Өтен Ахмет. Біз көшпенді емеспіз

Жаңалықтар
2460

Халқының көбі қалада тұратын, әлемдегі дамыған елу елдің қатарына кірген, индустриясы басым, бүгінінен ертеңі жарқын үздіксіз өркендеу үстіндегі мемлекетпіз. Кемшілігіміз де шашетектен. Олар жайында барлық ақпарат құралдарында алуан әдіспен күнде айтылып жатыр. Пікір айту, сынау әркімнің еркі, ешкімнің аузына қақпақ жоқ. Дегенмен «Қытайдың 55 лас кәсіпорны салынады, солар арқылы Қытай бізді жұтпақшы» деген Жаңаөзен жақта басталған айқай-сүреңнің еліміздің басқа да бірер қаласын шарпып өтуіне байланысты ойлану керек-ау деген байламға келіп отырмын.

Неге десеңіздер, мен Жезқазғанның мыс кенішінде ең ауыр жұмыс істеген адаммын. Өндіріс дегеннің не екенін, ұзын мойын мұржасынан бұрқылдаған түтініне аулақта тұрып қарап емес, іштен білемін. Өндірісті дамытпай Жапония, Сингапур, Оңтүстік Корея сияқты елдерге үйде отырып қанша жерден сүйсінсек де, «халуа, халуа» дегеннен ауызға тәтті дәм келмейтіні сияқты, одан бәрібір түк шықпайды. Осы елдер, басқасы да, ішінде Қытай да бар, кезінде АҚШ бастаған дамыған елдерге барып үйренген, мамандарын шақырып алып үйренген, өз жерлерінде солармен бірлесіп жаңадан зауыт, фабрика салып үйренген. СССР кезінде «бәрін өзіміз қатырамыз» деп шекараны тас қып жауып тастаған еді. Аяғы не болды? Адамдар киер киімге, жатар төсекке, ішер тамаққа, тіпті қарапайым тұрмыстық заттарға да жарымай қор болды ғой. Үй алу, бала оқыту, ем алу тегін деген желеумен адамдарды аш құрсақ етіп құл есебінде ұстады. Ал құл дегеніміз қолдан бергенді ғана місе тұтатын, қиял қанаты кесілген құр міскін ғой. Басқаша айтсақ, қоғам мойнындағы масыл. Құлдық еңбек масылдық туғызбаса, құл иеленуші мемлекеттер ешқашан құламас еді, ғасырдан ғасырға шарықтап дәурендей берер еді. Жә, ойға тұздық болсын деп айтқаным ғой. Жаңалық емес. Мұндайды қазір көзі ашықтың бәрі біледі. Әлдебір құм арасында, тау жықпылында елеусіз қалып қойған біреулер болмаса, қазір көзі ашылмаған адам жоқ. Олай болса, мен ғана білемін, ал Үкіметте кілең бір қолынан түк келмейтін, шаруа жүргізуге ебі жоқ, білімсіз олақтар мен салақтар отыр деп ойлау әбестік демесек те, артық айтқандық болар-ау деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, Совет өкіметі кезінде көптеген қалалар тұрғызылып, фабрика, зауыттар салынғанымен қазақтың басым көпшілігі ауылдарда, колхоз, совхоз деген атауы болмаса, бұрынғыша мал соңында қала берді. Өйткені Мәскеуге қазақтың дамығаны емес, шикізаты ғана керек болды. Сол себепті қойшылар «шопан» деген жаңа атпен қыс қыстап, жаз жайлап, баяғыша көшпенді салтынан шығып кете алған жоқ. Қазір әлем жұрты да, біз де, жұмыстың түрі де – бәрі өзгерді. Бүкіл шекарасын етек-жеңімен жауып қойып, ешкім маған жоламасын деп томаға тұйық отырған ел әлемде жоқ. Барыңды сатасың, жоғыңды сатып аласың, күшің жетпесе, технологиялық мүмкіндіктерің, қаржың тапшы болса, халыққа керекті жобаны мүмкіндігі бар елдермен бірігіп игересің. Бизнестің аты бизнес. Ұтылып қалмауың керек. Осы тұрғыдан Қытаймен бірігіп кәсіпорындар ашуға қарсы шығушыларды түсінуге болады. Кәсіпорындарымен бірге Қытай экспансиясы келеді, ол аздай ескірген «лас» өндірістерімен экологияны бүлдіреді, халықтың денсаулығын құртады деп қауіптену орынсыз емес. Егер осы күдікке түсінік берілмесе, сұрақтар жауапсыз қалса, мен өз басым, ондай Үкіметке сенім де, аяушылық та жоқ дер едім. Олай емес қой, республикалық деңгейде де, облыстық деңгейде де осы іске жауапты лауазымды басшылар ашық та айқын жауап беріп жатыр. Сол жауаптардан көңіліме қонған жерінен бірер мысал келтірейін. Қапшағай қаласының жанында Күн электр стансасы салынған, онда 30 адам жұмыс істейді екен. Жыл аяғына дейін станса қуаты 1000 мегаватқа жеткізілмек. Табиғатта күн энергиясынан таза басқа не болуы мүмкін? Ештеңе де. Бұл-әлемдік үдеріс. Табиғатының қаталдығы біздегіден кем емес, қысы суық Скандивания елдерінде жаппай «Ақылды үй» салуға көшкелі қашан. «Ақылды үй» тұрмысқа керекті суды да, жылу мен отты да ауадан, желден, жаңбыр мен қардан алып қамтамасыз етеді. Ол елдер тіпті адамның демінен шығатын жылуды да пайдаға асыратындай дәрежеге жеткен. Біз неге өзге жұрттардан артта қала беруге тиіспіз. Қалмаймыз. Қапшағайда салынған Күн электр стансасы соның бір мысалы. Бұл тек басы ғана.

