Қытайға бармағанда Димаш та Ерік Құрманғалиевтің күйін кешер ме еді...

Жаңалықтар
8409

Қазақ халқын әлемге танытқан қазақ операсының жезтаңдай әншісі

Қазақ жерінде дүниеге келген еліміздің біртуар дарынды, талантты азаматтары бар, дегенмен олардың көпшілігі өз елінен қолдау таппай, елеусіз қалып жатады. Содан соң көпшілігінің шетел асуына тура келеді. Себебі қазақтың талантты азаматтарын ең бірінші қазақ емес, шетел мойындайды. Бардың қадірін тірі кезінде білмейміз. Елемейміз. Ескермейміз. Солардың бірі, қазақ жерінде жүріп елеусіз қалған қазақтың әйгілі опера әншісі, өте сирек кездесетін контратенор сарынды дауысымен дүйім жұртты аузына қаратқан- Ерік Құрманғалиев. Ол ерекше талант иесі, өмірге бір келетін айырықша жан. Ерік Құрманғалиевтің атағы бір елдің шеңберінде ғана шектеліп қалған жоқ. Бүкіл әлемді шарлап, атағы жер жарды. Дегенмен бір өкініштісі, Қазақстанда оның есімін бірі білсе, бірі білмейді. Себебі, Ерік Құрманғалиевтің бала арманының орындалуына өз елі мүмкіндік бермеді. Қазақстанда ән шырқап жүрген опера әншісіне түрлі теріс пікірлер айтылып, туған жеріне сыйғызбады. Сондықтан ол өнерін бағалайтын жерге сапар шегуіне тура келді.

Шетел мен Қазақстанда адамының талантын қалай бағалайды?

Шын мәнінде, екі жақтың өнерге деген, өмірге деген көзқарасы жер мен көктей. Себебі, шетелде Ерік Құрманғалиев, Димаш Құдайберген сынды біртуар талантты әншілердің о бастан бетін қақпай, асты-үстіне түсіп, қолдауын білдіретін еді. Өйткені, олар өнерді түсінеді. Музыка жағынан, ән жағынан болсын сауатты. Барлығының түбін қазбалап, терең зерттейді. Шетелдің қанашама талантты әншілері бар. Оларды туған жерінің адамдары қос қолын көтеріп қолдады. Өнердің биік шыңына шығуына мүмкіндік берді. Қолпаштады.

Мысалы, Лучано Паваротти — XX ғасырдың екінші жартысындағы Итальяның ең көрнекті опера әншілерінің бірі. Өзінің жетпіс екі жылдық ғұмырында әлемдік операның ең жарық та жарқын жұлдызы болды. Ақтық демі қалғанша, көмейіне тыным болмаған осынау әншіні кіндік қаны тамған жері мен әлем тыңдармандары тікесінен тік тұрып, шын пір тұтты. Биік ноталарда еркін, суырыла самғайтын ән иесінің аса танымал зор даусы сан құрлықтарды кезіп кеткен еді. Италия елі әлемге керемет әншілер берді. Энрико Карузо, Беньямино Джильи, Джованни Мартинелли, Франко Корелли, Тито Скипа, Джузеппе ди Стефано опера өнерін жер жер жүзіне танытқандар. Сондай ән сүлейлерінің ішінде аса шоқтықты көрінер Паваротти тұлғасы елден ерек. Оны замандастары «Дэу», «Алып» деп еркелетті. Әріптестері арасында ол «Ұлы Па» деген лақап есімімен де мойындалған. Алпысыншы жылдардың басында халықаралық байқаудан алғаш топ жарып, алға шыққан бір кездердегі жас әнші уақыт өте келе «Жиырмасыншы жүзжылдықтың супержүлдызы», «Жоғарғы «До»-ның королі» атанған. Музыка сыншылары оны Энрико Карузодан кейінгі опера өнеріндегі жарқын құбылыс ретінде бағалаған. Екінші октава бойынша «до» нотасын тоғыз рет шырқырата көтерген аса биік дауысты тербелген тенор осы Паваротти.

