттім өртеніп,
Ұятымнан от қойдым да обалсызданған дәтіме,
Қайғымның ұшып-жетіп қара жындар ойнаған шетіне.
Уай, тірілер, қолдарыңнан келсе, бір-ақ өтініш:
сүйегімнің күлін шашып жіберіңдерші, 
ақынсынғандағы суретімнің бетіне!

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

ШАПАҒАТШЫ

…Бұл қоғамның ұнамады-ау бір ісі,
(шер шөлмегін босата алар кім ішіп?!)
Бес Періште – жасыл қанат бес Сәби,
Көкке ұшып кете барды түн іші.

Үркер қайда –
Төбеде ме?
Батыста?
Не жорамал – бүк түсіп бұл жатысқа?!
Кете барды бес Періште – бес Сәби,
Қала алмады жалын қамап,
От ұстап.

Жыла, жүрек,
Жүде, көңіл, оязып,
Берер ме екен Күн емшегін,
Ай азық?
Ұстап қала алмады ғой арқаның
Ақ шалмалы аязы.

Енді оралмас,
Мекен болмас кір ғалам –
Мың бояулы дүниесін бұлдаған.
Еске салып егілтеді біздерді,
Күл орнына өскен райxан гүл ғана.

Даңғазаға бұрмас қайта мойынын,
Еліктірмес «Үйшік-үйшік» ойыны.
Терезеден жаутаң қағып жанарлар,
Тас қаладан іздемейді мейірім…

Азам -ауыр,
Қайғым – қалың,
Ой – терең,
Бірақ бізді түсінбейсің, БӘЙТЕРЕК…
Бұтағыңа қонақтайтын балапан,
Аспанға ауып кете барса қайтер ең?!

Жұмақ кірер –
Сарай,
Хауыз,
Кіл шағыи,
Ертегілер әлеміндей тұмса күй.
…алақанын жайып маған талпынып,
Түсімде ылғи өртенеді бір Сәби.

Мен де мұңды,
Туған өлкем жырақта,
Қанша тағдыр тамұқ кешіп, жүр отта.
Сол Сәбиді кеудеме әкеп арулап,
Жуындырам көзден аққан бұлаққа…

Бес Періште тәмамдалмас сапары,
Шырақ жағып жүрер түнге от алып.
…Шапағатшы болсын саған Сәбилер,
Менің сорлы,
Менің ұлы Отаным!

Мұрат Шаймаран

Жоқтау

Ашылса алақан, жұмылса жұдырық болатын бес саусақты жоқтау

Басбармақ-ай, басмармақ, 
Қарабауыр қасқалдақ... 
Жұртың сені жоқтауда, 
Жанарынан жас парлап.

Титтәй баланүйрегім, 
Жалын, отқа күйгенім. 
Қалай жерге қияды ел, 
Сүйінгенін, сүйгенін.

Ойбой, ортантерегім, 
Келте болды-ау дерегің. 
Мемлекетің менсінбей, 
Болды Аллаға керегің.

Шылдыр, шылдыр шүмегім, 
Ата-анаңның күні едің. 
Тәтті-ақ еді тілегің, 
Әппақ еді жүрегің.

Ей, кішкентай бөбегім, 
Ей, қайғылы өлеңім. 
Талбесіктен суырып, 
Жер бесікке бөледім...

Кеттік рас кердеңдеп, 
Тұрмын міне шер меңдеп. 
Қош деуге де шара жоқ,
Шолақ қолың ербеңдеп...
 
Бейбіт Сарыбай
Қыздардың қазасына 

Өмір деген - ысыраптың дерті ме, 
Өлім деген - ысыраттың өрті ме? 
Бір бөлмеде бес гүл қатар өскен еді, 
Ажал келіп, көз салыпты көркіне.
 
Үй орнында қалды күл боп үйінді, 
Қайран ғұмыр қыршынынан қиылды 
Бес тағдырдың үзілгені-ай бір түнде,  
Зарлы дауыс жеп барады миымды.
 
