Фейсбукте Елеужан Серімов бауырым: «Сiздiң елжақтан шыққан Әл-Хорезмидiң 'Махаббатнамасын&...
Ардақ Нұрғазыұлы. Мен жүрмеген жолдар жаңғырады
Метро
Әке мен бала
Метроға түсетін баспалдақтың алдында тұр
Өмір жалғасып жатыр
Жарық пен қараңғылық
Бала метроға асық
Әкенің күн көзінде шуақтай тұрғысы бар
Бір сәттік сәуле
Өмірмен бәс таласып барады
Әкесін ана бір тұстан алып шықпақ
Бір сәттік кідіру ме
Әлдене сол орында қалып қоятындай
Әкесін бала алып кетсе де
Тел ағыс
Бірі тыныш тұр
Бірі зымырап барады
Тіршілік қанша қақсаң да есігін ашпайтын
жұмбақ
Қорқыт
Әмірхан Балқыбектің рухына
Таным тұрғысынан Жаратушы мен адам, табиғат пен адам, қоғам мен адам, адам мен адам байланысын бастан өткердік. Жаратушыны жоққа шығардық, табиғатты «өзгерттік», қоғамды қан төгуге бейім қатігез төңкеріске үйреттік, адамға адам «қасқыр» дедік. Төртінші айналымнан соң бізді енді не күтіп тұр?
I
Әр рет үйден шыққанда, бұрылмасам да
Артыма қайырылып қарағым келіп тұрады:
Әйеліме, балама, әкем отырған төрге,
Жаюлы дастархандағы шешемнің алақаны тиген шыныға,
Қашанда артымнан күлімсіреп шығарып салатын әпекеме,
Күлімдеп жүретін қарындасымның жүзіне тағы бір рет қарағым келеді.
Миымның жықпылында аққан жұлдыз сөнді.
Орнында бостық, мөлдірейді есте қалу мен ұмыту...
Мен туғанда аспан күңіреніп, жұрт қорқып, соңынан қуанған деседі.
Өмірге бір нәресте келсе, екінші бір жерде топырақ бүлк етеді деуші еді,
Алатаудың баурында мамырлаған бұлт жаңбырға айналып
Астана алаңында сіркіреп тұр
Тынымсыз өтіп жатқан көлік доңғалақтарынан өзгеше дауыс шығады
Әлдебір ұмытылған күйдің үзігі сияқты
Иен қалған жұртта ит пен бала жүр, көк аспан төбеден төнген
Қалықтап жүрген қарақұсқа ит тұмсығын көтеріп үйіріліп ұлиды,
өшкін тартқан көрініс
Тас ошақта қалған шала – ұмтылған ойының ұшы сияқты желде ұшқын ата қоздайды
Жауын, көктемнің жауыны төбемнен құйып тұр
Сорғалаған нұр сияқты сорғалайды уақыт
Шырағдан, алаулаған шырақ, шеңбер...
толқындар шеңбердің шегіне ұмтылады
Тағанында ғасырлар көмілген уақыттың теңізі бір сәт тыншымайды
Ауа, от, су, топырақ... қайталанбайтын сапар
Асфальт жолға түскен жарық болашағын қуып барады
Жан-жағына жалтақтап тұрған көлеңке шалшық суға құлады
Толқындар үнсіз көтеріліп
Жартылай жазылған сөйлемнің соңындағы сөз ішінен нұрланған сәтінде
Қисапсыз жапырақ әуеде алаулап жана бастады
Санамыздағы мейірімділік өшіп, дарақы күлкі қайдан шықты
Жұлдыздар ағып, жарығы тапталған таулардың үстінде сөнген шақта
Аласұрған жел, даланың тозаңы цемент жолдар мен көшелерде үйіріліп
Дүлей дауылдың өзегінде, қараңғы жанарда шөкті.
Жел, жел, жұлқынған жел, таяқтың тықыры,
көшеде соқырды мылқау жетектеп барады
Соғыс қасіреттің жел қайығы сияқты, айдынға шыққан
Кеудемде орнаған мимырт тыныштықтың
тұманында көрінбей аққан өзен тәрізді
Әрбір басқан қадам, жердің бетінде сойдақталған із, жазу
Тәңірдің жартасқа сіңген жаңғырығы...
Неге Тәңірім осы әрі сол жерде сенің емес, оның атын атаудан тыйыламын
Сен үшін мен кіммін?
Неге әр рет оянғанда мейіріңді сезіп,
көзімді ашқанда қасіреттің қан дағын көремін?
