Адам расында өмірде екі нәрсе үшін өкінуі мүмкін. Ол көп саяхаттамағаны үшін және шын сүймегені үшін...
Фалес Милетті танисыз ба?
ФРАГМЕНТТЕР
Барлық заттардан жасы үлкені — құдай, өйткені ол туылмаған.
Бәрінен ғажайып әдемісі — космос, өйткені ол құдайдың жаратқаны.
Барлығынан үлкен — кеңістік, өйткені ол бәрін өзіне сыйдырады.
Бәрінен жүйрік — ой өйткені ол тоқтаусыз жүгіреді.
Бәрінен күшті — қажеттілік, өйткені ол бәрін жеңеді.
Бәрінен данышпан — уақыт, өйткені ол бәрін айқындайды.
Ол "өлімнің өмірден еш айырмасы жоқ деген. "Олай болса, сен неге өлмейсің?" — деп сұрайды біреу. "Ешқандай айырмашылық болмағандықтан",— деп жауап берген екен ол.
Күн бе, әлде түн бе ерте жаралған деген сұраққа: "Түн — бір күн бұрын жаралған", — деп жауап беріпті ол. Одан адам құдайлардан жасырын заңсыз бір нәрсе жасай ала ма деп сұрапты. "[Жасамақ тұрмақ], ойына да [ала алмайды]",— деп жауап беріпті ол. Не қиын деген сұраққа: "Өзіңді білу", "Не жеңіл?" дегенде — "Біреуге ақыл айту", "Бәрінен не тәтті?" дегенге — "Табыс", "Құдай деген не?" деген сұраққа — "Басы да, аяғы да жоқ нәрсе" депті. "Қалайша бізге ең тамаша, ең адал өмір сүруге болады?" деп сұрағандарға -"Басқаларды не үшін жазғырғаныңды өзің жасамасаң, тамаша өмір сүресің". "Кім бақытты?" дегенге — "Кімнің дені сау, жаратылыспен жарамды, жақсы тәрбиеленген [адам]",— деп жауап беріпті.
Платон. Мемлекет. Фалес, Эксамийдің ұлы, милеттік, ал Геродоттың айтуынша — финикиялық. Ол (бірінші дана аталған) Күннің тұтылуы оның бетін Айдың жабуына байланысты болатындығын, эллиндердің ішінде бірінші болып Кіші жеті қарақшыны анықтағаны үшін және Күн мен табиғаттың көлемі туралы пайымдағаны үшін бірінші дана деген атқа ие болған. Магнесийлік тас пен янтарь арқылы өлі заттарда қалай болғанда да жан бар деген қорытынды жасаған. Элементтердің бастауы — су. Космос, оның сөздеріне қарағанда, тірі жөне құдайлық күшке толы. Ол Египетте абыздардан тәлім алған. "Өзіңді таны" — соның сөзі.
Аристотель. Метафизика. I, 3. 983. 66. Алғашқы философтардың көпшілік тек материалдық бастауларды ғана есептеді, атап айтқанда, заттар не нәрселерден құралады, неден ең алғаш олар пайда болады әрі жоғалғанда ең ақырында не нәрсеге қайта айналады, оның үстіне мән сақталып қалса да, өзінің көріністерін өзгертеді — бұларды олар элемент, немесе заттардың бастауы деп есептеді.
Осындай бастаудың саны мен түрі жөнінде бәрі бірдей көзқарас айтқан жоқ. Осы мағынадағы философия түзушілердің бірі — Фалестің айтуынша бәрінің бастауы, ол — су (сондықтанда ол жер су бетінде түр деген); мұндай жорамалға ол барлық жәндіктердің қорегі ылғалды келетіндіктен әрі жылылықтың өзі де судан шығатынын, суда болатын қасиет деп білгендіктен келген болуы керек (ал бәрі неден шықса, сол — бәрінің бастауы). Сонымен бірге осы көзқарасқа ол бар нәрселердің ұрығы табиғатынан ылғалды болатындықтан келуі де мүмкін, ал ылғалдылықтың түпкі бастауы су ғой.
Ипполит. Жеті дананың бірі, милеттік Фалес табиғат философиясын алған. Оның ойынша, кеңістіктің бастауы да, соңы да су. Өйткені барлығы судың қатуы және булануының әсерінен пайда болады. Барлық нәрсе суда жүзіп жүреді, содан жер сілкіністер, құйындар болып тұрады және жұлдыздар қозғалады. Барлығы соларды тудырған табиғатпен үйлесімділікте өсіп, ағып отырады. Ол Құдай "Бастауы да, соңы да жоқ" нәрсе деп есептеген.