Өз балаларын тәрбиелеу міндетін атқара алмаған 8 мыңға жуық ата-ана есепке қойылды, деп хабарлайды m...
Өтен Ахмет. Жүрегім қан жылайды
Жаңа ғана ФБ-дан Семей атом полигонының бүгінгі сұрқын көрдім. Полигон жабылды, маңайындағы ел қауіпті жерден көшірілген деп жүрсем, әлі де мыңдаған қазақ бауырымыз былғанған полигон аймвғында тұрып жатыр екен, суын ішіп, балығын жеп, уланып. Баяғы колхоз кезінен қалған, сылағы түскен жырым-жырым жарбиған тоқал тамдар. Қаптаған ауру балалар. Подопытный кролик болғандары үшін алатындары тиын-тебен. Апырмау, біз өзі шынында қандай елміз.
Халқымыз ат төбеліндей. Жеріміз байтақ. Ресейге қару сынақтары үшін беріп қойған жер көлемі Еуропадағы бір әлеуетті мемлекеттің (есімде қалмады) жер көлеміндей екен. Ресей бұл полигондарда не пәлесін сынап жатыр, оны ешкім білмейді, білгісі де келмейді екен. Ең сұмдығы анау ядролық полигон аймағында тұрып жатқан, өздері ерте өліп, тұқымы азып жатқан қазақтар. Ау, бұларды басқа, табиғаты тазалау жерге көшіріп алуға болмас па еді. Жер жетеді ғой.
Былтыр бір жылда ғана Қазақстан 90 мл. тонна мұнай өндіріп сатқан. Демек ақша да бар. Астана - Нұр-Сұлтан төңірегіндегі әдемі сөздерге елтіп отыра бергенмен, мынадай сорымыз барда, қазақ елі жақсарып кетті деп ойлау, өзімізді өзіміз алдағанмен бірдей сияқты емес пе. Біздің қазақ журналистері қайда қарап жүр? Елінің басындағы мынадай сұмдық қасіретті неге білмейді, неге көрмейді? Әлде, қыз-қырқынның ышқырдан төмен жағын айтып, көрсетуден қолдары тимей жатыр ма?
Мен өзім жаманды-жақсылы жазушы ретінде қолымнан келгенін істедім. Полигонның зардабы туралы "Атом жарған" деген пьеса жаздым. Бірақ осыған көңіл аударған театр мен режиссерды таппай-ақ қойдым. Біздің театрларға қазір қазақтың тағдырын қозғайтын дүниелер керек емес білем. Басқаша айтсам, қазақ бар, қазақ оңайлықпен құрып кете қоймас. Мәселе қазақтың ЖАНЫ туралы әңгіме сөздің ешкімге керек болмай отырғанында...