Пушкин сүйген 15 ару

ӘДЕБИЕТ
4766
Биыл орыс әдебиетінің негізін салушы Александр Пушкиннің (1799-1837) туғанына 220 жыл. ХІХ ғасырдағы орыс әдебиеті түгелдей оның рухымен өзектеседі. Қалалар, кенттер, көшелер, алаңдар оның атымен аталып, балалар оның атын «алады». Қазақтар арасында да «пушкиндер» көп? Еуропа әдебиетінің түренін Ресейдің өзегіне құйған тұлға. Әу баста патша лицейінде французша қара таныған Пушкин «француз бозбала» атанды. Ұлы ақынның әкесі француз кітапханасына әуес болған. Шешесі Абиссинадан келген келімсек құл Абраһам Петрович Ганнибалдың немересі еді. Ол 15 жасынан жаза бастады. «Азаттық жыры» оны жер аударды (1820 ж), Александр Пептің ескі сұлбасымен «Руслан мен Людмила», «Капқаз тұтқыны» (1822), «Ағайынды қарақшылар» (1822), «Бақшасарай су бұрқағы» (1823), «Борис Годунов» (1825) өлеңмен жазылған драмасы, бұдан 8 жыл өткенде әйгілі «Евгений Онегин»(1833) т.с.с, «Сараң сері», «Моцарт пен Сальери», «Оба уақытындағы той», қысқа пьесалары өмірге келді. 1831 жылы Пушкин Наталья Николаевна Гончаровамен тұрмыс құрғанымен сәтсіздікке ұрынды. Нидерландиялық дипломаттың асырандысы Жорж Дантеспен жекпе-жекте 37 мүшелінде жазым болды.

Ғұмыр – жақсы көру мен жек көруден тұрады екен. Орыстың әндігері Ұлы Пушкиннің махаббаттары да өте ғажайып дерлік. Ақынның жары болу – қасірет дейтіндер табылар. Пушкиннің өмірінде жолыққан сұлудың бірі – Е.П.Бакунина (1795-1869). Орман перісі, тұңғыш кездесу! Өлең болып жеткен ынтызарлық! Ұлы ақынның жан дүниесін иемденген құбылысты сәт 1815 жылы қазан айының 29-ы күні болған. Ақынның күнделігіндегі үздіккен жазбалар бақытты сәттердің ізі секілді. Жас ақынның жүрек әмірінен төмендегі жыр жолдары қалды.

***
Күзгі орман

Е.П.Бакунинаға

Жарық әлем, айналайын тылсым бір,
Сенің ізің түскен жолды иіскедім.
Қоңыр түзде қоңыр әуен кіл сыңғыр,
Таба алмадым, табуға бек тиісті едім.

Мәуелі ағаш аясында күрсіндім,
Аяулым-ау шақырамын, байқайым,
Әуені аунап жел аймалап тынысымды,
Жаңғырыққа ұласқанда айқайым.

Сағыныштың сазын салып үзе ағын,
Күмбір-күмбір күй сыңғыры жайылып.
Ұмытылмас гүл бейнеңді сызамын,
Қайда кеттің ғайыбым...

Солай жаным, таппағаным үшін мен,
Қайран сезім өзіне-өзі бір қайғы.
Көктемге деп жалбарындым ішімнен,
Қазан айы қабақ түйіп ымдайды.

Сілкіп ағаш бұтақтарын, оңып құр,
Жайлап жатыр жағалауда нұр тұман,
Бала қайың тыр жалаңаш торықты,
Жыртық талдың жапырағы шырқырап,
Жетім жүрек жел өтінде тоңып тұр...

1816 ж.

Е.К.Воронцова ару – ұлы ақынның тағы бір сүйгені. Новороссийск өлкесінің генерал-губернаторы М.С.Воронцовтың әйелі. Тумысынан ақылды, білімдар кірпияз адал жан. Пушкинмен 1823 жылы Одессада ұшырасып, оны есінен адастыра ынтықтырған хас сұлу. Аты-жөні – Елизавета Ксаверьевна (1792-1880). Пушкиннің құлай сүйген шағындағы «Атақ дәме», «Өртенген хаттар», «Есіңе ал», «Қоштасу» өлеңдері оған арналған.

