Атжалмандар патшалығы

ТАНЫМ
4743

Адамды адам жейді дей ме, сұмдық-ай!

Қоғамдағы келеңсіздіктер «Атжалмандар патшалығы» деп аталатын белгілі технологияны қолданудан туады. Оның мақсаты – әлеуметтік бірліктің көзге көрінбейтін ірге тасын бұзу, басты арқауларын күйрету. Сөйтіп әркімді өз басының тауқыметінен шыға алмайтындай етіп, оған «қандасым» деген бауырмалдық ұғымды ұмыттыру. Бұған жету үшін алдымен ар-ұят, әдептілік дегендер талқандалады. Ар-ұят, әдептілік ұстанымның күйрегенін адамдардың бауырлары мен қандастарын оп-оңай сатып кетуінен байқауға болады. 

Бұл технологияның мәнін – атжалмандар мысалынан көреміз. Атжалмандар тіршілікке ерекше бейімділігімен әйгілі мақұлық. Олардың ұйымшылдығы сондай, араларынан қыл өтпейді. Атжалмандардың әлеуметтік біртұтастығы ғажап. Олар ойға алған «шаруаларына» бірге барады, бір-біріне көмектеседі, қорғайды, араларында біреуі жараланып қалса, тастамайды, алып кетеді. Олар өздерін бөлінбейтін организм сияқты сезінеді және солай өмір сүреді. Қажетті ақпаратпен тез алмасады, қауіпті жағдайды тез хабарлайды, ондайдан қорғанудың амалын да тез жеткізеді. Олардың мұндай әрекетінде жеке бас пайдасы деген жоқ. Олардың қорғаны - ар-ождан деген табиғи ұстаным. 

Атжалмандарға қарсы күрестің ең тимді әдісі – осы қорғанды бұзу. Қорғанудың негізі олардың ар-ожданы болғандықтан, күрес соны күйретуге бағытталады. Олар ұжымшыл, сондықтан бәріне бірдей қарсы күресіп жеңе алмайсың. Жекелеп бөліп алып қана жеңесің. Онда да бірден емес, біртіндеп. Ол үшін оған рационалды логика үстемдік алатындай жағдай туғызып, бұған дейін тыйым болып келген әрекетке оны еріксіз барғызу керек. 

Әуелі ең күшті деген атжалманның бірін таңдап алады, әбден ашықтырады, сосын оның торына жаңа ғана әдейі өлтірілген атжалманды тастайды. Әбден ашыққан атжалман біраз ойланып барып әлгі жансыз бауырын жейді. Өйткені оның рационалды логикасы «бұл менің бауырым емес, кәдуілгі тамақ, өлген – өлді, ал менің өмір сүруім керек», дегізген еді... 

Екінші жолы оның торына шала жансар бауырын тастайды. Жаңа «тамақ», бірақ әлі тірі, жаны шықпаған. Тағы да рационалды логика жол сілтейді: ол бәрібір өледі, ал сенің өмір сүруің керек. Ол тағы да өз қандасын жейді, бірақ бұл жолы тірідей. 

Үшінші жолы торға дені дұрыс, тыпырлаған тірі, бірақ әлсіздеу қандасын тастайды. Күшті атжалманның рационалды логикасы бірден іске қосылып, бәрібір бұдан басқа жейтін ештеңе жоқ, екеуміз бірдей өлгеннен не шығады, онан да қай күштіміз аман қалайық дейді де, бауырын жеп қояды. Қызығы, әр кезекте атжалман үшін шешім қабылдау уақыты азайып, есесіне, ар-ұяттан безіну көлемі ұлғая түседі. Енді біразда атжалман мұндайды ойлауды да қояды. Ол енді алдына келген қандасына «жейтін тамағым» деп қана қарайды. Келесі атжалман торына топ етіп түскен бетте бірден бассалып жейді. «Жейін бе, жемейін бе» деп ойлауды ұмытқан сәттен-ақ оның ар-ұяты да күйреген болатын. 