Сол қолынан айырылған,
тепе-теңдігін жоғалтып шыр көбелек айналған пенде тәріздімін
Мен одан емес, ол менен қашып жүрген сияқты
Алтынның буы мен ақшаның сыңғырында сақ-сақ күлкі
Қараңғыда майшамның тілінде сұрлана жылтылдайды
Жалын мен раушан гүлі қауышқан сәтінде
көрген түстен ұшып шыққан құс сияқты
Тұманда тұншыққан аралды мұхиттың ақжал толқыны тынбай жұлмалайды
II
Күзгі күннің қабағы түнеріңкі, аспан сұрғылт
Жапырақтарды баспалдақ қылып, өлімнен соң қайта тірілу
Мамырлаған қобыз сарыны
мәңгілікке ашылған гүлдің қауашағында
жұпар шашып, күлтесін төгеді
Өртенген ағаш ән салады, Құдайлардың тас мүсіні орнында жоқ
Бос қалған тұғыр ай нұры астында үнсіз мүлгиді
Түсінде керуенде ән салған қара қанат періштелерді көреді
Компастың тілі шыр айналып, кеменің зәкірі теңіздің түбін соқадай тіліп келеді
Толқын шайып әкелген салды жағада күтіп алған итакалықтар
табыт ағашты төбелеріне көтеріп
атсыз мазарлыққа қарай беттеп барады
Жалма-жан тереңге ұмтылған тамыр сияқты тағдыр
Топырақ пен тастан теңдей нәр алып жаламада бір түп қарағай тұр
Кеше лақтырып жіберген күндерім бүгін қайтып оралды
Толқын мені тағы бір рет жағаға шығарып тастады
Аңыздың өзегінде жанған шырақ сөздің ішінде жарқ ете қалады
Театрхананың қараңғыда көрінбейтін бос орыны сияқты
Гүлдер солатын мезгілде өлім жер бетіне өніп шығады
Сахнада оркестр бір минуттық үзіліс жариялаған сияқты
Мен әр рет саған ұмтылғанда
анасының құшағына қойып кеткен сәби сияқтымын
Көктемнен соң күз келеді, бәрі алмасуда, орнында қалып қойған жаға жыртысар жаңжал және өлім
Төбемнен төгілген шуағың көзімнен жас болып сорғалайды
Сенің алақаның емес, күйреген сұрғылт алаң,
сонда шаншулы тұрған қарақшы сияқтымын
Бәрін біліп тұрып, бәріне барып жатырмыз!
Саған ұқсауға тырысып жатқандаймыз
Мен үшін көр әлдеқашан қазылып болған сияқты
Дүниенің қараңғылығына үйрендім,
алайда, жүрегімнің тастай қатқанына таңым бар
Әлде, сеніміме селкеу түскені ме?
Төбемде мөлдірейді көгілдір мұхит, тамды бір тамшы
Бақшада раушан қауашақ жарып, қырық бір құмалақтың шежіресінде сапардан тағы бір рет қайтып оралдым
Қолымда тұншыққан шырақты ақыры қараңғылықтың тілі тамызды
Толқынды толқын жуады, мен жүрмеген жолдар жаңғырады
Яссауи кесенесі
Бәрі өзгерген
Өзгермеген кешегі күн
Өзегім талып, осы араға жеткенімде
Көзім шалды
Қақпа алдында отырған қартты
Қабырғаға сүйеп қойған таяғы құлай береді
Құлаған сайын
Әр рет қайта сүйеп қояды
Кесененің іргесінде отырған қарт жер шимайлап отыр
Қолына шыбық алған шешесінен қашқан бала
Ағаш арба сүйреген біреуді айналып жүр
Анда-санда артына қайырылып, сақ-сақ күліп мәз болады
Аулаға кіріп, қайта шыққанымда
Кезіктіре алмадым қартты
Таяғы сол баяғы орнында тұр
Алыста бір бейне ескен желдей ұзап барады
Бала да, шешесі де жоқ
Қаңтарылған арба бір шетте тұр
Мың жылдың алдындағы көрініс сияқты
Бәрі өзгерген
Өзгермеген тілімнің ұшындағы бір образ:
Құмды өлкеде қызарып ай туып келеді
Ырғақ
Сен қарадың, жаным,
Мен ояндым,
Толқыныңда туладым.
Ұйқысыраған жастығымды
Сенің анау бал-бұл жанған
Жанарыңның нұрынан
Көзім шалды,
Таныдым.
Күлкі үйірілген көзіңнің
Шанағынан таң күліп,
Мені ұялттың нұрыңмен.
Қара түн де қара тасқа айналып
Жүрегіме тығылды,
Көлеңкеңдей сенделдім мен
Елесіңе айналдым.
Құс отырса ырғағында тағдырына налып,
Жүрегімнің ырғағында сен де тұрсың ырғалып.
"Қазақ әдебиеті", №14