Сабиля Абуева: «Қуыршақ театры тағдырыма айналатынын сезбедім»

ТЕАТР
3318
Ана. Тұлға. Артист. Боямасыз болмыс. Қайсарлық. Мейірім. Бұл бар ғұмырын театрға арнап келе жатқан актриса, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі Сабиля Абуева жайлы алғаш таңдайға түсер теңеулер. Ал, кішкентай көрермендеріміз үшін ол – әже, мысық, түлкі, қоян, кейде мыстан да болады. Жарты ғасырға жуық қуыршақ театры сахнасында өнер көрсетіп жүрген актриса жадын жақсылықпен ғана толтырған тарих іспетті. Ол – театрдың энциклопедиясы. Алғаш еңбек жолын Махамбет Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық драма театрының сахнасында бастаған актриса, 1969 жылы Мемлекеттік қуыршақ театрында өнер жолын асқан белсенділікпен жалғастырған шебер тұлғалардың бірі. Театрдың 85 жылдық мерейтойы қарсаңында балаларға арналған 200 ден астам әр түрлі жанрдағы рөлдерді сомдаған сахнагермен сырлы сұхбат жүргізген едік. 

Сұхбаттасқан: Бейбіт Әлкеева, театртанушы 

Сабиля АбуеваСабиля Абуева
Қайырлы күн, Сабиля ханым! Әңгімемізді қуыршақ театры ұғымымен танысқан, осы сезімтал өнерге басқан алғашқы қадамдарыңыздан бастасақ...

Алғашқы еңбек жолымды Атырау қаласында қазіргі М.Өтемісұлы атындағы академиялық драма театрында бастағанмын. Сол жылдары Алматыдан тәжірибеден өтуге келген актрисалар: «Өзің әп-әдемісің, неге Алматыға барып оқуға тапсырмайсың?» деп айтатын. Ата-анам өмірден ерте кеткендіктен, тек әпкелеріме ескертіп, арман қуып Алматыға тартып кеттім. Қаламен танысу үшін әр автобусқа, трамвайға отырып, соңғы аялдамасына дейін барып, жолдарды жаттап жүретінмін. Бір күні саябақ ішінде «қуыршақ театры» деген жазуға көзім түсті. Театр, өнер деген сөз жүрегіме жақын болған соң, барып көруге шешім қабылдадым. Арнайы білімім жоқ, бірақ, жастық жалын, талпынысым ерекше. Директор кабинетіне кірсем, бетінде дағы бар кәріс азаматы отыр. «Здравствуйте!» дедім сасқанымнан, «Амансың ба, айналайын балам, кел» – деді. Сөйтсем, ол қазақ азаматы Зұлқайыр Байсейітұлы екен. Ән айта алатынымды, билейтінімді айттым. Онда ертеңнен бастап жұмысқа кел деді. Қуанышым қойныма сыймай қайттым. Ол 1969 жыл болатын. 

Сабиля АбуеваСабиля АбуеваСонымен, бір ауыз сөзбен Атыраудан келген ару театр актрисасы болып шыға келді ме?

Бірге тұратын құрбыларыма: «Кәріске ұқсайтын қазақ ағай бар екен. Мен ұнадым ғой деймін шамасы, жұмысқа алды» деп сүйінші сұрап келдім. Екінші күні жұмысқа келсем: «Мұнда қуыршақ жасау шеберханасы бар. Сіз сол жерде жұмыс жасайсыз, артистік құрамға штат жоқ» – деді. Солай, менің ең алғашқы жұмысым – қуыршақ жасау болды. Қуыршақтың барлық қимылымен, жасалу техникасымен осы шеберханада танысып, біле түстім. Евгений Иванов, Галина Голото деген қуыршақ жасау шебері болатын. Сол екі маманнан үйренгенім өте көп болды. Қуыршақ өнеріндегі алғашқы ұстаздарым десем артық емес. Бір күні Галина апайымыз директорға: «Әй, Зұлқайыр! Мына қызды артистікке қашан аласыңдар? Мында тұншығып өлетін болды ғой. Қандай әдемі қыз өзі» деп қалды. Солай, шеберханадағы алты ай жұмыстан кейін артист ретінде қызметке кірістім. Ол кезде шашым ұзын болатын. (күлді)

Сабиля АбуеваСабиля АбуеваТеатрдағы алғашқы әріптестеріңіз, алғашқы қойылым жайында естеліктерді естісек? 

Ең алғашқы ойнаған спектаклім – «Жомартпен болған оқиға» болатын. Жомартты мен сомдадым. Құралай Халекетқызы режиссер болатын. Сол кісінің қол астында, қамқорлығында болдым. Дәл сол жылы Ташкент қаласындағы дүниежүзілік театр фестивалінен кейін режиссер П.И.Потороко және актриса Зухра Дүйсенова атақ алды. Олар қуыршақ театрын өркендету жолында аянбай тер төккен тұлғалар болды. 


Қуыршақ театры маңдайыма жазылған «тағдырым» деп санайсыз ба әлде саналы түрде жасалған «таңдауым» дейсіз бе? 

Несін жасырайын, алғашқы келген кезде кішкене уақыт жұмыс жасай тұрайын деп кірген болатынмын. Ер адамдар күзетте болған күні үйге қайтып, әйел адамдар күзет болған күні театрда қонатынмын. Өзімше дайындалып, әр қуыршақты жүргізіп жүріп, қалай өзіме сіңгенін байқамай да қалдым. Әрқайсысы өзінше ыстық бола бастады. Сосын, бұл менің тағдырым екен деп қабылдадым. 