Осыдан кейін оны қайтадан атжалмандар ортасына жібереді. Бірақ ол бұл кезде ар-ұят дегеннен жұрдай, мүлде басқа атжалман болатын. Ол тек өзімшілдік тұрғысынан ғана әрекет етуге үйренген. Бірақ оның бұл мінезін айналасы білмейді. Оны бұрынғыша қабылдап, бұрынғыша сенім білдіреді. 

Сырттай түрі атжалманға ұқсайтын пәлекет ойланады: жем іздеп әуре болған не сорым, айналам толған жып-жылы тәтті тамақ қой. Осылайша рационалды логика оған не істеу керегін көрсетеді. Атжалманжегіш қаннен қаперсіз жүрген бауырларына тарпа бассалып біртіндеп жалмай бастайды. 

Көп ұзамай ол мынадай ойға келеді: бәрінің көзінше ұстап алып жегеннен гөрі, оңаша жерде, қоғамнан жасырып жегенім дұрыс болар. Ол төңірегін шулатпайтын сондай жасырын әдіске көшеді.  

Араларында қой терісін жамылған қасқыр барына көздері әбден жеткенде атжалмандар ол жерден дереу көшеді. Оларға әлгі атжалманжегіштің иісінің өзі үрей туғызады. Егер бізде сондай болсақ, ешқандай тыйымы жоқ, ішіп-жеуді ғана білетін, сатқындар қоғамына айналып кетеміз деп естері шыға қорқады.  

Әдепсіздік белең алған ортада әлеуметтің табиғи қорғаныш тетіктері осылайша күйрейді де, ақырында бәрі түгел қырғын тауып құрып кетеді. 

Атжалмандар өзара таласып-тартысудан көз ашпайтын, бүтінді бөлшектейтін қоғамда өмір сүргісі келмейді. Олар адамнан ақылды. Атжалмандар элитасына рационалды өзімшілдік логикасы деген індеттен қауіп төне бастаса, олар дереу басқа жаққа қоныс аударады. Оларда адамға тән интеллект болмайды, еркіндік деген ұғым да жоқ, сондықтан бастарына төнген бәледен табиғи түйсікпен құтылып кете береді. Түйсіктің өзегі тамақ табу да, әлдебір атжалманның жеке өмірі де емес, қоғамдық ар-ождан, ұят тұтастығы. Бұл, негізі, кез келген әлеуметтік құрылымның табан тасы болса керек. Осы тұтастықты қалпында сақтау үшін атжалмандар індет шыққан жерден дереу көшеді. Ар-ождан тұтастығын сақтау арқылы олар өз қоғамының бірлігін, жаратылыстағы жандының бірі ретінде өз тұқымын сақтайды. 

Адамзат қоғамын күйрету де «атжалмандар патшалығы» технологиясы бойынша жүзеге асырылады. Яғни барлық күшті ар-ождан, ұят ұғымдарын жоюға бағыттайды. Барлық әдістермен қандаспыз деген бауырмалдықты өшіріп тастауға тырысады. 

Тұтынушы қоғам адамдарға «өзіміз» деген ұғым табиғатта атымен жоқ деп үйретеді. Бәрі де бөтен, түптеп келгенде, бәрі де сенің тамағың. Сені кім жақын тұтып, қасыңда жүрсе, ең оңайы деп алдымен содан бастап жеуің керек дейді. Ол сенің «атжалман патшасы» болғаныңды сезбейді де. Саған сенеді, ал сен оны жейсің.  

