Клара Қабылғазина -1950 жылдың 4 сәуірінде Шығыс Қазақстан облысы,Тарбағатай ауданы, Жалғызтал ауылы...
Жүрсін Ерманның кейінгі жылдарда жазған өлеңдері
Өз үйім
Өз үйім – өлең төсегім,
Осында өніп, өсемін.
Осында келіп құтылам
Даңғазасынан көшенің.
Осында бүкіл қазынам,
Кездерім болса қажыған
Әңкі де тәңкі басымды
Осында тығып жазылам.
Көлденең көздің сұғынан
Осында келіп тығылам.
Үйректей атса біреулер
Үйіме жетіп жығылам.
Айта алман сүттей ақпын деп,
Үйімнің дәмін татқым кеп,
Қансырап келіп осы үйге
Қанымды жалап жаттым көп!
Көңірсіп жанса ошағым
Күн менен түнді қосамын.
Күтеді мені осы үйде
Күдерін үзбей қосағым.
Әкемнен қалған шаңырақ
Қалмасын дедім қаңырап.
Жамырап келіп жатса екен
Ұлым мен қызым маңырап.
Алтыннан ардақ босағам,
Айтармыз әлі қош-аман.
Білдірмей алшы осы үйде
Жанымды бір күн, жасаған.
12 қыркүйек 2015 жыл
МАСКҮНЕМ
Жұртым бір жыр тоса ма,
елім – бір ән.
Бүтінделіп болған жоқ менің мұрам.
Тағдырымды тар жерде қияр ма екен
Артық ішкен жүз грамм,
Елу грамм
Тегеуріні болар ма мұнша қатты,
Қоя алмадым, апыр-ай, бұл шарапты.
Құрметі деп көрсеткен бағаладым,
Саптаяқпен ұсынса кім шалапты.
Ақылдан да,
Ардан да күшті бір ас,
Іш десе тартынбадым.
Іштім. Рас.
Уақыт та өлді талай тілге келмей,
Бақыт та басымдағы ұшты біраз.
Ішіппін таныспен де, бейтаныспен,
Лағнет бәріне енді айтам іштен.
Бүлкілдеп бауырымды сорып жатыр
Шарабым үріп ішкен, шайқап ішкен.
Таста деп ұрысты жар,
Ұрысты апам.
Қоямын.
Денсаулықты дұрыстатам.
Қою да оңай емес.
Қою үшін
Тағы да құйып жібер бір стакан!
Ақтөбелік ақын Ершат Қайболдинді айтысқа шақыру
Ершат інім!
Төбеңе шабытыңның кер шатырын.
Тербетіп Нұрпейістің аруағын
Ала кел ақын бабаң берсе ақылын.
Әйтеуір өлең әкел астанаға
Сөз әкел
айта алмайтын басқа бала.
Торғайдай шырылдаған жаныңды әкел
Тасыған мейманасы тас қалаға.
Сусаған сағыныштан кім арылған,
Шығайын иіскелеп құмарымнан.
Есіме Есенбайды түсіретін –
Бір жұтым жұпар әкел Шұбарыңнан.
Қонатын кез болмай ма өренге бақ,
Қарағым, күмілжімей төмен қарап
Өтежан өлеңінің отын әкел
Бір шумақ былдырлаған өлеңге орап.
Ақ перзент ақыны едің Ақтөбенің,
Әлдилеп жыр-ананың бақ бөбегін.
Босатып бесігінен қол-аяғын
Айтып кел Қуандықтың жатқа өлеңін.
Алматы дуылдасын, дүркіресін,
Ақ жаңбыр өлең болып сіркіресін.
Көшені сыпыратын Камаздары
Абайдың даңғылынан жыр күресін.
Күдіктің көк тұманы түрілер шақ,
Туады тұлпарға да мінілер сәт.
Алаңдап жүрмін күнде әуежайға
Аңқылдап кеп қалар деп інім Ершат!
17.ХІ.2015ж
ТАБЫЛДЫ ДОСЫМОВ
Таулар мен төбелерді айырмаған
Шайыр боп көрінбейді шайыр маған.
Теңіздің жағасында сусап тұрмын
Кемеңе қолым жетпей қайырлаған.
Қалайша тірлігіңде танымағам?
Болады тағдырыңа жаным алаң.