Пана таппай жұпар атқан өскінге, 
Қорған болмай өтерміз-ау ешкімге. 
Бес періште тәтті ұйқыда жатты да,  
Сыймай кетті тірлік деген бес күнге.
 
Қапияда тіл мен жағым байланыс, 
Қапаланды қалың елім қайғы алып 
Жарық нұрды таратумен бес жүрек, 
Жанып тұрды бес шыраққа айналып!

Асылбек Жаңбырбай

Астана жақтан келеді хаттар көңілсіз 

Күн қатты боран дейді, ертең дейді, 
Юоранға кешегінің дерті өлмейді. 
Болар ма аяз қатты одан асқан,  
Жүрегің оған неге өртенбейді?!
 
Бола алмай шырыл үнге ешкім қорған, 
Будақтап түнге сіңіп көштің бе арман?!  
Бір шарпып жүректерді өтті бүгін, 
Бес сәби -  Бес күн жалған
 
Ақпанның аза түні нені ұқтырдың, 
Қандайлық қасіретке жолықтырдың?! 
... Көңілсіз хаттар әлі келіп жатыр, 
Қалшылдап тоңып тұрмын... 

Аслан Тілеген

Кешіріңдер біздерді, бес періште!
 
Көрген күннің айнасы осы деп біл,  
Жанарыма ызаның жасы кеп тұр!  
Бар қазақтың қайғысы бұл қасірет,  
Әр қазақтың қайғысы қасірет бұл.
 
Тоқ ұқпайды қарыны ашты әрине,  
Ол басқаша әлемде, басқа күйде!  
Қай қалталы түнімен нан тауыпты,  
Бесіктегі баласын тастап үйге. 

Айлалылар ақыры ақ атанып,  
Айыптайды әлсізді тағы апарып.  
Алатынды алатын алаяқтар,  
Көресіні көретін қара халық. 

Есіл елдің боялып беті қанға,  
Шенділер жүр оларға жекіп анда!  
Бәрі ғажап әкімнің есебінде,  
Бәрі ғажап көгілдір экранда. 

Өрт сөнгенмен, жанған от өшпеді іште,  
Тағы көндік амалсыз өткен іске.  
Жаратушы жәннаттың төрін берсін,  
Кешіріңдер біздерді, бес періште! 

Кешіріңдер біздерді, бес періште!
 
Рахат Әбдірахманов

Жарық күнім Түнге айналды, 
Шаттық үнім Мұңға айналды. 
Аппақ Арман күлге айналды, 
Үміт, Сенім құмға айналды... 
Бес күн тірлік... 
Бес күндігім... 
Кешірместі кештім бүгін! 
...Жаңа ғана бүр жарған-ды 
Кетті үзіліп өскін гүлің. 
...Әрбір сәтін жеңіс көрер 
Біз бе осы ең үстем Ел?! 
...Аяусыз-ақ ұшты Көкке 
Ең аяулы Періштелер... 
Өмір сүріп Жын-қоғамда. 
Қорланам да, жынданам да?! 
...Өзі-ақ Отқа тастай салар 
Нәлет онда, тұл қоғамға! 
...Жарық күнім Түнге айналды, 
Шаттық үнім Мұңға айналды 
Аппақ Арман күлге айналды, 
Үміт, Сенім құмға айналды... 

Саян Есжан 

Үй емес, менің өзегім өртенді, 
От құшты жастық, көрпемді... 
Бес қаруы сай батыр-ажалға жүгірдім, 
Бес бүлдіршіннің орнына қи деп желкемді... 

Сұп-суық төгеді аспан нұр, 
Бес күннің көшерін ескертіп бастан бір... 
Теледидарда - мерекелік отшашу, 
Жеркепеде - отқа оранған бес тал гүл. 

Арсыздың алшыдан асығы, 
Дұрысым қате боп - руһым жасыды... 
Сол жағалауда - бес жұлдызды қонақүй, 
Оң жағалауда - бес бүлдіршіннің лашығы. 
Флешмоб. 
Форум. 
Шоу. Жыр кеші. 
Керегін білмедім солардың кімге осы?! 
Газетте - бес әлеуметтік бастама, 
Өзекте - бес бүлдіршіннің мүрдесі. 

