Қалтай Мұхамеджановтың айтқандары

ӘДЕБИЕТ
2312

***

Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романы бойынша екі сериялы кино түсіріліп жатса керек. Бірде Әбдіжәміл «жігіттердің көңілін көтеріп қайтайық» деп, кино түсіріліп жатқан жерге Қалтай Мұхамеджановты ертіп келеді.

Автор келген соң, кино түсірушілер қауқылдасып жиналып қалады. Әбекең сабырмен жымиып қана, сумкасынан бір жарты суырады. Жігіттер «Еңбек жемісті болсын!» десіп, бір жартыны  оншақтыға бөлісіп, бір-ақ көтереді. Әрі қарай Әбекеңнің тарапынан ешқандай белгі бола қоймады. Сонда Қалтай:

– Әбеке, осы «Қан мен тер» неше серия еді! – деген екен.

***

Бірде белгілі драматург Қалтай Мұхамеджанов бір топ қаламгер арасында өзінің Куба сапары туралы  әңгіме қозғап отырады.

– Мен Гаванада отырып Алматымен үш минутта  сөйлесіп үлгердім, –      дейді.                                                                                                          

Сонда мұны тыңдап отырған Шерхан Мұртазаев басын шайқап, таңырқап:

– Япырай, ә! Өзіміз мына тұрған Сарыағашта дем алып жатқанда Алматымен үш сағат дегенде әзер сөйлесуші едік, – деген екен.

Қалтай Мұхамеджанов***

Жазушылар одағының кезекті бір жиналысы өтіп жатады. Жиналысты Қалтай Мұхамеджанов басқарып отырса керек. Біраз адам сөйлеп, жиын аяқталуға жақындайды.

Сонда, сөйлегісі келіп, іштей дайындалып, тіптен президиумға тілхат жіберіп тықыршып отырған жазушы Әбулақап Райымбеков шыдай алмай залдан дауыстайды:

– Ау, Қалтай-ау, біз тізіміңде бармыз ба, қашан сөйлейміз? – деп.

Қалтай болса асықпай орнынан тұрып, микрофонға жақындай түсіп:

– Е, Әбеке, тізімде Сіз болмағанда кім болады, барсыз тізімде, барсыз! Тек, Сізге сөзді жан қысылған кезде берейік деп отырмыз. Әзірше тыныштық, қысыла қойған жоқпыз! – деген екен.

***

Қалтай Мұхамеджановқа біреу:

– Қалеке, проза неге жазбайсыз? Әсілі, талаптанып көрдіңіз бе? – деп сұрапты.

Сонда Қалтай:

– Көрдім. Бірақ пьеса болып кете береді, – деген екен.

***

Қазақ ССР Мәдениет министрлігінде жетпісінші жылдар ішінде көптеген қызметкер жаңартылады. Министр Еркімбеков, бірінші орынбасары Попов, екінші орынбасары  Саудабаев деген азаматтар болады.

Осы кезде біреу Қалтай Мұхамеджановтан: «Қалтай, министрлікке іріктелген жаңа кадрларға  риза боларсыз?» деп сұрапты. Сонда Қалтай:

– Әрине, ризамыз, министр домбырашы, заминистр илюзиянист, тағы бір замымыз циркаш, тамаша ғой! Тек енді бір фокусник болса қатып кетер еді депті. Мұнысы: Еркімбеков консерваторияның домбыра класын бітірген, Попов бұрынғы илюзиянист, Саудабаев бұрынғы цирк директоры екнін айтқаны екен дейді.

***

Бірде ақын Ғафу Қайырбеков пен драматург Қалтай Мұхамеджанов сапарлас болыпты. Ел іші белгілі ақын-жазушыларына жақсы ықылас көрсететін әдеті. Сондай бір ықыласты басқосудан қонақ үйге қайтып келген соң Ғафу көпке дейін тыншымай, ақындық әсерін айта берсе керек.

Ертеңінде Қалтай:

− Орыстың ішіп алып экстрасын, Ғафужан түніменен екі-үш тұрасың,  – деген екен.