Ұстаздарыңыз?

Мен мектептен кейінгі жоғары білімді өмірден алған шәкіртпін. Тәлім-тәрбиені, тәжірибені, сабақты жанымдағы әріптестерімнен алдым. Ал, кәсіби қуыршақ театры артисі ретінде алғашқы ұстаздарым Қ.Халекетқызы мен П.Потороко болды. Өмірде кездескен әрбір адамннан жақсы жағын алуға тырыстым. Өнер менің тұлға ретінде қалыптасуыма зор ықпалын тигізді. Өнер емес, өнерді сүюуім шығар. Сол уақытта театрымызда музыкалық бөлімнің басшысы болып Ә.Бейсеуов болды. Композитордың алғашқы әуендерін біз орындағанбыз.  


Әдемілікті сүйетін әртіссіз. Көңілді, жағымды энергияға толы жансыз. Болмысыңыз қалай қалыптасты? 

Менің алғашқы баспалдағым Махамбет атындағы театрда Н.Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ер» атты қойылым болды. Сонда мен профессордың әйелін ойнадым. Оның алдында бұл ролді халық артисі Зарипа Сүлейменова сомдаған. Профессор ролін халық артисі, сол театрдың директоры Қ.Төлеков ойнады. Қараңыз, мен жап-жас кезім, сондай мықты адамдармен сахналас болып, қамқорлықтарын көрдім. Мейірімділіктерін де, жастарға деген ынта-ықыластарын да сезіндім. Сондықтан да шығар, қазір сол кісілер секілді болғым келеді. Әжесінің қолында өскен өжет, қайсар қыздың болмысын қалыптастыруға өнер зор үлес қосты. 

Сабиля АбуеваСабиля АбуеваЖақсы, ескірмес естеліктерді еске алдық. Бүгінгі театр, қазіргі әріптестер, жаңа қойылымдар жайлы сөз қозғасақ? 

Театрда жұмыс жасағалы жиырмаға жуық басшылар ауысты. Әрбірі өзінше еңбек етіп, қуыршақ театрының дамуы жолында қызмет атқарды. Соңғы үш жылдан астам уақыт театрымызда басшылық етіп отырған Т.Қамқабайұлының орасан зор еңбегін айтқым келеді. Ең алдымен, жастарды қолдау, оларға берілген мүмкіндіктер үшін қуанамын. Барлық ұжымды тұтас көріп, бөле жармай алға сүйреп келеді. Ал, әріптестеріме келер болсақ, әрбірі өзінше мықты. Кәсіби шеберліктері бір төбе, мамандықтарына деген махаббаттары зор. Бүгінде бәрі әр-түрлі қырынан ашылып, ересектерге арналған спектакльдерде түрлі бейнелер сомдап жүр. Бүгінгі театр тынысы, жұмысы көңілімнен шығады. Алла тіл-көзден сақтап, жетістіктер санын арттыра берсек деп тілеймін.  

Өмірді сүюге не нәрсе шабыт сыйлайды?

Өмір бір-ақ рет беріледі. Жасайтын жұмысыңызды, жаныңыздағы адамдары сүйсеңіз, жанұяңыз да берекелі болады. Балаларыңа, немерелеріңе сүйсінсеңіз, өміріңізде жақсы дүниелер көп болады. 

Бүгінгі жас режиссерлерден кімдердің жұмыстарына көңіліңіз толады? 

Бізде талантты жастар өте көп. Әсіресе, Д.Жұмабаеваның театрдағы режиссерлік жұмыстары ерекше. А.Зайцев, А.Салбан, Р.Жаныаманов, Е.Қабдыл сынды еңбекқор режиссерлеріміз бар. Мен де кейде солармен жұмыс жасағым келеді. Бірақ, жастар алып кете береді. (күлді) Әрине, қуыршақ театрымыздың атын шығаратындай жұмыс жасап, жастарымыз марапат алып жатса оған тек қуанамыз.  

Жарты ғасырдан астам еңбек етіп келе жатқан қара шаңырақ қуыршақ театрына 85 жыл толып отыр. Айтар әдемі тілегіңіз болса? 

Менің өмірім тікелей осы театрмен байланысты. Осы театрда тұрмыс құрдым, балалы болдым, қазір немерелерім бар. Соның бәрі үшін ризамын. Шүкір. Қазіргі театр тынысы өте жақсы деңгейде. Талантты артистермен әріптеспін. Іштей әрқайсына батамды беріп отырамын. Жақсы жағынан танылып жатырмыз. Соның бәрі ұзағынан болсын деп тілеймін! 

Әдемі әңгімеңізге рахмет!

▶ ▷ Сұраған Рахметұлы. Достоевскийдің жертөлесі

▶ ▷ Әділхан Ержановтың «Хозяева» фильмі хақында

▶ ▷ Біздің мәдениет «өлдім» дегенді естімейтіндердің қолында

▶ ▷ Мәдениет министрлігі «ҰЛТТЫҚ КИНО» деген ұғымды түсінбей ме?

Жаңалықтар

Шохан Уәлиханов - ешкім емес. Бұл туралы Жазушы, сценарист Перизат Мырзахмет "Кейде ойланам" подкаст...

Жаңалықтар

Белгілі сазгер, ақын Бақтияр Құрманайқызы отандан кейінгі жағдайын айтып, желіде жазба жариялады,&nb...