Қызылордада суретшілердің халықаралық симпозиумы өтті

БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ
3521

13-25 маусым аралығында "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Қызылорда облысы  Мәдениет басқармасының қолдауымен ҚР Суретшілер одағы және облыстық С. Айтбаев атындағы Өнер галереясы бірігіп  "Аға ұрпақ өнері - жастарға аманат" атты халықаралық симпозиум өткізді. Симпозиумға Қазақстанның әр облысынан келген суретшілерден бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден әр буын өкілдері қатысты. 

Олардың арасында Алпысбай Қазығұлов, Нұрлан Шилібаев, Махамбет Сейсенхан,  Амангелді Кененбаев, Жамбыл Натбаев, Араншы Шаржанов,Талғат Тәтиев, Төлеуғазы Байғалиев, Әбділдә Әбізбеков, Темірбек Сағынбаев, Бақытбек Айтбаев қатарлы аға буын суретшілер бар. 

Қызылорда облысы ән мен жырдың мекені ғана емес, бұл өңір талантты суретшілердің ұстаханасы десек қателеспейміз, Салихитдин Айтбаев (1938-1994) секілді өнер саңлақтарының мектебін жалғастырған таланттар шоғыры әлі де мол. Соңғы жылдары облыс әкімшілігі, Мәдениет басқармасы мен Қызылорда қалалық әкімдігі еліміздегі талантты суретшілердің басын қосып, республикалық және халықаралық іс-шараларды жиі өткізіп жүр. Биыл еліміздің әр түкпірінен келген суретшілер мен көршілес елдерден қонаққа келген қылқалам шеберлері облыстың ең таңдаулы көркем жерлеріне, тарихи-мәдени нысандарға барып, түрлі тақырыпта суреттер салған. Суретшілер өңірдің табиғаты ерекше тәнті еткенін айтады. Құмдауыт боз дала, өзге жерде көп кезікпейтін өсімдіктер мен жануарлар әлемі, Сыр бойы жағалауы - суретшілер картиналарынан түрлі сипатта көрініс тапқан. Шетелден келген қонақтар қазақ даласының әртүрлі өрнекке толы дархан даласына тамсана отырып, облыс тұрғындары мен ұйымдастырушылардың қонақжайлығына ризалықтарын білдіруде. 

Суретшілер тобы Қорқыт ата мовзелейіне, әулие-әмбиелер мазарына, Қамбаш көліне, Сығанақ қаласы мен Бәйгеқұмға, Байқоңыр ғарыш айлағының маңына

Біз арнайы сөйлескен суретші Шаттық Батан болса, мұндай басқосулардың суретшілер үшін берер пайдасы мол екенін айтады. Ол ұйымдастырушылар мен жергілікті әкімшіліктегілердің әдетте көп көзіне түсе бермейтін, жұрттан елеусіз күн кешетін суретшілердің басын қосып, облыстың ең әйгілі жерлерін аралатқанына риза екендігін жеткізді. 

– Сурет өнері - мәңгілік өнер. Себебі, шабытпен салынған, шын таланттың қиялынан туған шынайы өнер туындысының уақытпен бірге бағасы арта түседі. Мұндай іс-шара  бүгін үшін емес, ертең үшін қажет. Облыс тұрғындарының да ықылас-пейіліне тәнті болдық. Ал өлке табиғаты - кенепке, түрлі бояуға сұранып тұрғандай... Мұндай өңірді аралау адамға шабыт сыйлайды екен, – дейді суретші.

Ол соңғы жылдары облыс орталығы Қызылорданың да кісі танымастай өзгергенін, саябақтардың молайып, тазалықтың күшейгенін, жолдар жасалып, заманауи құрылыстар бой көтергенін көріп қуанғанын да жасырмады.  Ұйымдастырушылар мұндай ауқымды басқосулар алдағы уақытта да жалғасатынын, өңірдің табиғаты мен тарихын, бүгінгі тынысын майлы бояу арқылы өрнектеуге ынталы суретшілердің молдығы қуантатындығын жеткізді.   


 

Жаңалықтар

Екібастұзда түнде жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен оқушы іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды madeniport...

Жаңалықтар

Павлодар облысында қыз зорлаған адам өзіне қол жұмсаған, деп хабарлайды madeniportal.kz. Ер адамның...