***

Алматыда якут-саха әдебиетінің  күндері өтіп, Қазақстан Жазушылар одағының «Қаламгер» кафесінде дастархан жайылады. Әріптестер бір-бірімен әзілдерін жарастырып арқа-жарқа болып отырғанда, саха меймандардың  бірі сөз алып:

– Біз ежелден қанымыз да бір, шыққан тегіміз де бір туысқан халықтармыз. Мына ұлан-ғайыр далаларыңызда ұжымымыз жарасып, бірге ғұмыр кешкен кездеріміз болған. Бірақ, сендер, қазақтар бізді осы кең далаға сыйғызбай қуып тастағансыңдар! – деп, үлкен өкініш-өкпе сияқты ойын айтады.

Достық көңілдің дастарханында мұндай сөздің айтылғанына  екі жақтың да адамдары  ыңғайсызданып қалады. Сол кезде, Қалтай Мұхамеджанов отырып:

– Ау, бауырым-ау, ағайын арасында өкпе-наз деген бола береді  ғой. Бірақ, өздеріңде де бар, қуды екен деп сонша алысқа қаша бере ме екен! – десе керек.

***

Бірде, Орталақ Комитеттің  идеология жөніндегі хатшысы Саттар Нұрмашұлы Имашев сол кезде «Жаңа фильм» журналына редактор болып қызмет атқаратын Қалтай Мұхамеджановтан:

– Қалеке, осы сіз қызмет көлігіңізді мініп, сыраханаға барады деп естимін, сол сөз рас па? – деп сұрайды.

Сонда, Қалтай:

– Саттар Нұрмашевич, сіз ол машинаны маған мініп жүрсін деп берген жоқсыз ба! Сондықтан, оны мініп бармағанда итеріп барамын ба?! – деген екен.

***

Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы қызметін атқарып жүрген кезінде Қалтайды Республиканың бірінші басшысы Дінмұхаммед Қонаев қабылдауына шақырыпты.

– Қалтай, осы Олжас екеуіңнің басың бір қазанға сыймай жүрген сияқты, саған басқа бір қызмет тапсырайын. Анау кинокомитетінің бастығы Ләйла Ғалымжанқызына орынбасар болып барсаң қайтеді, – дейді. Сонда Қалтай:

– Рахмет, Димеке, мен екі бірдей қатынға қалай орынбасар боламын! – десе керек.

– Қалайша екі әйелге орынбасар боласың! – деп, Димекең таңданыс білдіреді.

– Енді, Димеке, жұмыста Ләйлаға  орынбасар болсам, үйге келген кезде келініңізге  орынбасар болсам, менің не тамтығым қалады?! – депті Қалтай.

Димекең бұл сөзге мырс етіп бір күліп алыпты да, Қалтайды Киномотографистер одағының төрағасы қызметіне тағайындатыпты.

***

Қалтай оқырман қауыммен кездесу өткізіп жатса керек. Әр түрлі  сұрақтар қойылып, оған Қалтай әдеттегідей ұшқыр да тапқыр жауаптар беріп тұрады. Сонда бір кекселеу әйел Қалтайды сынамақ  болып:

– Карл Маркстің «Капиталын» қысқаша қалай түсіндіріп берер едіңіз? – деп тосын сұрақ қойыпты. Қалағаң болса еш мүдірместен:

– Айналайын, қарағым, Маркстің үш томдық «Капиталында» айтылған ойды біздің қазақ баяғыда үш-ақ ауыз сөзбен түйіндеп қойған. Жай түіндемей, халықтың санасына өшпестей етіп сіңіріп жіберген. Ол үш ауыз сөз былай айтылады: бірінші томдағы ойды  «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» деген; екінші томдағы ойды «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген; үшінші томдағы ойды «Бай байға құяды, сай сайға құяды» деген. «Капиталдың» қысқаша түйінін енді түсіндіңіз бе?! – деген екен.

Ел аузынан жинап алған Ақселеу Сейдімбек

author

Қалтай Мұхамеджанов

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...