Күңгірттеу күн астында күңіреніп
Жүргендей көрінесің әлі маған?
Ұлтым-ау, ұлысым-ау деп шырылдар
Жүректе жасырулы көп сырың бар.
Алашқа асқақтатпай атағыңды
Жаныңда жүрді ме екен жексұрындар?!
Ақынға ажал жетпей жоқ бақыт шын,
Ащы мен тұщыны да көп татыпсың.
Шалқұйрық шаңын үзер шақ туғанда
Шарқ ұрған сапарыңды тоқтатыпсың.
Табылып таудан биік табалдырық
Бермеді-ау зәлім заман саған да ырық.
Шерің мен шеменіңді шығаруға
Айғайлап әнге бастың амал құрып.
Өнерсіз өздерінің басын күйттер
Шұбырып жүрген шығар қасыңда иттер.
Біреулер пенделігін жасырдық дер,
Біреулер елге құнын асырдық дер.
Кетерін біледі олар кім сүрініп,
Астынан табанымның құм суырып,
Арқамнан қаққан болып өзімнің де
Қасымда қарауылдап жүр шұбырып.
Сөзіңе отырғам жоқ сөз қосқалы,
Жолыңа шалар едім боз қасқаны.
Махамбетті өлтірген дұшпаны емес,
Махамбетті өлтірген өз достары!
Тірлікте ақ пен қара сабылысқан
Ақын көп жолдасы – аяр, жары – мыстан.
Сұрайтын еріккенде ердің қасын
Жанашыр дегеніңнің бәрі – дұшпан.
Бұл өзі әлімсақтан білетін іс,
Байыздап тауып жатсың міне тыныс.
Үдеріп көшер кезде керуен-өмір
Үзіліп кету қандай ұлы өкініш.
Көтеріп құрметіңе тостарымды
Шараппен жұбатайын аш қарынды.
Тірі емес, өлілерден дос таңдасам,
Мен сені таңдар едім, дос Табылды!
30 шілде
***
Біздің ауыл шалғайда, жер түбінде,
Бөлек біздің ауылдың дерті мүлде.
Бір сапарға шығып ем он үшімде,
Енді мына тағдырдың еркі кімде?
Ауыл қалды шалғайда,
жер түбінде.
Қайрылуға қайран жоқ,
барам ұзап,
Жолдас болдым жандарға жанары жат.
Ішіп жүрген суымның бәрі– кермек,
Жұтып жүрген ауамның бәрі– аңызақ,
Қайрылуға қайран жоқ,
барам ұзап.
Ұзап барам, қайтейін, барған сайын,
Қанша жылым бар енді, бар қанша айым?
Бәйтеректің басымын
тамырынан
Алыстайтын– жапырақ жарған сайын...
***
Болсам да өтіп кеткен жылдарға алаң,
Мезгілдің сыйқырына күнде арбалам.
Біз сені баяғыдан танимыз деп
Береді күнде сәлем мыңдар маған.
Тағдырым, уақыттан оза алдың ба,
Білемін құтқармасын ажалдың да.
Көк айна , сен арқылы бар өмірім
Өтіпті қазағымның көз алдында.
Жазарсың, жазбассыңдар құлыптасқа,
Мендегі арман басқа, үміт басқа.
Қазақтың құлағына құйып жүрмін
Жүрсін Ерман атымды ұмытпасқа.
Асыл – Ажар туған күн
Жүр-ау деп қыр астында тосып ажал
Сен енді еш қорықпа, шошыма, жар.
Өзіңді апарады алыстарға
Аузыңнан түсе салған Асыл-Ажар.
Өзің ғой жарқылдаған жанар, түрі,
Өзіңнен кемісі жоқ, жоқ артығы.
Осылай ала берсе тәрбиеңді
Екінші Бақытжамал болар түбі.
Қадамын қапысыз ғып санап басқан
Барлығын аңғаратын қабақ-қастан.
Қайткенде ұқсаймын деп ұлы анама
Сәтімен инеңді де сабақтасқан.
Тезірек оралсын деп қосына аман
Ол біздің бәрімізді тосып алаң.
Қасиет-қадіріңді кие тұтып
Басады орыныңды осы балаң.
Оянсаң ортасында кейде түннің
Қайтқаны қайырымен бейнетіңнің
Бейнесі сол болар ма бізге жеткен
Ақбала, Ханымбике, Зейнекүлдің!