Қазіргі заман қоғамында мұндай «атжалман патшалар» көбейіп тұр. Ең қорқынышты жыртқыштар да тап осылар. Бұлар топтасып алып, өз отандастарын міскіндер, біздің жейтін тамағымыз деп есептейді. Өз бақытымызды басқалардың бақытсыздығы есебінен табуға болады деген «шындық» ашып, олар басында күшке салып халықты ашықтан ашық жесе, біраздасын әдемі қызыл сөздермен балаша алдандыра отырып жегеннің тиімділігін түсінеді де, сол әдіске көшеді. Экрандардан қиял ғажайып уәделер тасқыны, еркіндік пен теңдік туралы көпірме сөздер қаптайды. Әуелден-ақ «патшалар» уәделерін орындауды ойларына да алмайды. Өйткені мұның бәрі халықты «тамақ» ретінде жеудің құралы ғана болатын. Сөйтіп жыл өткен сайын олар күшті, айлакер әрі қауіпті бола түседі. Оларды сыртынан қарап қоғамның басқа тәуір мүшелерінен айыру қиын. Құбыла білетіндері сондай, өз ортасындағы адал адамдардан да артық болып көріне алады. Сол себепті де олардан келер қауіпті байқау үшін ондайлардың сөзіне емес, ісіне қарау керек. Арамзалық пиғылдары сонда ғана анық байқалады. 

Қылмыс әлеміндегі ұсақ «атжалмандар» мас боп жатқан адамды көріп, қалтасында ақша бар, мен алмасам, бәрібір басқа біреу алады ғой дейді де, жымқырады. Сосын масаңдау адамның қалтасына қол салады, бәрібір ішіп қояды, онан да мен алайын, маңызды бір шаруама керек боп тұр дейді. Ойын әрі қарай дамытады: ақша жұрттың бәріне бірдей жетпейді, кімнің де оңып тұрған жағдайы жоқ, онан да күштінің жолы болсын. Құрбан болар жанды аңдып, оңашада бастан соғып құлатып, тонап кетеді. Адамгершілік ар-ұят жойылған жерде мұндай логикалық қисынға сен енді қарсы тұра алмайсың.  

Бизнесте де осы тақылеттес логика. Жұмыстан босатып, қуып жібермесем, ақырында ол да, мен де жұмыссыз қаламыз. Олай болса, ол кетсін де мен орнымды сақтап қалайын. Бұл – әуелгі әрекеті. 

Келесі кезеңде, жұмысты істей берсін, бірақ еңбекақысын төлемеймін, әйтпесе банкротқа ұшырап бәріміз де далада қаламыз. Сондықтан кәсіпорнымды сақтауым керек. Осылайша ол еңбекақы төлеуді саналы түрде кешіктірумен болады. 

Үшінші кезеңде, кәсіпкер біле тұра денсаулыққа зиянды өнім шығара бастайды. Қайдағы бір танымайтын адамдардың тағдырын ойлайтын болсам, өзім калошқа отырам ғой. Денсаулығының жайын әркім өзі ойласын дейді. Ол үшін қандастары өзі келіп ауызға түсіп тұрған майлы жем болса, одан қалай бас тартпақ. 

Саясаткерлердің ойы да осыған ұқсас. Бірінші кезекте өлексе жейді, яғни орындалуы мүмкін емес нәрселерге уәде береді. Болмайтынды болады деп үйіп-төгіп айтпасам, мені сайламай қояды деп есеп құрады. Мен өйтпесем, менен әлдеқайда төмен біреуді сайлап қоя салады. Қоғам түбі бәрібір алданады екен, ендеше ақымақтар арасынан табылғанша сайланғандар қатарында болғаным жақсы емес пе, сондықтан өтірік уәде берсем де, сайланғаным дұрыс. 

Шалажансар бауырын тірідей жейтін екінші кезеңнің ұқсастығы өз партиясына бөлінген орынды саудалаудан көрінеді. Бұл жерде де логика темірдей, сайлауға қатысуға ақша керек. Егер көңілге қарап майысып тұрар болсаң, ақша бәсекелестің қалтасында кетеді. Яғни ақшаны қалай да біреу алады, ал анау бәрібір сайланады. Осылай болары анық екен, ендеше ақшаны басқа біреу алғанша, өзім алайын дейді. 

