Айзат Рақыш. «Дүниеге көзқарас»: жеті қыры мен тұңғиық сыры

ӘДЕБИЕТ
4079

Өзі қартайса да, шығармашылық тұрғыдан қажуды, мүжілуді білмейтін асыл тұлғалар бар. Уақыт өткен сайын мұндай арда азаматтар, өнер жолында өрелі із қалдырған тұлғалар, қарымды қаламгерлер сан қырынан жарқырай береді. Уақыттың өзі олардың жойқын талант күшінің алдында қауқарсыздық танытады. Сондай сегіз қырлы, бір сырлы айтулы тұлға, Алаштың ардақтысы, көрнекті қаламгер, өнертанушы ғалым, сазгер, драматург Яһуда Амандықов есімін ерекше атауға болады. Тәңірі тарту еткен алуан түрлі талант күшін халқының рухани шырағын маздатуға жұмсаумен келе жатқан абыз тұлға-ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты. Бір тұлғаның бойында біте қайнаған өнер түрлерін айқын атап, кейінгі толқынға таныстыра кетейін.

Сазгер Яһуда қазақ ән өнерінің көгіне өз есімін ойып тұрып жазып қалдырды. Мағжан Жұмабаевтың «Түркістан» өлеңін сазгер әуелі әнге айналдырды. «Қаратауым», «Келші, қарғам», «Аяулым», «Туған елім» сынды әндері республикалық ән бәйгелерінде шашасына шаң жұқтырмады. Автордың әндері Қазақ радиосының «Алтын қорына» енген және бірқатар шетел радиоларында тыңдармандарға ұсынылып тұрады. «Қаратауым» әндер жинағы бар.

Драматург Яһуданың қаламынан туған «Сұлушаш» драмасы мен «Күйреу» трагедиясы облыстық және халық театрларында күні бүгінге дейін көрерменнің көзайымы болып келді.

Күйші Яһуда- халықтық шертпе күйлерді биік деңгейде орындаушы. «Кертолғау», «Қосбасар», «Бозінген» сынды автордың орындауындағы күйлер өлместің отын жағып, Қазақ радиосының «Алтын қорына» енген.

Өнертанушы ғалым Яһуданың зерттеушілік қаламынан «Қазақтың ән өлеңдері» атты  кітабы дүниеге келді. Ғалым мұнымен де шектелмей, осы салада «Өнер сабақтары» атты кітабын жарыққа шығарған. 

Ұстаз Яһуда еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, Адам тәрбюиелеу мақсатын өмірлік қағидасына айналдырған жан. Бұл сөзімнің бірден-бір дәлелі автордың қазақ мектептеріне арнап жазған «Шахмат үйрену» оқулығы. Мектеп оқулығын жазу арқылы Яһуда Амандықов әдіскерлік тұрғыда әлеуеті мол, ұлағаты терең ұстаз екенін бек көрсетті.

Жазушы Яһуда «Үміт шырағы» кітабын қара сөзді қасиет тұтатын қалың оқырмандарына сый етіп ұсынған. Бұған қоса «Әнші Әміре» атты естелік мемуар кітабы және бар. Проза жанрында да еркін қалам тербеп, Амандықов қолтаңбасын қалдыра білді.

Ақын Яһуда «Сырсандық» өлеңдер жинағын топтастырып, жырсүйер оқырмандарын бір тәнті етті. «Дүниеге көзқарас» өлеңдер жинағы 2018 жылы күллі қазақ оқырмандарына жол тартып, жүректердің төрінен орын тапқан. Алда айтылар сөздің шұрайлысы да, тиегі ағытылар лебіздің ең майлысы да осы «Дүниеге көзқарас» өлеңдер жинағы жөнінде болмақ.

Деректерге көз жүгіртсем, бұл кітапқа топтастырылған өлеңдердің қолжазбасын өз кезінде ақын Ғафу Қайырбеков, Сағи Жиенбаев, сыншы Сағат Әшімбаев, Төлеген Тоқбергенов жоғары бағалаған екен. 