Екеуміз ескі қоныс, еңістеміз
Ұрпақты шығарармыз өріске біз.
Жүрер-ау шыр айналып қасымызда
Жебеуші ақ қанатты періштеміз.
Айналған қасында әлі шыркөбелек,
Ол саған пәруана бір көбелек.
Сен менсіз қалған күні үміттенем
Сол ғана көз жасыңды сүрте ме деп.
9.06.2014
ПОЭЗИЯ
Әкем маған жаттатқызды бірде аят,
Қияқтай ай көк желкемде тұрды аяп.
Қойнымдағы қағазымды су-су ғып
Жаңбыр талай жазып берді рубаят.
Ақынмын деп қырға шықтым алшаңдап,
Қуанушы ем құшаққа жел толса алдап.
Шыр-пыр болды қарлығаштар ақ тамақ–
Қонар ем деп басыңа егер– болсам бақ.
Шуылдады сырын айтып көк қамыс,
Қиялым да көкке самғап кетті алыс.
Жүрдім талай қой соңында салпақтап,
Қыр астында жусандарым көп таныс.
Жаттым сайда саққұлақтай тың тыңдап,
Төбемде ұшты көкала үйрек сымпылдап.
Саз-саз болған менің жалаң басыма
Дәл сол күні қонған шығар мүмкін бақ?
Сырласам деп төбемдегі тырнамен
Ғашық болып қалдым ба екен жырға мен.
Содан бері таңдайыма жабысып
Өлең болып келе жатсың, нұрлы әлем!
Қалтаңды бір ойлаумен,
малтаңды бір
Жүргеніңде таусылар талқан-ғұмыр.
Қабағыңды күн шалып болмай жатып
Қараңғымен қымтайды арқаңды іңір.
Асығыстық кіргендей үрдіске анық,
Ай азайып,
барады күн қысқарып.
Өте шығар басыңнан елес-өмір,
Жанталаспен жүргенде тұрмыс бағып.
Шашым ұзын болғанмен,
мұртым қысқа,
Жалындаған жігіт ем былтыр қыста.
Ақыретті ойлаған адамсынып,
Бой үйретіп жатырмын бұл тұрмысқа.
Құлағымды төсемей кеңеске құр
Елеңдеумен келіп ем елеске бір.
Талайларды тақымға басқанындай
Ерттеп мініп алды ғой мені ескі өмір.
Тауға да ұрып басымды,
тасқа да ұрып,
Бекер іздеп жүріппін басқа ғұрып.
Менің зая тағдырым – менікі емес,
Жатыр менсіз бір жерде басқарылып!
30.08.14.
ҚАЖЫҒҰМАР ШӘБДЕНҰЛЫ
Жат жерде жан табылмай сөзін ұғар,
Қытайда көзін жұмды Қажығұмар.
Солығын баспай кетті сорлы жүрек,
Жүректің сонша кімге жазығы бар?
Жетпеді туған жерге. Жеткізбеді,
Шекара шарбағынан өткізбеді.
Елінің бүйрегі-ай бүлк етпеген,
Ұяттан өртенеді бет біздегі.
Тауысып түрмелерде бар қайратын,
Сексен жыл сағыныштан сарғайды ақын.
Тарықса көк бөрідей ұлығанмен,
Зарықса кімнің атап қарғайды атын?!
Қадамы кері кетсе басқан алға,
Демедік – жанарыңды жасқа малма.
Талаптың тауы қайтіп шағылмасын,
Туған ел айналған соң тас қамалға?!
Сексен жыл суымады жалыны іштің,
Сексен жыл жуымады жанына ешкім.
Құшағын айқара ашып Ажал ғана.
Құтқарды түрмесінен сағыныштың!
***
Болсам да өтіп кеткен жылдарға алаң,
Мезгілдің сыйқырына күнде арбалам.
Біз сені баяғыдан танимыз деп
Береді күнде сәлем мыңдар маған.
Тағдырым, уақыттан оза алдың ба,
Білемін құтқармасын ажалдың да.
Көк айна , сен арқылы бар өмірім
Өтіпті қазағымның көз алдында.
Жазарсың, жазбассыңдар құлыптасқа,
Мендегі арман басқа, үміт басқа.
Қазақтың құлағына құйып жүрмін
Жүрсін Ерман атымды ұмытпасқа.