Денсаулығы мықты, тыпырлаған тірі қандасын жейтін үшінші кезеңге келсек, қоғамға нұқсан келтіретін заңдарды қабылдатып жіберу логикасы да басында айтқанымызбен бірдей. Егер сен қоғамды тікелей тонауға қатыспасаң, оны басқалар істейді. Яғни адамжеу заңы сенсіз де қабылданады. Сондықтан оның кім арқылы өткенінде не тұр, бәрібір емес пе. Онан да сол адам мен өзім-ақ болайын дейді. 

Қазіргі заманда көпшіліктің саяси секторы «атжалмандар» жиынының соңғы сатысына ұқсайды. Олар үшін қасиетті санайтын да, жеке бастық та ештеңе жоқ, тек қана бизнес-мыс. Мұны енді тоқтату мүмкін емес. Ол енді рационалды логикаға бағынып, жетіле береді. Рационалды логика арқылы мемлекеттік қызметкерлердің де ар-намыс, ұяты күйретілді. Ақша ұсынғанда олардың біразы алғашында, әрине, ұялған болды. Бойларында бұлай ету ұят, азғындыққа жатады деген советтік тәрбиенің ұрқыны әлі де бар еді. Сосын «пара» деген сөзді басқа сөзбен алмастырды. Солай етсек, елдің зәресін ұшыратын пәлекеттен құтыламыз деп шешті. 

Енді мықтылар пара алмайтын болды-мыс. Енді «откат», «әкеп тастау», «турау» дегендер пайда болды. Енді бұлар ұры емес, бар болғаны «мүмкіндік терезесін» пайдаланатын қоғамның құрметті мүшелері. Мұның сұмдығы сонда - жаппай үнсіздік жағдайында жариясыз ашық әрекетке айналды. Адам өзінің ар-ұятын саудалайтын мүмкіндік алды. Қоғам оның қолына ортақ кассаны тапсырды, ал ол оны пара үшін тойымсыз жыртқыштарға үлестіретін болды. Тәрбиелі, арлы әйел ақша үшін ешкімге қойнын ашпайды. Ал қоғамдық игіліктерді саудалайтын шенеуніктер тәнін бұлдайтын жезөкшелерден де жаман болып төмендеп кетті. Жезөкше өз тәнін саудаласа, бұлар өзгенікін саудалайды. Және мұны «өмірге іскерлік көзқарас» деп атайтын болды. Белгілі бір кезеңде ресми түрде заңдастырсақ қайтеді деген ұсыныс та түсті: әкімшілік секторда өзіндік ережесі және бағасы бар рынок қалыптасты. Ендеше оны заңдастырса несі сөкет? Турасынан айтқанда, қазынаны ұрлауды, сыбайластықты, солармен қоса, жезөкшелікті де  заңдастырайық деген ұсыныс түсті. Мұндайдың барын босада қоғам түгел біледі ғой десті. Рас, ұсыныс өткен жоқ. Алайда аталған азғындықтың үш түрі де одан тоқтап қалған жоқ, керісінше, белең алып, дамып кетті. Мысалы, ұят дегенді алсақ, сатылар кезінде ол бу боп ұшып жоғала салады. 

Мемқызметшілердің ар-ұятын сындырудың бірінші кезеңінде, мысалы, ісін тездеткені үшін, ашық түрде, ризашылық дейтін пара ұсынды. Сосын «шалажансар күйінде» жұта салуды өтінді. Бұл – әлдебір түсініксіз тапсырысты орындау түрінде жүзеге асырылды. Мысалы, қайсыбір мектепке бюджет арқылы ақша бөлгізу, сосын сол ақшадан «откат» алу. Мұнда да баяғы сол логика, сен келіспесең, басқа біреу келіседі. Ал келіссең, балаларға пайдаң тиеді, өзің де ақшалы боласың. 

