Нұр-Сұлтан қаласында Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамына орай 100-ден астам іс-шара өтеді. Қаланың төр...
Стивен Кингтің ең танымал романы алғаш рет қазақ тіліне аударылды
«Фолиант» баспасынан Стивен Кингтің «Сол» туындысы «Үздік шетел әдебиеті» сериясымен алғаш рет қазақ тілінде жарық көрді, деп хабарлайды "Мәдениет порталы".
Естеріңізге салсақ, «Сол» романы – «Фолиант» баспасынан жарық көрген атақты жазушының екінші кітабы. Бұған дейін баспа Стивен Кингтің «Жасыл миль» кітабын тұңғыш рет қазақ тіліне аударған болатын.
Стивен Кинг – көптеген бестселлер туындылардың авторы. Оның фэнтези, мистика, триллер, детектив, қорқынышты оқиғалар сияқты түрлі жанрда жазған 300-ге жуық әңгімесі мен романы бар. «Сол» - Viking Press баспасы 1986 жылы алғаш рет басып шығарып, қорқыныш пен үрей жанрында жазылған америкалық жазушының танымал романы.
Шығармада Кинг үшін маңызды тақырыптар қозғалады. Олар: сана қабілеті, біріккен топтың күші, балалық шақтағы оқиғалардың ересек өмірге әсері. Негізгі сюжетке сәйкес, Мэн штатындағы ойдан шығарылған Дерри қалашығында жеті жасөспірім адамдарды өлтіріп, кез келген түрге ене алатын жантүршігерлік құбыжықпен күреседі. Арада жылдар өтеді. Жасөспірімдер есейді, енді ешқандай қырсықтың хабары жоқ секілді еді. Бірақ өткеннің сұмдығы қайта оралып, әлдебір сұрапыл күш жеті досты зұлымдықпен жаңа айқасқа киліктіреді. Осылайша туындыдағы оқиға екі түрлі уақыт аралығында баяндалады, бірі басты кейіпкерлердің балалық шағы болса, екіншісі олардың ересек өміріне сәйкес келеді.
Кинг кітап кейіпкерлерінің іс-әрекетіне өзінің балалық шағының естеліктерін негіздеген. Кітап жарияланғаннан кейін бір жыл ішінде екі жарым миллион дана тиражбен тарап кетті.
«Сол» романы Locus Award және World Fantasy Award сыйлығына ұсынылған. British Fantasy Awards сыйлығының бір бөлігі болып табылатын Огюст Дерлет атындағы сыйлыққа ие болды. Туынды Rolling Stone журналының таңдауы бойынша Кингтің үздік 10 туындысының тізіміне енгізілген, ал BBC-дің 200 үздік әдебиет тізімінде «Сол» 144-орында.
Режиссёр Томми Ли Уоллес 1990 жылы роман сюжеті бойынша кішігірім сериал түсірді. 2017 жылы аргентиналық режиссер Андрес Мускетти кітаптың бірінші бөлімі бойынша көркем фильмді жариялады. 2019 жылы бұл фильмнің жалғасы жарық көрді.
Кинг бұл романды 1981 жылы жаза бастаған. Туындының басы рок-н-роллға арналып жазылған еді. Осы кезден-ақ Кинг кітабының көлемді болатынын түсінді. Қаламгер бұл кітабын жазуға 4 жылын арнаған.
Сондай-ақ Кинг «Солды» өзінің «танымал құбыжықтар сериясы» бойынша емтиханым деп санады. «Сол» бұған дейінгі «Дракула», «Франкенштейн», «Тролленберг құбыжығының» элементтерін жинаған «ғарыштан келген» қорқыныш іспетті.
Баспаның бас редакторы Фарида Тобашалованың айтуынша, кітапты қазақ тіліне аударуға тоғыз ай уақыт кеткен. «Психологиялық триллер жанрында қалам тербейтін жазушы Стивен Кинг шығармаларының алғашқы бетінен-ақ өз оқырманын баурап әкетеді. Ол – адам нанғысыз сюжеттер жасаудың хас шебері. Сондықтан болар, «Сол» романынан кейін Стивен Кингті «Қорқыныштар королі» атай бастаған». Ал кітапты қазақ тіліне аударған – тәжірибелі аудармашы Заманбек Әбдешев, – дейді ол.
«Фолиант» баспасы әлем әдебиетінің озық туындыларын қазақ оқырмандарына жеткізу, атап айтқанда әлемдік әдебиетте танымал, бестселлер, Нобель сыйлығына ие болған үздік туындыларды түпнұсқадан аударып, басып шығаруды қолға алып отыр. Естеріңізге салсақ, «Фолиант» баспасының бастамасы бойынша әлем әдебиетінің алтын қазынасына айналған Халед Хоссейнидің «Жарқыраған мың күн», «Батпырауық қуған бала», Мо Янның «Өмір мен өлім азабы», Орхан Памуктың «Ақ қамал», «Сезім музейі», «Менің атым Қырмызы», «Менің оғаш ойларым», «Үнсіз үй» туындылары, Гүзел Яхинаның «Зүлейханың оянуы» романы, Астрид Линдгреннің «Ұзыншұлық Пиппи» кітабы қазақ тілінде жарық көрген болатын.