Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенді Лондондағы Хитроу әуежайындағылар музыкамен және ду қол шапала...
Атыраудағы Фариза тойы айтыс пен мүшәйрадан аса алмады
Той. Тойдан кейінгі ой...
Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, мемлекет және қоғам қайраткері, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына арналған «Патша сөздің Фаризасы» атты апталық өтті.
- Дара күндерімнің,
Нала түндерімнің
Сенімі болғаның үшін,
Серігі болғаның үшін
Мен сені аялаймын,- деп, жүрегіндегі бар сырын өлеңге ақтарып өткен ақынның өлмес мұрасы мен таусылмас рухани қазынасы Жер ғаламшарында қазақ барда жоғалмайтыны белгілі. Таулар алыстаған сайын биіктей беретіні сияқты, Фариза ақынның да жырлары болашақ ұрпақтарды таңдандыра, өзіне ғашық ете түсері кәміл.
- Менде бір тебіреніс бар,
Кейде өзім де түсінбеймін.
Дауыл күнгі дарияның күшіндей бір,
Сондықтан да қыз-ғұмыр бұл өмірді
Қуаныш-қайғысымен ішіп-жеймін...
...Осы сезім алаулап бойда тұрса,
Асылы, кішірмеймін,- өзінің толғаныс-тебіренісімен марғау тірлікті жағадан алып, дауылға қайрап, боранға байлап сілкіп-сілкіп алғанда тоғышарлықтың аяғы көктен келіп, «менмін» деп шіренгендердің өзі алдында құрдай жорғалаған ақынның бекзат болмысын оқырманы сағынғаны да рас. Аталған апталық Атырау облысында өтетінін естіген жырсүйер жұртшылық демін ішке тартып, ақынның тойын, поэзия тойын асыға күтті.
Ақын рухына тәу етті...
Ағымдағы жылдың 11 қыркүйегінде таңертеңгі сағат 9.30-да Астана мен Алматыдан келген мүйізі қарағайдай бір топ ақын-жазушы Ренессанс қонақ үйінің алдындағы Фариза Оңғарсынова ескерткішіне гүл қойып, ақын рухына тәу етті. Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулетов бастаған, Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары, Президент сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Мереке Құлкенов қоштаған азуын айға білеген қаламгерлер сөз сөйлеп, ертемен жиналған жұртшылық осынау ерекше жаралған дарын иелеріне қайран қала қарасып, жақсы бір шараның басталғанын паш етісті.
Кіріспе сөз сөйлеген Атырау облысы әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева қазақ елінің мақтанышы болған Фариза ақынның рухын ардақтап келгендерге үлкен ризашылығын жеткізді.
Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет Атырау деген қасиеті мен өсиеті бойында туған таланттарын ұлықтайтын, қайраткерлерін көкке көтере білген, қадірлеген, шындығында да қасиетті ел екендігін шара барысында айтып, Фариза ақынды еске алды.
- Фариза апамыз - қазақтың поэзиясында елден ерекше оқшау орнымен, өзінің тұнық жырдың қайнарындай, ар-намыстың қайрағындай болған шығармашылығымен миллиондардың жүрегін жаулаған ақын. Сондықтан да, осы ескерткішінің бой көтеруінің өзі - ел жұрттың, бүкіл алты алаштың ақын қызына деген ерекше құрметі деп білуіміз керек. Өзінің «Махамбеттен қалған наркескен» деген өлең жолы бар еді. Сол «наркескеннің» өзі - оның поэзиясы. Сонымен қоса, «Серігім, жырым - жебеммен, қағылез құйттай денеммен, дауылдарды құшып келем мен» дейді ол. Міне, бұл - қазағымыздың қайсар ақыны екендігінің белгісі. Фаризадай поэзияның перизаты, патшайымы ешқашанда ұмытылмақ емес,- деді көрнекті ақын Ұ.Есдәулет.
Шара одан әрі Фариза Оңғарсынованың білім алған ордасы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде жалғасты. Аталған университет студенттері ашық аспан астында поэзия кешін ұйымдастырған. Келген қонақтарға поэзия падишасының өлеңдерін тебірене оқып, жүректерді толқытты, рух берді. Тыңдармандарға ерекше көңіл күй сыйлады.
Деректі фильм бе, әлде...