«Дені сауды тыпырлаған тірідей» күйінде жейтін үшінші кезең. Оған мысал, қамқорлық деген желеумен ауру адамдарға арналған ақшаны ұрлау. Былай қарасаң, бәрі орнында тұрғандай, иненің жасуындай да кінәрат табылмас. Бірақ білетін адамдар үшін мұның еш сиқыры жоқ. Тағы да сол баяғы логика, сен алмасаң, басқа біреу қағып кетеді. Сен өйтіп ешкімге жақсылық жасай алмайсың, бюджетті бәрібір турайды. Ал сен ақымақ боп сан соғып қаласың. 

Осындай логикалық сатылардан өткен «атжалман патшалары» қоғам ортасына кіргенде, олар өз халқына жейтін тамағым деп қана қарайды. Жейтін азығының ұнағаны сондай, енді тікелей өздері белсенділік көрсете бастайды. Тәбеттері артады, әдістері жетіле түседі, «атжалмандар» топтасып, бәсекелестік енді топтар арасында өршиді.  

Топ мүшелері серіктестерін өз адамымыз деп есептемейді. Олар бар болғаны өз қандастарын жеуге көмектесетіндер. Сондықтан серіктесі әлсірегенде оны сол сәтте-ақ бұрынғы әріптесі ап деп асай салады. Бұрынғы дегеніміз дұрыс болмас, өйткені жегені де, желінгені де сырт көзге қарым-қатынастарын үзбейді. Өйткені жаңа мораль пайда болған: сенің маған өкпелейтін жөнің жоқ, ісіңді қожыратып алған өзіңнен көр, мен тек соныңды пайдаландым. Жеке бастың шаруасы емес, бұл-бизнес! 

Қалыптасқан жаңа жағдай жаңа логика тудырады. Яғни серіктестердің күштісі әлсізді жейді, тіпті сол әлсіз бірге туған бауыры болса да ойланбастан жұта салады. «Атжалмандар» қашан кеуделерінен жан шыққанша өмірлік серіктестер болып қала береді. Егер біреуі әлсіреп, оны күштілері талай бастағанда, ол қашып шығып, үйдегі ұрысты сыртқа айғақтап, «атжалман патшаларын» әшкерелей бастаса, бұрынғы орнына қайтып келуді көздегені. Сөйтіп кейбіреулері тобына қайта оралып, мақсатына жетеді. Араларында түк болмағандай кейіп танытады. Логика: ол мені жеп қойғысы келді, бірақ мен берілмедім. Онда тұрған не бар. Енді қайтадан біргеміз, кім-кімді жеп қояр екенбіз деп баяғыша бір-бірімізді аңдып отырмыз.

Бұл сипаттағанымыз қазіргі заман моралінің болмашы ғана көмескі келбеті. Адамдар азаттық, бақыт, теңдік деген сөздерге малданып, сайлауларда «электорат» болып жүріп, «атжалман патшаларын» туғызатын жүйе үшін әрекет ететіндерін өздері мүлде байқамайды. Иә, қазіргі заманда бірде ашықтан ашық, бірде алдап-арбау жолымен адам адамды жеп қойып жүр. Бастысы - технология емес. Технология жәй ғана қондырма ғой. Бастысы – тура адамжегіштіктің нақ өзі. Жоғарыдағылар, әлбетте, қолдарын тікелей қандамайды. Бауырларына тарпа бас салып тонайтындар «атжалмандардың» одан төменгі буыны. Жоғарыдағылар  көрінбей асайды. Бәрібір ол да адамжегіштікке жатады. Және олардың жейтінінің көлемі сондай, төмендегі жегіштердің түсіне де кірмейді. Осындай әдістермен жиналған қисапсыз көп ақша астарында – біреулердің көз жасы мен қайғысы, ажалы жасырынған. Атжалман семіздіктен жылтыраса, әлдебіреудің ғұмыры өшті деген сөз. Бұл үдерістер қоғамның ең әлсіз мүшелеріне мезгілсіз өлім құштырады. Туу мен өлу динамикасына қарап-ақ бұған көз жеткізу қиын емес. 

«Атжалмандар патшалығы» қоластындағы Ресей халқы жойылып барады.

Александр және Ольға Белявскийлер

Қазақшалған Өтен Ахмет

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...