ПИРИ РЕЙСТІҢ ТЕХНОЛОГИЯСЫ ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН ҚҰПИЯ ҚАЛУДА 1513 және 1528 жылы сызылған дүние жүзіл...
Әбунасыр мен Абай тойы қатар аталса
Биылғы жылы бастау алып, жүрек жылыта түскен жағымды жаңалықтардың бірі – ұлы Абай тойын тойлау туралы тиісті ресми құжаттың қабылдануы мен қоғамның бұны қуана қостауы еді. Сөз жоқ, Абай Абай ғой, алып шың ғой. Абайдың 175 –жылдығын мерекеге айналдыру ұлт мәртебесін асқақтату деп білсек керек.
Заңғар жазушымыз Әуезовке дейін де ақындығы мен ақылдылығы біршама мойындалған данышпан жанның дара бейнесін көркем әдебиетте сомдау, айналып келіп, осы ғажайып талантты қазақ жазушысының еншісіне тиіпті - «Абай жолы» роман-зпопеясының әлемді шарлап кеткеніне де жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Одан соң да Абайдың шығармашылық құпия-қалтарыстары нешелеген ғалым-зерттеушілердің еңбегіне негіз болды – оны да көріп-біліп келеміз! Бір сөзбен айтқанда, Абай –ұлт мақтаны, елдің рухани ұстыны!
Тойлайық! Тойлауға тиіспіз де! Тек... осы арада тағы бір кілт етпе кілтипан қылаңдап қала береді. Ол не? Ол – ұлы ұстаз, данышпан ғалым, ірі философ, әлем мойындаған ойшыл Әбунасыр Әл-Фарабиге қатысты. Санамалап отырсақ, Әбунасыр бабамыздың да келер жылы 1150-жылдығы екен! Бірақ осы айтулы дата жайында соңғы екі-үш жыл көлемінде қайта-қайта айтылып-жазылып келе жатса да, бәрібір назардан тыс қалып бара жатқандай. Атақ-даңқы аздық ете ме? Жоқ! Рухани мұралары қолға түспей келе ме? Біразымен таныспыз. Қазаққа қатыстылығы шамалы ма? Артық сөз! ( Бір ғана көне Отырар түбінде дүние есігін ашқаны және өз ныспысына ат-турки деп жалғағаны туралы дерек жетіп жатыр). Сонда не себеп? Біздіңше, ең алдымен отандық тарихшыларымыздың «былқылдақтығы» басты себеп пе дейсіз!
Ғұлама бабаның туған жылын бірде олай, бірде былай тартқылау – не жақсылыққа алып барарын да түсіну қиын. Әйтпесе, қоғамда осындай ұлы тұлға хақында ықылас төмен бе? Әй, қайдам! Қоғам неліктен өзінің даңқты ұлын кеудеден итермек? Айналып келгенде, көңілде кілкілдеп тұрған жалғыз сауал бар: әттең, келер жылы ұлтымыз үшін алтын діңгек іспетті екі алыптың – Әбунасыр мен Абайдың қос тойы қатар тойланып жатқанда, нұр үстіне нұр болмас па еді! Осы жағын ойланасың...
Жолтай Әлмашұлы