Ең алдымен, Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының тапсырысымен, бірегей қоғамдық қорының ұйымдастыруымен түсірілген «Ар мен ақын» атты деректі фильм көрсетілді. Фильмде Ф.Оңғарсынованың өмір жолы өзінің естелігімен баяндалды. Біз осы фильм туралы бір-екі ауыз сөз айтып кетуді жөн санадық. Біріншіден, деректі фильмге қойылатын журналистік кәсіби талаптар бар екені белгілі. Аты айтып тұрғандай, документальді фильм болғандықтан, онда бас кейіпкердің фотосуреттері мен архив материалдары, түскен бейнефильмдері қамтылуы тиіс. Алайда, біз аталған фильмнен оны көре алмадық. Ақынның өмірден өткеніне бес жыл, оны елі мен жұрты, оқырмандары сағынғаны даусыз. Сондықтан, деректі фильмнен өздеріне таныс Фариза ақын бейнесі жарқырап шыға келеді деп күткен жұртшылық алғашында аң-таң болысты. Өйткені, деректі фильмде бастан-аяқ Фариза ақын болып Махамбет атындағы қазақ Академиялық театрының актрисасы естелік айтып отырды. Фариза болғысы келіп бетіне аямай бояу жаққан әлгі актриса қаншама тырысқанымен ақын рөлін келістіріп ойнай да алмады. Ал, әлгі актрисаның суретінің тұсына «Қайраткер», «Тұлға» және басқа да осындай сөздер экранға шыққанда тіптен ұялғаннан жерге қарауға тура келді. О заманда бұ заман кәсіби журналистикада деректі фильмде бас кейіпкердің рөлін басқа біреу ойнағанын кім көрген? Осының өзі үлкен мәдениетсіздік, сауатсыздықтың салдарынан болып отырғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Рас, көркем фильм болса бір сәрі. Көркем фильм деуге тағы келмейді, өйткені көркем фильмге қойылатын кәсіби талаптарға аталған бейнетаспа жауап бере алмайтыны анық. Фильмді жасаушылар ақынның «Шашы ағарған қыз» кітабындағы айтылған жәйттарды алған, оны біз де оқыған болатынбыз. Жарайды, сценарийге ақын өзі жазған естелікті алды дейік, соны кадр сыртындағы мәтінде оқып, кадрға ақынның фотосуреттері мен құжаттарын, телеарналарға берген сұхбаттарын алғанда бұдан гөрі ұялмайтындай деректі фильм ұсынуға болатын еді деген ойға келгеніміз жасырын емес. Етжеңді актрисаның Нарын құмын кешіп, ақын болып тұрған тұрысынан ұялдық. «Мен парламент мәжілісінің депутаты болып жүргенде» деп айтқан әңгімелерінен ұялдық. Алыстан-жақыннан келген ақын-жазушылардан ұялдық. Өркениеті дамыған, мәдениетке мән беретін, өнерді мойындайтын елдерде мұндай жөнсіздік ешқашан орын алмайды. «Бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым жалма-жан» дегенде Абай осындайларды айтқан болуы керек. Бұл поэзия падишасының рухын қорлау деп түсіндік. Ішіміз өртенді.
Сонымен бірге, ақынның мерейтойына «Жыр - менің жалғыз тарланым» атты аудио дискі тарту етіліп, сахна төрінде дискінің тұсаукесер сәті өткізілді. Лентасын қию құрметі Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әнес Сарай мен филология ғылымдарының докторы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, ақын Қадыр Жүсіпке ұсынылды.
Ғылымилығы жоқ ғылыми-практикалық конференция
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің акт залында өткен «Фариза Оңғарсынова – көрнекті ақын, қоғам және мемлекет қайраткері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясына жан-жақтан арнайы меймандар келді. Жиынға Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет, жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әнес Сарай, ақын, Мемлекеттік сыйлытың лауреаты Ақұштап Бақтыгереева, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қажығали Мұханбетқалиұлы, ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Светқали Нұржан, қаламгер-журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты Мереке Құлкенов, ақын, филология ғылымдарының кандидаты Оңайгүл Тұржан, ақын, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті «Түркітану» кафедрасының профессоры Шәріп Амантай, филология ғылымдарының кандидаты, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры Зейнолла Мүтиев, Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан Республикасы көркем академиясының және Әлеуметтік ғылымдар академиясының Құрметті академигі, өнер зерттеушісі, суретші, композитор Илья Жақанов, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің кеңесшісі Гүлсім Еңсепова, филология ғылымдарының докторы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, ақын Қадыр Жүсіп қатысты.
