Жүкел Хамай* * *Кешкілік,Аспан жиегіндеЖалғыз қалатынЕсекқырғандайАлатауғаБұрындай төбел...
Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ. КҮШЕНШЕК
(әңгіме)
Бір мекемеде табаны күректей қырық бес жыл қызмет еткен Күшеншек дейтін орта бойлы, семіз кісі өзін соңғы отыз жыл бойы үздіксіз басқарып келе жатқан директорына кіріп, ұзақ аман-сәлемнен кейін барынша биязы үнмен:
-Бәсеке, зейнеткерлікке қатысты құжаттарымды өткізуім керек еді – деп, дүрдиген ернін шошайта үн қатып, сұранды.
-Жақсы! - деген бастығының бірауыз сөз рұқсатын алған соң Күшеншек кабинетіне келіп, түймелері зорға жететін көнетоз күздік польтосын киіп, қалыңдау үлкен қара шляпасын төбесіне нық қондырды. Үстелінің үстінде іші тола құжаттан жарылып кете жаздап зорға тұрған көлемділеу қоңыр портфелін қолына алып тысқа шыға жөнелді.
Таныс-біліс адамдары мен әріптестері Күшеншек деп атап кеткені болмаса, паспорт бойынша аты-жөні мүлдем басқаша. Қазір оның шын есімін өз маңындағы ел-жұрты әлдеқашан ұмытып кеткен. Мұндай лақап атты оған жұрт жайдан жай бере салған жоқ.
Ол күнделікті жұмысқа дәл уақытында келіп, кешке сағат тілі 18.00-ді тоқ еткізгенде, жуан портфелін қолына ұстап алып, есіктен шығып бара жатады. Күні бойы бір орында қозғалмай отырады. Жай отырмайды, екі беті қызарғанша ышқынып, жатып кеп күшенеді дерсің. Бірақ, не тындырып отыратынын өзге тұрмақ өзі де онша біле бермейтін сияқты көрінеді. Соған қарамастан, осы мекемеде, бір орында тапжылмай отырған тұрақтылығымен қала бойынша атаққа шығып, «алғыс хаттан» бастап барлық мадақтаманы құр жібермей, орден, медалдың неше атасын таққан адам.
Әдетте, «даму дегеніміз қозғалыс», дейді ғой ғұламалар. Жоға, біздің қала үшін олай емес. Тұрақтылық деген ғана ең маңызды және ресми іс-қызмет біткеннің өлшеміне айналғалы қашан. Егер сен отырған орныңнан жиі жүріп-тұрып немесе оны үнемі айырбастап, бірде анда, енді бірде мында дегендей көрінген бұрышқа секіре берсең, жарамайды. Тапжылмайтын төзім мен ерінбей-жалықпай сағаттап отыра алатын тегенедей май құйрықсыз іс бітпейді.
Ертеректе, мекеме есігінің аузында қызметкерлердің келген-кеткен уақытын арнайы журналға жазып отыратын сағат тізімдеуші деген арнайы штат болған. Арасында, кадр бөлімінен арнайы тағайындалған бір маман әр кабинетті уақ-уақ аралап, кімнің орнында бар-жоғын түгендеп жүретін. Кім тапжылмай отырса, сол мол жалақы алатын. Қазіргі технологияның дамыған заманында ондай тәсіл келмеске кетті. Кейбір қызмет түрлері қысқарып, енді бірі жаңарып, мың құбылған заман ғой. Бірақ, өмірде еш өзгермейтін де дүниелер болады.
Бүгінгі күні бастық пен кадр бөліміндегілердің қарсы алдында арнайы монитор бар. Кімнің кіріп-шыққанынан бастап, орындарында қалай отырғанына шейін әр сәт сайын бақылап көре алады. Екі бірдей қоғамдық жүйе алмасса да, бұл мекемеде бақылаудың тәсілі ғана сәл жетілдірілді демесең, өзге өзгерген ештеңе де жоқ. Барлығы сол совет заманындағыдай қаз-қалпында. Соның ішінде өз болмысын еш өзгертпеспен мұқият сақтап қалған бірден бір адам да осы кісі. Тапжылмай отырудың озық үлгісін Күшеншек көкелерің мақтаныш етітіндей-ақ жөні бар.