***

Е.К.Воронцоваға

Есіме алған сайын жынданамын,
Мұң шерткен жанымдағы
кіл қара мұң.
Жасымды жаурататын жасын
күндер,
Есіңе алсаң мені нұрланамын.
Маңымда майда толқын,
Сырғақ ағым,
Тұңғиық теңіз ұрған шырғалаң
үр...
Найзасы найзағайдың шарпып
өтсе,
Екпінді жырларымды тыңда
Жаным.
Шайқастың жан түршігер майданында,
Шалқыған жамалыңның
сайранында,
Қаңырар қан шаһардың қапасында,
Арыңның мен жүрейін
байрағында.
Қиялың қыдырғанда түсіңде
көр,
Жап-жарық жанарыңның ішінде
де өлер.
Жолында алақұйын тағдырыңның,
Сақтай жүр кеңіс қалса күшіңде
егер.
Мұңменен өткен сәтті сөндірмегін,
Жаралы жүрегімде мөлдір
демің.
Айрылмас сеніміме ұялай жүр,
Қайырылмас ғажайыбым
Сеңгір көгім!!!

1825 ж.


М.Н.Волконская (1805-1863) Ұлы Пушкиннің жан жүрегін дуалаған тағы бір ару. Әкесі – қаһарман, генерал декабрист Н.Н.Раевский. Мария Николаевна ерекше дарқан мінезді болған деседі. Оның күйеуі С.Г.Волконский 1826 жылы суық Сібірге жер аударылған құрбан. Пушкин Марияға «Евгений Онегин» операсының басқы бөлігін арнады.Сонымен бірге «Полтава» өлеңі бар.

***

Полтава

Мария Волконскаяға

Жанымның сіңген мәуелі гүлі,
Есіңде ме еді есіл шумағым?
Өзіңе арналған әуенім, үнім
Шертіп жүрме екен,
жадыңның қылын?
Ақын әлемі – әдемі мұңым,
Бақытты күнім – жақұт
тұнығым.
Күттім мен сені, күттім сарылып,
Өтер дүние, болар бәрі ұмыт?
Өртеніп маздадым,
Антым, ардағым сағыныш
Тұнба үнім.
Қоштасар сәт жетті, ұмытпа
ғашығым,
Ең соңғы лебің – кейісім, пейішім,
Асылдан асылым,
Жасырған жұмбағым.

1828 ж.


А.П.Керн (1800-1879) – Ұлы Пушкинмен ұшырасқандар арасындағы ең тартымдысы болса керек. Есім-сойы – Анна Петровна. Ол, Пушкиннің нағыз жанкүйері еді. «Кавказ тұтқыны», «Бақшасарай су бұрқағы», «Ағалы інілі сарбаздар», т.с.с, шығармаларды есі кетердей шұқшия оқыған. «Евгений Онегин» операсының екінші бөлігін ақын Аннаға арнады.***

А.П.Кернге

Жарқ еткен сәттік құбылысым бей,
Жап-жарық бейнең тұр керім.
Сүгіреті құдды тірі мүсіндей,
Түсімде көрген пір ме едің?

Сенімсіз мұңның ішінде жерік,
Келімсіз үрей қинаса мейлі.
Ай дидар жүзіңді түсімде көріп,
Әуезді үніңді тыңдасам деймін.

Жылдар жылжиды, тыныш тынысың,
Қиял қанатың нұр жамылады,
Тәңіри кейпің, нәркез дыбысың,
Қараңғы іңірге мұң жамырады.