Содан соң, Андреа Бочелли — италияндық әнші, классикалық және танымал әндер орындаушысы. Опералық музыканың дәріптеушісі. Көз жанарының нашарлығынан және 12 жаста футбол кезіндегі сәтсіз оқиғадан кейін соқыр болып қалады. Опералық музыкаға құмар болған Бочеллидің бүкіл өмірінің арманы мен мақсаты ұлы тенор болу еді. Франко Корелли жас баланы оқытуға алады. Бұл арманың орындауға келген Турин қаласында болады. Осымен заңгер мансабы біткен еді. Осылай жас тенор күндіз вокалға үйреніп, кешке мейрамханаларда өнер көрсетіп, өмір сүруіне қаражат табады. Міне, Италияны әлемге танытқан опера әншілерін аяқтан шалмады. Халық болып қолдады. Ал бізде ше? Иә, Қазақстанда "мен" деген талантты азаматтар көзден таса қалып, еңбектері ескерілмей жатады. Тіпті, оның өнеріне, жеке басына нұқсан келтіретін қисынсыз әңгімелер айтуға әуеспіз. Осылай әлемге атағы жер жарған, бірақ өз елінде елеусіз қалған Ерік Құрманғалиев жайлы білесіз бе? Кезінде қазақ опера әншісі туралы шетелдік БАҚ өкілдері жарыса жазды, сұхбат алды. Ал оның тірі кезінде қазақ елі үнсіз қалды. Қазақ опера әншісінің қадірін білмедік, өнерін бағаламадық. Ерік Құрманғалиев Мәскеуде жүрсе де қазақтығын сақтады. Жылы құшағын ашпаған елін жақсы көрді, құрметі де ерекше еді.

Сонымен Ерік Құрманғалиев деген кім?

Ерік Сәлімұлы Құрманғалиев 1959 жылдың 2 қаңтарында Атырау облысы Құлсары қаласында дүниеге келген. Ал 2007 жылдың 13 қарашасында, Мәскеуде көз жұмды. Ол — өте сирек кездесетін контратенор сарынды опера әншісі.

Әкесі Сәлім — хирург, анасы Меруерт — педиатр болған.

Бала шағында әкесінен айырылған Ерік орта мектеп оқуын Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында бітірген. Ән айтуды өте ерте бастаған радиодан есіткен Людмила Зыкина, Ольга Воронец дауыстарын өзінің балалық альт дауысымен бейнелеген.

Алматы консерваториясында дайындау бөлімінде оқып жүргенде, оны тастап, Мәскеуге барады. Гнесиндер атындағы Мәскеу саздық-педагогикалық институтына түсіп бітіреді. «Гнесинкада» оқып жүргенде концерттік әрекетін бастайды. 1980 жылы Д. Шостакович атындағы Ленинград филармониясы Үлкен залы сахнасында алғашында Антон Шароев оркестрімен бірге Перголезидің Stabat mater деген кантатасын орындайды. Соңыра мынадай асқан дирижерлер меңгеруіндегі әйгілі оркестрлерімен бірге бірталай рет сахнаға шыққан: Рождественский, Китаенко, Мансуров, Сондецкис, Башмет, Третьяков, Гринденко, Николаев. Гнесиндер институтын бітіріп Мәскеу консерваториясы аспирантурасында профессор Н. Дорлиактан біліктігін арттырады. Шеберлік жетілдіру сабақтарын И. Бьенер, А. Рейнолдс, Ф. Кертин, Р. Кэйселли дегендерден алады.

1987 ж. Хертогенбош (Нидерланд) қаласында өткен халықаралық жас әншілер конкурсында лауреат болады.

1988 ж. Бостон қаласында өткен кеңестік саз фестивалінде жергілікті басылымдар Ерік Құрманғалиевті ғаламат феномен деп аңызға айналған опера әнші Федора Барбиеримен салыстырады.

Опера әлемінде белгілі болса да, баршаға тек Роман Виктюк қойған «М. Баттерфляй» спектакліндегі ролінен кейін Ерік ардақты адам боп санала бастады. 1992 ж. американдық драматург Девид Г. Хуанг «М. Баттерфляй» пьесасында Сонг Лилинг ролін орындаған үшін осы жылдың актерлерінің жампозы аталды.

Альфред Шнитке шығармаларының тұңғыш орындаушы Құрманғалиев болды: 2-ші симфония, 4-ші симфония, «Доктор Иоһанн Фауст хикаясы» кантатасы. «Рихтердің желтоқсанда саз кештері» деген халықаралық фестивалінің тұрақты қатысушысы болды. Концерттік әрекетін опера және жеке бағдарламаларды басты сахналарда орындап кең мәртеде өткізді: Ресей, Украина, Латвия, Эстония, Литва, Қазақстан, Татарстан, Недерландия, Бельгия, Мажарстан, Югославия, Франция, Грекия. Пьер Карден шақыруымен Париж сахналарына шықты.

2002 ж. қазанында Мәскеу консерваториясы Үлкен залында гала-концерт берген.

2005 ж. Рустам Хамдамов түсірген «Вокальные параллели» (Әнмен қатарласу) деген филмінде басты ролдерінің біреуін орындады.

Соңғы кезде Ерік сахнаға ата-анасы «Сәлім-Меруерт» атымен аталып шығып жүрді.

