Мағжан ЖұмабаевШолпан Сәрсенбайға шыққан жылы өзіндей жас келіншектермен аулақта кеңескенде: «...
ҰЙЫҚТАР АЛДЫНДА КІТАП ОҚУ – КҮНІ БОЙҒЫ ҚАРБАЛАСТЫ ҰМЫТТЫРАДЫ
Қызылорда қаласынан ең үлкен әпкем хабарласып, жағдай сұрасып болғасын, «Үйіңде немесе таныстарыңда Тәкен Әлімқұловтың «Қараой» деген кітабы бар ма?» деп сұрады. Не үшін керек болып жатқанын сұрап едім, мектепте оқитын балаларына қажет екенін жеткізді.
Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ
Әпкемнің айтуынша, мектепте айына балаларға 2 кітап, ата-аналарына 2 кітап оқуға беріледі екен. Белгіленген күні кітапты оқып бітіріп, балалар мен ата-аналар сол бойынша 2 сағат бойы мұғалім жолдаған сауалдарға жауап беріп, ауызша емтихан тапсыратын көрінеді. Бұл бір жағынан, кітапты оқыған-оқымағанын тексерсе, екінші жағынан, оқиғаның балалардың жадында жақсы сақталуына ықпал етсе керек.
Кітапты оқып аяқтап, сол бойынша ауызша емтихан тапсыратын күн балалар үшін де, ата-аналар үшін өте жауапты күн. Мұғалімдер кітап бойынша бірнеше сауал дайындап, балалар мен ата-аналары арасында жарыс ұйымдастырады. Бұл ретте кітаптың бір жерін оқып, екінші жерін тастап кету деген жоқ. Өйткені, сұрақтар оқиғаның кез-келген жерінен қойылуы мүмкін. Ата-ана баласы үшін қандай қадамға бармайды дейсіз. Әпкем қызы оқитын мектептен әлем әдебиетіне, ұлы оқитын мектептен қазақ әдебиетіне саяхат жасап жатқанын алға тартты. Мәселен, қазір өзі Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романын оқу үстінде екен. «Жұмыстан шаршап келсек те, кешкі асты ішіп алып, балалардың сабағын оқытып болғасын, ұйықтап кеткенше кітап оқитын болдым. Өткен айда жарысқа әкесі қатысқан. Кезекпен оқимыз деп келіскесін, осы айда менің кезегім келді» деп, екі баласының арқасында әлем әдебиетінен қызы 8, ұлы 8, әпкем мен күйеуі сегіз-сегіз кітаптан оқығандарын алға тартты.
Өздігімізден кітап оқи бермейтініміз белгілі. Қолымыз тимей жүрсе, кітап оқуды тіпті жинап қоямыз. Ал мәселе тапсырмаға, жарысқа келсе, оған үлкен жауапкершілікпен қарауға тура келеді. Әпкем қызы мен ұлының күнде кешке «кітаптарыңызды оқып жатсыздар ма?» деп әкесі екеуін тексеріп қоятынын айтып, бір күліп алды. «Кітап оқыған жақсы екен, күні бойы көрген қарбаласыңды ұмытып, жақсы ұйықтайды екенсің» деп, балаларының арқасында мектеп қабырғасында оқыған кітаптарымен қайта қауышып, білімін толықтырып жатқанын тілге тиек етті. Жездем де риза болып жүр екен. Үйіне келген қонақтың бәріне айтып, жолдастарының да кітап оқуына себепші болып жүрген көрінеді. «Мынандай кітап десе болды, бірден дүкендерді аралап шығамыз. Өйткені, 1 кітапты оқуға 2 апта уақыт беріледі. Ғаламтордан оқығың келмейді, кітаптың исі бар ғой өзіндік, қолыңа ұстап отырып оқығанға жетпейді екен. Көзге де зиян емес. Компьютерден, телефоннан оқысаң, көзің талып кетеді ғой. Тағы жарқ-жұрқ етіп экран бетіне шығатын жарнамалар жоқ кітапта», – деді әпкем.
Ұтымды әрі жақсы тәжірибе екен. Әпкеммен сөйлесіп отырып, мектеп ұжымына іштей риза болдым. Рас, бұл кітап оқытуды үйретумен қатар, ата-аналар мен мектепті жақындата түсетіндей. Қазір үйдің өзінде балалармен әңгімелесе бермейміз. Ал мұнда тым болмаса оқып жатқан кітаптары жайлы ой алмасуға мүмкіндік бар. Тағы бір ұтымды тұсы – ата-аналар балалары оқыған кітаптан, балалары ата-аналары оқыған кітаптан хабардар болып, білім алмасады. Оқырман, ал сіз соңғы рет қандай кітап оқып едіңіз?
P.S. Әпкеммен сөйлесіп болып, үйдегі кітап сөресіндегі кітаптарды бір қозғап қойдым. Ішінен оқитын кітап іздедім. Сөйтіп, бір кітапты алып, кешеден бері оқи бастадым. Білімімді жетілдірсем деймін. Әрі үйдегі кішкентайлардың көзі үйреніп, кітаппен достасса деген де ой бар.