Бірақ, сіздер Күшеншек көкелеріңізді мүлде түк бітірмей бесікке бөленген сәбидей екі беті қызарып, беталды күшене береді екен деп ойлап қалмаңыздар! Өйте берсе, баяғыда тікішегі үзіліп, келмес сапарға аттанып кетер еді ғой. Ол бас алмай жұмыс істеп отырып күшенеді, обалы нешік.
Брежнев басқарған заманда еңбек жолын бастаған ол кісі уыздай жас кезінің өзінде «Правда» газетінің айқара бетін қайыра ашып жіберіп, «общий» деп аталатын қалыңдығы екі елі дәптеріне компартия съезінде, пленумдарында бас хатшының жасаған баяндамаларын үтір-нүктесін қалдырмай көшіріп жазып отыратын.
Кейін қайта құру басталғанда да осы ісін тіпті қарқынды жалғастырды. Одақ ыдырап, компартия тараған тұста біраз уақыт абдырап қалған кездері болды. Бірақ, дереу ес жиып, етек жауып дегендей жаңа саяси жүйеге жылдам бейімделіп ала қойды. Бейімделу дегенде де, аса қиналатындай ештеңе жоқ еді. Аты ғана өзгерді демесең, затында анау айтарлықтай күрт жаңарып кеткен дүние шамалы ғой. Күшеншек секілді ескі жүйеге қатты бауыр басып қалған консерватор күштер үшін дәстүрлі үрдістен артығы бар ма?
Ол тәуелсіздік жылдарында да қажырлы еңбек етті, екі иығынан дем алып, ентіге тер төкті, барынша қатты күшенді. Үлкен кісінің жасаған баяндамаларын, стратегиялық жоспарларын таңның атысынан кештің батысына дейін бас алмай отырып көшіріп шығады. Кейінгі жылдары жолдау жасалатын болғаны Күшеншектің жұмысын бұрынғыдан да ауырлатып жіберді. Жұмыс уақытында көшіріп үлгермейтін халге жетті. Сол себептен, бастығынан рұқсат сұрап сенбі, жексенбі күндері де кеңсеге келіп «жұмыс» істеп, анығында қаттырақ күшеніп отыратын болды. Қанша дегенмен жаңа дәуір келді ғой. Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктердің жемісі Күшеншектің жұмыс істеу тәсіліне елеулі өзгерістер әкелгенін айтпасқа болмайды.
Ол бүгінгі күні совет кезіндегідей қолына қалам алып, қалың дәптерге саусағына мүйіз шыққанша сүйкеп жазып отырмайды. Қазір алдында су жаңа компьютер бар. «Правда» деген газеттің орнын «Негемен» деген басылым алмастырған. Сондағы етектей-етектей етіліп жарияланған жолдау мен қолдауларды, рухани жаңғыру мен мәңгілік ел, ұлы дала мұраттарының мәтіндерін клавишін тарсылдатып күні бойы бас көтермей теріп отырады. Жай теріп қана қоймайды. Түрлі тақырыптары бойынша реттеп, принтерден шығарады. Парақтарды тегістеп алған соң қалыңдығы бес елі папкілерге тігіп, бір қабырғаны түгел алып жатқан арнайы сөрелерге тізіп, дәл кітапханадағыдай етіп қояды. Әрбір папканың бүйірі мен артқы қырына «жолдаулар», «мәңгілік ел», «ұлы дала», «2030», «2050» секілді түрлі атауларды алуан түрлі кеглдермен безендіріп, алаулатып жапсырып қояды.
Мұның бәрін ол жоғары-төменнен әлде бір комиссия құрылып тексеріс келеді деп сеніп, сол үшін мұқият жасап, дайындап отырады. «Не тындырдың?» деп тексерушілер сұраса, көрсете қоятын қағазың болуы керек қой. Бірақ, соңғы отыз бойы бір рет те тексеріс келмеді. Бастықтары да оның не істеп, не қойып жатқандығында шаруасы жоқ. Бастысы, орнында отыр ма, жоқ па дегенді ғана қадағалайды, болды. Жалпы, бұл мекеменің өзі немен айналысатынын өздері де онша түсіне қоймайды. Бар білетіндері, күнделікті уақытында келіп-кету ғана. Әйел қызметкерлер азанда келе салып, ас-сумен айналысады. Оларға да обал. Үйде де, түзде де қазан-ошақпен арпалысу оңай дейсің бе?
