«Азурит» 2018 жылы он шақты адам жұмыс істейтін шағын ғана тігін цехы еді. Әдетте жеңіл...
Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Қазақстан халқына Жолдау жариялады
Бүгін 6-шақырылымдағы Парламенттің 5-ші сессиясын ашқан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялауда. Бұл туралы "Мәдениет порталының" тілшісі хабарлайды. Мемлекет басшысы Жолдауында түрлі мәселелерді, соның ішінде мемлекеттік тіл, мемлекеттік қызмет, азаматтық қоғам, этносаралық татулық сияқты бірқатар тақырыптар қозғалды.
«Біз еліміздің жаңа тарихындағы маңызды белеске жақындап келеміз. 30 жылға жуық уақыт бұрын халқымыз өзінің Тәуелсіздігін жариялап, бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманын орындады. Осы уақыт ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміз әлемдегі беделді әрі орнықты мемлекетке айналды. Баянды бірлігіміздің арқасында Тәуелсіздігімізді нығайтып, халқымыздың жағдайын жақсартуға жол аштық. Бұл жасампаздық пен ілгерілеу, бейбітшілік пен келісім кезеңі болды. Еліміздің даму жолын бүкіл әлем мойындап, қазақстандық, яғни Назарбаев моделі деп атады», - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті қазір бізге Тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалына кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отырғанын айтты.
«Біз бұған Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе аламыз. Өздеріңізге белгілі, осының бәрі менің сайлауалды бағдарламамның негізі болды. Қазір мемлекеттік органдар оны жүзеге асыру үшін тиісті жұмыстар жүргізуде. Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын», - деді Қ.Тоқаев.
Сонымен қатар, Қ. Тоқаев мемлекеттік тіл мәселесіне де тоқталды.
«Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, Мемлекет басышысы 2020 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер санын қысқарту басталатындығын мәлімдеді. Оның айтуынша, 2024 жылы мемлекеттік қызметшілер мен ұлттық компания қызметкерлерінің саны 25 пайызға қысқарады.