2007 ж. қазанның 16 бауыр ауруымен Мәскеу қаласында ауруханаға түсіп, қарашаның 13 дүние өтті. Ол қайтыс болғанда опера әйгілі музыка майталмандарының өзі мұндай әншінің енді тумайтынын, табиғаттың шебер жаратқан ерекше сыйы болатын, енді оны мәңгілікке жоғалтып алдық деп мұңайған екен. Қазақстанда оның қайтыс болғаны елеусіз қабылданды. Өз елімізден, өз топырағымыздан шыққан әншінің бар болғанын, одан кейін жоқ болғанын көбіміз біле де бермейміз.Себебі оның ерекше дауысы көпшілікті бір шетінен таңғалдырды әрі түсінбестік туғызды.

«Ана тілі» Ұлт газетінің 2013 жылы жарық көрген басылымында Ерік Құрманғалиев туралы былай жазылған: "Сауытбек Әбдірахмановтың «Елдік сыны» кітабында консерватория ректоры Ғазиза Ахметқызының Ерікті шақырып алып, оның ерекше дауысымен бұл жерде қиналатынын аналық жүрекпен түсіндіріп, Ерікке Мәскеуге баруға кеңес беретіні туралы айтылады. Оның өміржолы келтірілген деректердің бәрінде Ерік Құрманғалиев бірден Гнесин атындағы музыкалық-педагогикалық институтына түсті деп жазылған. Бірақ оның апасы Раиса Қуанқызы атыраулық ақын Маржан Ершуге берген сұхбатында «Ерік бірден Гнесин институтына қабылданған жоқ, бұйырғаны әуелі Подольскідегі хореография училищесі болды. Талай адам көз тіккен жалғыз жолдаманы Еріктің қолына ұстатқан сол кезде Орталық Комитетте істейтін Камал Смайылов еді» дейді. Гнесинге оны еврей ұлтының қызы, әйгілі музыка маманы, профессор Дарляк алдырған, ол құзырлы орындарға «сондай бір қазақ баласы ерекше дауыспен ән салатынын» естіп, Гнесиндер институтына қабылдау туралы өтініш хат жазады. Таңғалса таңғалғандай еді. Бір замандарда ұлдарды әдейі операция үстеліне жатқызып, дауыстары өзгермей тұрып кастрация жасаған, кастрат ұлдардың хоры музыканың шыңы есептелген, оларды сопрано деп атаған. Ең соңғы сопраношы кастрат жиырмасыншы ғасырдың басында қайтыс болғаннан кейін бұл өнер жоғалған. Бүгінде консерваторияларда ер дауыста да, сонымен бірге әйел дауыста да ән салатын контртенорларды арнайы дайындайды. Бір кезде Ерік Құрманғалиевті Табиғаттың қателігі деп түсінгендер де болған, оны ер адам санатына жатқызбағандар да, тіпті жек көргендер де табылған. Осының бәрі өнер адамының жүйкесіне шектен тыс салмақ болатын. Ерік оқуға қабылданып, дебют ретінде Шостакович атындағы филармонияның үлкен залының сахнасында Перголезидің «Стабат Матер» кантатасын орындайды. Одан әрі қаншама атақты ұстаздардан сабақ алады, ол ерекше дауысына малданып қана қоймайды, үнемі ізденіс үстінде жүреді. Студент кезінен белгілі режиссерлер басқаруындағы оркестр сүйемелдеуімен сахнаға шығады. Осылайша оның тынымсыз, мақтау мен марапатқа, даңқ пен дақпыртқа, самғау мен сүрінуден де кенде емес өнер жолы басталады. 1987 жылы Хертогенбошеде өткен жас әншілер байқауында лауреат атанады. Мәскеу музыка институтын бітіріп, Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясы аспирантурасында профессор Нина Дорлиактан, Бьенер, Кейселлилерден тәлім алады. 1988 жылы Бостонда өткен музыка фестивалінде барлық баспасөз құралдары Ерік Құрманғалиевті атақты опера әншісі Федоро Барбиеримен қатар қойып, ешкімге ұқсамайтын феномен дескен бірауыздан. Ресейде оның атын шығарған Роман Витюктің «Мадам Баттерфляй» қойылымы болды. 1992 жылы Сонг Лилинг рөлі үшін жылдың ең үздік актері деп танылған. Ол бірінші болып А.Шнитке шығармаларын орындаған, «Доктор Иоганн Фауст хикаялары» кантаталары мен симфониялар, опералық бағдарламалармен әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттеріне көп сапар шеккен. 2002 жылы Мәскеу консерваториясының Үлкен залында гала-концерт беріп, 2005 жылы Рустам Хамдамовтың «Вокалды параллельдер» фильміне түскен, сондай-ақ Ригада Карло Броскидің (1722 жылдан бастап Римде ән салған, аса жұмсақ дауысты кастрат әнші Фаринелли) 300 жылдығына арналып қойылған «Фаринеллиден ұрлану» спектакліне қатысқан. Әнші қайтыс болғаннан кейін, 2008 жылдың тамыз айында осы Ригада өткен барокко Farinelli-Fest фестивалі, гала-концерті Ерік Құрманғалиевті еске алуға арналған. Енді Еріктің атын шығарған, үлкен сенсация туғызған «Мадам Баттерфляй» туралы. Бұл негізі американ драматургы Г.Хванның спектаклі. Жалпы адам сенгісіз оқиға француз дипломатының басынан өтеді. Ол қытайдың опера әншісіне ес-түссіз ғашық болады, онымен 17 жыл бірге тұрды, күндердің күнінде ғашық болып жүрген адамының ешқандай да әнші емес, тыңшы екенін, тіпті әйел емес, еркек екенін біліп қояды. Өзінің осы қойылым туралы пікірінде әнші: «Яғни Баттерфляй саяси жезөкше, оның әр қадамы солай бола тұра, ішкі түкпірінде оның өзінің жеке трагедиясы жатыр. Өйткені спектакльде ең бастысы – махаббат болып қала береді. Ал саясат, коммунизм құрылысы, тағы сол сияқтылар адам тағдырын илеуші ғана… Егер менің еркімде болса, мен ер мен әйел арасындағы шектеуді алып тастар едім. Біз бәріміз де табиғат-ананың баласымыз, өзімізге өлшеп берген өмірді бақытты етіп сүру үшін жаралғанбыз, ал адамдар арасында ер, әйел деп, жіктеу, бөлу, шекара қою – осының бәрі адам тағдырын тәлкек ететін саясат. Менің ойымша, нағыз әйел қандай болу керек екенін тек еркек қана біледі, нағыз еркек қандай болу керек екені әйелге ғана аян» деген екен. Сол кезде үлкен шу болған, сонымен бірге қоғамдық пікір туғызған осы қойылымдағы Құрманғалиевтің жұмысын көпшілік вокалистің дағдарысы деп те қабылдаған. Болды, әнші осымен тоқтады деп те айтушылар болған. Осы рөлді ойнағанша Ерік екі жыл бойына ән салмаған. Өйткені трансвестит-тыңшының рөлін ойнаудың өте күрделі екендігін алғашқы дайындықта ұққан, себебі ол тек ән айтып қоймайтын бұл рөлде, сонымен бірге ойнау керек, қозғалу керек, Ерік осының бәрінен өтті, және Чио-Чио-Чио Сан ариясын фонограммамен емес, өз дауысымен орындаған алғашқы ер әнші болды. Үлкен табыс әкелген, сондай-ақ кәдімгідей шу тудырған «Мадам Баттерфляй» мәдениет саласындағы біраз шенеуніктің қолайына жақпаған, мүмкін қытығына тиді ме, әйтеуір сол замандағы мәдениет министрлігі оны қоюға тыйым салған."