Мирас Асан

***

Қайда жүр деп ата-анамды сөкпеңіз, 
Қар үстінде тамақ іздеп кеткен із. 
Жер бетінен жайлы орын таба алмай, 
Түн ортасы ұшып кеттік көкке біз! 

Уақыт боп, айырылдық жас жаннан, 
Өміріміз тар бөлмеде басталған. 
Барлық бала бақытты өмір сүрсінші, 
Біз оларды бақылаймыз, аспаннан! 

Қастарыңда болсын дайым анаңыз, 
Әкетайың болсын дайым панаңыз, 
Бұл өмірден пәтер көрмей кетсек те, 
Ұжымақта зәулім сарай саламыз! 

Енді аяздан ешбір сәби тоңбасын, 
Жауқазын гүл ашпай жатып солмасын, 
Ұрпағыңның жарық болып маңдайы, 
Отанымда еш жамандық болмасын!!!

Кеңшілік Тышқан

***

Үзіліп түсті бес тал гүл,
сабағынан...
Қан жауып тұр Арқаның
қабағынан...
Жарымаған пәтерге,
жандарым-ай!
Өтер емес түйір дән тамағымнан.
Бес гүл беріп,
бір үйге төккен арай.
Бір пәтерге зар болып өткен қалай?
Періште боп келді де, мына өмірге,
Періште боп кетті, әне, көкке қарай...
Түнде шешкен моншағым,
Мұндағы жоқ.
Тұраламас дүние, тұрлауы жоқ.
Тал төсекте шырылдап,
балапаным,
Тал бесігің қалды ғой,
Құндағы жоқ.

Жарас Кемелжан

***
Бес тиындық құны да жоқ - бес құрлық!
Бәсі бәсең, бес құлыншақ - бес күндік...
Бес Зарлықты қайдан іздеп кеттіңдер?
Білезігі сайланбаған бес Мұңлық...
Астанаға қайдан ғана кеп едің?
Ескегі жоқ, тұрғындары кеменің...
Жат жарықтар жанарыңды сөндіріп,
Желмая мұң-қай жақтарға жөнедің?
Қай сөзімді артсам екен ғазалға...
Бес періште - қол жүрмейді жазарға.
Жанарынан жас ағызып, егіліп
Үнсіз қалған шығар тіпті... Ажал да!
Ол жақта енді - Жолдаулар жоқ өтірік.
Әкімдер жоқ - ұрсатұғын кекіріп
Имандарың серік болсын бес бота,
Қара түнде пыр-пыр ұшқан кекілік!

Серік Елікбай

 
***

Бұл өмір келте кімге?
Пенделер ерте өлуде!
Өртенген үйдей болып,
Өзегім өртенуде.

Үміті өшкен ана,
Бақыттан кеш қала ма?
Ақмолам Бес Жұлдызды
Айналды Бес Молаға...

Дөкейлер - тажал кеуде,
Дүниені базар деуде.
Ақшаны адам жеуде,
Адамды ажал жеуде.

Қасірет арылмады,
Қасиет табылмады.
Ажал мен адамдардың,
Тоймайды қарындары.

Жегендер бай болмай ма,
Жемқорлар тайраңдай ма?
Ажалға бəрібір ғой,
Адамдар ойланбай ма?!...

Ершат Қайболдин

***

Қайран Әке,
от оранып өзегің,
аяз-қайғы қарыды.
Сорлы шешей,
тартылды ғой өзенің,
Кімге жетер зар үнің?!
Бес балаңды
құрықтады тез өлім,
Қызғалдақтар
қыршын қиды тамырын.
Ажал-оты
ерте салды-ау кезегін,
Құлыншақтар
құшақтатты-ау қабірін!
Кім біліпті,
ет жүректі езерін?!
Қайран әкей!
Сорлы шешей!
Қорған болсын сабырың!

Мерей Қарт

БЕС ТӨМПЕШІК

Қара түннен қан жұғып бұлаң айға,
Тажал көрдік шүйілген құралайға!
Ашық күнде жай ойнап, жұлдыз ақты,
Гүл солдырды ажал от, жылан айла!

