Әлемдік прозадағы ең өтімді жанрлар – фантастика мен детектив

ӘДЕБИЕТ
3483

Әлемдік прозадағы ең өтімді жанрлар – фантастика мен детектив жазуға бейіл қазақ қаламгерін күндіз қолыңа шырақ алып жүріп іздесең де таба алмайтынымыз айдай ақиқат. Бала күнімде Торғайдың кітапханасына түскен жазушы Кемел Тоқаевтың «Сарғабанда болған оқиға» кітабын бүкіл ауыл болып кезекке тұрып оқығаным әлі күнге дейін есімде. Кейін жазушының «Түнде атылған оқ», «Соңғы соққы» сияқты шығармаларын сүйсініп оқып шықтық. Менің көзіме ол жылдары балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаев пен детектив жанрының шебері Кемел Тоқаевтан асқан жазушы жоқтай болып елестейтін. Ал, фантастика жанрында Шоқан Әлімбаевтың «Данышпандық субстанциясы» атты кітабынан басқа, осы саланы індеткен шығарманың ол кездері менің көзіме шалынбағанын жасырмаймын. Кейін, студенттік шағымда фантастика жанрының жалғыз дарабозындай болған Мархабаев ағаммен араласып, шығармаларымен таныстым. Ұят болса да, бүгінгі таңда детектив пен фантастика жанрында қалам тербеп жүрген қандай қаламгердің бар екенін білмеймін. 

Әлемде ең көп ақшалай табыс әкелетін - фантастика мен детектив жанрындағы кітаптар. Өкінішке қарай, біз қазір оқырманның ойлау қабілетін арттырып, қиялын байыта түсетін детектив пен фантастиканы жаза алмай жатырмыз.

Мәселен, детектив пен фантастикалық шығармалар арқылы әлем оқырмандарына кеңінен танылуға да, көп нәрсені жеткізуге де, тіпті, ықтимал келешекті болжауға да болатынын әдебиет тарихындағы мысалдар дәлелдеп отыр. Әлемдегі қарапайым адамдардың ішінде Бальзак пен Толстойды танымайтындардың қарасы көп болғанымен, Агата Кристи мен Герберт Уэлсті білмейтіндердің аз екеніне бәс тіге аламын. Олардың жазған барлық шығармаларының желісі бойынша жүздеген фильмдер түсіріліп, талай режиссерлардың атағын шығарып, табысын арттырды.

Ертегілерімізді оқысақ, әлемде қазақтан қиялы бай болған халықты табу қиын. Ал, фантастика жанры тоқырап тұр. Неге біздің қаламгерлеріміздің бәрі де шетінен тек Бальзак пен Толстойдың ізбасарлары Әуезов пен Кекілбаев сияқты болғысы келеді? Агата Кристи мен Герберт Уэлстің ізбасарлары Кемел Тоқаев, Шоқан Әлімбаев пен Абдул-Хамид Мархабаевтың сөз өнеріндегі сара жолын жалғастырып, детектив пен фантастика жанрын әлемдік деңгейге көтеріп, дүние жүзіне танылуды мұрат ететін жас толқын әдебиетке қашан келер екен?

Амангелді Кеңшілікұлы

author

Амангелді Кеңшілікұлы

ПУБЛИЦИСТ

Без категории

  Жаратушы құдірет, Сенің бар екендігіне шүбә келтірмеймін. Барсың! Жүрек түкпірінде... сана...

Жаңалықтар

Кавказ өңірінің көшбасшысына айналған Әзербайжан тағы бір істе өзге елдерге үлгі болуда. Соғыс салда...