Өз заманында аты әлемге танылған жазушымыз Әнуар Әлімжанов қазіргі Алматы облысы Алакөл ауданының Қа...
Қазақ тұрмысқа жем болмауы тиіс
Сайлауалды науқан болғаннан соң, тек өз қара басыңды ғана емес, - күллі қоғамның келешегі қалай болар екен, енді қандай ағыс күтіп тұр дегендей алаңдаушылықтың болуы заңдылық деп есептеймін. Кезінде алауыз қылығы үшін Жаратушы маңынан қуылған Шәйтан да бірнәрсеге үміттенетін секілді. Ол да жамандықтың қара түнегінен арылып, жарық күннің шуағына арқасын қыздырғысы келетін шығар. Сол сияқты әр адам да бармақтай бақтан үмітті. Жалпы пенде баласына шынтуайтқа келгенде аса көп нәрсе керек емес те тәрізді. Әрине, хайуанға тән рефлексті ол місе тұтудан қалды. Десекте тым оза шапқан түріміз де көрінбейді. Себебі көп нәрсе сол тұрмыстық сұраныс маңынан аса қойған жоқ-ты.
Осы орайда халықтың талабы не де? деген сауалдың туындауы орынды. Ішер ас пен киер киім және баспана ғана ма? Бұлай десек тым қарабайыр кететұғын секілдіміз. Амал нешік, ақиқат осы боп тұрғандай. Адамның аңнан айырмашылығы - оның өзегеріс пен танымға бейім санасы болар. Сырт кейіп-кеспіріміз адамға ұқсағанмен ішкі дүниямыз сол алғашқы жаратылған деңгейде қалып қойған ба күдіктенесің. Оған себеп: соңғы кездегі талап-тілектердің мән-мазмұнына байланысты. Пендені адам ететін күш - оның санасының ояулығына қарай өрістер, ал адамды пендеге апарып, жігерін құм ететін нәрсе – тұрмыс деген зұлмат. Яғни, біздің қазіргі қоғамдағы басты проблема - осы Тұрмыс төңірегіне ғана жиынтықталған сынды. Өйткені президенттікке үміткерлердің басты мақсаттары: халықтың экономикалық-әлеуметтік әл ауқатын арттыруға негізделген.
Тарих қойнауына үңілсек не бір таң қаларлық жайттарға куә боласың. Ежелгі антикалық дәуірдегі Эллиндер елі аспа-төк астамшылықтың салдарынан азғындау жолына түсіп, іріп-шіріп құрыды. Ал ел басына күн туған қатыгез шақтарда жұрт бір жұдырықша жұмылып, қайғы мен қасіретті жеңе білді. Осыдан барып: бай-бақуатты болу дегеніміз – әркімнің армандайтын бармақтай бағы бола ала ма? Әлде одан да өзге құндылық бар ма? Осы жайлы кім не ойлайды?
Ең алдымен өз санамыздағы сапырылысқан сауалдарға өзіміз жауап таппай, сыртқа сын айту жөн бе? Және сын айтатындай қаншалықты салмағымыз бар? Ауыз өзімдікі екен деп бейпіл лапылдай беру мәдениеттілік пе? Осы мәдениеттілік дегеніміз не? Зиялы, нұр деген сөздердің қадірін әбден кетіріп болдық. Сол сынды құлақ түріп, елегізи тыңдайтын ойды ұғу қабілетінен де айырылып бара жатқандаймыз. Отардағы қой тәрізді бір-бірін тыңдамай маңырай беретін хәлге жеттік.
Ешкім өзіне тоқтау салғысы жоқ, себебі ол о бастан өзінің жүз пайыз дұрыс жолда екенін іштей мойындап қойған. Пікір тыңдап, алмасу мәдениеті мақұрым болып барады. Менің ойымша: алдымен өзіңді түзе немесе салыстырмалы ойлап-пішу машығын меңгеруге тырыс. Өзімшілдік ешқашан да ырыс әкелген емес. Оның соңы тек қана зардап. Сондықтан әр адам төңірегіне шуақ шашпай өзі де шуаққа бөленбейтінін түсінуіміз тиіс. Төңірек өзгерсе – қоғам өзгереді. Судыраған тәтті, көркем сөзбен өзгеріс жасау мүмкін еместігі дәлелденді. Сөзуарлық уақытынан өттік. Сонымен қатар өзіңнен басқаны жаман санап, сол жамандау арқылы өзіңді ақтау да ұшпаққа апаратын даңғыл жол емес.
Егер шынымен Адам деген ардақты есімге ие болсақ – санамызды да іске қосуымыз керек. Сонда ғана көксеген небір армандар - материалдық негізге айнала алады. Әйтпесе, осы тұрмыс жеген, түйсігі күнкөрістен аспаған – күңкілдеген пенде қалпымызда қала беретінімізге күмәнсізбін. .......
Гүлмира Әжіханова