Сыншы Сағат Әшімбаев сөз болып отырған кітаптың қолжазбасымен 1954 жылы  танысып, жоғары пікір білдірген. Осы кітаптың алғы сөзінде берілген Әшімбаевтың пікірінен үзінді келтірсек, «Яқаңның жасы өскен сайын ойы өсіп отырған. Оны кітап көрсететді,» деген бір ауыз тобықтай сөзі-ақ көп сырды ашады. Ақын поэзиясына тән айрықша қасиеттерді төменде санамалап ұсынамын.

Біріншіден, ақынның қаламына көрегендік, уақыттан асып түсіп болжау тән. Бұл қасиетті жыраулар поэзиясынан көріп келдік. Қазақ жырауларының әлденеше ғасырды болжап айтқан астарлы сөздері бүгінде шынға айналып отырғаны бесенеден белгілі. Ал Яһуда ақынның поэзиясына да осындай уақыттан озып туған тереңдік тән. Оны бір ғана «Адам-ау!» деген өлеңімен дәлелдей аламын. 1954 жылы жазылған аталмыш өлеңде қазір елімізде, қала берді күллі адамзат тарихында орын алып отырған кесапатты жайттар айқын айшықталған. 

Көгерсінші деп ойласаң көсегең,

Тыныштықта гүлдей жайнап өсер ең,

деп басталған өлеңнің әр тармағында Адам баласының теріс қасиеттерін аяусыз шенеу,, әрі қамқорлықпен ақыл айту, абыздың сәуегейлігі жасырынған. Келесі шумаққа кезек берелік:

Адам-ау!

Тіршілікті қулықпен он орайсың,

Шырын шашып құл еткенге оңайсың,

Өз тұрағың Жерді қорлап кәдесіз,

Шыр қалдырмай шұрқ-шұрқ етіп тонайсың...

Адамның қолымен жасалып жатқан «Жерді тонау» үрдісі мен одан туындаған экологиялық апаттар жайын аз сөзге көп мағына сыйғызудың хас шебері бір шумаққа байлап берген. 

...Өзді-өзіңе толдың білем. Абайла.

Жұлдыздардан мейман кеп жүр, оны ойла,-деген қос тармақата шайыр қазіргі таңда әлемді алаңдатып отырған қаупі зор ахуалдарды бағамдайды. Төрт-ақ шумақтан тұратын шағын көлемді өлеңде автор Адам баласын бейбітшілікке, тіршілік атаулыға мейіріммен қарауға шақырады. Болашақты бағдарлап жазған өрелі өлеңдерінің бұл бір айнасы ғана.

Екіншіден, қаламгер тым қысқа жазып, оқырманына терең ойларының түйінін ұсынуға өте шебер. Мұндай қысқа өлеңдері оқырманына адамдық қасиеттерді уағыздау, ақыл-кеңес айту қызметін жоғары деңгейде атқарып тұр. Сөзімнің берік дәлелі ретінде «Сырыңа сақ бол» деген жалғыз шумақтан тұратын өлеңін келтірейін.

«Досым» деп сырлассаң біреуге ашылып,

Түптеп ой тартар емессің зияда,

Біреуге айтыпты дейсің ашынып,

Ішіңе сыймаған біреуге сый ма?

1953 жылы қағазға түскен төрт тармақта  адам адам болғалы онымен бірге өмір сүріп келе жатқан сыр ашу мен сыр сақтай алмау, досқа өкпе тәрізді қасиеттер өте сәтті тоғысқан.

Төртіншіден, қысқа жазумен қатар автор ұзақ көлемді өлеңдер де туғыза білді. Мұнда бейнелеу мен сипатаудың сұлу сырын көрсетті. Бұған ақынның «Көкпарда», «Сүтақ құс туралы аңыз», «Жігттің жолын байлама», «Өмір толғауы» тәрізді көптеген өлеңдері куә. Бұл ретте қаламгер ұзақ жаза отырып, кейіпкер портреті мен пейзажды жеткізе берудің майталманы ретінде көрінеді. 