Кір биліктен түңіліп тұман ала,
Бес періште аттанды күн анаға!
Бес бүршігің бес түп боп тамыр жаяр,
Жүректерде гүлдейді мұң ағара!

Бес сәбимен шыдам да күйіп бірге,
Сәби арман айналды күйік түрге!
Жат қоғамнан жалт берген періштелер,
Көкке қонды бір сәтте сыйып түнге!

Бес төмпешік мола емес, Жоқшылығың!
Жел сөздерге тойдырған тоқшылығың!
Бес төмпешік - биліктің бес мүсіні,
Қу құлқынға жұтқызған жоқшы мұңын!

Бес төмпешік – қағылған ырыс, құның,
Шарасыздан еңкейген құныс түрің!
Бес төмпешік – үміті сәбилердің,
Көрсем деген қоғамның дұрыстығын!

Бес төмпешік – шыдамның құрбандығы,
Қара бұлттай түнеріп тұрған мұңы!
Бес төмпешік –арсыздың өтем құны,
Ар сотының үкімін құрғандығы!

Бес төмпешік – бес құрсақ, ел ертеңім,
Ертеңіміз - өрісің, кемер теңің!
Тоғышардың тоқтығы бүгін ғана,
Ертеңімді ал, онда, неге өртедім?!...

ТАЛАП ТАЙМАСҰЛЫ
05/02/2019

***

Біз кеттік, сау бол Астана,
Керек те емес баспана.
Бармаймыз балабақшаңа,
Ортақ боп сенің ақшаңа.
Әкеміз мұңға батса да,
Анамыз жылап жатса да.
Келмейміз енді қайтадан,
Біз кеттік, сау бол Астана.
... үй сатып алсын министр,
Үнемдеп қалған ақшаңа.

Асхат Сүйіндік


Кешіріңдер!

Бейбіт күнде шырпы жаққан ел едім,
Бүлк етпеген бүйрек неткен ер едің!
Кешіріңдер!
Жеткізе алмай шындықты
Бесеуіңді өртке ораған мен едім!
Өздеріңе толғау жазып жүр әлі,
Шығады ертең әншінің де бір әні.
Кешіріңдер!
Сендерді емес соларды,
Жазып жүрген біздің қоғам кінәлі!
Біз өртедік оны біз де сөндірген,
Бізді қоғам «күн салуға» көндірген...
Кешіріңдер!
Бәрі жақсы болад(ы) деп,
Кінәсі бар сенімнің де сендірген!
Ұмытамыз өздеріңді біз әлі,
Бүгін жүрек қайғырады, ызалы...
О,Тәңірім!
Шырылдаған дауысқа,
Сабыр сақтап отырсыз ба сіз әлі?!

Марғұлан Ақан


***
Түн. Ана – цехқа, әкесі кетті СТОға
Өртке оранды бес қыршын. Тоба! Тоба!
Бұл қазаққа байлығы жетер еді
Сансыз мыйлыарт кетпесе экспо-ға.
Дарақылық шашпалық дамып бірге,
Оңды-солды пұл кетті сан иттерге.
-Балаларға қимайтын қаржы қайда?!
- Қайда болсын, кетті ғой саммиттерге
Шетел үшін айналдық соғым малға
Мадақ үшін - қып-қызыл шығындарға
- Әлеуметтік салаға ақша бар ма?
- Қайдағы ақша?! Кетті ғой форумдарға!
Балаға жоқ. Шоуға бар, жолдауға бар,
Жалау болып ілінген шұлғауға бар.
Конференция, симпозиум, съезд, жарыс,
Тағы не бар, солармен былғауға бар.
Кінәлінің барша ісі көктей солсын,
Ішкен асы тамақтан өтпей қойсын.
Елді сорлы қылғанның құлағынан
Құлын даусы бесеудің кетпей қойсын!

Нұрлан Сәдір

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...

Жаңалықтар

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жуырда ғана қайырымдылыққа аударған қазақстандықтардың қаржысын жымқы...