8- маусым күні «Алатау» дәстүрлі өнер театрының сахнасында М.Әуезовтың 125 жылдық мерейт...
Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры
Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры өзінің театрлық маусымын алғаш 1973 жылдың 16 қарашасында М.Дунаевскийдің «Вольный ветер» опереттасымен ашқан болатын. Бұл күнде бірнеше онжылдық тарихы мен дәстүрі қалыптасқан театр сахнасында сондай оперетталардың асқақ рухы, өміршеңдігі мен шынайылығы, сән-салтанаты сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасып келеді. Театрдың 37 жылдық репертуарында 189 қойылымы бар. Олардың ішінде опереттаның әлемдік классикасы саналатын И.Кальманның «Баядера», «Сильва», «Марица» оперетталары, И.Шраустың «Цыганский барон», «Летучая мышь», Ф.Легардың «Веселая вдова», Г.Канчелидің «Проделки Ханумы», Г.Гладковтың «Собака на сене» сияқты туындыларын атап өтуге болады. Театр репертуары жыл сайын жаңа премьералармен толығып отырады. Балет, опера, мюзиклдерді сахналаумен қатар, әр-түрлі мерекелік шоу-думандар, шығармашылық кештер өткізіліп тұрады. Заман ағымына сай бағыт ұстанған театрымыз жаңа қойылымдарға отандық режиссерлермен қатар, шетелдік әртістерді, режиссер, хореографтарды шақырып, басқа театрлармен тәжірибе алмасып отыруы – жалпы театр өнерінің дамуына септігін тигізері сөзсіз. Бұл әр қойылымға деген үлкен жауапкершілікті көрсетеді. Театр ұжымында 300-ге жуық адам қызмет істесе, соның ішінде 150 әртістер. Оның алтауы ҚР мәдениеті мен өнеріне еңбегі сіңген әртістері мен қайраткер атағына ие болғандар. Атап айтқанда солист-вокалисттер: Амантай Ибраев, Елена Филинкова, Владимир Сухов, Леонид Мельников, бас суретші Малик Байкенов, балет әртісі Надежда Мельникова. «Мәдениет қайреткері» төс белгісіне ие болған солист-вокалисттер: Амантай Ибраев, Елена Филинкова, Елена Ломоносова, бас суретші Малик Байкенов, оркестр әртісі Сыпков, бутофор цех меңгерушісі Анара Қажғалиева. Халықаралық байқаулардың лауреаттары Амантай Ибраев, Елена Филинкова, Андрей Школдыченко. Бірқатар әртістер Қарағанды облыстық Мәдениет Басқармасының, облыс әкімінің сыйлығына, облыс, қала, республика көлеміндегі мақтау грамоталарына ие болған. Театр труппасында кәсіби шеберлігі жоғары мамандар қызмет жасайды. Театрымызды республика бойынша ғана емес, алыс-жақын шет ел мемлекеттерінің тануы біздің басты жетістігіміз деп білеміз. Театрға ҚР еңбек сіңірген қайраткері Амантай Ибраев басшылық етеді. Театр әдетте өз заманының озық идеяларын бойына сіңіре отырып, ізгілік мұраттарын паш еткенде, ең бастысы адамның өмірлік және рухани ой-мақсаттары мен оның күрделі ішкі жан дүниесін терең де шынайы ашып бейнелегенде ғана ол өзінің жоғары көркемдік сатысына көтеріле алады. Театрдың да өнердің өзге салалары секілді өзіне тән ерекшеліктері бар. Ол – әдебиет, музыка, кескіндеме, архитектура, би және кинематографияның мәнерлі амал-тәсілдерін бойына жинақтаған синтездік өнер. Мұның өзі сахна мен көрермендердің рухани ой-сезім күйлерінің бір-бірімен өзара ұштасуын, оған қоса спектакльді жасаушылар мен көпшілік қауымның арасындағы жалпы мақсаттың ортақ болып, бір арнадан шығуын талап етеді. Аталған академиялық музыкалық комедия театры бүгінде көрермендерінің бойына озық идеяларды сіңіре отырып, өмірлік және рухани ой-мақсаттарын көркемдік сатысына көтеріп отыр.