Сағат он бірден бастап, шәй-суан ішу басталады. Арада екі сағат өткенде ыстық тамақтары дайын болады. Сосын, Күшеншектен басқасы бәрі отырып алып түстенеді дерсің. Жай түстенбейді, ауа райынан бастап, қоғамдық-саяси, мәдени өмірге дейін айналаның түгін қалдырмай талқылап тастайды. Ал, ұжым қызметкерлерінің бірінің туған күні бола қалса, жұмыс күні біткенше, той. Бастықтың орынбасары асабалық жасап, бәрі тілек айтады, іңірде тарайды. Ал, Күшеншек бата береді. Бұл әлгі отырыстың жабылу салтанаты деген сөз.
Ондай той-томалақтан кейін Күшеншек міндетті түрде жұмыстан кейін қалып, үлкен кісінің баяндамасын көшіріп бітіріп барып, түнделетіп үйіне қайтады. Кейде сенбі-жексенбіде келіп жұмыс істейтінін білетін бастығы:
-Шаршап жүрген жоқсыз ба? - деп сұрады, өткен аптада.
-Жоға, шаршаған жоқпын – деді, Күшеншек шыр-пыр болып.
Сөйтпеске амалы жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын «аздап шаршап жүрмін» деп аңдаусызда айтып қалып, басына пәле тілеп ала жаздаған. Бастығы дереу оған «Шаршап жүрсең, демалсай. Мен саған жеңіл жұмыс ұсынайын. Мекемеге күзетші болсаң...» деп ұсыныс жасап, Күшекең айтқан сөзінен дереу тайқып, жуып-шайып, өлдім-талдым дегенде зорға құтылған.
Дегенмен, Күшеншек үшін екі қоғамдық жүйе де негізінен жайлы болды. Жағдайы тұрақты, бастығы ауысқан жоқ және әлі де орнықты нық отыр. Білген адамға бұл да олжа. Себебі, бастық ауысса, сол ұжымдағы барлық қызметкерге қауіп төнеді. Жаңадан тағайындалған басшы міндетті түрде өз командасымен келеді. Байырғы қызметкерлер қаласа да, қаламаса да жайлы орындарын босатуларына мәжбүр. Осыны жақсы білетіндіктен, өзге мекемелерден ащы сабақ алып жүргендіктен, Күшеншек өз бастығының бас амандығы мен мәнсабының мызғымас беріктігін жаратушыдан жалбырына тілеп жүрген жайы бар. Тұрақтылықтың тағы бір артықшылығы осында. Жұмысыңды, жалақыңды сақтап қаламын десең, тоқырап-дағдарып қалсаң да мейлі, ең бастысы, тұрақтылық ауадай керек. Күшеншек өзін отыз жыл бойы бір ғана адамның ұдайы басқарып келе жатқандығының иігілігін көріп, көзайым боп жүрген адам.
Күшекеңнің той, мерекелер мен салтанатты жиындарда киетін бір қап-қара түсті костюмы бар. Аталмыш костюмінің сол жағы совет кезіндегі «салпыншақтар» болса, оң жақ өңірі тәуелсіздік жылдарда алған орден медалдарға әлде қашан толып кеткен. Екі өңірі де шұрқ тесік болған ол пиджакты орден, медалсыз кию тіпті де мүмкін емес. Қаптаған тесіктерінен жел гулеп кетуі бергі жағы. Аржағынан қыртыстанған жейдесі жылтыңдай береді. Сондықтан, орден мен медалдар арқылы тесік біткеннің бәрін бітеп қоюға тура келеді. Оны күнделікті киюге тағы келмейді. Салмағы зіл батпан ауыр киімді суретке түсу немесе той-жиын кезінде ғана болмаса, көбінесе, үйіндегі шкафтың ішіне іліп қойып, анда-санда бір қарап, көңілін көтеріп жүретіні бар.
Өткен аптада ғана Күшеншек өзі қызмет ететін мекемеге жиырма үш жасында шидиген арық жігіт болып келіп, денесі жардай, атағы дардай қаладағы елеулі тұлғаға айналған, зейнет жасына аман-есен мызғымай отырып жеткен күнін атап өткен болатын. Өмір-ай десеңші! Күшекеңнің де ышқына еңбек етіп, екі иығынан ентіге демалып, танауы қусырылып, тапжылмай бір орында қонжиғанына да қырық жыл толыпты.