Сол сәтті ұмытып, тұманданбаймын?!
Жадаулау жарым уақытпен өткем,
Өшпейтін мәңгі шырағдандаймын,
Киелі ғайып тәңірден де өктем,
Жылармандаймын, шыңалғандаймын,
Жалт еткен сәуле құбылысындай,
Сүгіреті таңсық, жанары қандай!
Шырақтай жаным бұрымы сымдай,
Қараңдай жаным алау лаулай.
Байтақ арманым қайта жаңғырған,
Махаббат аспаны жұмбақ лағыл,
Жүрегім шалқып шаттық әуенмен,
Жіміле ғалам гүл жамылады.

1825 ж.


Пушкиннің санасын қайта жаңғыртқан ғажайып арулардың бірі Александра Осиповна Смирнова (1809-1882) есімді әйел һәм Россеттің қызы. Ақылды, парасатты, көрікті жан. Өте білімді, поэзия, пәлафа, саяси сараптауларды жетік білетіндігі өз замандастарының сілекейін шұбыртқан. Оның от жанары ақындардың жан жүрегіне оқ болып қадалса керек. Пушкин онымен 1828 жылдан бастап танысты. «Оның көзі», «Шығыс жанары», «Шығыс жұлдызы», «Өткір жайнаң» қатарлы өлеңдерін арнаған.

***
А.О.Смирноваға (Россет)

(Смирнова мәликенің сүгірет жинағына жазылған арнау)

Сәби мінезді еркем – ай, керім,
Жарқын ізеттім, көркемім дедім.
Дара көңілді кең пейілдім-ай,
Ұлпадай жайсаң мөлтеңім менің.
Тағдырдың қапас ауыр сынағын,
Айпара ашқан сәуір шуағым.
Хаһиқи, адал айдай сұлуым,
Өтірік, өсекпен жала, шылығын,
Өңшең өлімтік қара сұғының,
Түгін тазартар жанашырымын!

Ұлы Пушкинге басқа әйелдер де өлердей ғашық болғаны туралы аңыздар осындай мол. Мысалы, А.Ф.Закревская (1799-1879). Пушкин Аграфенамен 1820 жылы танысқан секілді. Баяғы Финляндияның дипломат елшісі, Ішкі Істер министрі, генералдың әйелімен көңілдес болу бақыты Пушкинге бұйырды. Табиғатынан зерек, ақылды, сыр сақтауға келгенде аса сенімді болуы ақынға бірден ұнаса керек. Аграфена Федоровна балуан денелі, осы ұнамды бейнесі қаншама ерлерді ынтықтырған. Пушкин «Егер Аграфена болмаса құсадан өлер едім... Ол менің құтқарушы тәңірім...» деуінде бір мән бар. Агрефена Федоровна Закеревскаяға ақын «Бейне», «Білезік», «Бақыт, баянсыздығы», «Евгений Онегин» операсының сегізінші бөлігін арнады.

***

Портрет

А.Ф. Закревскаяға

Ынтыққан ыстық жүрегіменен,
Үздіккен үлпіл, балқыған.
Бітсе де жанып түгеліменен,
Ең соңғы шырын сарқыған.
Жаһан ғаламға нұрын төгетін сәуле,
Көгімде,
Ғарыштың жарық жұлдызы
Шығыстан шыққан перімдей,
Қызыл қырмызы,
Ғажайып ерін үр қызы!

1828 ж.


Көне Петрбург ауқаттыларының бірі, өз дәуіріндегі ерекше білімдар, математик, атына заты сай Е.И.Голыцина (1780-1850) Пушкиннің ғашықтарының бірегейі. Әрқилы көзқарастағы зиялылармен етене танысу үшін кештік ойын-сауық жасайтын оны «Түн ханшайымы» атайды. Ұлы ақын 1817-1819 ж.ж осы әйелге күн құрғатпай баратын. Өлеңді жан дүниесімен түсінетін Голыцина Пушкиннің көзіне елес күйінде қалды. «Азат ару» өлеңі де соған арналды.