Төртіншіден, ақын поэзиясы тақырыпқа тым бай. Қай тақырыпты тамыр етіп алмасын, шайырдың өзіне ғана тән терең философиясы, өмір өрнектерінен негізі қаланған шындық арқау, кемеліне жеткен көркем тіл кестесі көзге ұрып, көңілді жаулайды. Туған жер, туған елге махаббат, жастар, болашақ, адамдық қасиеттер, өмірдің мәні, махаббат, сезім әуендері-осының барлығы Яһуда ағамыздың бір қаламынан сәтімен туындаған терең тамырлы тақырыптар. Ақын қай тақырыпқа жазбасын, әбден зерттеп, бүге-шігесіне дейін талдап, жанына сіңіріп барып толғайды. Әбден піскен тақырып бай           идеяларды оқырман көңіліне құнды қасиет ретінде тарту етеді. 

Бесіншіден, шайыр өлеңдері құрылысы жағынан, ұйқас табиғаты тұрғысынан әр алуан болып келеді. «Бидайық туралы баллада» туындысын он бір буынды қара өлең ұйқасымен жазса, «Бұл бақытты күнім менің» өлеңін сегіз буынды шалыс ұйқас үлгісінде өреді. «Ерте семіз ер жігітім» өлеңі он бес буынды қара өлең ұйқасымен үйлесім тапақан. Қазақ өлең өнеріне тән, әдебиеттану ғылымында зерттеліп, зерделенген ұйқас түрлерін түрлендіре қолданып, сөз өнерін саз өнеріндей таңғажайып үндестікке, сұлу үйлесімділікке алып келеді.

Алтыншыдан, Яһуда өлеңдерінің басым көпшілігі жүйелі оқиғаға құрылады. Баллада, өлеңдер композициялық құрылымы жағынан өзара қабысым, оқиғаның басталуынан оқиғаның шешіміне дейін суреттеліп, оқырманына түйінді ғибрат ұсынады.  

Жетінші қыры-қаламгер тілінің саф алтындай тазалығы, тұнып тұрған мөлдірлігі, қай тақырыпты қозғаса да нысанаға дөп тигізе білетін өткірлігі, өзіндік төл тіркестерге толы көркемдігі.  Ақын өлеңдерін оқи отырып, қазақ тілінің бай табиғатына мақтанышпен көз жеткізуге әбден болады. Бір шумақта кездескен теңеу келесі шумақта бой көрсетпейді. Қайталану, қарадүрсінділікке ұрынбайды. Туған тілінің бар байлығын орамды қолданып, әр шумақтың әрбір тармағында өзгеше құлпырады. Бұл тіл кестесі Яһуда жырларын өміршең еткен басты қаруы, Тәңірдің қаламгерге берген тартуы. Әсіресе, қазақтың кқнерген сөздерін орнымен орайластыра жұмсауы-ақын тілінң айрықша бір сипаты.

 «Дүниеге көзқарас» атты бір жинақтың көлемінде ақынның поэзиясының бағасын арттырып, құнын қымбаттатып тұрған жеті қырына үңілдім. Үңілген сайын тұңғиығына тартып, ғажайыбына шым баырады. Кітаптың құндылығы сонша, қайсыбір жандардың өмірге деген теріс көзқарасын оңдап, түзетіп жіберуге қауқарлы. «Қазақ қане?» десе, мақтанышпен кеуде кере көрсете алатындай Алты Алаштың арысы, көне мен жаңаны жүйелі жалғап отырған жасампаз тұлғамыз бар. Ақын Яһуда Амандықовты кемел келешекке кемеңгердің көзімен қарай білетін қасиеті өнегелі өмірдің, сырға толы көңілдің күйін шертіп, оқырманын Адамдық деп аталатын ғаламат өлкеге ертіп тұр.

Айзат Рақыш

жазушы

author

Яһуда Амандықов

КОМПОЗИТОР

Жаңалықтар

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жуырда ғана қайырымдылыққа аударған қазақстандықтардың қаржысын жымқы...

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...