ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙ АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖАЛҒАСА БЕРЕДІ - ҚР ПРЕЗИДЕНТІ

Жаңалықтар
1277

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен жүргізген келіссөздер қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді 

Қасым-Жомарт Тоқаев журналистер алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті ретінде Ресей Федерациясына жасаған алғашқы сапарының символдық мәнін атап өтіп, екі ел арасындағы қарым-қатынастардың ерекше сипатын айтты.

– Мәскеуге ресми сапармен келуге шақырған Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге, сондай-ақ қонақжайлық көрсетіп, жылы қабылдағаны үшін ресейлік достарымызға ризашылық білдіремін. Бұл сапар екі тараптың да одақтастықты одан әрі дамытып, Қазақстан мен Ресей халықтарының достық байланыстарын нығайтуға ұмтылатынын көрсетті, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қатысушыларға Қазақстанның Тұңғыш Президенті –Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Мемлекет басшысы өкілеттігін тоқтату туралы шешімі жөнінде айтты және бұл қадам Қазақстанның келешегі үшін жасалған саяси даналық пен үлкен жауапкершіліктің жарқын үлгісі болып табылатынын ерекше атап өтті.

– Бұл тарихи оқиға әлемдік қоғамдастықтың біздің елімізге зор құрметпен қарауына түрткі болды. Бүгінде Нұрсұлтан Назарбаев барша Қазақстан халқының ыстық ықыласына бөленіп, қолдауына ие болып отыр. Ол Елбасы мәртебесінде Қауіпсіздік Кеңесінің және Nur Otan басқарушы партиясының төрағасы лауазымындағы өзінің ауқымды қызметін атқара береді, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы өзінің Президент ретіндегі қызметі Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың «алтын ғасырында» басталғанын атап өтіп, Нұр-Сұлтан мен Мәскеудің жан-жақты диалогын нығайту жөніндегі стратегиялық бағдарды жалғастыруға және бұған дейінгі қол жеткізілген уағдаластықтардың сабақтастығын қамтамасыз етуге зор ниеттестік білдіретінін айтты.

Сонымен бірге, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда Ресей капиталының қатысуымен мұнай және химия, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, автомобиль және теміржол машиналарын жасау саласындағы 100-ге жуық бірлескен жобаларды іске асыратын 9 мыңнан астам кәсіпорынның жұмыс істейтінін атап көрсетті.

Қазақстан Президенті Ресей тарапымен арадағы келіссөздердің тақырыбы болған екі елдің өнеркәсіп кооперациясы және инвестициялық ынтымақтастық мәселелеріне арнайы тоқталды.

– Бүгін тараптар қол қойған Қазақстан-Ресей өнеркәсіп кооперациясы саласындағы бірлескен іс-қимылдар бағдарламасы осы бағыттағы жұмысқа тың серпін береді. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру тракторлардың, автобустардың, автомобильдер мен басқа да көлік құралдарының өндірісін арттыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ елімізде қосымша жұмыс орындарын ашады, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресейдің географиялық орналасу ерекшелігіне тоқтала отырып, екі елдің көлік-транзит әлеуеті бәсекеге қабілетті маңызды басымдық екеніне тоқталды, сондай-ақ осы мүмкіндікті тиімді пайдалану қажеттігіне назар аударды.

– Біздің елдеріміз арқылы Еуразияның Батысы мен Шығысын байланыстыратын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралі аса маңызды көлік күре жолы болып табылады. Біз шекаралық рұқсаттама нүктелері жұмысының тиімділігін арттыру мәселесіне де назар аудардық. Бұл біздің азаматтарымыздың шекара арқылы өтуін жеңілдетуге мүмкіндік береді, сондай-ақ өңіраралық сауда-саттықты дамытуға ықпал етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті энергетика және жанар-жағармай секторында өзара іс-қимыл жасаудың перспективаларына, сондай-ақ екі елдің әскери-техникалық және ғарыш саласындағы ынтымақтастығына, соның ішінде Байқоңыр қаласын газбен қамтамасыз ету мәселелеріне арнайы тоқталды.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресейдің туризм саласындағы ынтымақтастығы туралы айта келе, осы саланың дамуына қажетті мүмкіндіктердің мол екенін атап көрсетті және туристік, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ екі елдің шипажайларын насихаттау жұмыстарын жүргізу қажеттігіне баса назар аударды.

Қазақстан Президенті екіжақты мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайту мәселелеріне де тоқталды.

– Келіссөздер барысында Қазақстанда қолданбалы ғылымдарға арналған бірлескен оқу орнын ашу мәселесі талқыланды, қазақстандық әртістердің Санкт-Петербургтегі Музыка Үйінде білім алуы және Қазақстанның Ұлттық мұражайында Эрмитаж күндерін өткізу мүмкіндіктері қарастырылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңында Қазақстан Президенті жүргізілген келіссөздердің нәтижесіне көңілі толатынын айтып, қол жеткізілген келісімдер Қазақстан мен Ресейдің достастыққа, сенімділікке, тату көршілікке және одақтастыққа негізделген ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Владимир Путин өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ресей Федерациясына алғашқы ресми сапармен келгені үшін ризашылық білдірді.

– Келіссөздер қазіргі Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірлесіп жемісті жұмыс істеген жылдарда қалыптасқан дәстүрге толығымен сай келетін сындарлы және іскерлік жағдайда жүргізілгенін атап өткім келеді, – деді Владимир Путин.

Ресей Президенті қабылданған бірлескен мәлімдемеде Ресей мен Қазақстанның кең ауқымды стратегиялық серіктестігін нығайтуды көздейтін өзара келісім көрініс тапқанын, сондай-ақ оны одан әрі дамыту үшін нақты және жауапты міндеттер қойылғанын атап өтті.

– Жемісті және мазмұнды келіссөздер үшін Қазақстан Президентіне және Қазақстаннан келген біздің әріптес достарымызға шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Біздің кездесуіміздің нәтижелері бауырлас екі ел халықтарының игілігі үшін Ресей мен Қазақстанның одақтастық қарым-қатынастарын нығайтуға септігін тигізетініне сенімдімін, – деді Владимир Путин.

ult.kz

Жаңалықтар

Иранда студент қыз көшеде киімін шешіп тастады, деп хабарлайды madeniportal.kz Sputnik.kz сайтына сі...

Жаңалықтар

Қостанай облысында жоғалған балықшы көл жағасында ұйықтап жатқан жерінен табылды, деп хабарлайды mad...