Ақын шығармашылығына арналған ғылыми-практикалық конференцияны Атырау облысы әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева ашып, қысқаша сөз сөйледі. Одан әрі сөз филология ғылымдарының докторы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, ақын Қадыр Өтегенұлына беріліп, ғылыми шараның осы шаңырақта өткізілуінің ерекше символдық мәні барына тоқталды.
- Өйткені, Фариза - осы университеттің түлегі. Ақынның мерейжасын атап өту рәсімдерінің бәрі осында өткізіліп, оқытушылар мен студенттер алдындағы кездесулерде ұлағатты, қанатты сөздері мен ақыл кеңестерін айтып, осы мінбеден талай дүркін сөйлегендегі дауысы әлі күнге дейін құлағымызда. Студент кезінде курстастарына айтқан сөздері, өлең оқыған қоңыр даусы құлағымызда мәңгілік қалды. Фаризаның курстастарының бірі – біз едік. Сондықтан да айтылар естеліктер көп-ақ. Иә соғыс зардабын көрген, қабақтарында мұң бар, жеңістің он бір жылын атап өткеннен кейін бір топта, бір аудиторияда жиналған жастардың 1956 жылы кездесіп, жүзтаныс бола бастағандарына бүгін 63 жыл, осы оқу орнын бітіргендеріне – 58 жыл толыпты. Біз курстасымыз Ф.Оңғарсынованы мақтаныш етеміз. Ақын қызымыз Фаризаны бәріміз «Фәру» деп атайтынбыз»,- деген ол ақын туралы естеліктерін айта келіп, ақын шығармашылығына талдау жасады.
Ал, Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма Төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет әлемдегі ең бірінші ақын шумерлік патша әйел болғанын айтып, ал, қазақ поэзиясының інжу - маржаны Фариза ақын екеніне тоқталды. Ғылыми-практикалық конференцияға қатысушылардың бәрі де Фариза Оңғарсынованың поэзиясының мәңгілік екенін, болашақ ұрпақтармен бірге жасай беретінін айтты. Басқа да ақын-жазушылар естеліктерін ортаға салды. Естелік айтқандары дұрыс қой, алайда, шараның ғылыми сипаты ескерілуі керек емес пе еді? Шараны жүргізген қазақтың талантты ақыны Светқали Нұржанов уақыттың тапшылығына байланысты сөйлеушілердің сөзін бөліп, тез аяқтау қажеттігін еске салып отырды. Әлбетте, ол бәріміздің сүйікті ақынымыз, бірақ, осынау ғылыми-практикалық конференцияны жүргізгені көкейге қонбайтын іс болғанын несіне жасырамыз?! Аты айғайлап тұрғандай, шара ғылыми тақырыпта болғандықтан, оны ғалым жүргізуі тиіс еді. «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы» деп Абай айтқандай, тұшымды баяндаманы тыңдай алмағанымызға өкінеміз. Тек филология ғылымдарының докторы Қадыр Жүсіп пен ф.ғ.д. Оңайгүл Тұржан ғана ақын шығармашылығына әдеби-теориялық тұрғыда талдау жасады. Онда да қысқартуға мәжбүр болысты. Залда отырған студенттер Ф. Оңғарсынова поэзиясы туралы ғылыми мазмұндағы сауатты баяндаманы күткені даусыз... Сондықтан, Фариза білім алған қарашаңырақта өткен ғылыми-практикалық конференция өз мақсатына жетті деп айту қиындау болып тұр. Секциялық жұмыстар да өтпеді, оған да уақыттың аздығы себеп болғаны рас.