Бірақ, «зейнеткерлік жасқа жеттің, енді, сен шал кет» деп жатқан бастығы да, басқа да жоқ. Соңғы кезде «Ұзақ жылдар бойы бірге келе жатырмыз ғой. Мен тұрғанда, еш саспа! Құжатыңды өткіз, зейнетақыңды тағайындат, одан кейін қалағаныңша өз орныңда отыра бер» деп, директоры жиі айтып жүр.
Сол себептен, зейнетақы орталығына құжатын өткізіп тастап, «отыр құйрығым, он жыл!» - дей салып, ары қарай бұйырғанын көрмек ойда.
Сонымен, Күшеншек көше бойлап, тартып келеді. Күз мезгілі болса да, күн жылымық. Маң-маң басып межелеген жеріне де жетті. Ұзын дәліздің бойымен тізбектелген кезектің аяқ жағында тұрған біреуден:
-Соңы сіз бе? - деп, сұрап еді, ол:
-Жоқ. Соңы далада тұр.
Далаға шығып сұрап еді:
-Мен! - деді, бір тыртиған арық қара кісі.
Өзі қатарлас бір топ адам гу-гу әңгімеден ауыздары босамайды екен. Кезек күтіп ұзақ тұғанда екі құлағы керең болып қала жаздады. Құдай сақтасын, билікті де, қоғамды да оңдырмай сынап-мінейді екен. Кейбір сөздерін естігенде Күшеншек қатты шошып кетті. «Митинг», «демократия», «әлеуметтік теңдік», «сөз бостандығы» дей ме, қайдағы бір үрейлі сөздерді еш шімірікпестен топ ішінде аңыратып айтып тұратын адамдар да бар екен. Күшеншек шыдай алмай кетіп:
-Жігіттер, тұрақтылықты шайқалтасыңдар! Мұндай жаман сөздер айтпаңдар! Митинг дегенді ауызға алуға болмайды. Ондайға кілең масылдар мен халық жаулары ғана шығады. Жұмыстарыңа кешікпей барып, кешке уақытылы өз үйлеріңе қайтсаңдар, орындарыңа бөтен біреулер келіп отырмайды. Тұрақтылық содан басталады. Мамыржай мимырт тірлікке ұмтылыңдар! - деп, ышқына үн қатқаны сол еді, әйел-еркек демей сол маңайдағылар түгел жабылып талап жеп қоя жаздады.
Соңында, өтірік те болса, солардың ығына жығылған болып, «жаздым-жаңылдым, сендердікі дұрыс» деп зорға құтылып, басын әрең арашалап алды. Сөйтіп тұрғанда Күшекеңнің кезегі де келіп жетіпті. Басындағы шляпасын алып, қалтасынан кішкентай тарақ шығарып, төбесіндегі онсыз да сиреп қалған шашын асықпай тарай бастап еді:
-Өй, неғып тұрсың? Кірсеңші уақытты зая кетірмей... - деп артында тұрғандар шулап, итергендей етіп, кабинетке енгізіп жіберді. Сүрініп қала жаздап есіктен кірген бойда:
-Сәләәмәәәтсіз бее, басеке! - деп созылта ән салып, қараса, үстел мен кресло бос тұр.
Қайдағы бір бос орындықпен сәлемдескеніне өзі де ыңғайсызданып, кілт тұрып қалып еді:
-Армысыз, аға! Отыра беріңіз! - деген дауыс шыққан бұрышқа бұрылып қараса, бір талдырмаш жас қыз тұр.
-А, сен хатшысың ба, әлде,практикант-студентпісің? - десе ол:
-Жоқ аға! - деді де, әлгі бос тұрған креслоға келіп жайғасып:
-Қанеки, құжаттарыңызды өткізіңіз, ағасы!
«Қаршадай қызға өкіметтің жауапты қызметін қалай сеніп тапсырып жүр, бұлар? Естері дұрыс па?» деген ой келіп, қатты таңғалса да, онысын білдірмеуге тырысып, портфелінің ішіндегі қалыңдығынан жыртылып кетуге шақ қалған папкасын суырып алып алдына қойды.
Әлгі шынашақтай ғана қыз папкасын ашып, ішіндегі парақтарды бір-бірлеп алып, үстелінің шетіне қоя бастады. «Менің осыншама марапаттарымның барын көріп, мына қыз әбден сүйсініп отыр-ау. Осының бәрін ескеріп, дербес зейнетақы тағайындайтын шығар» деп Күшекең мәз болып, шіреніп отырды.
