Режиссер Рашид Сүлейменовтың «Арман. Періштелер ұйықтағанда» фильмі АҚШ-та көрсетілді. Т...
Қарашаңыраққа айналған Қазақстан
Қазақта «Ел басына күн туды» деген ауыр теңеу бар. «Әр қазағым - жалғызым» деп бір-бірін мәпелеп, жаманын жасырып, жақсысын асырып отырған Арыс жұртының басына аяқ-асты зауал құйылды. Жер астында бұғынып жатқан жалғыз көзді қара дәу оқыс ұйқысынан оянғандай, төңірегіне бомбы, снарядты оқша боратты. Алланың берген ақ таңын алаңсыз қарсы алып, бейбіт күннің тамылжыған тәтті дәмін ары жалғай бермек болған Арыстықтар алақұйын оқтан қашып, бас сауғалады.
Осындай ел басына күн туған шақта - қазақстан халқы Арыстықтардың қайғысын өз қайғысындай сезініп, бір жұдырық болып жұмылды. Мемлекет тарапынан қарастырылатын көмектен тыс: қалталы азаматтар мен жеке адамдар, сондай-ақ Алматы қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының Ұйғыр этомәдени бірлестігі де өзінің үлесін қосты.
Осы орайда олар апат орын алған аймаққа үш жүк көлігіне азық-түлік пен құрылыс заттарын тиеп, барлығы 65 тонна гуманитарлық көмек жеткізіп берді. Жеткізілген заттардың жалпы бағасы шамамен 12 млн теңгені құраған екен. Оның ішінде киім-кешек пен күнделікті тұтынуға қажетті тауарлар да бар.
Сонымен қатар, Алматы қалалық ұйғыр этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Сабит Юсупов: «Бірлестік тарапынан тағы 5 млн теңге жиналып, оны ақшалай аударатын боламыз. Гуманитарлық көмек мұнымен тоқталып қалмайды. Қазір Алматы қаласында тұратын азаматтар тағы құрылыс материалдарын жинауда. Жақын күндері оларды да жүк көліктеріне тиеп, кезегімен жолдай береміз деп жоспарлап отырмыз», - деп атап өтті.
Қазақстан халқының уыздай ұйыған татулығының бір белгісі осындай жанашырлық қадамдардан анық танылмай ма. Қазақстан - бір шаңырақ астындағы сан атаның ұрпағы үшін ортақ Отан.
З. Төлеуов