Көкейдегі көп сауал
Республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылды, елдің түкпір-түкпірінен айтыскерлер ағылды. Бәрі де жақсы сияқты. Бірақ, көңіл түкпірінде бір сауал тұрғаны рас. Фариза Оңғарсынова айтыскер емес еді ғой. Айтыс ақындары поэзия падишасын жер-көкке тигізбей мақтап, шыншылдығын, депутат болған кезінде «Ана мен бала» туралы заң қабылдауға мұрындық болғанын айтып жатты. Бірінің ойын бірі қайталап дегендей... Алайда, ол сөздер сол күйінде қалып кетті. Негізі, Фариза Оңарсынованың бірінші мамандығы – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Сол сахнада облыстың таңдаулы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері ақын шығармашылығынан көркемсөз оқыса ғой, шіркін! Немесе облыстық деңгейде Ф. Оңғарсынова шығармаларынан поэзия сағатын өткізуден мұғалімдер арасында байқау ұйымдастырылғанда жақсы болатын еді. Ақын мұрасын насихаттау дегеніңіз де осы емес пе? Жас ұрпаққа сенім артпап па еді ақын?! Рас, «Фариза оқулары» бар. Бірақ, ақын мұрасын халық санасында жаңғырту көптік етпейтін еді. Екіншіден, Ф. Оңғарсынова қаламы ұшқыр журналист болды. Атырауда Светлана Қайырғалиева бастаған журналист сіңлілері бар. Журналист қыздар арасында конкурс ұйымдастырылып, жазылған естеліктерді, публицистикалық мақалаларды кітапша етіп шығаруға да болатын еді. Айтыстан гөрі осындай бір жұмыстар қамтылуы тиіс болатын. Мүмкін, бұл айтылғандардың «болған іске сыншы көптің» кері сияқты көрінуі. Алайда, қыруар қаржы бөлінгесін айта қаларлықтай шара өткені дұрыс емес пе? Белгілі бір қайраткердің мерейтойын жасаған кезде өреміз бен деңгейіміздің жаттанды болған айтыс пен мүшәйрадан аса алмауы өкінішті-ақ!
Ақынның туған жерінде
Апталықтың соңына қарай, яғни, 14 қыркүйек күні «Фариза – тұнық жырдың тұмары» атты мерекелік концерт өтті Исатай ауданында. Аталған шараны неге апталықтың соңына қойғанына таңырқадық. Ақынның сексен жылдығы кіндік кесіп, кір жуған туған жерінен басталуы тиіс емес пе?! Нұр-Сұлтан, Алматыдан келген қазіргі қазақ әдебиетінің біртуар тұлғаларын ауыл адамдары, ауылдың өрімдей жастары көріп, естеліктерін тыңдап сүйсінер еді. Олар үшін бұл деген ғажайып бір оқиғаға айналары сөзсіз ғой! Ал, 14 қыркүйек күні келген жиырмашақты ақын-жазушыдан тек екі дүркін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әнес Сарай мен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қажығали Мұхамбетқалиев қана Аққыстау ауылына барып, ақынның ауылдастары алдында келелі сөз сөйледі. Қалған қонақтар Алматысы мен Нұр-Сұлтанына аттанып кетіпті. Аудан халқы керемет дайындалған, бірнеше киіз үйлер тігіліп, ақын өлеңдерін оқушылар жатқа оқып, қазақ әдебиетінің алыптарынан бата аламыз деп үміттенген екен. Әйтеуір, аталған шараға Мәдениет министрінің орынбасарының келгені аудан мерейін көтеріп тастады. Апталықтағы басқа шаралар бір төбе де, ақынның туған жері дайындаған шара бір төбе болғанын айта кетуге тиістіміз.
P. S. Қазақтың маңдайлары жарқыраған біртуар таланттарын Атырауға алдырғандары жақсы-ақ! Алайда, олармен мектеп оқушылары, жас өрендердің кездесуі ұйымдастырылмағаны өкінішті! Кезінде Әбу, Хамит, Әбіш, Фаризалар келген кезде шалғай аудандардағы ұмыт қалған ауылдарға дейін барып, мектеп оқушыларымен кездесетін еді. Соның өзі балапан көңілге шуақ құйып, сәби сананы сілкіндіретін. Ал, қазір мейрамханаларда ұйымдастырылған ас та төк қонақтықта үріп ішіп, шайқап төгіп, өз-өздерін мақтатып, арқаларынан қағып шығарып салғанымызға мәзбіз. Оған келген қонақ кінәлі емес. «Келгенше қонақ ұялады, келгесін үй иесі ұялады» деген сөзді де айтқан басқа емес, қазақ қой....
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА