Театр – мәдениет ошағы, һәм ұйытқысы. Ел өмірінің айнасына айналған театрларымыз күннен-к...
Қазақ мәдениеті Мәскеуде салтанат құрды
Қазақ театр тарихында тұңғыш рет Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Құлагер» (авт.: І.Жансүгіров) қойылымы арқылы әлемдік деңгейдегі А.Чехов атындағы Халықаралық театр фестиваліне қатысып, қазақ өнерінің мәртебесін асқақтатты.
Әлемді өзіне қаратсып, аса ауқымды түрде ұйымдастырылатын А.Чехов атындағы Халықаралық театр фестивалі биыл 20 мамыр – 8 қазан аралығында Мәскеу қаласында өткізілуде. Аясы кең фестивальде Аргентина, Армения, Үнді, Қытай, Бразилия сынды мемлекеттердің театрлары өзара бақ сынады. Театрлар арасында іскерлік және достық қарым-қатынас орнатуды мақсат тұтқан фестивальге алпауыт мемлекеттердің үлкен іріктеуден өтіп, талғамды таңдаудан өткен қойылымдар ғана қатысқаны жалпақ жұртқа мәлім. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып саналған спектакльдер қатарынан табылып, еліміздің намысын қорғаған дүбірлі додаларда топты жарып, бабы мен бағы қатар келіскен режиссер Ф.Молдағалидың «Құлагер» қойылымы. Аталмыш фестивальдың ауқымын режиссердің: «Чехов фестиваліне қатысу және Джеймс Тьере мен Робер Лепаж спектакльдер қойылған жерде өнер көрсету - асқақ арман. Осы арманның жақын арада жүзеге асатынына өте қуаныштымын», – деген сөздерінен аңғару қиын емес. Ең үздік спектакльдер өнер көрсететін, әлемдік аренадағы ұлттық және мемлекеттер театрлар қойылымдары арасынан қазақ театрының алдыңғы қатардан табылуы еліміздің мәдениеті үшін үлкен мәртебе екені анық. Қазіргі таңда әлемдегі ең атақты да әйгілі театрлық үдерістердің бірі болып саналатын фестиваль 1992 жылы театр одақтарының Халықаралық конференциясы және театрдың көрнекті қайраткерлері А.В.Бартошевич, М.А.Захаров, В.Н.Раевский және В.И.Шадринның қолдауымен құрылған.
Фестивальдың отыз жылдық тарихына көз жүгіртер болсақ, қилы кезеңдер мен сан бояулы әр алуан уақытты бастан кешіргендігіне көз жеткіземіз. Мүдделі мақсат пен ерен еңбектің нақты нәтижесінде фестиваль бүгінгі күні театр әлеміндегі жетекші жобалардың бірі болып табылады.
Қазақ мәдениетінің, оның ішінде тұғырлы театрдың намысын қорғайтынхалқымыздың төл тарихы мен мәуесін жайған мәдениетісыр шертіліп,ұлттық құндылығы дәріптелетін «Құлагер» қойылымы. Қазақ театр тарихында саунд-драма жанрында қойылған ең алғашқы спектакль болып табылады. Ұлттық рухты көтеріп, патриоттық сезімді арттыратын қойылым көпшіліктің көңілінен шығып, көпке дейін театр көрермендерінің театр жайлы әңгімесінде жүргені анық. Аталмыш спектакльSteppe Sonsэтно-модернтобының музыкалықәрлеуімен қойылған. Қойылымның көркемдік деңгейін арттыруда топтың кәсіби деңгейінің жоғары екеніне көз жеткізуге болады.
Құлагер–сәйгүлік ғана емес,репрессия жылдарында қуғынға ұшыраған қазақ зиялыларының символы іспеттес.Дүбірлі додаларда бағы шапқан қойылым еліміздің көптеген театрлық фестивальдеріне қатысып, талай жүйрікті артқа тастаған. Үздік режиссерлік жұмыс пен актерлік шеберліктің жоғары деңгейі жарасымды үйлесім тапқанынан болар, әрбір қатысқан шарада спектакльдың мерейі тасып, ұжымдық жеңіс салтанат құрады. Жүлделі орындардың ауқымды біреуін атап айтар болсақ, 2021 жылғы Ташкент қаласында ұйымдастырылған Балтық пен Грузия елдерінің IV жастар театр форумында үздік спектакль деп танылған. Талай үздікті артқа тастап, мың мықтыдан оза шапқан, шабысына көз ілеспес Құлагер бұл жолы аты әлемге әйгілі, ауқымы халықаралық деңгейдегі аса маңызды А.Чехов атындағы Халықаралық театр фестивалінің төрінде қазақ мәдениетінің мәуесін жайғанын тағы бір дәлелдеді.
Әдебиетіміздің інжу-маржаны, асыл жауһары болып саналатын шығарма мамырдың 30 жұлдызында сағат 19:00 де Моссовет атындағы мемлекеттік академиялық театр сахнасында сахналанды. Кәсібилігімен бүкіл дүние жүзіне танылған, талаптары аса жоғары фестивальде қазақ театрының бақ сынауы Мүсірепов театрының ғана емес, республикамыздың тарихындағы елеулі жаңалық екені белгілі. Фестивальдегі қойылымдар көрсетілімі аймақтық және әлемдік сынды үш деңгейден тұрды. Театрлық форумдағы спектакльдер ішінен «Ақанның Құлагері» әлемдік қойылымдар көрсетілімі қатарына кірді. Қазақылықтың иісі аңқып, сайын даланың лебі есіп, ұлттық рух пен патриоттық сезімнің озық үлгісі болған спектакльдың әлемнің үздіктерінен оқ бойы озық тұруы - қазақ өнерінің тағы бір жемісті жемісі. Тағылымды тарихындағы тағы бір белесті бағындыруға аттанған тұғырлы театр «Құлагер» қойылымын сахналау үшін ғана емес, Мәскеу қаласының тұрғындары мен фестиваль қонақтарына түрлі деңгейдегі ашық алаңдарда өткізілген арнайы дайындалған «Дәстүрлі музыкалық бағдарламада» өнер көрсетті. Қазақтың ұлттық аспаптары әлем кеңістігінде ойнап, ұлттық әндеріміз Мәскеу сахна төрінде шырқалды. Театрымыздың талантты артистері Ә.Иманғалиев, Е.Жақсыбек, М.Сәбитов, А.Адилова, Г.Байбосынова, Е.Амандық қазақтың қазыналы тарихы мен маңғаз мәдениетінен сыр шертер әндерді орындаса, Steppe Sonsэтно-модерн тобы қазақ күйлері мен толғаулардан тарту жасап, ұлттық жауһарларымыздан маржан шашты. Маңызы зор музыкалық бағдарлама салтанатты түрде 26-28 мамыр күндері ашық алаңда өткізіліп, рухани қазынамыз тағы бір дәріптелді. Бұл жоба – қазақ театр тарихында алтын әріптермен жазылар ауқымы үлкен айшықты күндердің бірі болмақ. Артистердің мақтанышы мен толқуы, қуанышы мен қобалжуы қатар болған күн - мамырдың 30 жұлдызында сағат 19:00 де Моссовет атындағы мемлекеттік академиялық театр сахнасында болды. Сол сәттегі сахнадағы өнерпаздардың сезінген сезімінің, бойларын кернеген қуанышының қаншалықты екені өздеріне ғана мәлім болса керек... «Құлагер» қойылымының сәтті ойналып, көрерменнің ыстық ықыласы мен шексіз құрметіне бөленуі еліміздің абыройын көтеріп, мәртебесін асқақтатты. Мың адамға арналған Моссовет театрының көрермен залының лық толып, көрсетілімнен кейін көрерменнің арнайы өтініші мен сұранысы бойынша театр артистерімен кездесудің өткізілуі үлкен еңбек пен жоғары нәтиженің дәлелі. Бұл сапардың театр артистеріне жаңа тыныс, тың ізденіс, шалқар шабыт сыйлайтыны шүбәсіз. Қазақ театрлары ішінде алғашқы болып кәсіби жоғары, әлемдік додада бақ сынап, жүйріктерден оза шабуы Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдертеатрының мерейін тағы бір тасытты! Мәдениетіміздің мәуесін жайып, тың ізденісті режиссерлер мен шалқар шабытты артистердің еңбегі еленіп, төккен терлері бағаланса, қазақ театрының бағындырар белесі бұдан да биік болатынына сеніміміз мол!