 Айтпақшы, әңгімеміз Қытайдан әкелінетін «лас» кәсіпорындар дейтін күдігіміз туралы еді ғой. Осы мысалдан көрінгендей, ол жәй қаңқу сөз екен. Шындығында, қытаймен бірлескен жобалардың бәрі пайда-зияны безбенге салынып, егжей-тегжейлі тексеруден өткен. Елге, халыққа пайда әкелетін жағына баса мән берілген. Бұл жобалар толық іске қосылғанда, 20 мың адам жұмыспен қамтылмақ. Соның 95 проценті жергілікті тұрғындардан болмақ. Ал өндірілетін өндімдері толықтайын Қытай рыногіне жөнелтілмек. Бұдан артық қандай тиімділік керек. Әрине, қазіргі өндіріске баяғыдай екі қолға бір күрек дейтін түсінікпен кіре алмайсың. Ол заман да, ондай құралдар да келмеске кеткен. Ондайды қазір көрсек, тек аула сыпырушылар мен көше тазалаушылардың қолынан ғана әредік көріп қалармыз.

Қытаймен бірлескен кәсіпорындарда алуан түрлі өнімдер шығарылмақ, ол үшін қолданылатын технологиялар да неше алуан түрлі болмақ. Қазақ жастары соның тетігі мен тілін білуге ұмтылса, нұр үстіне нұр емес пе. Мен Жезқазған мыс кенішіндегі шахта астына түскенімде забойда қазақ шахтерлары жоқтың қасы еді. Забойдың күрделі де ауыр жұмыстарында басқа ұлт адамдары істейтін. Қазақтар шахта астына түсуге қарадан қарап қорқатын. Кейін кеніштің асты мен үстіндегі бүкіл жұмысты қазақтар өздері игеріп әкетті. Қазір Жезқазған мен Қарағандыда қазақтардан мықты шахтер жоқ.

Дала бөлек, қала бөлек, екеуіне екі бөлек мінез бен икем керек, соны түсінетін уақыт келді. Индустриалды елге айналмасақ, әлемдік бәсекеде артта қала береміз. Кейін дамыған қай елді алсақ та, озаттардан үйрену арқылы, солармен бірлесу арқылы дамыды. Әлемдік бұл үдерістің үстінен ешбір ел аттап кете алмайды. Мен әлдекім сияқты кәнігі саясаткер емеспін, бұларың жабайылық деп ешкімді айыптай алмаймын, өйтуге қақым да жоқ. Дегенмен жасым үлкендігіне сүйеніп және өндіріс дегеннен нақты хабары бар адам болғандықтан мынаны айтпақпын. Ағайын, біз енді көшпенді халық емеспіз, сондықтан жоқтан өзгені сылтауратып өндірістік еңбектен қорқып қашқақтағанды қоюымыз керек. Қазір сыртымыздан бақылап бүлінгеннен бүлдіргі алғысы кеп тұратын айтақшылар көп. Әлеуметтік желіге көп үңілетін заманда ондайлардың не іштен екенін, не сырттан екенін анық білмейсің, өтірік қайсы, шын қайсы, оны да ажырату оңай болып тұрған жоқ. Сондықтан, ең дұрысы «Бірлік – ақылға бірлік» деген бабалардан жеткен ұлы сөзге ұйып, Үкіметіміздің халыққа деген игілікті істерінің төңірегіне топтасқанымыз жөн-ау деймін. Осыдан алпыс жылдай бұрын АҚШ президенті Кеннеди айтты дейтін бір аталы сөз бар ғой: «Мемлекет маған не береді деп емес, мен еліме не беремін» деп ойлап, әрекет ететін уақыт туды». Кезінде осы сөз ұранға айналып, АҚШ-та қатты серпін туғызды. Елімізде Президент өзгерді. Қазір бұрынғы кеткен кемшіліктер құпия емес. Соған байланысты алда не істеу керегі туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауы жарияланды. Халық деген ұлы күшті құрайтын әр адам «Мен еліме не беремін?» деген ұстаныммен Үкімет ұсынған бағдарламалар төңірегінде ақ-қараны дұрыс айырып «ақылға біріксе», шіркін, деп, жасы үлкендік тілекші пейілмен осы мақаламды жаздым. Қош көру де, сынау да сізден, оқушым. Мархабат. 

Өтен Ахмет

author

Өтен Ахмет

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жуырда ғана қайырымдылыққа аударған қазақстандықтардың қаржысын жымқы...

Жаңалықтар

Оқиға Алматының Наурызбай ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде күндіз орын алған, деп хаб...