Түйін. Неге қазақтың таланттыларын дер кезінде қолдамаймыз? Сенім артуға не кедергі? Әлде іштегі көреалмаушылық сынды сасық қасиет басымырақ па? Кезінде Димаш Құдайберген де елінен қолдау таппады. Қазақтың сыншы сымақтары Димаш туралы жағымсыз әңгіме өрбітіп, даусының жоқ екенін айтып, далбасалады. Ал шын мәнінде әлемде сирек кездесетін ерекше талантын бағаламады. Сын айтты. Қолдарынан келгенше сөкті. Дегенмен Димаштың сағы сынып, қанаты қайырылмады. Еліне деген адал махаббаты оны өнердің биік шыңына жеткізді. Таланты мен еңбегін бір арнаға тоғыстырып, әлемді бірақ мойындатты. Қытайдағы «I am singer» жобасында дүниежүзін аузына қаратты. Осы байқаудан кейін, Қазақстан Димаштай талантты әншінің бар екенін мойындады. Димаштың арқасында Қазақстан туралы біраз ел хабардар болды. Димаштың өнеріне әлем жұртшылығы бас иді. Неге қазақтың таланттыларын бірінші шетел мойындауы керек? Бұл үрдіс жалғасын тапса, талай таланттарымыздан айырылуға болады.

Қаракөз Амантай


weekend.bugin.kz

Жаңалықтар

Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек қаладағы жаңа кітапханалар туралы ақпарат берді, деп хабарлайды madenipo...

Жаңалықтар

ІІМ Ұлттық ұлан сарбаздары суицид жасамақ болған қызды құтқарып қалды, деп хабарлайды madeniportal.k...