***
Е. И. Голыцинаға

Бөгде жерде байланған армын,
Алданғаным байсалдығым де.
Қайдан табармын қайран бабамның,
Қайтпайтын қайсарлығын мен.
Жалын лаулаған азаттығымның,
Алауын қосып күйіп тұр ма едің?
Лағыл ақық ғажапты үніңді,
Аңсап іздеймін сүйіктім менің.
Жатырқамаған жанына тең ғып,
Алыстамаған ашық бегім мұң.
Сырымды кімге айта алам енді,
Жек көрем ілкін тегімнің.
Кездестің кеше ертектегідей
Керемет керім сәттегі,
Голыцина саған селт еткенімдей,
Мөп-мөлдір жүзің тәтті еді.


Е.Н.Ушакова (1809-1872) бекзат біреудің тұңғыш қызы. Поэзияның шынайы жанкүйері. Екатерина Николаевнаның Пушкинмен ұшырасқан сәті 1827-1829 ж.ж аралығы. Тірсегіне төгілген алтын сары бұрымы, аялы көкшіл жанары мейірімге толы. Екатерина ару ұлы ақын өмірден өткеннен кейін ғана тұрмыс құрған. Өзі қайтыс болардан бұрын құнды зат сақтауға арналған сәнді қорапшадан ақынның өзіне жазған хаттарын шығарып, немересіне өртетіп жіберген. Ол, «бұл хаттар жандүниемнің құпиясы еді...» деген.

***

Е. К. Ушаковаға

Көрінген көлгір елестер – көмес те көне бей тыным,
Дұғалар оқып, күбірлеп сайтанды қуған ниетіммен.
«Ағуз-билләһи минәш-шайтан... бисимилләһи...» дейтінім,
Бүгінде бүлік ібілістер, бүркесе үрлеп бетімнен.
(Сақтайтын жақұт дұғалар, құтқарар тәңір құдайлар...)
Құдіретті сенің алдыңда елес боп келген бір айбын,
Сынайсың мені дана деп, сынасаң тағы сынай бар.
Алтындай бұйра бұрымың, қасың мен көзің, шырайлым,
Әппақ дүр жүзің әдемі, әрқашан дәйім ұнайды,
Әуендей әсем дауысың, пәктігің керім тірі айдын.
Сұлулық ибаң дидарың, нұрыңа шомып құлаймын,
Өзегім құрып өртеніп, еңіреп, елтіп жылаймын.
«Бисимиләһи!» илләһи, ләйім...

1827 ж.


Пушкинді мәжнүн еткен тағы бір әйел А.А.Оленина (1808-1888). Ғажайып ару. Әйгілі суретші, сурет академиясының хакімі А.Н.Олениннің еркетотайы. Жасы 19 шамасындағы уыз бойжеткен. Ақын жер аударылып қайтқан сәтінде Аннамен ұшырасқан. Пушкин күндіз ойынан, түнде түсінен шықпаған қызға не бір мұңлы жырларын арнады. «Сен екеуіміз», «Оның көзі», «Аян», «Бай қала, аш қала» қатарлы топтамаларын Arneite olerine, Annette Pouskine деп жіберді. Алайда саяси бақылаудағы тұтқынға қызын қимаған әке-шешесі болса керек.

***
А.А.Оленинаға

Жалындап жанған тірі отым,
Басымды байлап, ерке өстің.
Шумақтарымда жүретін,
Бота көзі едің шеркестің.
Шығыстың жарық жұлдызы,
Шыңғырта соққан нажағай.
Қылықтым, қызыл қырмызым,
Сәби көңілді ғажап – ай!
Жанымды жайлар мұңым-ай,
Есімді алған еркем-ді.
Аяным берген сынық Ай,
Өзекті зердем өртенді.
Түсімде көрген ғайыбым,
Оленинаның қарасы.
Ізетті қарапайымым,
Леля сынды жарасым.
Рафаэль сызған сүгірет,
Аялы ару аңырым.
Қарасам дағы мың рет,
Ұмытылмайтын тәңірім.

1828 ж.


