ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов Астананың бірқатар инфрақұрылымдық, әлеуметтік және мәдени нысаны...
Дәурен Абаев «Зерен-2019» республикалық лагерінің жас кәсіпкерлерімен кездесті
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Ақмола облысының Зеренді ауданындағы «Парус» сауықтыру кешенінде өтіп жатқан «Зерен-2019» республикалық жастар білім лагерінің бірінші ауысымына қатысушы жас кәсіпкерлермен кездесті, деп хабарлайды "Мәдениет порталы".
Шараға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова, «Қазақстанның азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Асылбек Қожахметов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
«ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаев жастарға ерекше қамқорлық жасап келеді. Биылғы жыл «Жастар жылы» жариялануы соның анық көрінісі. Мемлекет дамуы негізі қозғалысының күш қуаты - жастардың білімді болуы, болашаққа құштарлығы. Бүгінгі басқосуымыздың негізгі мақсаты - білімді, қабілетті, ұлттық рухы биік, парасатты жастарды қалыптастыру. Қазақстанның болашағы - білімді және тәрбиелі жастардың қолында», деді Дәурен Абаев кездесуде.
Сонымен қатар, министр мемлекет пен қоғам алдында тұрған міндеттерді саралай келе, сол міндеттерді шешуге жастардың да білек сыбана атсалысу қажеттігіне тоқталды. «Қазір осы алаң еліміздің әр өңірінен және жақын шетелден келген ең дарынды, әрі бастамашыл жастардың басын қосып отыр. Әрқайысыңыз өз жобаларыңызды таныстырып, оның мүмкіндіктері мен әлеуеттері туралы айтып қана қоймай, сонымен қатар тәжірибе жинап, үздік бизнес - тәлімгерлерден, коучтар мен сарапшылардан білім аласыздар. Лагерьдегі қарқынды білім алу күндері өз жолдарыңызды табуға және өз-өздеріңізге деген сенімдеріңізді арттыруға көмектеседі.
«Зерен-2019» ойларыңыздан шығып, жаңа жобалар мен бастамаларыңызды жүзеге асыруға мүмкіндік беретініне сенімдімін», деп толықтырды Дәурен Абаев.
Бұдан кейін, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова «Зерен-2019» республикалық жастар білім лагерінің бірінші ауысымына қатысушыларды Нұр-Сұлтан қаласының күні және Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, көрікті Зеренді өңірінде демалыстарын жақсы өткізуге тілектестігін білдірді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Зеренді көлінің жағасындағы «Парус» сауықтыру кешеніндегі лагерь 3 тақырыптық ауысымда өткізілмек. 1 ауысым шілденің 3-де басталды. Оған Қазақстан әр өңірінен, Ресей, Қытай және Моңғолиядан 18-29 жас аралығындағы 50-ден астам қазақстандық және халықаралық сарапшы қатысуда. Олардың қатарында жастар ұйымдарының көшбасшылары, жас кәсіпкерлер, еліміздің барлық өңірлерінен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының қатысушылары, академиялық қауымдастықтардың, үкіметтік емес ұйымдардың, стартаптардың жетекшілері мен өкілдері, қоғамдық пікір көшбасшылары бар. Лагерде білім беру бағдарламалары (семинарлар, тренингтер, мастер-кластар, сұхбат алаңдары), танымал қазақстандық және саяси қайраткерлермен кездесулер, тақырыптық жобаларды әзірлеу, оларды ұсыну және дерекқорды қалыптастыру бойынша үздік жобалар мен идеялар іріктеліп, тізілімі жасалады.
Айта кетейік, бұл жобаны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша елімізде Жастар жылын өткізуге сәйкес Қазақстанның азаматтық альянсы жүзеге асыруда.