Алайда, қаптаған құжаттардың ішінен Күшеншектің жеке куәлігінің көшірмесі мен мекенжай анықтамасын ғана алып, қалған бір құшақ қағазды өзіне қайтарып берген қыз:
-Иә, ағасы! Зейнеткерлікке жасыңыз толған екен. Келесі аптада зейнетақы тағайындалған соң сізге өзім хабарласамын. Келіп зейнетақы кітапшаңызды алып кетесіз.
-Қарағым-ау, менің күллі құжаттарымды қайтарып бердің? Сонда маған қанша көлемде, қандай зейнетақы тағайындалады? – деп, Күшекең лезде екі беті оттай жанып, күшеніп зорға тіл қатты.
-Аға, бәрі мұқият есептеледі.
-Менің жоғарыдан алған сый-сияпаттарымды айғақтайтын құжаттардың көшірмелерін қайтарып отырсың. Оған көз тоқтатып қарап шықшы. Дәлелді құжат тіркелмесе, мен қалай дербес зейнеткер боламын?
-Қажет құжаттарыңызды алдым ғой. Бәрі дұрыс болады, аға! Өзім хабарласамын. Сау болыңыз!
-Әй, қайдам... – деп күмәндана үн қатқан Күшеншек бір құшақ қағазын портфеліне нығап алып шығып кетті.
Көше бойлап келе жатқан Күшекең көзіне анандайтын жерде өз мекемесінің алдында қаптаған адамдар тұрғаны түсті. Өрт шықты дейін десе, будақтап жатқан түтін көрінбейді. Біреулер ереуіл жасап жатыр ма деп те шошып қалды.
Бірақ, жақындағанда ғана байқады, далада тұрғандардың көбі өз әріптестері екен. Бастығы үнемі қолынан тастамайтын қара папкасын құшақтап, түрі өрт сөндіргендей түтігіп тұр. Әйелдер жағы шай қоятын электр самауырларын, тамақ істейтін ыдыстары, оқтау, кесе, қасық-шанышқыларын, шала піскен тамақтары бар кострюльдерін қолдарына алып, жыларман халде тұр.
Ештеңе ұқпаған Күшекең жақындап келіп себебін сұрап еді, ешкім үн қатпады. Абдырып біраз тұрды да топқа қарап тағы да сауал тастады.
-Тексеріс келді. Комиссия біздің мекемені «ел бюджетіне масыл болған ұжым» деп танып таратып жатыр. Бәріміздің штатымыз қысқарды – деді, бастықтың орынбасары қос жанары жасауырап.
Сөйткенше, болған жоқ, Күшекеңнің ерен еңбегінің арқасында жылдар бойы жасалған, дәл қазір есік аузында тау-төбе болып үйіліп жатқан папкаларын әлде бір шағын краны бар машина бума-бумасымен тией бастады.
-Әй, қарағым! Бұларды қайда апарасыңдар? Мұрағатқа ма, әлде, музейге ме? – деген сұрағына бір мұртты тексеруші:
-Екеуі де емес, аға! Макулатура! «Халық» деп аталатын, өте қажет қағаз жасалады! – деп, қарқ-қарқ күлді...
Күшеншек кең даңғылмен құлдилап үйіне қарай кетіп барады. Азандағыдай емес, аяқ астынан күн ысып кетіпті. Жылдамырақ адымдап кетсе керек, пысынап терлеп мазасы кетті.
Басындағы шляпасын шешіп қолына алды. Төбесіндегі селдір-селдір шашы суға тоғытылған қотыр ешкінің қылшығындай қара терге малшынған еңбегіне жабысып қалыпты.
Кеудесін қысып тынысын тарылтып тұрған польтосының түймелерін түгел ағытып тастады. Портфелі түскір одан ары ауырлап кеткендей, зіл батпан. Ыңқылдап әрең көтеріп келеді. Ішіндегі құжаттарымен қоса, қоқыс жәшігіне лақтырып тастай салмақшы болып бір оқталды да, әнтек қимады. «Күндердің күнінде бір кәдеге жарап қалар» деп сыбырлады.
Сәлден соң артына бұрылып бір қараса, көше бойлап келе жатқан өзі секілді зілдей портфель ұстаған адамдардың қарасы көбейіп кетіпті.
2019.