Пушкин айдаудан келгеннен кейін тағы да З.А.Волконская есімді әйелге ерекше ынтыға берді. Зинаида Александровна да «кет әрі» емес еді. Жас әйелге ақынның сөзіне жазылған Геништің «Жұлдыз ақты көгімнен» мұңлы әуені қатты ұнаған. 1826 жылы ақын Мәскеуден кеткенде оған жазған Волконскаяның хаты тарихта қалды. «Кремльге қайт ақын!?» деп басталатын ынтызар хат ұлы ақынның жан жүрегін елжірете түсті.

***

З. А. Волконскаяға

Қызу-қызу ортада жаңғырықтар тоғысы,
Иреңдеген бишілер, ойын қызған көп іші.
Тер сасыған Мәскеудің жын ойнағын аралап,
Аполлонның ойыны ғажап еді сен үшін.

Зерлі таяқ ұстаған саусақтарың сүмбіл-ді,
Киесі мол өнердің тәңірі де, бұл күнді.
Есімді алған дуалап, елесіңмен бір жүрдім,
Сұлу жүзің сиқырлы, сыйлағандай мың гүлді.

Шолпан шашқан шуақтай дидарыңа тәнтімін,
Күйтабақтан дүр етіп, күңіреніп шалқыды үн.
Сыған қызы Каталин қарағанда алқынып,
Боталаған көзіңнің жәудіріне балқыдым.

О, құдірет! 
Не түрен!?
Жауһарларын жанымның жауратпауыңды өтінем!

1827 ж.

 


Оқи отырыңыз: ▶ ▷ Сұраған Рахметұлы. Достоевскийдің жертөлесі



Петрбургте Пушкиннің назарын татқан әйел Е. М. Заводовская (1807-1874). Тұрмыстағы әйел. Күйеуі – граф В.Л.Заводовский. «Елена Михайловна келбетті, керімсал, Петрбургтің шолпаны...» Пушкин Завдовскаяға «Әдемі қыз» өлеңін арнады.

***
Е. М. Заводовскаяға

Әдеміліктің рәмізі еді ол,
Таңғы шолпаннан таралған.
Реңі керім шаттыққа толы,
Бақыт пен нұрдан жаралған.
Ешкім де оған тең келе алмай,
Көз тартқан бейне меңді мұң.
Керіле басқан кермаралым-ай,
Елеңдей ерек еңлігім.
Кездесу сені күтеді алдан,
Қайдасың, қайда жүрсің сен?
Құмарым қанбай жүрегімде арман,
Сезер ме ең шіркін күрсінсем.
Жарқ етіп жетсең жылап тұрып ем,
Есімнен тана жаздармын,
Сұлулық деген жұмақ түбінде
Бас ұрып жанып маздармын.

1832 ж.


Пушкин ғашық болған трагедиялық драманың ең әндігері Петрбург театрының актрисасы Е.С.Семенова (1786-1849) Мәскеудегі князь И.А.Гагаринге 1826 жылы тұрмысқа шыққан актрисаны театры «Тірі жауһар» атандырды. Пушкин 1831 жылы басылған «Борис Годунов» кітабының айпара бетіне «Гагаринге Пушкиннен, Семеноваға автордан... (Княгине Екатерине Семеновне Гагариной от Пушкина, Семеновой от сочинтеля)» деп қолтаңба қалтырған. Ұлы ақынды ынтықтырған Семенова Екатерина Семеновна осы пәк актриса еді.

***
Е. С. Семеноваға

Ғажайып мұңлы әні Семенованың,
Бұлбұлдай үні көшті ме.
Фебия сырнай келе ме оралып,
Русьтің есіл есімі мәңгі өшті ме.
Сенбеймін қайта келеді, ол назым,
Соғады әуезбен жүрегі талығып.
Шаттықтың ғайып гүл тәжі,
Абыройына бас иетіндер тағы,
Сокофл серінің қасиеті сіңген,
Орамалын берер нарттай мұнтазым.
Катениннің сыйынып өткен,
Төбесіндегі сол бір гүл тәжі,
Асылдай жайнап көрінер.

1821 ж.


Ғажайып ғұмырдың жарқын дер шағында А.М.Колосова (1802-1880) есімді актрисаға көңілі ауды. Колосова Александр Михайловна 1818 жылы Озеровтың «Эдип Афинада» пьесасында аса құмарпаздықпен сәтті ойнады. Он жеті жасар ақық тісті жас қыздың бейнесі оның жандүниесін иеленді. Колосова 1827 жылы трагедиялық драманың хас шебері В.А.Каратыгинге тұрмысқа шықты.
Пушкин, Александр Михайловна Каратыгинаға «Катенинаға» деген әйгілі өлеңін арнады.

***

КАТЕНИНАҒА

А. М. Колосоваға

Ғажайып көрікті, ғайыпи сүгіретті,
Кім маған құрметпен ұсынар ойдағы.
Өнерлі өрелі өңіңді құдіретті,
Өзіңдей өренім Селимен*, Моинаны*.
Ағаттық жіберді ол пәк еді, әрине,
Бірақ та беті ашық ләйім,
Ласты тазалап жүрсе де зар илеп,
Көреалмас өштіктен сақтағай құдайым.
Бейсауат, лақпа нәшіндер лай үн,
Кедергі – кесапат кесірдің бәрі де.
Көкке ұшқан түтіндей кіл айық,
Сақтасын құдайым!
Қалтырақ қолыммен рухты арулап,
Тағдырдың бастауын мінәйім,
Өзіңе дәуірім бағыштап сұрайын!

*Селимена – Мольердің «Мизантроп» трагедиясындағы Колосованың сомдаған рөлі.
*Моина – Озеровтың «Фингал» тагедиясындағы Колосованың сомдаған рөлі


Ұлы орыстың бет-пердесі атанған хас сұлу Авдотья (Евдокия) Ильинична Истомина (1799-1848). Бұл балерина ұлы ақынның сезімін оятқан арулардың соңғысы да емес. Пушкин оған «Евгений Онегин» операсының І көрінісін арнаған. Қара шашы төгілген, бота көзі жәудіреген Истоминаға таласып дуэльге шыққандар көп.
Петербургтің есалаң мәжнүндері В.В.Шерметев пен А.П.Заводовскийлері жекпе-жеккке шығып В.В.Шерметев жер құшқан.

Бұдан соң А.С.Грибоедов пен А.И.Якубовичтер жекпе-жекке шығып бірін бірі оққа байлады. Орыстың текті элиталары осылайша бір қатынға таласып өзара қырылысып жатты!


О, Құдырет!!! Бұдан кейін Пушкиннің тағы да Вера Федоровна Вяземская есімді келіншекпен етене көңілдес болғаны бар.

Өзінің қиыспас досы П.А.Вяземскийдің некелі әйелі Вера. Орыстың князі Пётр Андреевич Вяземскийден (1792-1878) гөрі оны ақын өзіне ерекше ынтықтырса керек. Ол жекпе-жекке шығар алдында Верамен жолығып сырласқаны жөнінде сарғыш парақта жазулы қалды.

Ұлы ақынның ең ақырғы демі сүйкімді Вераның қолында жатып үзілген!

Өлеңдерді аударып, мақаланы дайындаған Сұраған Рахметұлы


▶ ▷ Польшадағы тұз музейі (фото)

▶ ▷ Біздің мәдениет «өлдім» дегенді естімейтіндердің қолында

▶ ▷ Мәдениет министрлігі «ҰЛТТЫҚ КИНО» деген ұғымды түсінбей ме?

author

Александр Сергеевич Пушкин

АҚЫН

Медицина

Шығыс Қазақстан облысында дәрігерлер салмағы небәрі 700 грамм болып туған нәрестенің өмірін сақтап қ...

Жаңалықтар

Бұл мереке 1997 жылғы 24 қарашада Қорғаныс министрінің Қарулы күштердің қажеттіліктері үшін педагоги...