МЕНІҢ БЮСТІМ
(мүсінші Тілеуберді Бинашқа)
Қоладан құйылыпты бас пішінім.
Қаншама жасағансың тасты шығын.
Есімде, үйіңде сәл отырған ем
Күзетіп қазандағы ас пісіуін.
Сол қалпым тас мүсінге айналыппын
Тұғырға қол-аяқсыз байланыппын
Мен ертең топыраққа сінгенімде
Жүреді есімімді ойға алып кім?!
Қырандай қияларға сілкінген ем,
Сыймаса, сыймас тасқа мүмкін денем.
Тілеужан, жаным қайда шырылдаған
Қайда менің жүрегім дүңкілдеген?!
Неге жоқ лыпылдаған бойда қаным?
Күлкім қайда?
Қасірет қайда қалың?
Ештеңеге селт етпес тас мүсінге
Қараймын да, қамығып ойланамын.
Шеберсің, таласым жоқ, Тілеуберді,
Кісі көп құнығатын мінеуге ерді.
Тасқа неге айналтып жібермейсің
Қойынына тас тыққан біреулерді?!
Мүсіндерің секілді мұра дайын
Абылай тұр, Шоқан тұр, тұр Абайым.
Бәлкім саған өкпелеп жүрген шығар
Құйдыра алмай мүсінін бір ағайын?
Тынысымды жан едім жырға тосар
Жұмысыңды демеймін шират. Осал.
Жанымды алып қалмасаң, Тілеуберді,
Тасқа айналған басымды қирата сал!
Жүректе – жыр, көңілде – күй тұрғанмен
Өтіп жатыр өмірім ит-ырғаңмен.
Уайыммен оянам таңғы ұйқымнан
Оянудың орнына сыйқырлы әнмен.
Уақыт – зая, самалдай жыр еспеген,
Тағдырым да секілді бір ескі өлең.
Өтіп жатыр түндерім уайыммен
Өтіп жатыр күндерім күреспенен.
Айтылғанда өтірік бет қызармай
Ызаланам бәріне кекті жандай.
Бәрін алып – сататын хан базарда
Шындығымды жүремін өткізе алмай.
Ию– қию шығарар есебін кім
Әділетпен толмаса есе бір күн.
Несі қымбат қорлықпен өткен күннің,
Несі аяулы өксіген осы өмірдің?...
***
Жұрт жүреді сыртымнан көп тон пішіп,
Сырт көз үшін кию керек оңды ішік.
Тәйке тұрған асығымды бүк дейді,
Алшы түскен сақам ылғи болды шік.
Ағайынға аласарып жақпаймын,
Қақпақылға түсіп кеткен доптаймын
Бойыма шақ жұмыстарды атқармай
Ойыма шақ емес сөзді оттаймын.
Қабағыма түскеннен соң қаяу мұң
Оңып кеткен сырмақтағы бояумын.
Көңілінен шығамын деп әркімнің
Өзімді өзім жоғалтуға таяумын...
Барам- келемін,
Сенделіп келем-кетемін,
Не болса соған көңілді – елеңдетемін
Қадалма, қалам, қағазға кенедей болып,
Өле алмай жүріп, өңмендеп өлең не теңім?!
«Сырымды жұртқа жаюға» неге ынтығамын,
Желкемді қиып барады көген-тұмарым.
...Аранын ашқан ашқарақ көңіл-пешіме
Көмейі толып қалғанша өлең тығамын!
***
Темірше.
Темірше дос.
Темірше ағам,
Өгейлігін көрсетті-ау өмір саған.
Шөміштен қысып құйды ол сыбағаңды
Қытымыр секілденіп келін сараң.
Бұрқатып анда-санда жыр дауылын
Сағынып жүруші едің сыр қауынын.
Мылтығыңды кезеніп бүкең-бүкең
Қуалап Жетісудың қырғауылын.
Аңшылық құрар шағың тек күзде еді,
Құстардың алдарқатып көп тізбегі
Қырғауыл қанатындай қызыл-жасыл
Қу өмір қуғаныңмен жеткізбеді
Жетем деп Сырға бардың, қырға бардың,
Үні едің сұңқылдаған бір ғаламның.
Қырғауыл қауырсыны секілденген
Кім білген баянсызын жыр-қаламның!